Шайтан

26

Шығыс жақты торлаған қалың қысыр бұлт үріккен үйірлі жылқыдай жөңкіле жөнелді. Өлеусіреген күн көзі қалың бұлттың пұшпақ-пұшпағынан сығалап қалып тұрды да, бір-ақ сәтте жыртыс жыртқандай дар айырып, жарқ етті. Төңірек алтын шұғылаға малынып қалды. Дүние шіркін есіней балбырап, бусанып сала берді.

Күн күркіреді, көк те дүркіреді. Жалаңдаған жігіт біткен тракторларын тырқылдатып, шалғыларын тіркеп, совхоз малының шөбін шабуға жөнелді. Осы қыста қар қалың түсті де, қырдың да, қойнаудың да шөбі қалың. Елдің көңілі де жайлана бастады…

Ыстық қайтқан, ел бұрқырата шөп шауып жатыр. Шөп науқаны да жақында бітпек. Салқын жел желпіп өтетін болды. Күн қабағы кіртиіп, кейде түнеріп те қалады. Көкте қалқыған қорғасын бұлттар көшіне секемдене көз тіккен қариялар. Жекеменшік иелері ерте қамданып, шауып та бітірген. Тек таси алмай діңкелері құрып отыр. Тасуға рұқсат жоқ. Әуелі бөлімше қыстақтарына шөп тасылуы керек. Бұлжымас тәртіп солай. Қыстаққа деп шабылған шөптен пысықай біреулер үйлеріне қарай тышқаншылап тасып алар деген қауіп сақтық.

Оспан ақсақал сол бір қоңыр кеште жүзі күреңітіп, енді бірде қуарып нақты шешімге келе алмай қатты қиналған. Ары таза ақсақал үшін бұл бір ауыр сынақ еді. Ар сынағы.

– Ертерек арбамен тасып алмасақ, үлгермейміз, ауа райы бұзылып келеді, – деп, қауіп қылған еді сол кеште Жәмила бәйбішесі. – Бір жеті шелектеп жауса, есіл еңбегің еш болады, шіріп кетеді шөбіміз.

– Өзім де соған алаң болып жүрмін, бірақ басшылар көріп қалса, ұялтады ғой, – деген Оспан ақсақал ойлана. – Қартайған шағымда бала-шағадан сөз есту оңай тимес маған.

– Осеке-ау, шапқан шөбің – адал еңбек, маңдай терің. Совхоз шөбіне қол сұғып жатқан жоқсың, сенің арбамен тасыған өз шөбіңе кім көз алартар дейсің?

Тірек болар бала жоқ, сүйеу болар ағайын да шамалы. Екеуі ойға шомды. Бірақ Осекеңнің өтінішін ешкім жерге қалдыра қоймасы тағы анық. Кім-кім де қолын созады, шөбін түсіруге. Тек қыстақтарға шөп тасылып біткен соң. Бірақ ол шаруа тым ұзаққа, қара күзге дейін созылады. Бірде трактор сынады, енді бірде шөп тиеген сүйретпесі қирайды, тағы бірде сәләркасы таусылады…

– Бір амалын табайық, – деді әлден уақытта Жәмила ойлы жүзін отағасына бұрып. – Күндіз көзге түсерміз. Ел жатарда, қараңғыда тасиық.

– О, Тәңірім, өз шөбімді өзім ұрлағандай болдым-ау… Жетпегені осы еді. Ауылда бастықтар болса қайтеміз?

– Қапаланба, қариям, мен саған белгі берейін.

– Қандай белгі түн ішінде? – деп, таңдана ажырайды қария. – Қыстақтарды аралап келген совхоз басшылары міндетті түрде бөлімшедегі бір үйге тоқтап, дәм ішеді. Олар қозғалғанша түн тұмшалайды. Науқан кезінде ұйқылары шала олардың, қай күні сап ете түсетінін кім болжаған?!

– Осеке, осы айтқаныма құлақ түр, көн, ұрлық емес, күн ұзаққа таңдайың кеберсіп жүріп шапқан өз шөбің. Ақырындап таси бергеніміз жөн. Жаратқанның күні де құтырып, құбылып тұр, қалың нөсер құйып кетсе, сорладық қой… Былтыр маңдай теріңді сорғалатып жүріп шапқан шөбіңнің біразы шіріп кетті емес пе!?

Осекең сақалын саумалай тарап, түнере отырып қалды… Аққұба жүзі бірде күреңітіп, бірде қуқыл тартты. Қыр мұрыны қушиып бара жатқандай, маңдайы бір жазылып, бір жиырылып қалады. Өзіне де беймәлім ой сорабына түскен.

***

Үрей билеп үрпиген ауыл… Бас-аяғы он-он бес үйден тұратын кішкене ауыл бір уыс болып бүрісіп отыр. Күннің ыстығынан немесе қақаған аяздан, әйтпесе көзге түрткісіз бораннан да емес. Жоқшылықтан да емес. Одан да үрейлі, одан да жұмбақ бір пәлеге душар болды бұл ауыл. Өзі үрейлі, өзі жұмбақ болған соң қорқыныштың да көзі үлкен. Өкпені қарыған суық ызғардай осы бір сөз, сумаңдай үй-үйді аралап, құлақтарын шулатып, мазасыз күйге түсірді. Қолмен ұстамаған, көзбен көрмеген беймәлім құбыжық қашанда үрейлі. Үлкендер елегізіп, балалар шоши бастады.

Бір қызығы, бұл әңгіме шөп науқаны аяқталар кезде ұйтқи жөнеледі. Құрғап тұрған шөпке түскен желді күнгі өрттей қаулап, әлгі пәлені көргені де көрмегені де мың құбылтып, құйқылжыта, үрей шақыра жеткізіп жатады. Бір ауыздан екінші ауыз іліп әкетіп, ие бермей, құбыла гулейді-ай келіп. Құбылған сайын үрей де өрши түседі.

Қыс бойы сол оқиғаны тамызық қылып, дәм ішкен үйлерінде тамсана, таңдана, үрейлене, үрпиісе қоздатып отырғандары. Көктемгі мал төлдету, жазғы шөп науқанында бұл әңгіме сап тыйылып, қоңыр күзде қайта гу ете түседі.

Міне, үш-төрт жылдың жүзі болды, шағын ауыл мазасыз күйге түскелі… Бір күні шағын ауылдың бас көтерер бес-алты қариясы бас қосты.

– Тыныш отырған, айранымызды ұрттап, қойымызды құрттап ғұмыр кешкен бейбіт ауыл едік, Жаратқанның қай қаһарына ұшырадық? – деді Жұман ақсақал. – Не істеу керек? Бала-шаға, келін-кепшікті де үрей биледі.

– Бұл тегін емес, – деді шоқша сақалын бір саумалап алған Қасен қария. – Аруақтарға құран бағыштайық, бір қылығымыз жақпай жатыр-ау Тәңірге.

– Сол пәле көрінбей тұрып-ақ бастап кетсек, – деп, Ақан қарт қопаң етті. – Біздің үйден-ақ бастайық, кешігіп қалсақ, шыға келер шошытып.

– Бұл шайтан қыста неге көзге түспейді, а-а? – деп, тамызық тастады Оралбай. – Жазда неге жоқ? Шөп шабу науқаны тура бел ортадан ауып, әні-міне бітеміз дей бастағанда, сап ете түседі бұл шайтан.

– Ей, Оралбай, сен де қызық екенсің, қақаған қыста боғымен қатып қалмай ма шайтаның, – деп кеңірдек созды қайрақшы Сиқымбай. – Ал шыжыған шілдеде ит екеш ит те көлеңке қуалап кетеді. Сенде бар ақыл шайтанда жоқ дейсің бе, күннің салқындауын күтеді де.

– Ал неге бұл шайтан жыл сайын үнемі бір жерден, бұлақ желкесіндегі дөңестен көрінеді?

– Мынауың қызық сұрақ-ей, – деп тағы килікті Сиқымбай. – Су ішетін шығар…

Шайтан жырын талқылағандар «түтін басы мал сойып құран оқытсақ, бұл пәледен құтыламыз» деген тоқтамға келді. Терідей созғылап, әрі-бері қанша сүйрегенмен, бұдан артық ұтымды ақыл табылмады. Алдағы күзде шайтан деген пәленің жоламайтынына көңілде сенім орнықты. Дегенмен үрей бұлты сейіле қоймаған… Әсіресе балалар.

***

Жаяу борасын күшейіп кеткендей, ішін тарта ұлып, ұйтқи бастады. Долдана терезені де сабалап қояды. Қою қараңғылықты бүркеніп, ұйқыға бас қойған ауыл. Күнде осы, жатарда әке-шешесінің қасынан қашып әжесіне келеді. Екі немересі Айша әжелерін екі жағынан құшақтап жата кеткенмен ұйықтар емес.

– Әже, шайтан кіріп келсе қайтеміз? – деп, әжесінің бауырына тығыла түсті бес жасар Бәтіш.

– Қайдағы жоқты айтпаңдар, келмейді, бізде несі бар? – деп әжесі немересін мейірлене иіскеді.

– Ал келсе ше? – деді үш жасар Мұрат үрейлі көзі бетін жауып.

– Келсе ме, келсе ана ожаумен қақ маңдайдан пермеймін бе? – деді Айша әжелері жымиып.

Бәтеш пен Мұрат сықылық қақты. Сәлден кейін Мұрат әжесін жұлмалап, өзіне қаратып алды.

– Әже, шайтанның құйрығы бар дейді, ұзын ба? Біздің Сырттан тазынікінен де ұзын ба?

– Ой, қойшы, балапаным, кім көріпті сол атың өшкірді. Ел айтады ғой құйрығы бар деп.

Бәтеш атып тұрып есіктің ілгегін тексерді. Ілгек салулы, жүгіріп барып оқтау алып келді.

– Ей, Бәтеш, оқтауың не, мұны қайтесің? – деді кейуана.

– Шайтанның басын жарам.

Шықылықтаған сәби күлкілеріне Айша әже де мәз. Сол сәт Мұрат көрпесін серпіп жіберіп, пеш жаққа тұра жүгірді. Қас-қағымда қоқаңдап жетіп келді. Қолында көсеу. Айша әженің күлкісі шағын бөлмені шуаққа бөледі. Бәтеште ес жоқ, сұқ саусағымен көсеу ұстап қоқиып тұрған Мұратты көрсетіп шиқ-шиқ етеді.

– Мұратжан-ау, мұны қайтпексің? – деді әлден уақытта барып күлкісін тыйған кейуана.

– Шайтанның басын жарам,– деп қоқилана түсіп.

– И-и-и, ана иілген үшкір басы көзіне кіріп кетсе қайтесің, обал емес пе?! – деді аянышпен Айша. – Соқыр болып қалады ғой.

– Соқыр болса өзіне сол керек, несі бар біздің ауылда, елді шошытып, – деп, көрпе астына қойып кетті.

– Әже, қорқам, – деді әлден уақытта әжесінің құлағына Бәтеш естіп қоймастай сыбырлап…

***

Биылғы қыс қатты болғанымен ауылдың түтіні түзу ұшты, еш шаңырақ тарықпады. Жылдағыдай ерте қамданып, жем-шөптерін түсіріп алды, мұрттарын балта шаппасы анық. Енді қыс бойы үйді-үйде бас қосып, соғым басын жеуде. Бұл сон-о-оу ерте заманнан келе жатқан бұлжымас дәстүр. Ауыл шағын болғанмен бөлімше орталығы деген дардай аты бар. Қыстақтағы қойшылар бөлімшеге келерде кәдімгідей дайындалып, мұрттарын басып, қи-қорда иісі сіңген шалбарларын ауыстырып, жүрдек аттарына мініп, ерге бір жамбастай отырып, сәнденіп келеді. Ыздиып, сері болып келгендердің кейбірі «пері» боп қайтады. Дүкеннен ақшасы болса ақшаға, жоқ болса тозығы жетіп жұлма-жұлмасы шыққан дәптерге жазғызады. «Қойшы Тымақбай, бір жарты ақ және тіске басар, 20-қинуар» деген айбақ-сайбақ жазу түседі. Қойдан басқа қызығы жоқ, қойдан басқа көрері жоқ, қойдан басқа ойы жоқ, қойдан басқа тойы жоқ қойшы үшін бұл да шала пұшық «мереке». Ал бөлімше басындағылардың өз ермектері өзінде. Бір үйде жиналып карта соғады, қала берсе қысыр әңгіме.

Бүгін де әдеттегідей Сұлтанның үйінде бас қосқан. Күздің қапылысқан жұмысы да біткен. Сондықтан ұзақ кеште ет пен шайдың арасындағы қысыр әңгіме. Әркім әр нәрсенің басын шалып отыр. Үзіп-жұлған қысыр әңгіменің қызығы шамалы. Ақыры айналып келіп осы ауылдың тынышын алған сол баяғы әңгімеге тамызық тасталды.

– Неге сол шайтан тап күзде пайда болады, осы? – деп, тракторшы Нұрлыбек жағалай көз тастады. – Тура бұлақтың бас жағындағы қыратта қып-қызыл от болып жанып, теңселіп жүріп алады. Жоғары-төмен секіретінін қайтерсің?!

– Сол отты мен де байқадым, – деді тағы бір тракторшы Тұрғаш. – Бұл шайтан көз байланып, ел орынға отырғанда шығады екен. Көжемді ішіп болып темекі тартайын деп күпәйкемді жүре киіп, шыға қалғам. Алыстау еді, бірде көмескіленіп, бірде қызара жанған от. Шайтан емей немене, бірде жоғары, бірде төмен түсетін отқа қарап, бұл шайтан билеп жүр ме деп қоям.

Сол, сол-ақ екен, әңгіме көрігі қызды. Әркім әр қиырдан ой тастап жатыр.

– Аңдысақ қайтеді осы?

– Тұзақ құрсақ қайтеді?

– Тұзағыңды парт еткізіп, үзе салмай ма?

– Онда қақпан құрайық…

– Қақпан дейсің бе, осың жөн, қасқырың да шоңқиып қалады, ал шайтан тыпыр ете алмас.

– Әй, осы шайтаның не жейді екен, қақпанға бірдеңе тастау керек қой?

– Осының бәрі былшыл, – деп қойып қалды көп аузын бағанадан үнсіз баққан Қайыңбай. – Мысықтай ыршып, оңды-солды, жоғары-төмен секіріп

жүрген шайтан қақпаныңа түсе қойсын. Ол әлгі ағаштан-ағашқа секіретін маймыл сияқты шығар?

– Ал сол шайтанды көргендерің бар ма, тап басып түстей аласыңдар ма? – деді Қасен ақсақал. – Сендердікі құр долбар, алыстан от болып жанып секіретінін ғана көргенсіңдер. Кім жақын барды, түстеп танып?

Жұрт дағдарып қалды. Шайтанның түрі мынандай деп ешкім айта алмады.

– Осы пәлені атып, көзін құртпасақ, елге тыныштық жоқ, – деді Сапар шал. – Бірақ бұл шайтанның осы уақытқа дейін не адамға, не малға залалы тиген жоқ. Тек оттай жанып, жұртты үрейлендіргені болмаса.

– Мен осы күзде атып та көрдім, – деді Сүлеймен дейтін жігіт ағасы жұмбақ сырдың шетін шығарып. – Бірақ сондағы қорыққаным-ай… Тура адамша «Алла!..» деп шыңғырып жібергенде, мылтығым жерге сылқ ете түсті, өзім есімнен танып қалдым.

– Астапыралла!..

– Охти!..

– Мәссаған, безгелдек…

– Ойпырай, сосын… сосын не болды?

– Айтсайшы, телміртпей.

Жұрт дабырласып қалды. Жабыла Сүлейменге шүйілді. Жан-жақтан қыспаққа алды-ай келіп.

– Ойбай-ау, қызықтың көкесі сенде екен ғой.

– Қалай ғана ішіңе сыйып келді. Айтпайсың ба баяғыдан…

– Осы Сүлеймен қызық-ей, «ішімдегіні тап» деп тымпиып отыра береді.

– Ал айт енді, өлтірдің бе шайтанды, дымымызды құртпай.

– Әй, есін шығардыңдар ғой, айтқызсаңдаршы, сабыр, қызық тыңдайық, – деп Қасен ақсақал жұртты әрең тоқтатты.

– Осы күзде ғой, бұл пәлені атып көрейінші, – деп, қараңғы түнді жамылып, бұлақ басындағы қыратқа беттедім. Бұлақ желкесінен өтетін қара жол ай сәулесінен ирелеңдей жорғалаған жыландай ауылға жете жоғалды. Межелі тұсқа келіп бұтаны далдаладым да дөңкиген тасқа мылтығымды сүйеп, тың-тыңдадым. Бір кезде от жылт етті. Әлгі шайтан оттай қызарып, бір төмен, бір жоғары көтеріліп, бірде оңға, біресе солға секіреді. Кейде шеңбер жасағандай болады. Бұл не сұмдық, мына шайтан билеп жүр ме деп қоямын. Жақындап барып қарайын десем, аяғы бар болғыр басар емес. Қыбыр ете алсамшы. Төңірек тым-тырыс. Шайтан екеумізден басқа жан жоқ. Ауылға келген совхоз басшылары Сүйіндіктің үйінде. Жүрек байғұс дүрсілдеп қоя берді. Қосауыздың оң жағына бытыралы оқты салып, мылтық құлағын қайырдым. Қорғасын оқ та бар еді оқшантайда. Дәл мылтық оқтарда аяныш пайда болғаны. Арамыз әжептәуір еді. Шайтан от бір көтерілгенде шүріппені басып қалдым. «Алла!..» деп ышқынған шайтан шоршып түсті. Қолымдағы қосауыз жерге сылқ етті. Естен айырылып, есалаң болып мен тұрмын. Мені шошытқаны адамша «Алла!..» деп шыңғырғаны. Шошынғаным сондай, тыпыр ете алсамшы.

Жұрт ұйып қалған. Маңызды оқиғадан құр қалардай, құлақ біткен қалқаң етіп көтерілген. Дәл қазір от шайтан атып шығардай өлі тыныштық.  Сүлеймен де сол қорқынышты сәт көз алдында көлбеңдеп, үрейлі әсерден  айыға алмай қалғандай. Екі көзі бақырайып кеткен. Отырып-отырып  барып әңгімесін әрең жалғады.

– Қай жерге тоқтадым, иә, шайтан от та өлеусіреп жатыр. Сәулесі баяғыдай жарқ-жұрқ етпейді. Жараланды-ау, өлейін деп жатыр деп қоямын. Бірақ құс ататын бытыра ғой, оған шайтанның өлмесі анық. Қыбыр етпей бағып отырмын. Әлден уақытта әлгі от жарқ етіп, өзіме қарай жүрді. Иә, иә ауылға қарай. Жүрегім тас төбеме шықты. «Бұл оқ өтпейтін шайтан болды, қазір келіп қылқындырады», деген үрей басыма шықты. Көткеншектеп шегіне бердім де, жалт бұрылып тұра қаштым. Қу жанымды қуырдақ қылып зауладым-ай келіп. Мұндай қорықпаспын. Заулап келе жатып, қайырыла жалт қарадым. Жаңағы шайтан әлі ілесіп келеді, бірақ алысырақ арамыз.

Осы сәтте Сүлеймен үнсіз отырып қалды. Суып қалған шайын екі-үш жұтып барып әңгімесін жалғады.

– Қай жерге келіп едім, иә, сонымен түні бойы көз ілсемші. Келесі күні шайтан кірді түсіме. Тістері ақсиып, шашы алба-жұлба төніп келгенде шошып оянғаным…

Таңқиған танаулар, бақырайған көздер, жұтынған өңештер, барлығы Сүлейменге бағытталған. Тышқан аңдығын мысықтай Сүлейменнің аузын бағып отыр. Тек тумысынан кесір сөйлейтін сетік танау, көнтек ауыз Терлікбай ғана миығына мысқыл жинап, Сүлейменге кежірлене, кесірлене қарап қалған. Ақыры шыдамы шарт бөлінді, қойып қалды.

– Қазақша айтты ма? – Терлікбай момақан күйде.

– Не?.. Кім?.. Нені? – деп, бүйі шағып алғандай аяқасты кекештенді де қалды Сүлеймен. Қитығып, жақтырмай қарады Терлікбайға.

– «Алла» деп қазақша айтты ма?» деймін де, – деп мүләйімси қалды Терлікбай.

Қылжақ сөз күлуге жақсы. Әр-әр жерден мырс-мырс еткен мұрын асты күлкі естілді.

– Әй, осы сенің аузыңнан жөн сөз шығушы ма еді, сені де адам деп сөз айтып… тух, – деп, Сүлеймен зілдене қарады.

– Сен осы қыстырылып, қыңыр сөйлемесең отыра алмайсың-ау, Терлікбай, тыныш отыр, елге тыңдат, – деп жекіп тастады Қасен ақсақал.

– Маған несіне ұрсасыз, мүмкін ол орысша сөйлейтін шайтан шығар, – деп шиқылдай күлді-ай келіп. – Шайтан түгіл өзіміз де орыстанып кеттік. Бір сөз орысша қоспасақ аузымыздың дәмі кірмейді.

– Саған дауа жоқ екен, – деп, Қасен қария да езуіне күлкі үйірді.

– Шынында, шайтан қалайша «Алла» дейді адамша, мен де ұға алмай отырмын осыны, – деп, жан-жағына алақтай, сұраулы жүзбен қарады Сиқымбай. – Жоқ, мен сенемін Сүлейменге, бірақ…

Аяқастынан өтірікші болған жандай, Сүлеймен жүзі күреңітіп сала берді. Алақан жайып араша сұрағандай Қасен қарияға жаутаңдады.

Жұрт оқиға елесінен айыға алмай дел-сал күйде, тым-тырыс. Әркім өзінше жорып отыр.

– Не жанға, не малға залалы жоқ сол шайтаныңның, – деп тосын ой тастады Киікбай. – Жүре берсе қайтеді? Еш жамандығын көрмедік, тек белгісіз үрей билеп алды бізді. Шошынып қалдық.

– Бекер-ақ атқансың, жазым болса қайтесің? – деді әлден уақытта кеш бойы мұның әңгімесін қыбыр етпей түнере тыңдаған Оспан ақсақал күрсініп. Екі жағы қуарып, көздері жасаурап, қос қолы дірілдеп, кеседегі шайын төгіп ала жаздады. – Ол байғұс жетісіп жүр дейсің бе?!

«Мына кісі не деп отыр?» дегендей, отырған жұрт одырая қарасты. Таңданыстарын жасыра алмай, сілтідей тынды бір сәт. Бірақ ешкім жақ ашпады. Оспан ақсақал пенде баласына жамандығы жоқ, елге сыйлы қария еді. Бірақ мына сөзі отырған жұртты дел-сал қылды.

– Осеке-ау, сөзіңізге жөн болсын, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған сайтан алғыр шайтанды аяғаныңыз қалай? – деді құрдастығын малданған Жағыпар ақсақал. – Сол пәленің көзін құртайын, ұйқымыз тыныш болсын деп атты емес пе Сүлеймен.

Оспан қария сұрланып, міз бақпай отырып-отырып қопарыла көтерілді. Тіс жармай сыртқа беттеді. Есік алдында сәл аялдап, үй иесіне рақмет айтып, жүрегінің сыздай бастағанын жеткізіп, кешірім сұрағандай болды. «Не болса да үйіме жетіп жығылайын», – деп, тәлтіректей басып, табалдырықтан аттады. «Орынсыз айтып қалған сөзіне опынып қалды» деп топшылады отырған жұрт. Бірақ…

Оспан ақсақал соғысқа қатысып, ит қорлықпен елге елуінші жылдардың аяғында әрең оралған. Жәмила деген жүрегі жаралы соқа бас келіншекпен тұздары жарасып, түтін түтетті. Алғашқы әйелі жұрт соғыстан қайтып жатқанда хабарсыз қалған күйеуін әрі күтіп, бері күтіп ақыры ақсақ бригадир етегінен ұстапты.

Оспан қария кім көрінгенге сырын ақтара бермейді, көбіне тұйық жүреді. Соғыста көрген азабы, одан кейін көрген қорлығы, одан қалса ұрпақсыз өтіп бара жатқан өмірі жанын күйзелтетін сияқты. Бірақ бала көрсе маңдайынан сыйпап, қарманып, қалталарын ақтара бастайды. Жаңа ғана тұнжырап келе жатқан қарияның, бір-ақ сәтте екі көзінен мейірім шуағы төгіліп қоя береді ондайда. Бала біткен бұл кісіге де керемет үйір. Қу даладан қарияны көрсе ойындарын тастай салып, «ассалоулап…» тұра ұмтылады.

Бәйбішесі Жәмила отағасынан өткен балажан. Пұшпағы қанамаған байғұс елпелектеп, есі қалмайды. «Үйге жүріңдер, қымыз ішіңдер, тығып қойған тәтті бар», – деп, жата кеп жабысады.

Қос қарияның шаруалары тап-тұйнақтай. Есік алдында қиқым жатпайды. Ерекше күтімде ұстайды үйлерін. Ал жаз шыға Оспан ақсақалда тыным жоқ, шалғысын алып арбасына отырады да, ұйқыбас әйелдер сиырларын жаңа сауып жатқанда шілікті баурайға беттеп бара жатады. Енді бірде қорасының үстінде үйіліп қалған иісі бұрқыраған балауса көк шөпті көзің шалады. «Қай уақытта тасып үлгерген?» – дейсің ризашылықпен таңдана.

Жаны ізгілікке толы Оспан ақсақалды ауылдағылар қатты сыйлайды. «Бірақ шайтанды неге атасың, ол жетісіп жүр дейсің бе?» деген сөзін жұрт түсіне алмай әлек. Дегенмен қария туралы ешкім ғайбат сөз айтпады. Алапат соғыста көрмегені жоқ, немістердің тұтқынына да түсіпті. Қашып шыққан оны өз елімізде тоқпақтың астына алып, он жылға соттайды. Ел қан майданда әрі кетсе бес жыл жүрсе, Осекең он бес жылдан кейін сүйегіне ілініп, елге әрең жеткен. Қазір шөге бастады, бірақ жан баласына масыл болып көрген емес. Сүйенері жоқ, ұрпақ бұйырмады. Осыны терең безбендеген ауылдастары ол жанға үнемі құрметпен қарайды.

***

Шайтан туралы әңгіме саябырсыды. Өйткені шайтан жер жұтқандай жоқ. Шайтанның өзі жоғалғанмен жаңғырығы қалды, қоздап қояды әлсін-әлсін. Жер жұтты ма, көкке ұшты ма, елді дүрліктірген сол шайтан биыл күзде жоғалды. Ненің құдіреті екенін ел білмесе де, сан-саққа жүгіртті. Біреулер «Сүлеймен оғынан жараланып, қансырап өлген» деген ойға тоқтады. Енді бірі «Аруақтарды риза қылдық, бұл соның сауабы» деп жорамал жасады. Осы таңданыс, осы сұрақ қазір ел аузында. Басылар емес… Алайда, сол шайтан әлі де тірі еді. Бірақ ол шайтан да емес, сайтан да емес…

Сүлейменнің шайтанды атқан сол әңгімесінен кейін Осекең қатты шошыған. Жәмилә да мылтық атылған осы бір жайсыз түн жайлы жақ ашпаған еді. Содан-ақ Оспан ақсақал «шайтанды» үйден шығармады, тыпыр еткізбеді. «Шөбі құрысын, жаратқан-ау, Жәмила байғұсты оққа байлаппын-ау, о, алжыған қақпас», – деп, төбесін тоқпақтап, отырып қалды.

Қалың елді шошытып, шайтан болып елестеген Жәмила қолындағы шайқалақтап, бір көтеріліп, бір түскен фонар жарығы еді. Бұл жарық – «ауылда совхоз басшылары бар» деген белгі болатын. Ал «шайтанның» секектей «билеп жүретіні» Жәмиланың бір аяғы екіншісінен әлдеқайда қысқа еді.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ