
«Қырық күн қой баққаннан ақыл сұрама» дегенді біздің қазақ не үшін айтты екен? Құлбай шалдың қой баққанына қырық күн емес, биыл міне, қырық тоғыз жыл болыпты. Дәл осындай «ақылды» қария ілуде біреу шығар. Қоймен бірге ой бағып өскен жан емес пе, бейне бір «даланың данышпаны» дерсің. Кеңестің заманында ес жиып, етек жапқандықтан ба, қандай кеңес сұрасаң да Құлбай шал құрғақ шөппен ауыз сүртіп отырмайды, ақылын айтып, жол көрсетіп жібереді.
Бірақ қойшы адам қойшының деңгейінде ойлайды ғой. Көзін ашқалы көрген-баққаны қой болған соң қайтсін, енді. Ол ақыл айтса да, жол көрсетсе де сөздерінің бәрі қойдың төңірегінен әрі аспайтыны да рас. Ол тіпті аспандағы жұлдыздарға да қойдың көзімен қарайды. Мінезі де қойдай момын. О, тоба! Жылқы баққанның жаратылысы жылқыға, қой баққанның болмысы қойға ұқсап кетеді екен. Дегенмен Құлбайдың айтқан ақылы кейде көңілге қонып-ақ жатады. Бүгінде жетпіске жетеқабыл қарияның өмірден алған сыбағасы кемдеу болғанмен, көкірегіне тоқығаны мол. Құлбай қойшы басынан-ақ «брежневшіл» болды. «Өзім өз болғалы, көйлегім бөз болғалы…» дегендей Құлбай Құлбай болғалы, ата кәсіпті мирас тұтып, қолына ақ таяқ ұстағалы Брежнев деп оянып, Брежнев деп мызғитын. Өйткені оны қойшы қылған сол Брежнев атасы еді.
«Қазақстанда қойдың санын елу миллионға жеткіземіз!» деген ұран көтеріп, қырда да, құмда да шопандардың қаптаған комсомол бригадаларын құрғызып, олардың «үлгілі» істерін өлердей насихаттап, жастарды күзде күйекке, көктемде сақпанға салған айналайын, саясат-ай! Мәскеуге, Ленинградқа барып білім аламын, инженер боламын, ғалым боламын деп жүрген қазақтың ұл-қыздарын арманынан айнытып:
«Асық ойнаған азар,
Доп ойнаған тозар.
Бәрінен де қой бағып,
Көтен жеген озар…» – дегенді басты қағидаға айналдырған да сол брежневтік саясат еді.
Тіпті тиіп тұрған Алматыға барып, оқу-шоқу іздеуге де мұрсат бермеді. Әйтпесе, Құлбай да бала күннен Қаныш Сәтбаев ағасындай атақты геолог болуды армандайтын.
Жә, қайсыбірін айтарсың? «Қаныш жер қойнауын ақтарса, сендер ел қойнауын ырысқа толтырасыңдар» деген сөзге имандай сенді. Сенген жалғыз бұл емес, миллиондаған жастар. Жыл сайын өтетін қойшылардың слетінде омырауларына таққан жылтырақ сөлкебайдың сыңғырына риза болып, талай шопан өтті. Бәрі де Брежневке құдайдай сенді. Ол бір «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш заман еді. Қойыңды бақ та, жүре бер! Брежневке бүкіл қазақ халқы риза. Риза болмаса:
Маленков берген байталды,
Хрущев келіп қайта алды.
Айналайын Брежнев,
Байталымды қайтарды,– деп өлеңдетпес еді ғой.
Сол заманның әндерін айтсаңшы, әндерін! Құлбай сияқты миллиондаған қазақтар:
«Мақтанса бүгiн – мақтансын қазақ,
Төбесi көкке тимей тұр аз-ақ»…
«Қазақтың нағыз шырқаған кезi,
дедi ғой Леонид Ильичтiң өзi» – деп күнде ән шырқап және соған имандай сенiп жүрген кез едi. Ол заман да келмеске кетті. Кеңес үкіметі құлағанша, Брежневтен кейін бірнеше патша ауысса да Құлбай қалхоздың қойын бақты. Сол қой баққаны әлі баққан. Тәуелсіздіктің самалы ескенде Құлбай қойшы ешкімнен кем қуанған жоқ. Бөркін аспанға атып, жүрегі жарылардай қуанған. Шаруа адамы шаруашылықты ойлайды. Нарық кіргенде «Енді не болар екен?» деп жүрді. Өзгерістер көп күттірген жоқ. Қалхоз, совхоздар ыдырады. Егесіз қалған малды пысықай қулар бартерге айдады. Бұрынғы мемлекеттің малы жекеге өтіп, аяқ астынан қадау-қадау байлар пайда болды. Құлбай қойшының жылдар бойғы тәжірибесін білетін бір бай оны жалдап алды. Міне, сол байдың қойын бағып жүргеніне де отыз жылдан асыпты. Құдайға шүкір, әлі адам қатарынан шыққан жоқ. Бала-шағаны тірнектеп өсіріп, өз бетімен жіберді. Әрқайсысы өз күнін өзі көріп жүр. «Бір қозы өмірге келсе, бір түп жусан бірге шығады» деген, әркімнің өз несібесі өзінде. Аштан қалған Құлбай жоқ. Тәубе! Тәубе!
Адамның жасы ұлғайған сайын оңаша қалып, ой құшағына берілуге бейім келеді екен. Құлбай шал да қой соңында жүріп көп ойланады. Көзі ілініп, кірпігі айқасса болды өңіндегі кейбір ойлары түсіне еніп, жалғасын тауып жатады. Бүгін неге екені белгісіз, күні бойы «Көк тудың желбірегені» деген әннің сөздері тіліне орала берді. Сазы неткен керемет десеңші! Қазақ болып туылғаны үшін көкірегі ерекше мақтанышқа толып, кешке дейін қой соңында сол әнді ыңылдап қайталаумен болды. Баяғы «Мақтанса бүгiн – мақтансын қазақ…» деген әннен бетер көңілін баурады. Күн ұясына отырғанмен, жаз кезінде қой жарықтық ымыртқа дейін жайылады. Жайбарақат жайылып жүрген отардың шырқын бұзғысы келмей Құлбай шал қабырғалары ырсиған шабдар атынан түсіп, адырда жалғыз өскен жиде ағашының діңіне арқасын сүйеп жантая кетті. Аңызақ самал жан рахатындай көрініп, бойы балбырап, терең тыныстады. Жас күнінен құсұйқы неме еді, сол арада көзі ілініп кеткені.
Түс көрді. Күні бойы өзі әуенге қосқан көк ту түсіне кірді. Көкте желбіреген көгілдір туды көрді. Ту толқындана желбіреген шақта алтын күннің астында қанат керген алып қыран қос қанатын қағып-қағып қалғандай көрінді. Бір мезгілде алтын қыран тудан бөліне шығып, зеңгір көкте қалқып келе жатты. Ол біртіндеп Құлбай шалдың тұсына жақындап келеді. Мына ғажапқа таңғалған қойшы орнынан тұрып, қыран жаққа күн салып қарады. Иә, қыран жақындап қалыпты. Кенет алтын қыран қанағатсыз қарақұсқа айналып бара жатқандай болды. Құлбай шал шошиын деді. Қарақұс жайылып жатқан отардың үстіне келгенде қанатын тас түйін жинап, төмен қарай сорғалады. Құлбайдың жан дауысы шығып, «Қайт! Қайт!» деп жанұшыра айғайлауға ғана шамасы келді. Қарақұс отардың алыс шетінде жүрген бір әлжуаз тоқтыны бүре көтеріп, көкке қарай самғады. «Басқа аң құрып қалды ма бұл тойымсыз жыртқышқа?» деп Құлбай қойшы күйіп-пісті. Қарақұс көкте желбіреп тұрған көгілдір туға жете беріп, ғайып болды. Бір таңғаларлығы, туда бедерленген алтын күннің астындағы қыранның орнына Құлбайдың көтерем тоқтысын қойып кетіпті. Қыран жоқ. Тудағы Күннің астында тоқты тұр. Байғұс тоқты маңырауға да шамасы келмей, үрейден дір-дір етеді… Құлбай шал осы тұста оянып кетті. Айдалада ауыр түстен бастырылып қалған адамдай екі өкпесі қысылып, демігіп жатыр екен. Жалма-жан орнынан атып тұрды. Жанталасып, жан-жағын түгендей бастады. Жанары жасаурап, аспанға қайта-қайта қарады. Отар қой сол қалпы, жайбарақат жайылып жүр. Қойлардың қаперінде дәнеңе жоқ. Әлгі оқиғаның өңінде емес, түсінде болғанына шүкіршілік еткен Құлбай қойшы сол иығына мойнын бұрып, үш рет түкірді. Тфә! Тфә! Тфә!
Кәрі жиденің қураған бұтағына шылбырын іле салған шабдар ат танауын пыр еткізіп, терең күрсінгендей болды. Күн түбіне жортқан алапат жорықтарда бөрілі байрақ көтеріп, сайын даланың төсін дүбірлеткен абадан жүректі батыр бабаларының қанаты болған қазанат Құлбай қойшының түсіне кірген емес. Бейберекет міністен арқасы жауыр болған жадау жылқы Құлбай шалға мүсіркей қарап тұрғандай.