Бәкене бойлы «пәлелер»

616

Адам  бойының  ұзынды,  қысқалығы  сол адам  үшін   үлкен  «рөл»  ойнайтыны белгілі. Жалпы  ортада «бәкене  бойлы, жерге  жақын адамнан қорық»  деген қалыптасқан  сөз  бар. Ғылым да  оны  жоққа  шығармайды. Шынтуайтына  келгенде  ғылым,  аласа  бойлы  адамдарды екіге  бөліп  қарайды. 

Мәселен,  біріншісі   тапал  бойлы  келген адам   көбіне қағылез,  тез  қимылдайтын, энергиясы  мол,  өте еңбекқор,  шағын бойлы болғанмен шақар   келетінін  көрсетеді. Сондай-ақ  олар  айналасына  арамдық  жасауға  бейіл, үнемі  өтірік күлетін, сараңдығы   басым, қарабайлау, шық  бермес  шығайбай  болып   келмек.  Өзге  жұрт  өзінен  қарыз  сұрамас  үшін  үнемі  қарсы  әрекеттер  жасап  жүретінін  де ғылым  зерттеп,  дәлелдеп  қойса керек.  Мәселен  олар  өзіне  қажет  болмаса да «қарыз  берші.  Жетпей  тұр  еді» дейтін  сөзді  жиі  қайталайтын көрінеді.  Сол  өзінен тілі ұзын мыртық  бойлылар отбасында  да  береке-бірлік көп  бола  бермейтінге  ұқсайды. Әйелімен  уақыт  өте  келе  ажырасып   тынады  не  болмаса еркекке  тән  қажетін  өтеуге  әлсіз  болғандықтан,   өмірде бақытсыз жан  болып  қалмақ.  Алайда, төсекке  қабілетсіз  бола  тұрса да  ондайлар қыз-келіншек   біткенді  көзбен «шешіндіріп»,  ішіп-жей  қарап, «е-е  бізден  қалған  ғой»  деген  сияқты айналасына өтірікті  шындай  қылып,   әңгіме айтып,   өзінің еркектік  қабілетінің  әлсіздігін  қызыл тілімен бүркемелеуге тырысады. Иә, сондай-ақ  тапалдар «шіркін,  бойым  бәленбайдай  ұзын,  ірі,  денелі  болғанда, өмірім  басқаша  болар еді-ау»  деген ойын жасырмай айтып,  үнемі  өзін  мүжіп  жүретіні де  белгілі. Мұндай   езуінен аяр  күлкісі  кетпейтін,  сараң, қолына  сәл  билік тие  қалса,  өзгенің  үлесін  аямай опырып  жеуге бекем,  қутыңдаған бәкене  бойлы адамдар  кез-келген  ортада  бар. Бұл  әрине   аласа  бойлы адамдарды  ғылымдар   екіге  бөлгендегілердің  бірінші  тобына  жататындар.   Ал екінші  топтатағылар    негізінен   кішкене  бойлы  болғанына  қарамастан  тауды  төңкеріп  тастайтын  қабілетке  ие  жандар. Олардың  арманы  асқақ  келеді. «Бойым  неге  мыртық»  деген ойдан  олар  ада. Олар керісінше «әлемді  қалай  уысымда  ұстаймын»  деген  сияқты  амбициясы  басым,    ұрда-жық ойлардың ,  ғаламдық  бастамалардың иесі.  Бұлардың  қатарына   аты әлемге  мәшһүр Наполеон Бонапарт,  Ұлы Фридрих, Вольфганг Амадей Моцарт, Шарль Азнавур, Герберт фон Караян, Хельмут Шмидт, Чарли Чаплин, Хэмфри Богарт, Аристотель Онассис, Дастин Хоффман, Аль Пачино, Вуди Аллен, Марлон Брандо, Луи де Фюнес, Николя Саркози, Дмитрий Медведев  тағыда  басқалар  бар. Еуропаны  табынына  салып  таптаған, бойындағы  энергиясы  теңіздей  шалқыған,  тек  жеңістерге  ұмтылған   император Наполеон Бонапарттың  бойы  небәрі  1  метр 51  сантиметр  екен. Бірақ  сонысына  қарамай  император атанды. Жер қайысқан  қол  басқарып,  жарты  әлемді  жаулап  алды.   Ол өзгелердей   «бойым  қысқа  әттең,  әйтпесе  дүниені  төңкеріп  тастар едім-ау»  деген  қиян-пұрыс,  қияли   ойға  берілген  жоқ.  «Барымен  базар етті».  Сол секілді   әлем  жұртына  кеңінен  таныс Вольфганг Амадей Моцарт, Чарли Чаплин, Аль Пачино, Луи де Фюнес  секілділер   бойы  қысқа  болғанымен әлемді  таң  қалдырды.  Бірі   ұлы  сазгер атанса,  екінші біреулері кино  әлемінің  өшпес  жұлдыздарына айналды.   Мәселен    бәкене  бойлы   француздың  президенті Никола  Саркози (бойы 1  метр  65  сантиметр) өзінің    тапалдығын   сездірмес  үшін аяғына арнайы  жасалған,  бойын кем  дегенде  6-7  сатиметрге  ұзартатын    аяқ киім  киеді екен. Сондай-ақ жақында  ол өзінің  бойы  ұзын  оқ қағарларын   жұмыстан  шығарып,  аласа  бойлыларды  алған көрінеді.  Онысы   өзінің  бойының тым  қысқалығын  өзгеден жасыру  үшін  қолданса керек-ті.  Сол  секілді   бойы  1  метр 62  сантиметр  болатын Ресей  президенті Дмитри Медведевте   арнайы  жасалған аяқ киім киеді  дегенде  сыбыс  бар. Бойдың қысқалығы  не  істетпейді  дейсіз,  бәкене  бойлы  болсаң,  амалсыз көнесің  де. Бойы  қысқа  болса  да жаһанды жалпағынан  басқан  бұлардан  да  өзге   әлемдік  деңгейдегі  тұлғалар  жеткілікті.   Соның   бірі Ұлы  қаған Шыңғысхан  жөніндегі  әр-әр  жерде айтылып  қалған  деректер.  Сол  айтқандардың  сөздеріне  назар аударсақ,  «Қаған аласа  бойлы,  мығым  денелі,  жалпақ  бетті  келген»  деседі. Кім білсін? Шыңғысханның жанында   кім  бірге  жүрген  дейсің. Егерде   солай  бола  қалғанның  өзінде  Шыңғысхан  бойына  сай емес,  ұлы  істер  тындырды.  Сар  далада  сайдың  тасындай  шашылып  жатқан  ұлыстардың  басын  қосып, Ұлы империя  құрды. Армияның  құрылысын  қалыптастырды. Жеңілуді  білмейтін  дана  қолбасшы  атанды. Дәл  осы  деңгейден шыға  білген екінші  бір дала  жиһангері    Ақсақ Темір.   Оның  бойы  не  бәрі  145 см,  Бірақ бойды  кернеген  алапат  күш  оны  биікке алып  шықты. Бойы қысқа болғанымен,  ойы ұзын еді. Орта  Азияны  жаулаушы  ретінде  танылды. Жеңілуді  білмеді. Әлем тарихында аты  тасқа  басылып  мәңгі  қалды.  Сондай  бір үлкен  қолбасшы,  жаулаушылардың  қатарына жататын Александр Македонский мен Карл Великийлердің  бойы — 150 см  ғана еді.   Бұл  арғы  тарих,  бергіде  кім  бар  десек,  кешегі  Екінші  дүние  жүзілік  соғыстың   себепкерлері  болған  Гитлердің   бойы 165 см, ал  оның  одақтасы  болған  италияндық Муссолинидің  алла  берген   тұрпаты 160 см  ғана еді. Ал жалпы  әлем президенттерінің  ішінде ең  тапал  бойлысы  Мексика  президенті  болған Бенито Хуарес екен. Бойы 135 см.    Ал кешегі   өткен  Кеңес  елінің «күн  көсемі»  болған, Лениннің  бойы 164  см ғана  болса керек.  Ал оның әріптес-үзенгілес  достары  һәм  КСРО-да  белді  қызмет атқарған   Калинин мен Бұхариннің  бойлары – 155  см, Киров – 154  см,  Ворошилов – 157 см болған. Ал  КСРО-ны  дірілдетіп,  үнемі  үрейде  ұстаған «жез мұртты»  диктатор Сталиннің де  сұңғақ  бойлы  болғаны  шамалы екен.  Бойы  небәрі  162  см. Ал  Сталиннен кейін   басшылықтың  тізгінін  қолға  алған, «жүгерінің  атасы» атанған Хрущевтің   бойы  Сталиннен  сәл  биік – 166  см. Ал Ресейдің  экс-президенті,  бүгінгі премьер-министр  Путиннің де (167см)  бойы  көк  тіреп  тұрғаны  шамалы.  Бәкене  бойлы адамдардың  қатарына  жатады.   Ал  өз  елімізге  келер  болсақ, билікке келген  не  болмаса сонда  жүрген  тапал  бойлы тұлғалар  некен-саяқ  сияқты. Тек  тарихты  сәл ары  қазбалайтын  болсақ,  қазақтың  соңғы  ханы  атанған, жеңілуді білмеген  дара  қолбасшы,  қазақтың   азат,  өз алдына  жеке  хандық,  мемлекет  болғанын  армандаған, сол  үшін  күрескен,  жан  берген  исі  қазақтың  арда  ұлы  атанған  Кенесары  хан  жөнінде кейбір  деректер «хан  аласа  бойлы, ақсары  келген,  шалт  қимылдайтын  адам еді»  деген дерек  келтіреді. Мейлі  ғой, дүниенің  бәрі  Алла тағала  берген  аласа  бойда емес, сол  бойда  тулап  жатқан  асқақ  ойда  болса керек. Бәкене  бойлы  болып  жүріп-ақ, ұзын тұралар  бітірмеген  ұлы  істерді  тындыруға  болатын сынды.  Тек    ол  үшін  бойың аласа болғанмен,  ойың аласа  болмасын.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

«Айқын»  газеті 2010 жыл