
Биылғы кезектен тыс Мәжіліс сайлауының бір ерекшелігі — аралас партиялық-мажоритарлық жүйе бойынша өтпек. Осыған орай, еліміздегі партиялар мен жеке мандаттағы адамдар биыл сайлауға қатысып, бағын сынамақшы. Соның бірі –«Байтақ» партиясы. Жаңадан тіркелген партия басшысы Азаматхан Әміртаймен алдағы сайлаудағы өзгерістермен қатар еліміздегі қордаланып қалған мәселелер бойынша әңгімелестік.
— Азаматхан мырза, биылғы аралас партиялық-мажоритарлықжүйе негізінде өткізіліп жатқан сайлаудың ерекшелігі қандай? Әрі қандай қолдаулар болып жатыр?
— Биыл Қазақстанда мәжіліс пен аймақтық мәслихаттарды сайлау ерекше өтейін деп жатыр. Расымен де, демократиялық принциптер енгізілді деуге болады. Өйткені мажоритарлық жүйе кірді. Яғни мәжілісте 30 пайыз, мәслихаттарда 50 пайыз, ал аудандық, қалалық мәслихаттарда 100 пайызбен енгізіледі. Бұл жерде жеке адамдардың, жеке белсенділердің мәжіліс сайлауына қатысып, халықтың дауысын жинап, өзін көрсетуіне, дәлелдеуіне мүмкіндік беріліп отыр.
Сондай-ақ ең басты мәселе, жаңа партиялардың пайда болуы үлкен жетістік әкеледі. Мәселен, елдің әлеуетінің артуына, дамуына, саяси реформалардың іске асуына дегендей. Партиялар арасында бәсеке болған жерде ақиқат айтылады. Қоғам демократияланады. Әділдік салтанат құрады. Қысқасы, жаңа партиялар халықтың ішіндегі белсенділікті, еліміздің саяси-экономикалық мәселелердің дамуына үлкен әсер беретіні сөзсіз.
— Не себепті сіз партияның атынан емес, жеке мандатпен сайлауға қатысып жатырсыз?
— Бұл сайлауда «Байтақ» партиясы бірінші рет қатысқалы жатыр. Партиялық тізіммен емес, жеке қатысуымның бірінші себебі, біз қаншама жыл бойы партия құру үшін жұмыс жасап келдік. Әрі әр өңірде біздің көптеген белсенділеріміз бар. Барлығы да дарынды, тәжірибелі азаматтар. Соларға бөгет болмайын, аламан сайысқа солар түссін деп шештім. Сондай-ақ партиямызда белгіленген нөмір жоқ. Яғни, кім халықтың дауысын көп жинайды, сол мәжіліске өтеді деген принципті ұстанып отырмыз. Десек те, мен өзіме сенімдімін. Яғни, осы уақытқа дейін халықтың әлеуетін көтеруге жасаған жұмыстарымның арқасында сайлаудан өтетініме сенімді болғаннан кейін мажоритарлық жүйе арқылы сайлауға түстім.
Сондай-ақ «Байтақ» партиясының белгіленген межені еңсеріп, жеңіп шығатынына сенемін. Өйткені партияның сайлауға түскендегі жұмыстарын жүргізуге толығымен өзім қаржыландырып отырмын. Әрі мажоритарлық жүйе негізінде сайлауға түсу үшін тәуекел етіп, өзімінің мүмкіндігімді тексеріп көргім келеді.
— Сайлауалды бағдарламаңыз қандай? Жалпы сіз үшін халықтың пікірі қаншалықты маңызды?
— Әрине, біз үшін ең басты мәселе – халықтың пікірі. Халықтың мәселесін естіп, әрі сол мәселені билікпен біріге отырып шешу –партиямыздың ең басты принципі. Халыққа қызмет ету – менің де басты міндетім. Ал партиямыздың негізгі бағдарламасы – қоршаған ортаны қорғау мен адам денсаулығын сақтау болып табылады. Екеуі бір-бірімен байланысты болғандықтан, біз осы партияны құрдық. Біздің платформамыз осы стандартты ұстанады. Және де қазіргі жаңа ESG стратегиясы әлемдегі дамыған елдер қоршаған ортаны қорғау үшін әлеуметтік жағдайды бірінші жақсартуымыз керек. Екеуі бір-бірімен байланыста болғандықтан, ESG стратегиясындағы принциптерді партияға кіргіздік. Ең бастысы, қарапайым халық қоршаған ортаны бай олигархтардың еншісіне қалдырмау қажет. Сондай-ақ дұрыс заңдар жасалуы керек. Ол үшін еңбек заңын қайта қарауға тиіспіз. Содан кейін жергілікті жердегі өзін-өзі басқару заңын қабылдатуды біз бірінші болып қолға аламыз. Өйткені жергілікті жерде көп нәрсенің барлығы әлеуметтік мәселемен байланысты. Сондықтан біз осы мәселелерді шешу мақсатында жоғарыда айтып өткен бағытты ұстанамыз.
— Депутаттыққа өткеннен кейін, алдағы уақытта қандай мәселелерді қолға аласыз?
— Халық дауыс беріп, мандатқа ие болып жатсақ, жергілікті жердегі өзін-өзі басқару заңын қолға аламыз. Сонымен қатар еңбек заңында көптеген әлеуметтік алшақтықтар бар. Соның салдарынан қарапайым халық езбеге түсіп жатыр. Біз әлеумет пен халықтың қорғалуын барынша қолға алуды мақсат еткендіктен, жұмыспен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарының ашылуын, жалақының көбеюіне атсалысамыз. Әрі әлеуметтік әділетсіздіктерді тоқтататын жаңа заңдарды қабылдаумен де айналысамыз.
— Сұхбатыңызға рақмет. Сәттілік тілейміз!
Бифат ЕЛТАЕВА