Айдос Сарым: Тәуелсіз ойлау – Шәкәрімше жапан далада жалғыз қалу

83

илік мінберінде айтыла бермейтін ащы тақырыптар болады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі әуелде сондай өткір ойлар мен оқшау пікірдің алаңы болады деп құрылған-ды. Бірақ соңғы бірнеше айда кеңес құрамынан айтары бар бірнеше азамат өз еркімен бас тартты. Бұйрықпен шығарылғандары да бар. Кеткендердің сөзіне сенсек, сенім кеңесі сенімдерінен шықпаған көрінеді. Оның үстіне бағыт-бағдары бұлыңғыр ұлттық сенім кеңесіне халықтың да сенімі азайған сияқты. Неге? Осы сауалдарды белгілі саясаттанушы, мәжіліс депутаты Айдос Сарымға қойдық.     

– Айдос мырза, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғанына екі жылдан асып барады. Бірақ кеңестің араласуымен шешілген мәселе мынау деп, оқшау айтатындай не бар? Жалпы, кеңес не үшін құрылды: әуелдегі мақсат-мүддесі не еді, сол мүддеден шыға алды ма?

– Әңгімені есту үшін ең алдымен естуге деген дайындық қажет. Бүгінгі әлеуметтік желіге кіріп алған жұрт бір қатып қалған жартас сияқты көрінеді. Кез келген ақпаратты жаңғыртып, өзінен басқа ешкімді де, ештеңені де қабылдай алмайды. Жаңғырық камерасы деген эффект осы шығар.

Ал әңгіменің байыбына келсек, кеңес мүшелерінің ұсынысымен 18 заң, 4 президент жарлығы, 28 үкімет қаулысы, көптеген министрлер мен әкімдердің бұйрығы мен шешімдері қабылданды. Оның ішінде жер туралы, сайлау туралы іргелі, аса маңызды шешімдер де бар. Кеше ғана дүйім көпшілік «бұл мүмкін емес, жүйе өзгермей, түк өзгермейді» деп ұйғарған шешімдер бірте-бірте жүзеге асып, саяси мәдениет пен саяси дәстүрге айналып жатыр. Елімізде осындай белсенді, беделді, сөзін билікке өткізе алатын басқа сараптамалық не қоғамдық ұйым, немесе орта бар ма? Бұл –  бір.

Екіншіден, кеңес – ұлттық майдан немесе парламент емес. Ондай ой да, амбиция да болған емес. Кеңес президент ырқымен, ұйғарымымен құрылған сараптық алаң. Оның басты міндеті – жұртқа ақыл айтып, халыққа ұнау емес. Оның міндеті – кәсіби сараптық және қоғамдық ортаның пікірін, үнін, кәсіби зерттеулер мен сараптық дүниелерді президентке және оның әкімшілігіне айту, жеткізу, сөз бен ой жарыстыру. Ортақ пікір қалыптасса, мынау шынымен дұрыс екен, ақыл екен деген ұйғарымға келіп жатса, сондай компромистік, консенсустық мәселелер бойынша тиісті басқарушылық шешімдердің жобаларын жасасу, әзірлеу.

Үшіншіден, кеңес – халық үніне құлақ асатын билік тұжырымдамасын іске асыру құралы, тетігі. Кеңес алаңында министрлер, әкімдер өз жұмысы туралы есеп беріп, сарапшылармен тікелей араласып, пікір алмасады. Бұл биліктің біраз ойлары мен істерін дұрыс іске асыруға өз көмегін берді. Есесіне кеңеске кірген сарапшылар мен қоғам белсенділері үшін бұл саяси мінбер. Жай ғана мінбер емес, кәсіби-сараптық мінбер. Ой айтатын адам «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп емес, оны айтып қана қою үшін емес, шын ниетіммен іске асырамын, нәтижеге жеткіземін деп айтуы керек. Ол үшін қажет болса апталап, айлап кабинет кезіп, біраз табалдырық тоздырып, талай уақытын сарп еткізуге дайын болуы керек. Кез келген жақсылық бола салмайды, аспаннан аяғы салбырап жерге топырлап түсе бермейді. Жақсылық үшін табанды күресе білу керек. Әр игі жақсылық үшін үш есе белсенді болу керек. Дер кезінде шабуылдап, дер кезінде шегіне біліп, мүдде үшін ымыраға келе де білген абзал. Дұрыс шешім дүниеге тек осы жолмен келеді. Ал мен айттым, сен жаса, менікі дұрыс, сенікі бұрыс, менің тілімді ал, алмасаң бадал дейтіндер әлеуметтік желі мен ютубтың шаңын шығара берсін. Ешкімді ешкім табалап, ешкімді ешкім күстаналамасын. Яғни таңдау баршада бар. Ютубта жер жарып, жар салып жүргеннің бәрі бір күндік, әрі кетсе бір жылдық «диван батырлар». Ютубта миллион лайк жинаса да, бір ауылдың сайлауында жеңіске жетіп, ел басқара алмайтындар. Бір жыл өткен соң, олардың аты да қалмайды.

Төртіншіден, кеңес – саяси лифт, жеделсаты. Мүддешілдік, мұратшылдық ымыраны қажет етеді. Компромиске дайындық, сөзге тоқтау, қатені мойындау, тәртіпке бағыну, жұмыла шешкен мәселені бір адамдай атқару атам қазақты басқадан ерекшелендіретін қадір-қасиет. Осындай азаматтар үшін кеңес жақсы мүмкіндік. Өмір мектебі, саясат мектебі дер едім. Айту оңай, істеу қиын. Айтқанды саяси шегімге айналдыру, оған қарсыны дос болмаса да, серіктес, мүдделес ету, жеңіске жету – саясат өзегі мен мұраты.

Тағы бір мысал келтірейін. Кеңестің 12 мүшесі парламент депутаты болды. Ондаған адам министрлер мен әкімдердің кеңесшісі, ақылманы атанып жатыр. Сол арқылы өз ойларын іске асыруға, діттеген мақсатына жетуге мүмкіндік алды. Бұл аздық етпейді. Сондықтан кеңес өз мақсатына жетіп жатыр деп айта аламын.

– Қоғамда «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі басы артық ұйым», «үй ішінен үй тіккендік» деген пікір бар. Шынында, кеңес әуелде қоғамның «желін шығару» үшін құрылған жоқ па?

– Жоқ, олай емес. Әркімнің өздігінше ойлап, өз пікірін дұрыс деп санайтын заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Кеңес біреуге ұнасын-ұнамасын – әркімнің өз шаруасы. Кеңес – аты айтып отырғандай, президент жанындағы сараптық ұйым. Оның құрамын президент өз ұйғарымымен бекітеді. Тұрақты түрде құрамын жаңалап, ротациялап отырады. Керек десе, президент оны тарата да салады. Кеңестегі мүшелік қан қуалайтын тек немесе ұрпақтан-ұрпаққа қалатын мұра емес. Президент жанында ондаған кеңес пен сараптық орта қызмет істейді. Біздің кеңес те соның бірі және бірегейі. Өз басым кеңестегі мүшелігімді мақтан тұтамын, үлкен сенім мен абырой санаймын. Ахмет атамыз айтқандай: біздікі ертеңгі үшін. Сенім деген мәселе оңай дүние емес. Кейде сенім кешігіп келеді, кейде сенім орнауы үшін ұзақ уақыт керек болып жатады. Бастысы, уақыт өте ұрпақтар кеңес туралы диссертация жазып, мақтанышпен әңгіме айтатынына өз басым кәміл сенемін. Қазақ тарихын экстремистік революциядан, демагогия мен популизмнен құтқаруға тырысып, елдегі саяси және басқа реформаны ақыл жолымен эволюция жолына түсіруге тырысқан ұйымшыл, ұлтшыл, мемлекетшіл топ деп айтатынын анық білемін. Сенбесеңіз, осы сөзімді банкке апарып, депозитке салыңыз. Құны артпаса, түспейді.

– Көп жағдайда қоғамдық мәселені алдымен журналистер көтеріп жатады. Жер мәселесі кезінде де баспасөз өкілдері қалыс қалған жоқ. Міне, осындай кезде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі биліктің ықпалынан шығып, тәуелсіз пікір білдіре алды ма?  

  • Кеңестің біраз мүшесі пікірін ашық та, айқын да айтты. Кеңестің біраз мүшесі жер комиссиясына мүше болып, тарихи шешімдердің қабылдануына ықпал етті. Бірақ мынаны түсіну керек. Кеңес мүшелері әр алуан пікірдегі адамдар, сарапшылар. Бір нәрсеге келіссек, он нәрседен пікіріміз келіспей жатуы ықтимал.

Тәуелсіз ойлау – жұрттың пікірін зілтемірше қайталау емес. Тәуелсіз ойлау – қажет болса, жұрт пікірімен келіспей, жат болып, Шәкәрімше жапан далада жалғыз қалу. Бүгін халықшыл бола қалып, жұрт айтқанды тотықұстай қайталап жүргеннің бәрі батыр емес, арасында қырт та, ез де,  тап-таза ақымақтар да жеткілікті. Егер ютубта  осылай сайрағанның бәрін батыр санаса, айтқанына илана сенсе, имандай көрсе, мен өз халқымды да ақымақ халық дер едім. Құдайға шүкір, жұрт ақымақ емес. Көзі ашық, көретінді көріп, еститінді естіп отыр.  Биліктің де барша айтқаны дұрыс емес шығар, бірақ оның барша айтқанын түбегейлі, тұтастай жоққа шығару, қырсығып керісінше жасай беру таза ақымақтық пен қыртшыл ездік. Жалпы, ауызға келгенді айтып, үнемі шыңғыра сөйлеу асқан ақылдың ісі емес. Психология мен психиатрия тұрғысынан бұл – ауытқу немесе ауру.

– Бір сұрақты қайталай берді демеңіз. Аты айтып тұрғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғам мен билік арасындағы дәнекер қызметін атқаруы тиіс еді. Алайда ұлттық мәселелердің қайсысына дәнекер болды? Мысалы, халық биылғы қуаңшылықтың төтенше жағдай екенін билікке әрең түсіндірген жоқ па?! Жұттың бар екеніне сендіру үшін бірнеше мың бас малы қырылды, жұрт қолына шалғы алып, өздері жаппай шөп шапты. Сенім кеңесі осындай ұлттық мәселелерді бірінші болып көтеріп, халық пен биліктің арасына алтын көпір орнатуы тиіс қой. Бірақ ондай қадамға Ақорданың «батасымен» ғана баратын сияқты ма, қалай?

  • Қуаңшылық мәселесін, мысалы, ел аралап, жағдайды көрген Еділ Жаңбыршин ағамызбен мен парламентте көтердім. Жағдайды жұт деп танып, төтенше жағдай деп жариялау, жем мен от жинап, екі облысқа шұғыл жіберу керек деп айттық. Кешіккен болса, бір жарым, екі аптадан кейін бұл мәселе жүзеге асты. Бұл туралы баспасөзде де, парламент сайтында да, желілерде де ашық айтылып-жазылды. Фейсбуктағы өзінің немесе өз достарының парақшаларын қарамайтындар болады. Солар көрмеген шығар. Көрмес жұтаған түйені де, семірген түйені де көрмейді.

– Кеңес құрамындағы азаматтардың тізіміне қарасаңыз, негізінен,биліктің сөзінжықпайтын, Ақордаға жақын азаматтар сияқты. «Осының өзі сенім кеңесінің сенімсіздігін көрсетпей ме?» деген пікір бар қоғамда.Нағыз ұлттық мәселені көтеретін белсенділер шет қалып қойған жоқ па?

– Жалпылама әңгіме дер едім. Мен өзімді, мәселен, нағыз ұлтшыл, нағыз ұлт сөзін сөйлейтін адаммын деп санаймын. Бұл менің ғана пікірім емес. Менің де досым, серіктесім, жақтасым бар. Мен соларға сенемін, олар маған сенеді. Елде мынау ұлтшыл, мынау сатқын деп сертификат беретін орталық немесе мекеме жоқ. Қанша адам – сонша пікір, қанша ұйым – сонша мін. Сіз де, мен де бір пендеміз. Сіздің пікіріңіз бен менің пікірім бірдей, жеке-жеке пікір. Егер мен тұрып алып, мынау батыр, мынау сатқын десем – ол менің ғана пікірім, әрі кетсе менің жақтастарымның пікірі. Бірақ бұл ұлт ұйғарымы немесе тарихтың тоқтамы емес. Бүгін барсың, ертең ешсің. Айтылды – қалды. Өмір өз өзегімен өзгеріп жүре береді.

– Кеңес құрамынан бірнеше азамат өздігінен бас тартып, шығып кетті. Олар Ұлттыққоғамдықсенім кеңесі сенімімізден шықпады деген уәж айтып жүр. Олар не үшін кетті?

– Әр кәллада бір қиял. Сол мүшеліктен шыққан адамдар әрқайсысы бір төбе адам. Әркімнің өз ойы, темпераменті бар. Көбісін дара шабатын жеке батыр дер едім. Бір білетінім: солардың көбі өз ойын заң тіліне немесе құқықтық құжат тіліне айналдыра алмағандар. Бәлкім, барған жеріміз тек мінбер деп ойлаған болар. Бірақ кеңес мінбер ғана емес, командалық ойын ережесі бар сараптық орта. Сөздің де сұрауы бар. Сұрауы сол: айттың – жаса, қағаз жаз, кабинет арала, заңмен, нормамен дәлелде, түсіндір. Ұзақ мерзімді саясат жүргізуге, спринтке емес, марафонға дайын бол деген сөз. Бұл – кеңес тәртібі ғана емес, саясат талабы. Шын саясат бейпіл сөз емес, шын саясат қатты сөйлеп, қарғыс айту емес. Шын саясат – ақыл-айламен, қулықпен, тәсілмен мақсатқа жету. Қатты-қатты сөйлеу – осының азғантай бір бөлігі ғана. Мысалы, ауру ағзаны емдеу үшін көп тәсіл мен әдіс, шара мен ем керек дейік. Ота жасау соның бірі ғана. Дәрігер тек отаны дұрыс санап, алдына келгеннің бәрін жөн-жосықсыз оталап, пышақпен тіле берсе не болмақ? Ондайға адам шақ келе ме? Я қылмыскер, я дорақ болып, ауруханадан қуылады емес пе?

– Соңғы сұрақ болсын, ауыл әкімдерін сайлау көпшіліктің көңілінен шықпаған сияқты. Өйткені мәреге билікшіл әкімдер ғана жеттідеген пікір айтылып жатырӨз әкімін өзі сайлайды деп, біз сонда кімді алдап жүрміз?

– Көпшілік дегеніміз – сайлауға өзі қатысқан 1 миллион 200 мың адам. Солар сөйлеуі керек. Додаға қатысқан кандидаттар сөйлеуі керек. Көзіммен көріп, құлақпен естігенім – аймақтарда сайлау әртүрлі дәрежеде өтті. Халық өз таңдауын жасады, жасай алды. Олқылық, қателік болды. Бірақ, бастысы, жаппай бұрмалау болмады. Әкімдерді сайлау дәстүрі басталды, енді саяси мәдениеті қалыптасады. Қазақстан Орталық Азияда тұңғыш рет әкімдерін халық өзі таңдап, өзі сайлайтын дәрежеге жетті. Бұл үлкен тарихи қадам. Бұрқылдап, күңкілдеп үйреніп қалғандар үйреншікті тірлігін жасай берсін. Қалада не желіде отырып сөз сөйлеу – оңайдың оңайы. Ұнаса сөйлей берсін. Өмір соларды айналып өте бермек.

Қызығы басқада. Өзін биліктің оппонентіміз деп жүрген топтарға таңым бар. Жүздеген адам, бәлкім, мыңдай адам бар шығар аса белсенді. Соның бірі де өз еркімен барып, қызық үшін болса да, бақ сынауға дәті шыдамады. Барып, тіркеліп, науқанды өткізуге шыдамады. Тіркемесе, науқаннан шығарса екен, ниет танытуға миы жетпеді. Тіркемесе, сол сайлауды цирк қылуға болар мүмкіндігі болды. Бірақ билікке қарсы топ серкелері мен блогерлер диванға жабысып отырып алды. Ел басқарамыз деген адамдар ауыл басқара алатынына сенбеді. Өздеріне өзі! Президент сайлауына дейін талай уақыт бар әлі. Ең болмаса бір кіші сайлауда жеңе алатындарын жұртқа неге көрсетпеске? Ғарышқа ұшамын дегендер қиялдан бастаса да, денесін шынықтырады, ғылым қуалайды, тренажерде жаттығады, сұрапыл конкурс пен таңдаудан өтеді. Мен дайын ғарышкермін деп, Тоқтарды я Айдынды күстаналауға болатын шығар, бірақ солардай дайындығың болмаса, кімге өкпелемек керек? «Мен дайынмын» дегеннің бәрі дайын емес, ғарыш кемесі түгіл, велотренажерге жолатуға болмайтын рухани мүгедектер болады. Ол ұнамай ма, оңай жол керек пе? Онда өмір бойы ақша жинап, миллиардер атанып, өзі ұшақ жасап, жекелеп ұшсын. Ондайлар да бар: Трамп немесе Безос. Шынайы саясат та ғарыш сияқты дүние.