Дос Көшім: Президентті қолдау деген сөзді билікті қолдау емес, мемлекетті қолдау деп түсіну керек

413

— Жаңа жылдан кейін Алматыда орын алған оқиғаны қалай атауға болады?

— Бейбіт шеруден басталып, тәртіпсіздік пен анархияға ұласқан, Жаңаөзеннің әлеуметтік талабын қолдаудан басталып, «билік кетсін» деген саяси талапқа аяқ басқан, билік пен тәртіп сақшыларына деген ашу-ызадан басталып, төбелеске айналған аяғы бүлікшілдік пен тонау әрекеттеріне жетіп, соңы қоғамда дүрбелең тудыру мақсатында жасалған қанды қақтығысқа алып келген төңкеріс жасауға талпынудың да белгісі бар, кейбір белгілеріне қарағанда, әзірге белгісіз бір топтардың тарапынан нақты жоспарланған іс-әрекеттер деп атауға болады. Бұған Тоқаев мырза «Алматы трагедиясы» деген атау берді. Меніңше бұл — Алматы қаласының трагедиясы емес, олай жұмсақтатып, бір ғана қаламен шектеу – не саяси қателік, не саяси тәсіл болады. Өз басым, бұл оқиғаны «2022 жылғы Қазақ еліндегі қанды қырғын» деп атар едім.

— Бейбіт шеруден бастау алған бұл дүрбелеңге қатысқан кімдер?

— Бұл жерде де бір ауыз сөзбен анықтама беру мүмкін емес. Әрине жиын мен шерудің негізін қарапайым халық құрады. Оның алдыңғы қатарында қоғам белсенділері, саяси топтардың өкілдері де болды. Бірақ ашу-ызаға булыққан топтың толқуына басқа ойдағы, осы көтерілуді пайдалана отырып, ел ішінде дүрбелең тудыру сол арқылы өздерінің алдарына қойған өзгеше мақсатқа жетуді көздеген күштер де болды. Олардың соңына Үкіметті ауыстырсақ, ертең жұмақ орнайды деген ойдағы радикалды адамдар мен эмоцияға берілген «тобыр психологиясына» қалай ілескендерін білмей қалған жастар да еріп кетті. Бейбіт шеруді бүлікшілдік әрекетке бұрғандардың арасында радикалды діни бағыттағы адамдардан құралған топтардың бар екені де шындық… Бірақ дүкендер мен банкоматтарды тонауға қатысқандардың сандары одан да көп сияқты. Бұл – осындай аласапыран кезінде туындайтын, халықтың мәдениеті мен салт санасының деңгейін анықтайтын кезең болды. Біз ол кезеңнен осы сынақтан өте алмадық.

Қазір «осы жағдайды тудыруға не осы әрекеттерді пайдалануға билік тарапы араласты ма?» деген сұрақтар туындауда. Менің ойымша билік тарапынан, оның ішінде күштік құрылымдардың тарапынан опасыздық қадамдар болған сияқты. Біріншіден олар ондай арандатушылық тәсілдерін бұдан бұрын да жасаған, сондықтан бейбіт жиынды «бүлікшілердің төңкеріс әрекетіне» айналдыру – сыналған, тәжірибеден өткен тәсіл, екіншіден осы дүрбелеңді пайдаланып, белгілі бір күштердің билікті ауыстыруға тырысуы да ғажап емес. Әрине біржақты баға беруге әлі ерте: қанды трагедияға қатысы бар деген адамдар тергеу мен тексеруден өткен жоқ, кейбір жағдайлардың ақ-қарасы әлі толық ашылған жоқ. Әңгіме сол мәселелер толық ашылады ма, әлде «мемлекеттік құпия» деген желеумен қоғамға жетпей, жабық күйінде қалады ма, деген сұрақта жатыр. Меніңше тұтқындалған күштік құрылымдардың өкілдеріне айып тағылса, сот процесі ашық түрде болуы тиіс. Билік иелері (бұлардың барлығы – президент те, күштік құрылымның басшылары да, оны соттайтын соттар да – бір жүйенің адамдары, бір дастарханнан дәм татып, бір біріне марапат беріп, бірінің қызметін бірі тексеріп жүрген жандар екені белгілі) бірін бірі жасырын соттаса – талай адамның өмірін қиған қанды қырғынның ақиқатына жете алмайтынымыз анық.

— Бейбіт шеру неге жаппай тәртіпсіздікпен аяқталды?

— Бұл жерде қоғамда екі түрлі болжам бар. Біріншісі – халықтың ашу-ызасы, билікке деген қарсылығы шектен шығып, «көздеріне қан толып», өздерін өздері ұстай алмайтын деңгейге жетуін радикалды топтар жақсы пайдалана білді. Тарихқа көз салсаңыз, өзінің халқын кедейшілікке жеткізген, олардың айтқан талаптарын ешқашан ескермеген билікке қарсы шыққан төңкерістердің басым көпшілігі тәртіпсіздіктен басталған немесе тәртіпсіздікке ұласқан. Өздері биліктен кеткісі келмеген талай королдер мен патшалардың сарайларын халық басып алып өртеп, қырып-жойып, кейбіреулерінің сол жерлерде бастарын алғаны да белгілі. Өкінішке қарай билік иелері осы тарихтан сабақ алмайтын сияқты. Диктаторлық жүйе – билікті өзгертуді — биліктен айырылу сияқты қабылдайды. Олар адамдарды ауыстырады, кейбіреулерін жазалайды, кейбіреуін кінәлі етіп шығарады, ал өздері сол қалпында отырып, Жаңа Қазақстан жасаймыз дейді, азды-көпті әлеуметтік жеңілдіктер жасайды, т.т. – бірақ орындарынан қозғалғысы келмейді. Осындай кезең туғанда, халыққа төңкеріс жасаудан басқа амал қалмайды. Бірақ сол төңкерісті ұйымдастыратын, оған басшылық ететін саяси топ, не орталық болуы шарт. Ондай саяси күш қалыптаспай, жиын мен шеруді саяси құрал ретінде пайдалануды меңгермейінше, шығарған халықты бір адамдай ұстап тұруды қамтамасыз етпейінше, халықты көшеге шығару – кешірілмес қылмыс. Халықты көшеге шығару оңай, оны тоқтату, әсіресе қазақты тоқтату өте қиын. Меніңше осы аксиоманы бәріміз де білеміз. Бірақ тырманы қайта-қайта басамыз…

Екіншіден осы жағдайда жаппай тәртіпсіздік, хаос пен бүлікшілдік әрекеттер – көп жағдайда билікке пайдалы. Демек бұлардың дүрбелеңінің көпшілігі  – нақты сценарий бойынша жасалды.  Ол жобаны егер екінші болжам шындық болса, кімдер жасады, олардың мақсаты қандай еді деген сұрақтардың жауабы кейінірек ашылады деп үміттенеміз. Өз басым, арнайы дайындықтан өтіп, Алматыға басып кірген 20 мың шетелдік содырлар туралы Президенттің мәліметі… аңшылардың кейбір оқиғаларды асыра айтатын әңгімелеріне ұқсайды дер едім. Егер Алматыға 20 мың адам кірсе, оған тағы бес-алты облысқа енген арнайы дайындалған содырларды қосатын болсақ, 50-60 мың адам болуы әдбен мүмкін. Олардың шекарадан еңбектеп өтуі және қаңтарға дейін көзге көрінбей тығылып отыруы мүмкін емес деп ойлаймын.

Мен үшін басты сұрақтың бірі — осы тәртіпсіздіктің мақсатын анықтау. Билікті басып алу десек, олар Астанаға, Ақордаға шабуыл жасау керек еді. Оны басып алып, барлық әкімдер мен министрлерге «өз орындарыңда қаласыңдар» десе, ешкім де жасақ жинап, астанаға (Минин мен Пожарский сияқты) аттанбас еді. Бүлікшілер әкімдіктерді, басқа да үкіметтік ғимараттарды басып алғанда да, келесі қадамдарын ойластырған жоқ. Кезінде қырғыз бауырларымыздың әкімдіктерін басып алып, өздеріне өздері губернатор, әкім деген атақ беріп, жергілікті атқару органдарын қолдарына алуға тырысқанын білеміз. Кейбір елдерде әкімдік сияқты үкімет ғимаратын басып алғандар есік-терезені бекітіп, билікке талап қоятыны да бар. Біздің бүлікшілер осының бірін де істеген жоқ. Биліктің дәрменсіз екенін көрсетумен және тонаумен,  қиратумен шектелген тәртіпсіздікпен қоғамға не айтқылары келгені әлі де жұмбақ.

— Алматы билігі неге бұл оқиғалардың алдын ала алмады?

— Билік не істей алар еді? Күштік құрылымдар орталыққа, Президент пен министрлерге бағынады. Әкімдер, егер олар халықтың таңдауымен қызметке келген болса, тек өзі басқарып тұрған қаланың тұрғындарына сүйенеді. Алматыда екі миллионнан астам адам бар екенін ескерсек, Сағынтаевтың «аттанына», кем дегенде, жүз мың адам қосылып, бүлікшілерді бір сағаттың ішінде алаңнан ғана емес, Алматыдан қуып шығар еді. Бірақ халықтың қазіргі билікке деген көзқарасын ескерсек, бұл сценарий – утопия сияқты. Мен үшін «бұл оқиғалардың алдын алу» деген сөз – биліктің 4 қаңтарға дейінгі халықтың, тұрғындардың талап-тілектерін ести білуі, оны жоғарғы деңгейдегі билік орындарына жеткізе білуі және сол талаптардың орындалуына барлық күш-жігерлерін салуы, ең соңында, «мен қолымнан келгенін, шамамның жеткенін жасадым, осыған риза болыңдар» деп отставкаға кетуі. Бірақ, Алматы билігі ғана емес жалпы Қазақ елінің билігі мұндай мәдениетті, жауапкершілікті мойындаудың этикалық жолын білмейтін де, түсінбейтін де сияқты. Оның себебі де түсінікті: билік иелері сол орындарға халықтың таңдауымен емес, биліктің, атап айтқанда Президенттің тағайындауы арқылы келеді.

Айта кету керек, жоғарыдағы мен айтып отырған мәселе — тұрғындардың бүлікшілерге, тонаушыларға қарсы ұйымдасқан түрде көтерілуі, өздерін, өздерінің ауыл, қалаларын қорғап қалуы – кеше ғана Қазақ елінің көптеген жерлерінде жүзеге асты және тиімді нәтижелерін берді.

— 30 жыл мақтап-мадақтап, еліміздің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Елбасы деген атақ сыйлап, жартықұдайға айналдырғандар енді Қасым-Жомарт Тоқаевты жер-көкке сыйғызбай, қолпаштауға көшкен сыңайлы. Бұл ненің белгісі? Әлде бұл президентті адастыру, елді жаңарту жолынан тайдыру мақсатында қасақана жасалып жатқан дүние ме?

— Бұл – авторитарлық жүйенің бұлжымас заңы, биліктегілердің өмір сүру принципі. Олар адамды жасаған қызметіне, істеген ісіне емес, отырған орнына қарап қана бағалайды. Болгарияның бірінші президенті Желов деген кісінің «Тоталитаризм негізі» деген кітабы бар. Сол жерде «колхоздың бастығы мен аудан басшысы сөйлесіп тұрса, аудан басшысы ақылды сияқты көрінеді, аудан басшысы мен облыс басшысы пікірлесіп тұрса, облыс басшысы ақылды сияқты көрінеді, ал облыс басшысы мен Орталық комитеттің бірінші хатшысы сөйлесіп тұрса, сөз жоқ, хатшының сөзіне құлшылық қыламыз. Бізде бедел мен ақылды — сенің отырған үстелің береді. Тоталитаризмнің негізі де осында. Ал егер жаңағы хатшы қызметтен кетсе, үстелінен айрылса, оның сөзі еш жерде жазылып тұрмайды, оның айтқандарын ешбір адам қайталамайды, ол – ақылды болып табылмайды», деген жолдар бар.

Сондықтан кешегі Назарбаевты жартықұдай көргендер  бүгін Тоқаевты мақтап, мадақтауы мен үшін таңқаларлық мәселе емес. Ең қорқыныштысы, олар соның ыңғайсыз екенін түсінбейді ме деп қорқамын. Тоқаев мырзаға жақсы бір имидж қалыптастыруда олардан да өткен өте ыңғайсыз тәсілді президенттің баспасөз хатшысы жасады: оның «Президент бірнеше күн Ақордада қонды», «Президент өзінің сөздерін өзі жазады» деген хабарламасы екі-үш күн бойы теледидардан түспеді (біздің қалтамыздан қанша ақшаның осы ақымақтыққа кеткенін есеп комитеті айтатын болар). Өз басым, Президент қана емес, барлық жоғарғы деңгейдегі басшылар өздерінің сөздерін өздері жазады деген сенімдемін. Өздері жазғанды былай қойсын, өзге елдердің президенттері қағазға қарамай сөйлейді және оны ешкім де ерекшелік, артықшылық деп санамайды. Өзінің ойын өзі жеткізе алмайтын адам елді қалай басқармақ? Ал бес күн Ақордаға қонды деген мәселеге келсек, меніңше, мыңдаған тәртіп сақшыларының, өрт сөндірушілердің, т.т. азаматтардың сол күндері өздерінің қызмет орындарында қонуға тура келгені анық. Егер мұны ерлік деп бағаласақ, Президенттің басқа ауыз толтырып айтар, атап өтер ештеңесі жоқ дегенге келеміз. Орыс халқы мұндай жағдайды «аюдың қолапайсыз қызметі» десе, қазақтар «артық қыламын деп, тыртық қылды», дейді.

Меніңше Президент осы бір дүрбелең, күрделі жағдайда, негізінен алғанда өзінің қызметін дұрыс атқара білді. Шындап келгенде, осы уақытта халықтың алдында «не бүлікшілерді қолда, не оларға қарсы шыққан прездентті қолда», деген дилемма тұрды. Бұл жерде Президентті қолдау деген сөзді – билікті қолдау емес, мемлекетті қолдау деп түсінуіміз керек. Алайда біздің авторитарлық жүйенің Францияның королі Людовик сияқты («мемлекет деген – мен») «мемлекет деген – билік» деп түсінетінін де естен шығармайық.

Президентті мақтаудың «екінші кезеңі» 11 қаңтардан кейін басталды. Ол енді «халықты бүлікшілерден азат етуші» деңгейінен көтеріліп, елдегі барлық қордаланған мәселені шешетін «Елбасы -2» сатысына аяқ басты. Бірақ оның айтқан, көтерген мәселесінің барлығы дерлік, осы уақытқа дейін сан рет айтылған қоғамда талқыланған (Қазақстан мен Қытай шекарасындағы кедендегі жемқорлық, LRT, Назарбаевтың қыздарының заңсыз бизнесі, Ескі машиналарды утильге беру, Бай мен кедейдің арасындағы айырмашылықтың өсуі, т.т.), билік тарапынан бүгінге дейін ешқандай көңіл бөлінбеген мәселелер. Өкінішке қарай Президент өзінің сөздерін «халықтың сан мәртебе көтерген осы мәселелері» деген тіркестен бастай алмады.

Тағы бір ерекше мән беретін мәселе, Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы Президентті мадақтаумен қатар қоғамға «билік үлкен бір өзгеріс жасауға кірісті» деген ой қалыптастыруға көшкен сияқты. «Хабарда» жарқ ете қалған «Новый курс» бағдарламасы да осының айғағы. Елді осындай жағдайға жеткізген жүйенің билікті сақтап қалу үшін мың құбылатыны түсінікті. Олар қазір Тоқаевтың соңғы оқиғаға қатысты қалыптаса бастаған беделін пайдаланбақшы.

Сөз соңында, мен білетін Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке басқа табынушылықтың жолына түспейтініне сенімдімін, бірақ Парламент «Жағымпаздық туралы» заң жобасын тез арада жазып, қабылдап үлгірсе, нұр үстіне нұр болар еді. (Бұл жерде «нұр» сөзі өз орнында қолданылып тұр. Д.К.)