Дулат Исабеков: Арба мен күзет болмағанда, қазақ жігіттері жұмыссыз қалар еді

120

«Жас Алашты» оқып отыр екен. «Газеттеріңнің өткен саныңда Смағұл Елубай жақсы дүние жазыпты», – деп қарсы алды қаламгер.  «Қоңыр дәптерге қонған ойлары» ма?» – дедім амандасып жатып. «Иә, бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын қозғапты», – деп, жаңадан салған зәулім үйінің ауласындағы тапшанға бастады. Алматының төбесінен қарап отыратын жазы салқын, ауасы таза қоныс екен. «Қонысыңыз құтты болсын!» – дедім жайғасып жатып. «Айтсын! Қаланың қапырығында осындай жеке үй жақсы болды», – деді қаламгер. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековпен сұхбатымыз осылай басталды.

– Індет өршіп тұр. Үйден шықпаймын. Осы аптада немере інімнің тойы еді. Тоқтаттық. Бұрынғылар жұқпалы аурудан бір-біріне жақындамай, оқшау өмір сүру арқылы сақтанған екен. Мен де сөйтіп жатырмын. Қазір шынымен де той тойлайтын кез емес. «Ұят болмасын» деп, Қуанышбай Құрманғалиев, Ахат Жақсыбаевтар тойға барып, ауру жұқтырып, содан кетті. Бексұлтан Нұржекеев бір аунап тұрды. Той тойлау ауру жоқ заманның сәні еді. Қазір жағдай қиын. Сақтанып жатқан жұртты көрмедім. Тойхананың алдын жапса, артқы есігінен ұрланып кіріп, той жасап жатыр. Кімді алдағысы келеді? Өзін бе, бізді ме? Естіп жатырмын, кейбір дөкейлер мен байлардың тойханасын полицейлер тексермейтін көрінеді. Ақшаның күші ғой. Ақша араласқан жерде тәртіп те, береке де болмайды. Біз осыдан құрыдық. Отыз жылдан бері оңбай жатқанымыз осы қалтаның зардабы. Жылдан-жылға тұралап барамыз.

Отыз жыл бұрын айттық қой, құдай қаласа, озық отыз елдің қатарына қосыламыз, Кувейт сияқты бай боламыз деп. Болдық па? Жоқ. Отыз жыл деген аз уақыт емес.

  • Отыз жылда не жасауға болар еді?

– 1917 жылғы Ресейдегі революцияны білесіз. Он жылдан кейін мешеу, кедей Ресей өндірісті елге айналып шыға келген жоқ па? Ленин сол кезде тракторды көріп, «Осындай он трактор болар ма еді?» деп армандапты дейді. 1917 жылға шейін Ресей халқының 87 пайызы сауатсыз, надан еді. Сауатсыздықты жойды. 1927 жылы СССР адам танымастай өзгерді. Тіпті 1937 жылғы репрессияға дейінгі 20 жылда Кеңес Одағы бүкіл әлемдегі озық елдердің қатарына қосылды. Картада аты жоқ ел еді ғой. Ал біз ше? Біз бар ел едік. Отыз жылда барымыз тоналды, байлығымыз жоғалды. Отыз жыл бұрынғы «экономикамыз даму үстінде» деген жалаң ұран әлі жалғасып келе жатыр. Қашанғы дами береміз? Дамудың да шегі бар шығар? Соның бір биігіне көтерілетін кез болды ғой. Бұрын арабтар сияқты бай боламыз деуші едік, отыз жылдан кейін өз күндеріңді өздерің көріңдер, сиыр сауып, сүтін сатыңдар деген әңгіме айтылды. Екі сиыр деген не әңгіме? Қазақтың дені ауылда отыр. Көбінің сиыры бар. Сүтті кім алады? Осыларды ойлап отырсам, бәрінің реті кетіп, қиюы қашқан екен ғой.

– Салыстырып қарасаңыз, отыз жыл бұрын да қазақтың әлеуметтік жағдайы бүгінгі күніміздің ар жақ-бер жағында сияқты. Әлі сол таз қалпағымыз басымызда. Осы отыз жыл кімдерге тиімді болды: кімдер байыды? Ал қарапайым қазақ ше?

– Отыз жылда экономикамыз дамымаса да, ауыл шаруашылығымыз өркендемесе де, біз басқа жағынан бірінші орынға шықтық. Мысалы, жемқорлық бойынша әлемде бізден озған ел жоқ. Мақтангершіліктен де бас бәйгені бермейтін болдық. Өтірік пен алдаудан, көзбояушылықтан Қазақстанның алдына түскен мемлекет жоқ. Соңғы жылдары суицидтен де бірінші орындамыз. «Өкпек жолаушы» деген шығармамда «Өзін-өзі асып өлтірді деген адамның алқымына зер салып қарасаң, қоғам саусағының ізі жатады» деген сөзім бар. Ол неге өзін-өзі өлімге апарды? Өйткені оның іші өртеніп жатыр. Ішінің өртін сөндіре алмаған соң, осындай қадамға барады. Ажырасудан да көш бастадық. Жыл сайын 60 мың отаудың оты өшеді екен. Осының өзі отыз жылдағы жеткен жетістігіміздің ащы көрінісі.

Тәуелсіздік алмай тұрғанда біз нені армандадық? Шіркін, өз тізгініміз өз қолымызға тисе, БҰҰ-ның құрамына енсек, өз заңымыз, өз экономикамыз болса, өз басшымыз, өз ақшамыз болса, мына байлықпен қандай құдіретті мемлекет құратын едік дедік қой. Бір ғана Екібастұздың байлығы бүкіл Қазақстанды асырауға жетеді екен дедік. Сол байлық қайда? Тіпті теміржолды да Кеңес Одағы салып берген. Тақыр жерге тау, елсіз жерге мемлекет құрған жоқпыз. Қазіргі астана бұрынғы Целиноград болатын. Ақмола облысының орталығы. Иен дала емес еді. Өтірік айтудың басы содан басталды. «Тақыр жерге тау тұрғыздық» деп соқтық. Сол өтірігімізге бүгінгі ұрпақ сеніп өсіп жатыр. Отыз жылда қарапайым халықтың тұрмысы күн сайын мүшкіл күйге түсуде.

Ширек ғасырдан артық уақытта кімдер байыды? Неге олар тоймайды? Басшылық қызметке келген адам мемлекет үшін жұмыс істейін демейді. Қолымда билік барда жеп қалайын, басып қалайын деген ашкөздікпен жұта берді, жұта берді. Отыз жыл кімдерге жұмақ болды? Биліктегі ат төбеліндей аз топқа. Отыз жылда солардың тұрмысы Кувейттің жағдайына жетті. Араларында олигархтар да бар. Жасырын олигархтар тіпті көп. Осылардың бәрі өз күшімен, еңбегімен өндіріс ашып, егін егіп, мал бағып, байығандар емес. Олардың бәрі мемлекет есебінен байығандар. Халықтың ақшасымен шетелден сарай сатып алып, қазаққа төбесінен қарайды қазір.

Жеп қалу, басып қалу, парақорлық деген жаман қасиет біздің халықтың қанына сіңіп, ұлттық менталитетімізге еніп кеткен. Өйткені қазір жап-жас жемқор жігіттер шыға бастады.

– Дулат аға, кейбір шенеуніктер немесе жіліктің майлы басын ұстап қалған дөкейлеріміз қит етсе халықты кінәлап шығатын болды. «Қазақ жалқау», «қазақ масыл» дегенге үйір. «Бұдан да қиын күндерді бастан кештік, аш, жалаңаш болдық. Осы күндеріңе тәубе етіңдер» дегенді неге жиі айтады? 

    – Тәуелсіздік алғалы биліктің бір ғана «пәтуасын» естіп келемін, «шыдаңдар, сабыр» деген. Қазақ отыз жылдан бері сабырмен, шыдаммен отыр. Шыдамның да шегі бар, сабырдың сарқылатын кезі болады. Қазақтай шыдамды халық жер бетінде жоқ. Біздің мемлекеттей, жемқорлық жайлаған елде өмір сүру үшін темірдей жүйке керек. Мұның моральдық, материалдық қысымына қазақтан басқа ешкім төзбейді. «Еститін билік» дегенді шығарыпты. Сонда шенеуніктеріміз осы күнге дейін естімей келген бе? Басқасын айтпағанда, сол еститін билік «Жас Алаштың» бір санын оқып шықсыншы, соның өзінде біраз дүние айтылады. Бұрын билік сынға жауап беретін еді. Қазір мыңқ етпейді. Еті де, құлағы да үйренген. «Ит үреді, керуен көшеді» дегенді қазіргі басшылар өздерінің ұстанымына айналдырып алған-ау деймін.

«Мемлекеттің басты капиталы – адам» дейміз. Бірақ биліктегілердің адаммен шаруасы жоқ. 19 миллион халықтың тең жартысы нанын базардан тауып жүр. Тұрақты жұмыс істемейді: арба сүйрейді, күзетші болады. Арба мен күзет болмағанда, қазақ жігіттері жұмыссыз қалар еді. Оларға астанадағы дөкейлер «өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететіндер» деп ат қойыпты. Қысқасы, тәуелсіздік тәуелділікке алып келді. Шын тәуелсіздікті билік басындағылар ғана алды. Ал қарапайым халық тәуелді болып қалды: ақшаға, еркіндікке, орысқұлдарға тәуелді.

Биліктегі азаматтар халықтан алшақтап кетті. Нақты мысал айтайын. Бұлар орташа айлық дегенді айтады. Солардың орташа айлық дегенін өмір бойы жұмыс істеген мен ала алмаймын. Сонда бұлар ондай санды ауадан алып отыр ма? Орташа айлықты ұлттық компанияда жұмыс істейтіндер мен банктегілердің бірнеше он миллион теңге табысына қарап шығарады екен. Әйтпесе халықтың негізгі бөлігі 40-80 мың теңге арасындағы тиын-тебенмен күнелтеді. Енді қараңыз, ең жоғары айлық алатын ұлттық компаниядағы менеджердің айлығы 2 миллион теңге дейік, оған күзетшінің 40 мың теңгесін қосып, екіге бөліңіз. Орташа айлық деген – осы. Биліктегілер соған сенеді. Түбімізге жететін осындай өтірік цифр. Спорттың да түбіне жетті биыл.

– Ресми дерекке сүйенсек, соңғы жылдары қазақ жастарының шетелге кетуі қарқын алып кетті. «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» деуші еді бұрынғылар. Әлде бұл мақалдың уақыты өтті ме?

– Жастар патриот емес деп кінәлайтын болдық. Егер өзінің елінде оған қамқорлық жасалмаса, еңбегін бағаламаса, ол қалай патриот болады? Құрғақ патриот адамға тамақ болмайды. Мен жастардың таңдауын жақсы түсінемін. Жастар жылы орын іздеп, шетелге кетпеу үшін оларға мұнда жақсы жағдай жасауымыз керек. Ми көші жүріп жатыр қазір. Жағдай жасамасақ, жұмыс тауып бермесек, ми көші тоқтамайды. Немеремді шетелге кеткелі тұрған жерінен күштеп алып қалдым. Эдинбург қаласында оқыған. «Пәтер береміз, еңбекақыңнан ұстап тұрамыз, бес жылда құтыласың» депті. Оларда біздегі сияқты сөзбұйда жоқ. Жұмысқа аламыз деді ме, айлығын бірден айтып, келіседі. Жоғары жалақы ұсынған. Жіберген жоқпын. «Біз у ішсек у, су ішсек су ішесің. Ел ішінде бол» дедім. Қалды. Қаржы саласында жұмыс істеп жатыр.

Сол баламмен бірге оқыған жігіттердің көбі шетелге кетіп қалды.  «Неге кетесіңдер?» деп сұрадым. Шеттерінен ауыл шаруашылығы, құрылыс, қаржы-экономика мамандары. Солар айтады: «Ата, біз жобамызды ұсындық. Күттік. Әне-міне деп бірнеше айға созады. Содан бір күні «мұндай жобаны Қазақстанда жүзеге асыра алмаймыз» деп шығарып салады. Бізде жоғары жақта жұмыс істегісі келетін, жаңа техника, жаңа технологияны қабылдағысы келетіндер жоқ», – дейді әлгі балалар. Біздің ойлау жүйеміз де өзгеріп кеткен. Жаңа жобадан мемлекетке не түседі, ол қоғамға қаншалықты қажет дегенді түсінбейді анау шенеуніктер. Олар бұдан біздің қалтаға ақшаға түсе ме, бізге қандай пайдасы бар дегенді ғана ойлайды. Ғылым, жаңа технология деген бүгін ексең, ертең жеміс беретін қияр емес. Оған ұзақ уақыт кетеді. Шетелде басқаша. Олар ғылымды, ғылымның жаңалығын, технологияның мүмкіндіктерін біледі, түсінеді. Сондықтан кез келген жаңаша ойға, жаңа жобаға ақша бөледі, жұмыс істейтін мүмкіндік береді.

Айман, Шолпан деген егіз қыздарым бар ғой. Айманның баласы Лондонда оқыды. Магистратурасын да бітірді. Дипломын алған соң, бірнеше жерге түйіндемесін өткізіп қойыпты. Бір компания шақырған. Үш-төрт адам отырыпты. Бір сұрақ қойған. Нақты есімде жоқ. Өнім туралы, компания қалай зиян шекпеуі керек деген сауал болса керек.  Немерем өз ойын айтқан. Аналар таңғалыпты. «Оны қайдан білесің?» деп сұрапты бәрі. «Өмірдің өзінен үйрендім» депті. Бір сұрақ, бір жауаппен жұмысқа қабылданды. Наурыз айы еді. «26 шілде күні жұмысқа шығасың» деген. Төрт айдан кейін, дәл сол айтқан күні жұмысқа тұрды. Сөзге қандай берік десеңізші! Біздікілер болса табан астында мың құбылады ғой. Міне, шетелдің озық болатыны осы. Жұмысты білетін адамды алады, еңбекті бағалайды, білімді қадірлейді. Біздікі сияқты таныс-тамырмен, рушылдықпен, жершілдікпен, парамен жұмысқа алмайды.

Балаға патриот бол деу үшін патриоттық қамқорлық қажет. Оның үстіне бүгінгі жастарға аш-жалаңаш патриот бол деп айтып көр!

– Жастардың бәрі бірдей сіздің немереңіз сияқты шетелге шығып оқи алмайды. Көбі ағылшын тілі түгіл, орыс тілін жарытып білмейді. Тіпті Алматы мен астанаға келіп көрмегендері қаншама. Бәрі мемлекеттік телеарналар көрсететін «Бай-дәулетті Қазақстанда өмір сүрсек» деп армандаумен уақыт өткізіп жатыр. 

– Бүгінгі жастар алтын астауға телміріп, аш отырған қыран құстың балапаны сияқты. Бұрын Кеңес Одағы кезінде біз мемлекеттен тегін пәтер алатынбыз. Үй алғанша бес жыл ма, он жыл ма, уақыт кетеді. Бірақ алатынымызға сенімді болатынбыз. Оқу бітірген кезімде мені Шымкентке мұғалімдікке жіберді. Бармадым. Өйткені мұнда жұмысқа шақырып жатты. Қазақ радиосының «Шалқар» бағдарламасы жаңадан ашылған, соған тұрдым. Ол кезде бәрі тегін: тегін оқу, тегін үй, тегін медицина, пәтерге тегін ремонт, тегін санатория. Жұмыссыздық деген атымен жоқ болатын-ды. Жұмыссыз адам болмаған соң, қылмыс та көп болмайтын. Кеңес Одағын сағынбаймын, аңсамаймын да. Мен сол кездегі халыққа жасалған жағдайды айтып отырмын. Қазір қалай? Бір немерем мемлекеттен ипотекаға пәтер алды. Құдай біледі, енді оны 20-25 жыл төлейді. Қазір отыз жаста, сонда ол 50 жасында қарызынан құтылады екен. Бүкіл жастық өмірі несие төлеумен өтеді. Киіп киімге, ішіп тамаққа жарымайтын бұл не өмір? «Қарызым барда малым бар деме, Әзірейіл барда жаным бар деме» деген бұрынғылар. Ажырасудың көп болатыны, суицидтің жиілеуінің бір себебі – осы баспана зары.

– Иә, әттеген-айларымыз көп қой. Осының бәрі жастарға көңіл бөлмеуден, жастардың жан дүниесін түсінбеуден туған әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік сияқты. Оның үстіне бұрыннан ауыл баласының оқитын жалғыз мамандығы мұғалімдік еді. Әлі сол. Табысы тәуір мамандықты оқуға батылы, білімі жетпейді, жұмыс таба алмайтыны тағы бар дегендей…

– Шетелдің оқуына түсе алмайтын, тіпті өзіміздегі ұлттық университеттер мен мықты оқу орындарына түсе алмаған балалар қайтеді? Олар педагогикалық университеттерге барады. Бұрын мұғалімдікті оқи алатындар оқитын. Қазір мұғалімдікке одан қашқан, бұдан қашқандар баратын болды. Соның кесірінен мектептегі білім оңбай тұр. «Ұстазы залым болса, шәкірті ғалым болады» дейді. Мұндағы «залым» деген сөз – білімді, білікті дегенді білдіреді. Сауатсыз ұстаздан сауатсыз оқушы шығады. Сондықтан мұғалімнің беделін көтеріп, педагогика факультеттеріне мектепті жақсы оқыған, жоғары балл жинаған оқушыны таңдап түсіру керек.

Ал медицина ше? Біз не үшін Кореяға, Германияға, Қытайға барып емделеміз? Неге отыз жылда балаларымызды осы елдердің медицина университеттерінен оқытпадық? Медицинасы озық елдердің білімін әкелгенде, халық ем іздеп, шетел асып, ақшамыз басқа біреулерге шашылмас еді. Осыны ойлауға, жасауға бас керек пе? Қарапайым бастауыш сыныптық сауаты бар адам ойлай алатын шаруа ғой. Отыз жылда ғылымды да тұралаттық. Ғылымға ақша бөлмеген елдің болашағы бұлыңғыр. Ғылым академиясы тарап кеткен соң, басқа не сұрайсың? Мүйізі қарағайдай 17 академик отырған ғылым академиясы жабылады дегенде, президентке бір ауыз қарсы сөз айтпады ғой. Қорғап қала алмады. Президент кеткен соң, күңкілдеп-күңкілдеп қойды. Сол жиында мен де болғам. Айтарымды айттым. «Мемлекет басшысы отырғанда айтпаған сөздерің енді кімге керек?» дедім. Есі дұрыс елдер ғылымға ішкі жалпы өнімнің 3-5 пайызын бөледі. Біздікі әлі күнге дейін 1 пайызға жетпейді. Енді не дейсің?!

– Осындай ұлттық мәселелерді бұрын парламент мінберінен Шерағаң күйініп тұрып айтушы еді. Кейін Мұртазаның дәстүрін Серік Әбдірахманов, Амангелді Айталы сияқты бірлі-жарым азаматтар жалғады. Бірақ қазіргі депутаттардан ондай жігерді байқамайтын болдық. Мәселе жоқ емес. Бар, тіпті көп. Бірақ депутат біткен аузын буған өгіздей. Айтуға өрелері жетпей ме, әлде айтқызбай ма?

– Айтпайтын мақауларды таңдап алған жоқ па, о баста. Бізде бір күлкілі жағдай бар. Депутаттардың көпшілігі мемлекеттік жүйеде жұмыс істегендер. Ал мемлекеттік жүйеде жұмыс істегендердің бәрі күшігінде таланғандар. Олар өзінің еркінен айырылғандар. Ауыл немесе аудан әкімдігіне «барып кел, шауып кел» болып, жұмысқа тұрған күннен бастап, олар жүйенің «тәртібіне» үйренеді. Депутат болғанға дейін биліктің айтқанына көніп, айдағанына жүрген, «тәртіпті» адам болған соң, әрине, іріктеуден өтеді. Екінші, аздап қылмысы бар, қызметте жүріп жеп қойған, бірдеңені сатып, бүлдіріп қойған адамдар депутат болады қазір. Өйткені оның артында шала бар: аузын аша алмайды, артық сөйлей алмайды. Бас еркіндігі бар адам шеңберге сыя ма? Сыймайды ғой.

 – Уақыт бөліп, айтқан әңгімеңізге рақмет.

Жарас КЕМЕЛЖАН