
«Жаман үйді қонағы билейді» деген сөз бар. Ауыр болса да айтайық, сол «жаман үй» өзіміз болып тұрмыз қазір. Неге екенін іштеріңіз сезер болар, Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин деген біреу көп сайттардың біріне берген сұхбатында Қазақстанды орысфобия басып кеткенін, экстремизм қатты белең алғанын айтып, өзінше өкінген адамның кейпіне еніпті.
«Елдестірмек елшіден» деген қазақ ұғымына салар болсақ, Бородавкиндікі елдестіретін емес, жауластыратын ниетке жақын. Сөзбе-сөз берейік. Мәскеудің ұлтшылдығын қалыпты жағдай санап үйренген, дүниенің кілті орыс әлемінде сияқты көретін, орыс тілінен басқа тілдің құқығын табанға таптап әдеттенген елші бүй депті:
«Қазақстандағы ұлтшылдық пен радикалдық тенденциялардың барған сайын айқын байқалып жатқанын өкінішпен айта аламын және алаңдаймын. Интернетте радикалды ұлтшылдар мүлдем қабылданбайтын талаптар, ұрандар және т.б. ұсынатын бейнероликтерге толы. Оның үстіне, бұл ұрандар русофобтық» – депті сабазың.
Алексейдің осы сөзінің өзі радикал. Мобилизациядан қашып келген көп орыстың бірі емес, білдей Ресей Федерациясының атынан тағайындалған елші. Мұндай жауапты қызметте отырған адамның бір мемлекеттің ішкі ісіне араласып, пікір айтуы, пікір болғанда да қисық сөйлеуі қаншалықты қисынды?
«Ерікті ауызға бөрікті бас сияды» деуші ме еді, Бородавкин қыза-қыза Қазақстанға ұлтшылдықпен күресті үйрететінін де жасырмапты. «Қайталап айтамын, қазір президент берген күшті мандатпен экстремистік ұлтшылдық сөздердің барлық түрлерін ауыздықтауға бағытталған қатаң шаралар жүзеге асырылады. Бізден сұраса, көмектесеміз!» депті.
Шаңырақтың иесін ұмытқан адамның аузынан ғана осындай сөз шықса керек-ті. Бородавкиндер осы көкірекпен АҚШ-қа барып ақыл айта ала ма? Америка демей-ақ қойдық, мына тұрған Түркияға барып: «Сендер экстремиссіңдер, ұлтшылсыңдар» деуге батылы жете ме екен? Әй, қайдам? Бұл біздің қоғамның індеті. Орыс көрсек, өбектеп өлеміз. Ресей десе, шенділеріміз бас иіп, құлдық ұрады. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген ел едік қой. Өзімізді-өзіміз сыйлай алмаған соң, жатжұрттық Бородавкин қалай басынбасын?
Бородавкиннің басынғаны бұл ғана емес. Әлгі сұхбатында Қазақстанның мемлекеттік тіліне тиісіп:
«Әрбір қазақстандық екі аяқта нық тұруы тиіс: бірі мемлекеттік тіл – қазақ тілі, екіншісі, Қазақстан Конституциясында көрсетілгендей ресми тіл – орыс тілі. Бұл екі аяқтың екеуі де бірдей болған жағдайда ғана алға қадам баса алатынын ескеру керек» депті.
Бір қарағанда Бородавкиннің айтып отырған уәжі дұрыс сияқты көрінеді. Бірақ елші екі аяқты тең басу үшін Қазақстандағы орыс тілді қауымның неге Мемлекеттік тілді үйренгісі келмейтінін айтпаған? Соған келгенде не ақылы «жетпей», не тілі «келмей» қалыпты. Қазақ тілді қауымның орыс тілін түсінбейтіні кемде-кем. Ал орыс тілді әлем қазақша түсініп тұрса да, қасақана түсінбеген адамның кейпіне енеді. Бұл ұлтшылдық емес пе? Қып-қызыл ұлтшылдық! «Екі аяқ» туралы есерсоқ әңгіме айтып отырған елші 31 жылдан бері қазақ тілінің құқығы тапталып келгенін білмейді емес, біледі. Оның мақсаты – қазақтың жанды жері тілі арқылы ел ішіне іріткі салуға көбірек ұқсайды. Дәл қазір орыс әлемі жаралы аю сияқты. Жыртқыштың жарасына тұз сеуіп отырған Бородавкиндерге «Жас Алаштың» емес, сыртқы істер министрлігінің жауабы керек!
Жарас КЕМЕЛЖАН