Елімізді содырлардан қорғауға шамамыз неге жетпеді?

215

Республикалық «Жас Алаш» газетіне  қаралы қаңтарда орын алған келеңсіздіктер туралы бірнеше сұрақтарға белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім ағамыз жауап берді.

Дос аға, ҰҚШҰ әскерін көмекке шақырудың қажеті бар ма еді. 19 миллион халқы бар Қазақ елінің кешегі бүлікшілерді, содырларды ауыздықтауға, қарсы тұруға, тәртіп орнатуға күш-қайраты жетпеді ме?  Әлде бұл саяси қажеттіліктен туған шешім бе?

– Қазақ тарихында алғаш рет, қасиетті жерімізге, «одақтас» деген аты болса да, шетелдің әскери құрылымы енді. Өз басым, бұрын-соңды болмаған бұл шешімнің – амалсыздан жасалған шара екенін мойындаймын. «Амалсыз» деген сөздің де екі ғана себебі бар: біріншісі – елдегі дүрбелеңді тоқтатуға біздің күштік құрылымдардың әл-қуаты жетпегені, екіншісі – Президенттің күштік құрылымдардың басшыларына сенбеуі. Егер қаза тапқан содырлар санының бүгінге дейін отыз адамға да жетпегенін және «Таяу шығыс, Ауғанстан, Орталық Азия елдерінен келген», (Президенттің сөзі) отыз-қырық мың арнайы дайындалған содырлардың (Егер Алматыға 20 мың терроршы кірсе, басқа қалаларға енгендердің санын қосқанда, шамамен, осы мөлшерге жетеді деп ойлаймын) болғаны туралы нақты деректердің, дәлелдердің әлі күнге дейін жарыққа шықпағанына қарағанда, екінші себеп шындыққа жақын сияқты.

Алайда, осы бір күрделі жағдайдан шетелдік контингентті шақырмай-ақ шығудың тағы бір мүмкіндігінің болғанын атап өтуіміз керек. Бұл – ерікті халық жасақтарының көмегіне сүйену.

Маған 5 қаңтардан бастап-ақ «Тәртіп орнатуға өзіміздің араласуымыз керек» деген хабарлар түсе бастады. Астанадағы азаматтар «Отанды қорғау комитетін» құрамыз десе, Шымкент қаласындағы ұлтшыл азаматтар жиналыс жасап, тәртіп сақшыларына көмектесу туралы арнайы қаулы қабылдап, полиция департаментімен байланыс орнатыпты. Павлодарда осы мәселе жөнінде полиция басшылығымен сөйлесуге бара жатқан азаматтар ұсталып, қазір жазаға тартылып жатқанға ұқсайды… Ал жергілікті ауыл-қала (әсіресе, Алматы облысының көлемінде) тұрғындарының ұйымдастырған халық жасақшылары туралы деректер қазір көпшілікке мәлім. Өз басым, бұл мәселені ерекше, адам таңқаларлық бастама деп ойламаймын – төңкеріс не азамат соғысы болып жатқан елге сырттан жау келгенде немесе ішкі сепаратистік күштер бас көтергенде, «Отанға қауіп төнді!» деген ұран көтеріледі де, мемлекетті қорғауды қарапайым халық өзінің қолына алады. Мұндай жағдайда халықтың бастамасын қолдайтын мемлекет әскери қоймаларды ашып, оларды қарумен қамтамасыз етуге тырысады. Меніңше, бізде де басбұзарларды халықтың күшімен бұғаттауға болар еді (әрине, мұндай жағдайда адам шығынының көп болатынын мойындауға тура келеді) алайда, біздің Президент бұл бастаманы қабыл алмады. Мүмкін, халықтың осындай бастама көтергенін білмеген де болар (облыс әкімдері жеткізбеген де шығар) мүмкін, ашулы халықтың қолына қару беруге, өздерін және мемлекетті қорғауды қолдарына алуды хош көрмеген де шығар.

Кешегі Қазақ еліндегі жағдай тарих соқпақтарында жиі кездесетін оқиғалардың бірі, сондықтан биліктің алдында, жоғарыдағы бастамаға ұқсас, оның жалғасы болып табылатын тағы бір жол болуы керек еді. Ол – дәл Алматыдағыдай қанды қырғын болмаған, жергілікті жердегі тәртіп сақталған облыс басшылары тарапынан халық жасақтарының құрылуы және сол жердегі күштік құрылымның өкілдерімен біріге отырып, Алматы сияқты қалаларға көмекке келуі. Меніңше, шетелдің әскерін (мойындауымыз керек, екі мыңнан сәл ғана асатын шетелдік әскердің біздің елді басқыншы содырлардан сақтап қалуға үлкен көмек көрсетті дегенге ешқашан сенбеймін) енгізгенше, «Жау шапты!» «Алматыға аттанамыз!» деген ұранмен жергілікті әкімдері бас болып, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар облысының азаматтары келуі керек еді. Білмеймін, мүмкін, бұл облыстың басшылары Конституциялық құрылымды қорғап қалу керектігін ойламаған да шығар, ал мүмкін, Президент бұларға да сенбеген де болар. Диктаторлық елдерде сарай төңкерістері болған жағдайда, төңкеріс жасаушылар аймақ басшыларына «Билікті біз алдық, бірақ Сіздерді ауыстырмаймыз, орындарыңызда отыра беріңіздер» десе, ешқайсысы «Мемлекет үшін жанымды беремін! Конституцияны сақтайық!» деген ұранмен атқа мінбейтіні белгілі. Билік үшін өздерінің саяси көзқарастарын, партияларын ауыстыруға дайын жандардың мемлекетті ойламайтыны анық.

Енді бұл мәселеге геосаяси тұрғыдан баға беретін болсақ, менің есіме 1956 жылғы Венгрия мен 1968 жылғы Чехословакиядағы қанды оқиғалар түседі. Социалистік лагерьге зорлықпен енгізілген екі елдің де халқы көтеріліске шықты да, билік басындағы коммунистік партияның шамасы жетпейтінін көрген Кеңес одағы өзінің әскерін кіргізіп, халықты қанға бөктіріп, өздеріне бағынышты билікті сақтап қалды. Ендеше, әңгіме Қазақ жеріне енген екі мың жауынгерде емес, ПРЕЦЕДЕНТТІҢ болуында. Демек, ҰҚШҰ контингенті (Бұрынғы Варшава келісімі елдері сияқты) осы ұйымға мүше елдердегі кез келген төңкеріске араласып, халыққа жағымсыз биліктің өзін сақтап қалуға карт-бланш алады. (Мен бұл жерде кешегі біздің елдегі болған оқиғаны емес, болашақтағы болуы мүмкін жағдайды айтып отырмын). Бұрынғы кеңес одағы елдеріндегі авторитарлық билік иелерінің Путиннің етегінен ұстап, соны сағалап жүргендерінің бір себебі де осы болса керек. Кезінде «Европа жандармы» атанған Ресей үшін бұл – қалыпты мәселе, үйреншікті жағдай, ал коммунистік идеологиядан құтылып, жаңа тұрпатты мемлекет құрамыз деген республикалар үшін – тәуелсіздіктеріне қауіп тудыратын аса қатерлі прецедент.

Барлық дерлік бұқаралық ақпарат құралдары, депутаттар мен сарапшылар, әкімдер мен қара халық Президенттің 11 қаңтардағы Парламенттегі сөздерін сараптап, көпшілігі мақтап, мадақтап жатқанын білесіз. Бұл пікірлерді сіз қостайсыз ба, көңіліңізден шықты ма, әлде сол мақтаудың көлеңкесінде қоғамның назарын аударатын мәселелер қалып қойған жоқ па?

– Президенттің 11 қаңтардағы Парламентте жасаған баяндамасына қалам сілтемеген саясаттанушылар, әлеуметтанушылар жоқ шығар. Көпшілігінің талдаудан тамсануы басым. Кезінде елбасының баяндамасын көкке жеткізіп мақтағандар, қазір… Сондықтан оларды қайталап жатқым келмейді. Алайда бірнеше мәселелерді атап өту қажет деп ойлаймын: біріншіден, Баяндаманың жалпы бағыты, Президенттің қысқаша сараптамасы, тез арада жүзеге асырылуы қажет деп тапқан мәселелер тізбегі маған да жақсы әсер қалдырды.  Бірақ бұлардың барлығын бұрын да талай естігенбіз. Тамаша сөздер. Бұрынғы президентіміз де «он бес жылда аюға да тіл үйретуге болады», «жүз қазақ отырған жерде бес орыс отырса, біз орысша сөйлейміз. Біз сорлы халықпыз ғой», «парламент пен үкімет қазақша сөйлеуі керек» деген сияқты тамаша сөздерді айтты, бірақ одан қазақ тілінің қолданыс деңгейі дамып кеткен жоқ. Қайта кері кеткен сияқты, бұрын Назарбаев өз сөзінің 50 пайызын орысша айтатын еді, Тоқаев мырза бұл деңгейді 70-80 пайызға көтерді. Демек, әңгіме Президенттің ұтымды ой-пікірлерінде емес.

Екіншіден, Ұлттық құндылықтардың – оның ішінде қазақ тілінің болашағы туралы ештеңе айтылмады. Меніңше, Президент мырза кешегі қанды дүрбелеңнің басты қозғаушы күші – қазақ мәселесі екендігін әлі де ұғына қойған жоқ сияқты.

Үшіншіден, осы толқулар көзімізді тағы бір мәселеге жеткізуі керек еді. Ол – әділетті қоғам құру мәселесі. Демек – бір сәт те кейінге қалдырмай, саяси реформаларды дайындау, жүзеге асыру қажеттігі. Егер Олжас Құдайбергеновтің сөзімен айтсақ, «экономикалық реформа жасау үшін – саяси реформаны жүргізу керек». Бұл – саяси партиялар туралы заңды, сайлау туралы заңды, ең бастысы, Конституцияны өзгерту мәселесі. Президент бұл мәселелерді қыркүйек айында көтеретінін айтып кетті. Әрине, біріншіден, халықты тұралатып кеткен қымбатшылық, әлеуметтік қорғау, т.т. шешіп алу қажет, бұған ешкімнің қарсылығы жоқ, бірақ неліктен екені белгісіз, біздің басшылар барлық саланы бірдей алып жүруді қажет деп санамайтын сияқты. Егер жоғарыдағы заңдарды дайындауға қазірден бастасақ, ол әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізуге ешқандай да кедергі келтірмейтіні анық. Қоғам саяси реформаны, осы жүйенің толық жаңаруын күтіп отыр.

Төртіншіден, өз басым, бағаны қазіргі қалпында ұстап тұру, қымбатшылықты ауыздықтау деген сөздерге үлкен күдікпен қараймын. Бұл – нарықтық экономиканы жоққа шығару болып табылады. Естеріңізде болса, баға көтерілген сайын Үкімет жергілікті әкімдерге тапсырма беріп, аса қажетті азық-түлік тауарларының бағасын көтермеуді қадағалауды тапсырып, неше түрлі комиссия құрылып, дүкендер мен базарларды аралауға кіріскен кездерде де болды. Сол жұмыстың нәтижесі болды ма? Оның орнына өнімді өндіретін өндіріс орындары мен тұтынушылардың арасындағы алыпсатар делдалдық ұйымдар мен фирмалардың болмауын қадағалау жүз есе тиімді болар еді.

Бесіншіден, бір жүйеден шыққан адамдардың сөз саптасы да бірдей болады екен. Мен Қасым-Жомарт мырзаның «Например, Банк развития Казахстана, по сути, превратился в личный банк для избранного круга лиц, представляющих финансово-промышленные и строительные группы. Мы знаем всех пофамильно. Пользуясь доступом в высокие кабинеты, они получают привилегированные условия для реализации своих проектов» (президенттің мемлекеттік тілде беруге тілі жетпеген шығар, ал менің орысшаны қазақшаға аударуға шамам келмеді. Сондықтан өзге тілде болса да, түпнұсқада беріп отырмын) деген сөзі елбасымыздың «осы отырғандардың кез келгенін қолдарынан ұстап, Прокуратураға алып бара аламын» деген сөзіне ұқсап кетті. Ең қызығы, екеуі де халыққа «мы знаем всех пофамильно» дей отырып, «олардың» кім екенін айтпады. Қылмыс істеген адамдардың аты-жөнін айтпаған адам – олардың сыбайласы болып табылатын ұмытпайық.

Алтыншыдан, министрлер, әкімдер мен депутаттардың жалақыларының көтерілуіне бес жылға моратория жариялауын – популистік тәсіл деп білемін. Олардың көпшілігі, қарапайым халық сияқты, жалақыға қарап, жалақыны санап отырмаған жандар екені де белгілі. Мүмкін, бұл бастаманың орнына министр, әкім, депутаттардың жалақысын Қазақстандағы орта жалақының мөлшеріне түсірсе, әлеуметтік теңдікке бір табан жақын болар ма едік?