
Дау-дамайлы мәселе аз емес. Солардың бірі – 1942-43 жылдары Кавказдың, Еділ бойының біраз жұртын Қазақстанға, Орта Азияға күштеп көшіру (депортация).
Басқыншылар мұнайлы Кавказға өңмеңдеген кезде ол аймақтағы кейбір ұлт өкілдері алақайлап, фашистерге сәлем жолдап, жергілікті советтік кадрларды өлтіруге кіріскен. Мәселен, Чешен-Ингуш жерінде бір айға жуық мерзімде қастандықтан 648 комсомол, коммунист қызметкер мен солдат-офицердің айуандықпен өлтірілгені анықталысымен Кавказдағы Совет әскери бөлім басшылығы партияның Орталық комитетіне шұғыл хат жазып, жағдайды баяндаған. Ондай дабыл Балтық, Волга бойларынан да түсе бастаған. Саяси бюро бейбіт жұртшылықты арандатушылардың пасықтық қылықтарынан, фашизмнің қаупінен сақтау үшін оларды алыс та тыныш аймақтарымызға көшіруді жөн көрген. Ол мәжбүрлік шара, кейбір әсіре сезгіштер жұлқынып жазғандай (өкінішке қарай, солардың қатарында біздің жазушы-аудармашымыз, неміс нәсілді Герольд Бельгер де болды), «көшірілгендер аш-жалаңаш күйде вагондарға малша қамалып-тиеліп, Қазақстанға жеткізілгенше жолда жартысы аштықтан, суықтан өліп, вагоннан лақтырып тасталған» жоқ. Қанша адамның қай республикаға, оның қай облысына апарылуы тез де мұқият жоспарланып, керек қаржы, жеткілікті азық-түлік бөлінген. Ол деректерді мұрағат құжаттары бойынша анық жазған кітаптардың бірі – «Игорь Пыхалов, историк, писатель. «За что Сталин выселял народы?».
Өсек-өтіріктің жалауын бұлқына ұстап және оны ең биікке көтеруді көксеген, Сталин туралы теріс пиғылын Совет Одағына ғана емес, дүниежүзіне жүгерісінше сеппек болған, социалистік лагерьді сиырдың бүйрегіне ұқсату үшін коммунистік партияларды «маркстік компартия», «маркстік емес компартия» деп «сорттаған» Хрущевтың картасындағы көзірлерінің бірі – «Сталин: қырымдық татарларды, месхеттік түріктерді, чешендер мен инғұштарды, балқарларды, қалмақтарды, Балтық бойы халықтарын, Волга бойындағы немістерді жер аударып, қырды» дегені.
И.Пыхалов мұрағат тілімен жазылған кітабында сол жалақорлықты түгелдей әшкерелепті. Чешен-инғұштар туралы ресми мағлұматында олардың соғыс барысында әскер қатарына шақырылғандарының қашып кетуі көп болғанын ескерткен. Мысалы, 1942 жылғы наурыз айында шақырылған 14 576 кісінің 13 560-ы жасырынып қалып, бірсыпырасы советке қарсы қарекет жасаумен, тауларда баспалап жүрген бандаларға барып қосылғанын айғақтаған. Волга мен Балтық бойында да сондай сатқындықтар болғанын жазған.
Ал енді сөзімді сол кітаптың «Сталиннің бұйрығымен еріксіз жер аударылған» Қырым татарлары туралы тарауына шолу жасаумен аяқтайын:
«…Қырым татарлары советке жаулық пиғылдағы топтарды ашық ұйымдастырып, бір орталыққа жинақтап, арнаулы әскери бөлімдер жасақтаған. Олардың зәлімдіктеріне мынау хаттар бұлтартпас айғақ:
«Халықтар мен діндерді азат етуші – Ұлы Гитлерге! Көкқозы ауылында, оның төңірегінде тұратын 2 мың татар герман әскеріне тілектестік білдіруге жиналып, сиыну өткіздік. Бүкіл татар халқы Аллаға минөт сайын жалбарынып, немістерді дүниежүзілік жеңіске жеткізуді сұрауда. Уа, Ұлы көсем, біз мұны шынайы сезіммен, жан-тәнімізбен айтып отырмыз, бізге сене көріңіз! Біз, татарлар, германдық жауынгерлермен дізе қосып, еврейлер мен коммунистердің тобырларына қарсы күресуге серт береміз! Біздің Ұлы мырзамыз Гитлер, саған Алла жар болсын!» (1942-жылы қаңтардың 11-і күні ашылған «Азат Қырым» гәзетінің наурыз айының 10-күнгі санында. Хатты жолдаушы – «Мұсылман комитеті»).
«Біздің азат етушіміз! Біз Сіздің арқаңызда және Сіздің батыл да жанкешті әскеріңіздің айбыны нәтижесінде өзіміздің сиыну үйлерімізді ашып, намаз оқи бастадық. Бізді Сізден және неміс халқынан ажырат алар ешқандай күш жоқ! Неміс әскері қатарына өз еркімен қосылған татар халқы Сіздің жауынгерлеріңізбен қол ұстасып, дұшпанға қарсы күресін қасық қаны қалғанша жүргізуге бел байлады. Сіздің жеңісіңіз – мұсылмандар әлемінің жеңісі! Сіздің әскеріңізге қуатты денсаулық тілеудеміз! Халықтарды азат етуші ұлы тұлға – Сізге құдай ұзақ ғұмыр берсін! Қазы Адольф Гитлер – Сіз мұсылман қауымын азат етуші және оның басшысысыз!» (аталған гәзеттің көкек айының 10-күнгі санында).
«Бүкіл татар халқы» атынан сөйлеуші комитет Гитлерді туған күнімен құттықтаған лепірме хатын: «… Біз Сізбен бірге болып, біздің халықтарды большевизм торынан толық азат ететінімізге сенімдіміз!» деп аяқтапты (гәзеттің көкек айының 20-күнгі санында).
Құрмет-қошеметке риза Гитлер 24 мамыр күні Рейхстагта сөйлеген сөзінде: «Герман әскерінің құрамаларында: литва, латыш, эстон, украин легиондарымен бірге көмекші татар әскерлері бар, олар да большевиктермен шайқасуда» деп, одан арыда татар әскерінің қашанда ержүрек екенін сипаттапты. Герман әскеріне қосылған татар еріктілерінің саны 20 мың болған.
Әлбетте, «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деумен автор татар, чешен-инғұш, т.б. ұлт өкілдерін жалпылап даттауға ұрынбаған. 1941-1945 жылдардағы майданда қаншасының ортақ отанды – Совет Одағын қорғауға қатысқанын, қайсарлық таныта соғысқанын, қаншасының жанқиярлықпен шейіт болғанын, қаншасының орден-медальмен наградталғанын және Совет Одағының Батыры атағын алғандарын тәптіштеп баяндаған.
(«Сталиннің жер аударуы» жөнінде жазылған кітаптар арасында: «Мен білем!» немесе «Кім біліп жатыр?!» деген арандатушылықпен жазылғаны да бар, мысалы, А.Авторханов, «Убийство народа».
А.Авторханов кім? Интернеттің жауабы: Абдурахма́н Гена́зович (Ганазович), чечен. Родился 25 октября (7 ноября) 1908, Нижний Наур, Терская область, Российская империя – умер 24 апреля 1997, Ольсинг, Германия. Советолог, писатель и общественный деятель, доктор политических наук, член Союза писателей СССР (до войны), диссидент, коллаборационист (во время ВОВ перешёл на сторону Нацистской Германии, вступил в спонсируемый нацистами «Национальный комитет Северного Кавказа», был главным редактором коллаборационистской газеты «Газават», имевшей эпиграф: «Аллах над нами, Гитлер с нами».
… Тарихи деуге болар ол оқиғаның не екенін мен де біліп өстім. 1943 жыл. Оқу басталғалы бір ай болған. 2-сыныптың оқушысымын. Бір күні әкем түскі шайға бейтаныс қазақ жігіт екеуі келді. Әкем – колхоздың бастығы. Екеуі шайдан кейін біраз уақыт сөйлесіп отырды. Шығарларында әкем шешеме: «Кешке жиналыс болады, сәл бөгелермін, – деді. Күндегісінен кеш келді. Тамақ ішуге отырдық. Шешем: «Не жиналыс болды? Бағанағы жігіт кім?» – деді. Әкем: «Ол ауданнан келген өкіл ғой. Бізге қарсы соғыс ашқан Гитлер жауызың әскерлері Кавказ деген өңірімізге шабуыл жасауға кіріскен соң, біздің партия мен үкімет ондағы халықтардың кәрі-жасын алысқа дереу көшіруге қаулы шығарып, Қазақстанға пәленбай пойызбен әкелініп, облыстарға, одан аудандарға, ауылдарға бөліп жатыр екен. Жаңағы жиналыста сол мәселе сөз болды. Әкелінетіндер шешен деген халық, мұсылмандар екен. Көпшілік болып ақылдасып, біздің ауыл он төрт семьясын алатын болдық. Біз, ас бөлмемізді босатып қояйық, – деді. Дауысы анда-санда дірілдеңкіреп, ақырын сөйледі. Апам: «Апыр-ай, жазықсыз байғұсқа қиын болған екен, пәшестер обалды қайтсін, оларға тек қыру керек шығар, көріңде өкіргірлерге! – деп күйіді. Шешем: «Ас үйді босатсақ… босатып берейік. Қыс та жақындап қалды, киім-кешек жағын да ескерейік, – деді. Әрқашанда ақырын, байыпты үнмен. Сөйтіп, біздің бөлмеде Мұса деген шешен әйел, екі ұлымен тұратын болды. Жасы 35-36 шамасындағы Мұсаның оң көзін ақ жапқан және оң аяғын сылти басады. Екі ұлының Базас аттысы менімен жасты, Дауыты одан екі жас кіші. Мұса орыс тілін аздап біледі екен. Қысқасы, 4-5 айда шешендер қазақ тілін үйреніп алып, аталас адамдарша араласып кеттік.
Екінші айда ғой деймін, кешке жұмысынан келген әкем күле сөйлеп: «Зәбе, бері кел, саған сәлемдеме бар», – деді. Шешем (Зәбиға): «Иә, о не?» – деп таңдана, жымия барғанда әкем қоңыр қағазбен оралған, жарты қапшықтай әлденені ұсынды. Шешем: «Бұл не?» – деп таңданды. Әкем: «Ақша. Үкімет жер аударылғандар тұратын аудандарға, соларға жұмсалатын шығын өтемі деп ақша бөлетін болыпты. Аудан-колхоздарға бөлген. Біз енді андағыны шешендер тұрған үйлерге, шешендерге бөліп береміздеді.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ