Исмаил Юсупов және оның іс-әрекеті

78

Қазақстанды билеген өзге халық өкілдері аз болмаған, соның бірі – өткен ғасырдың 1962-64 жылдары Қазақстан орталық партия  комитетінің бірінші хатшысы болған Юсупов Исмаил Абдрасұлұлы. 1914 жылы Алматы қаласының шетіндегі Сұлтан Қорған елді мекенінде туған. Осы арада ұйғыр орта мектебін бітіріп, артынан  Талғар қалашығындағы  ауыл шаруашылығы техникумында білім алады. Кейіннен Мәскеудегі жоғарғы партия мектебіне түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Ол жиырма жасынан бастап  еңбекке араласып, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы (қазіргі Түркістан облысы)  Түркістан қаласында  ауылшаруашылық техникасын жөндеу станциясында біраз жыл  агроном болып жұмыс істейді.

1940 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Бірақ 1943 жылы майданда аяғынан ауыр жарақат алып,  елге қайтарылады. Әскери госпитальда ұзақ жатып, емделіп шыққан соң, жанұясы тұрып жатқан Шымкент қаласына келіп, Оңтүстік Қазақстан облысының Ильчев аудандық партия комитетінің хатшылығына бекітіледі. Сондай-ақ бірнеше жыл өткен соң, сол кездегі Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтің ұйғарымымен Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің хатшысы болып тағайындалады. 1945 жылы бұл азамат республикалық су шаруашылығы министрі болып көтеріледі. Сонымен қатар 1954 жылы Қостанай облысының екінші хатшысы болып тағайындалса, 1955 жылы Қазақстан орталық партия комитеті оны Оңтүстік Қазақстан облысының бірінші хатшысы етіп жібереді.

И.Сталиннің соңын ала Кеңес Одағының билігіне Н.С.Хрущев келген кезінен бастап Қазақстанда партия басшылары жиі өзгере бастады. 1954-59 жылдар аралығында Қазақстан орталық партия комитетінің бірінші хатшылары болып Пономаренко, Брежнев, Яковлев және Беляев тағайындалады.  Сол секілді 1957 жылдың аяғына таман Оңтүстік Қазақстан облысынан Исмаил Юсупов  Қазақстан орталық комитетіне хатшы болып тағайындалып, бюро мүшелігіне өтеді.

Осы арада айрықша айта кетерлік жағдай, сол кездегі  Теміртаудағы оқиғаға байланысты Н.Беляев қызметінен босатылып, оның орнына Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бірінші хатшылыққа тағайындалады.  Исмаил Юсуповтың  кейіннен еске алған  сөзіне қарасақ: «Дінмұхамед Ахметұлы екеуміздің балалық шағымыз бірге өтті. Екеуміз де сол кездегі Алматы іргесіндегі Суфи Зарват атындағы ұйғыр мектебінде оқыдық. Біздің ата-аналарымыз көрші тұрды және өзара жақсы араласты. Оның ата-анасы мен туған-туыстарын менен  басқа ешкім жете  білмейді», – деген еді.

Д.Қонаевтың билікке алғаш келген жылдарында  И.Юсупов Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің басшылығында жүрді. 1960 жылдың желтоқсан айында ( Қазақстанның солтүстік облыстары)  Хрущевтың ұсынысымен Қазақстан аумағында республикаға бағынбайтын тың өлкесі пайда болды. Сонымен қатар осылардың артын ала Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан өлкелері құрылды. Алдағы кезеңде Хрущевтың тағы бір ойы – Шығыс Қазақстан өлкесін құру болды.

1962 жылдың қаңтар айында Қазақстан орталық партия  комитетінің пленумы болып,  оған  Мәскеуден Кеңестер Одағы  орталық  партия комитетінің хатшысы Козлов келіп қатысып, Хрущевтың тапсырмасы бойынша Д.Қонаевты орнынан босатып, біріншілікке  И.Юсуповты ұсынады. Сөйтіп, сол жылдың қаңтарының  19-ы күні Исмаил Юсупов Қазақстан орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болып бекітіледі.

Сол уақыттағы И.Юсуповтың айтуы бойынша,  Д.Қонаевты Қазақстан Ғылым академиясының президенті қызметіне жібермек болғанымен, артынан КСРО  орталық партия  комитетінің екінші хатшысы Л.Брежневтің көмегімен Қазақстан министрлер кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалады.

«Қасқыр орманға қарап ұлуын қоймайды» дегендей, ұлты басқа Юсупов  республика билігіне келе салысымен Қазақстанның оңтүстігіндегі мақта өсіретін өңірлерді көрші Өзбекстанға қосу туралы пікір  көтереді. Оны Хрущев та қос қолдап қолдайды. Сөйтіп, 1963 жылдың 29 қаңтарында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі президиумының жарлығы  шығады. Онда «О передаче части территории Южно-Казахстанского края в состав Узбекской ССР», «Исходя из общегосударственных интересов, в целях ликвидации разобщенности земель « Голодной степи», их быстрейшего хозяйственного и наиболее рационального использования для увеличения производства хлопка и другой сельскохозяйственной продукции Президиум Верховного Совета КазССР постановляет: передать в состав УССР Кировский и Пахта-Аральский районы, Кзыл-Кумский и Чумкурганский сельские советы Кзылкумского района (қазіргі Отырар ауданы)  с общей земельной площадью 95,9 тыс. га, а также 1 554 000 га пастбищных земель Чимкентской области и 1 150 000 га Кзыл-Ординской области находящихся в долгосрочном пользовании Узбекской ССР. Указ вступает в силу с 1 февраля 1963 г.»

Несколько позднее в свою очередь вышел указ Верховного Совета УзССР «О включении данных территорий в состав УзССР».

Сонымен, Қазақстан  3 500 000 гектар аумақтан айырылды. Әрине, кейіннен бұл жерлер қайтарылғанымен, біразы қалып қойды. Мысалға айтсақ,  Бостандық ауданы және тағы біраз аумақ.  Никита Хрущевтың солақай саясаты мен Исмаил Юсуповтың сатқындық әрекеті еді. Шындап келгенде, қазақтың нанын жеп, суын  ішкен  Исмаил Абдрасұлұлының  тарапынан қазақ халқына жасалған оңбағандық  әрекет деп түсінуге болады.

1964 жылы Пицунда курортында демалып жатқан Хрущев шұғыл түрде Мәскеуге шақырылады. Аяқастынан ұйымдастырылған Кеңестер Одағы коммунистік партиясы орталық  комитетінің пленумында Сусловтың сөз сөйлеуімен басталған жиналыста Н.Хрущев тағынан тайдырылады.  Екінші хатшы болып келген Л.И.Брежнев біріншілікке шығады. Сөйтіп, досының арқасында Дінмұхамед Қонаевтың ұзақ жылдар Қазақстан басшылығында жетекшілік етуіне жол ашылды.

1964 жылы Өзбекстанның 40 жылдық мерейтойына байланысты мерекеде Л.Брежнев И.Юсуповпен кездесіп, оның өзінің қарамағындағылардың арасында ешқандай беделінің жоқ екенін  және республика аумағындағы өндіріс орындарының айтарлықтай дами алмай келе жатқанын айтып, нақты  ескерту жасайды. Осыған орай, Исмаил Абдрасұлұлының Қазақстан орталық партия комитетінің бірінші хатшылығынан кетуін талап етеді. Сөйтіп, 1964 жылы 7 желтоқсанда И.Юсуповты орнынан босатады. Билікте тұрғанда барды жоққа айналдырған   Юсуповтың  қазақтың атамекенін бөлшектеуге тырысқан  жүгенсіздігін қалай бағалаймыз?

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК