Сталиндік жеңіс: бұл – бүкілхалықтық қасірет

113

  Маршал Коневтің  көз жасы  немесе  сұм  соғыстың  ащы  шындығы

Жеңістің  25 жылдығы  қарсаңында  маршал Конев  «Комсомольская  правда» газетінің тапсырысы  бойынша  мақала  жазуға  көмектесуді  сұрады. Әр алуан әдебиеттерді  жинақтап  алған мен  сол заманның  жеңіс лебі есіп тұратын рухына  сай, күтіп отырған  дүниесінің  «сұлбасын» жедел  құрастырып, келесі  күні қолбасшыға  бардым. Түр әлпетінен  байқалғандай, көңіл күйі онша емес екен.

— ­Оқы, – деп күңк  етті  де, кең кабинетте  ерсілі-қарсылы адымдап,  жүйкесі  шиыршық  атқан  халде жүрді. Оның  санасын әлдебір  тыншусыз ойлар  мазалап  жатқандай.

Бойымды  тік ұстап,  мақтау естір  лепірме үнмен: «Жеңіс – бұл ұлы мереке. Бүкілхалықтық салтанат пен  шаттықтың  күні. Бұл…»

– Жетер! – маршал  жекіп,  кілт  тоқтатты.

– Шаттанғанымыз  жетер! Тыңдағанға  ұят-ақ.  Сен, ең жақсысы,  мынаны  айтшы, сенің  үрім-бұтағыңның  барлығы  соғыстан  келді ме? Барлығы  дін аман  оралды ма?

– Жоқ. Біз  тоғыз адамымыздан  айырылдық, оның  бесеуі хабар-ошарсыз кетті, – деп, неге  айтып  отырғанын ұғыныңқырамай міңгірледім. –  Және де  үшеуі  балдаққа сүйеніп  қайтты.

– Ал  қанша  жетім  қалды? – деді одан әрі қазбалап.

– Бауырын  көтермеген  жиырма бес  бала  және  әл-дәрмені  әлжуаз  алты қарт.

– Енді  олар  қалай өмір  сүруде?  Мемлекет  жәрдем  қолын  созды ма?

– Өмір  деген – аты ғана, итшілеп күн көрді, – деп  мойындадым.  – Қазір де оңып  тұрғаны  шамалы. Асыраушылары  із-түзсіз  кеткендерге  ақша  тиесілі  емес.  Олардың  аналары  мен  жесірлері  жылай-жылай  көз  жастарын  сарықты. Сонда да  барлығы  бірі  болмаса,  бірі  оралар  деп, үміттерін әлі  үзбей жүр. Әбден  титықтап  бітті.

– Сонда  сен  атаңның  басына  шаттанасың ба,  туысқандарың  қайғыдан  қан  жұтып  отырғанда? Сол  қаза  тапқан  отыз миллион, жарымжан,  мүгедек  болған  қырық  миллион  солдаттың  отбасылары  қуана  ала ма? Олар сол  мемлекеттен  жарытымсыз  тиын-тебен  алып  жүрген  мүгедектермен  бірге  қиналып,  қайғы  шегіп  жүр ғой.

Мен  не  дерімді  білмей  қалдым. Коневті  осындай  күйде  алғаш  көруім. Кейінірек  білгенімдей,  ол маршал  Брежнев  пен Сусловтың   бақытсыз  майдангерлер  мен  із-түзсіз  кеткендердің  әл-ауқаты  төмен  отбасыларына  мемлекет  тарапынан  тиесілі  қамқорлық  көрсету  туралы  маршалдың  талабын  аяқасты  еткендеріне  шамырқанып,  қатты  ашынған.

Иван  Степанович  жазу  үстелінің  суырмасынан  маршал,  төрт  мәрте  Кеңес  Одағының  Батыры, «Жеңіс» орденінің  иегері Брежневке  және Кеңес  Одағының  Еңбек Ері  атағын  үш мәрте  иеленген  идеолог Сусловқа  кіріп,  нәтиже  шығара алмаған  баянхатты  алды. Ол бір құжатты  маған  ұстатып  тұрып,  кінәмшіл  үнмен тіл  қатты.

— Танысып  шық, Отан  қорғаушылардың  қандай  екенін. Олардың  жақындары  қалай  күн  көруде?  Шаттану  қайдан  оларға?!

«Аса құпия» деген  гриф  қойылған  қағаз  бетіндегі  сандардан  көз  сүрінеді. Оларды  шұқшия  оқыған  сайын жүрегім  ине  сұққандай  шаншыды. «…46 миллион 250 мыңы жараланған. 775  мың  майдангердің бас  сүйектері талқандалып,  үйлеріне  оралған. 155 мыңы – жалғызкөзді, 54 мыңы – зағип. 501 342-сінің  бет-ауыздары  бүлінген. Қисық  мойындылары – 157 565, ішек-қарындары  ақтарылғандары  – 444 046. Омыртқасы  опырылғандар – 143 241.  Жамбас  сүйектері мен  жарақат  алғандар – 630 254. Жыныс  мүшелері  жұлынғандар – 28 048. Жалғызқолдылар – 3 миллион 147. Қолсыздар – 1 миллион 10 мың. Жалғыз  аяқпен  қалғандары – 3 миллион 255 мың. Аяқсыздар – 1 миллион 121 мың. Аяқ-қолдары  жартылай  жұлынғандар – 418 905. «Самаурын»  деп аталатын  аяқ-қолсыздары – 85 942».

– Ал енді мынаған  көз  сал, – деді Иван Степанович   төмендегі деректерді  алға  тартып.

«Үш күн ішінде, 25  маусымға  қарай, қарсы  жақ еліміздің  ішіне 250 километр  бойлай  кірді. 28 маусымда  Белоруссия  астанасы  Минскіні  алды. Айналма  маневр жасап, Смоленск қаласына зор қарқынмен жақындады. Шілде айының ортасына  қарай 170 совет дивизиясының 28-і толық  қоршауда қалды, ал 70-і алапат  шығынға  ұшырады. 41-дің  қыркүйегінде  Вязьма  түбінде 37 дивизия, 9  танк бригадасы, бас қолбасшылықтың 31 артиллерия  полкі мен  Далалық  басқарманың  4  армиясы қоршауға  түсті.

Брянск «қазанында» 27 дивизия, 2 танк  бригадасы,  18 артиллерия  полкі, Далалық  басқарманың  3 армиясы  қалды.

1941 жылы барлық 170 дивизияның 92-сі, 50 артиллерия  полкі, 11 танк  бригадасы мен Далалық  басқарманың 7 армиясы  қоршауға  түсті.

22 маусым  күні фашистік  Германия  Кеңес  Одағына  басып  кіргенде КСРО  Жоғарғы  Кеңесінің  президиумы  1905-1918 жылдары  туған  межелі 13 жас аралығындағы  әскери  міндеттілерді  жаппай  мобилизациялау  туралы  жария  қылды. Тез  арада 10 миллионнан  астам  адам  әскер  қатарына  шақырылды.

2,5 миллиондай  еріктілерден 50 жасақшылар  дивизиясы,  200 жеке  атқыштар полкі  құрылып,  тиесілі  әскери  жабдықтарсыз әлсіз  қаруланған күйде  ұрыс  алаңына  аттандырылды. Сол 2,5  миллиондай  жасақшылардың  150 мыңнан  сәл-ақ  астамы тірі  қалды».

Онда  әскери  тұтқындар  туралы  айтылыпты. Яғни  1941 жылы  Гродно – Минск түбінде  300 мың  кеңес  әскері, Витебск – Гомель  қазаншұңқырында  580 мың, Киев – Уманскіде 768 мың, Чернигов түбінде, Мариуполь  ауданында  250 мың,  ал  Брянск – Вяземск  қазанында  663 мың  әскер тұтқынға  түскен.

– Рухыңды  ширықтырып, осының  бәрін  қоссақ, Ұлы  Отан  соғысында фашистердің  түрмесінде  аштықтан,  суықтан,  үмітсіздіктен,  Сталин  жау,  дизертир  деп санаған 4 миллионға  жуық  кеңес  жауынгерлері  мен  командирлері  қаза болды.

Осы  орайда,  қайыры  жоқ  Отан  үшін  өмірін  қиған  жандарды  еске  алсақ, олар  қазасына  сай  дұрыс  жерленер   құрметтен де  қағыс  қалды. Сол Сталиннің  кінәсінен   полктерде, дивизияларда  жерлеу  командасы  болған  жоқ, мақтансүйгіш даңғой  көсем  ондайдың  бізге  еш  керегі  жоқ, даңқты  Қызыл армия  жауды  өз  жерінде  талқандайды, ересен  соққымен күйретеді, өзі  азғана  шығынмен шектеледі. Бұл  жайттың  сазайын  өзін-өзі  дәріп еткен, олардың  тағдыр-талайына  онша  бас  ауырта  қоймайтын  генералиссимус  емес, жауынгерлер  мен  командирлер  тартты.

Елдің  ормандарында,  даласында, сай-салаларында  2  миллионнан  аса  ерлердің  сүйектері  жерлеусіз  іріп-шіріп  қалды. Ресми  құжаттарда  олар із-түзсіз  жоғалғандарың  санатында, яғни  экономикалық  тұрғыдан  бұл мемлекет  қазынасы  үшін  тиімді  болғанмен,  қаншама  жесірлер  мен  жетімдердің  жәрдемақысыз  қалғанын  еске  түсірейік.

Ертеректегі  сол  әңгімеде  маршал  соғыс  басталғанда біздің «жеңілмейтін, даңқты» Қызыл армияның  апатқа  ұшырауының  себептерін де  қозғады. Масқара шегіну  мен  адам  айтқысыз шығынға  ұшырауы  соғыс  алдында  армияның  командалық  құрамын  сталиндік  тазалаудың  салдарынан  болған. Бұл  күнде  осы  жайды генералиссимусты  соқыр  сезіммен  пір  тұтатын табынушылардан басқаларының  барлығы да  біледі (ал әлгілердің  өздері  де  бұдан  хабардар  болса да,  білмегендердің  қалпын  танытады), ал өткен  дәуірде  мұндай  жайтты жария ету сұмдық  болар еді.

Бірден көп  мәселеге көзіміз  ашылды. Тәжірибелі,  іске жетік әскербасыларынан  бастап,  батальон  командирлеріне  дейін  лагерьлерге  тоғытылып  немесе  ату  жазасына  кесіліп,  олардың  орнына  мұрнына  дәрі иісі  барып  көрмеген  лейтенанттар  мен  саяси  жетекшілер  келіп,  басшылық  тұтқасынан  айырылған   армиядан  нені  күтесің?!

– Жетті  енді! – деді  маршал  цифрлары  ойыма  ойран  салған сұмлық  құжатты  алып  жатып. – Енді не  екені  түсінікті  болар. Ал енді қалайша  шаттанбақпыз? Газетке  не  деп,  нендей  Жеңіс  деп  жазамыз? Сталиндік пе? Мүмкін,  жаназа,  өлім үстіндегі  салтанат  па? Бәрібір  еш  айырмасы  жоқ!

– Жолдас   маршал, мен  әрі-сәрі  халдемін.  Бірақ  советтік  рухта  жазу керек деп ойлаймын, – дедім  кібіртіктеп. –  Ар-ұят тұрғысынан жазу керек. Енді сіз  өзіңіз  жазыңыз,  маған  айтып  тұрыңыз, мен  жаза берейін.

— Жаз,  магнитофонға  жаз,  келер  жолы  менен  бұл  жөнінде  ештеңе  ести  алмайсың.

Мен қолым дір-дір етіп, асығыс-үсігіс  жаза бастадым.

«Жеңіс  дегеніміз не? – деді  Конев. – Біздің  сталиндік  жеңіс пе? Ең  алдымен,  бұл – бүкілхалықтық  қасірет. Қаза  тапқан  сансыз  кеңес  халқының сансыз қайғы  күні. Бұл – өзен  боп  аққан көз жасы мен  теңіз  болған  қан.  Миллиондаған  мүгедектер.  Миллиондаған  жетім  балалар  мен  әлсіз  қарттар.  Бұл – миллиондап талқаны  шыққан  тағдырлар,  отбасын  құра алмағандар,  өмір  есігін  аша  алмаған  балалар. Фашистік, одан  соң, Отан  патриоттарының  кеңестік  лагерьлерде  небір  сорақы  азаптарды  бастан  кешкен  миллиондар». Осы  сәтте өзі  жазатын  қаламсабым  тіріліп  кеткендей  діріл қаққан  саусақ  арасынан  сусып түсіп  кетті.

– Жолдас  маршал, бұны  ешкім де баспайды, – дедім  жалынышпен.

– Сен  мұны  жаз, қазір  болмағанмен,  есесіне  біздің ұрпақтарымыз  басады.  Олар  тәтті  өтірікпен  әрленген жеңісті  емес, шындықты  білуі  керек. Қан-қасап  қырғынды!  Адам  бейнесін  жамылған әзәзілдердің  биліктің  шексіз  биігіне арсыздықпен  қол созуына,  соғыс  өртін  тұтандырушыларға жол  бермеу  үшін.  Келешекте сергек,  сақ  болу  үшін.

– Сондай-ақ  мынаны  ұмытпа, – деді  Конев  сөзін  жалғастырып.  – Соғыстан  кейінгі  дәуірде  барлық  мүгедектерді  арсыз  атаулармен  марапаттады ғой. Әсіресе әлеуметтік  қамсыздандыру  және  денсаулық сақтау мекемелерінде.  Жүйкесі жүйемелете  соққы  алған,  психикасы  ауытқыған  кемтарлар  еш  аяушылық  көрген емес. Биік  мінберлерден «халық   өзінің  ұлдарының  ерлігін ешқашан ұмытпайды» деп  өзеурей  сөйлеген шешендердің  мекемелерінде  бет әлпеті бүлінген бұрынғы  жауынгерлерді  «квазимодалар» ( «Ей,  Нина,  сенің  квазимодаң  келді!»  –  деп  әйел  қызметкерлер  еш  ұялмастан  тіл  қатысады). (Квазимода – француз  жазушысы Виктор  Гюгоның «Париж – Құдай-Ана  ғибадатханасы»    романындағы кемтар, құныс, бақытсыз кейіпкер – П.Д.),  жалғыз көзділерді  «камбала» деп,  омыртқасынан  жарақат  алғандарды «паралитик»,  жамбас жарақатын  алғандарды «қисық жамбас», дөңгелекті,  қолдан  жасалған  арбаға  таңылғандарды «самокаттар», ал аяқ-қолдары  жартылай  жұлынғандарды «тасбақа» деп атаған. Бұның  барлығы  санаға  сыймайды ғой! – деп Иван Степанович  одан әрі қызбалана  түсті.

– Бұл не деген топастық,  екіжүзділік? Бұл адамдардың  санасына  олардың кімді өкпелетіп  жатқанының  жетпегені  ғой!  Қарғыс атқан  соғыс  халық арасына  мүгедек болған  майдангерлер  толқынын  ақтара  салды. Ал мемлекет тым болмағанда олар үшін күн көрерлік жағдай жасап, ілтипат  пен  қамқорлығын,  медициналық қызметін, ақшалай  көмегін көрсетуі  тиіс қой. Мұның  орнына  соғыстан  соңғы  Сталин  басқарған  үкімет  мүсәпір,  бақытсыз  жандарға  түкке  татымсыз  жәрдемақы  тағайындап, оларды мүсәпір халге  салып  қойды. Бұдан өзге,  бюджет  қаржысын үнемдейміз деп, кемтар  жандардың мүгедектігін қайта куәландыру  үшін  жүйелі  түрде ВТЭК-тердің комиссиясына таңып қойды, былайша  айтқанда, сордан  көзі ашылмағандардың  жұлынған  қолдары мен  аяқтары  өскенін тексереміз деген  мазақ уәжі  қорлаудың  қай түріне жатады?! Олар Отан қорғау жолында азап  шеккендердің  онсыз да мүсәпірге  берілетін  аз-кем жәрдемақысын қырқып,  мүгедектігін  төмендетуге  тырысты.

Сол күні маршал көп жайдың  басын  қозғады. Кедейлік пен  түбегейлі  бұзылған денсаулығы, оған қоса, үй-жайларының мүсәпір сиқы, тіршілік-тыныстарын  тарылтты, маскүнемдік, жаны  қиналған әйелдердің  беттен алуы, отбасындағы  шатақтар мен  адам төзгісіз  жағдайлар  айтылды. Ақыр соңында бұл  жан-тән жарасы  меңдеген майдангерлерді үйден  көшеге, алаңға, вокзалға, базарларға  алып  шықты. Онда  олар көп жағдайда тілемсектікке, жүгенсіз мінездерге бой алдырды. Осындай  шарасыз  халге  түскен батырлар  біртіндеп тұңғиық түнек  түбіне түсті, бұл үшін оларды  кінәлауға болмайды  да.

Қырқыншы  жылдардың  соңына  қарай жақсы өмірді  іздеген,  қамқорлықтан  жұрдай болған соғыс  мүгедектері  шеткері  аймақтан  Мәскеуге  ағылды. Астана  ешкімге  қажет болмай  қалған  адамдарға  лық толды.  Қорғау мен  әділеттен  үміт үзген олар  митингілер  жасады,  өкімет  билігі  алдында  өздерінің  сіңірген  еңбектерін  естеріне  салып  талап  етті,  мазаларын  кетірді. Алайда  бұл астана  мен  үкімет  мекемелерінің  тұтқасын  ұстаған  шенеуніктерге  еш ұнаған жоқ. Мемлекетті  басқарғандар  осындай  мазаны  кетірген  тобырдан  құтылу  жолын  іздеп бас  қатырды.

Сөйтіп, 49-жылдың  жазында  Мәскеу  ардақты  көсемнің  мерейтойын  мерекелеуге  дайындала  бастады. (Иосиф Сталиннің 70 жылдығы. 1879-1953 – П.Д.)  Астана  шетелдерден  қонақ күтіп жатты: «тазаланып, жуынып» жатты. Ал мұнда  майдангерлер – балдақтылар,  арбаға  таңылғандар,  жер бауырлағандар, әрқилы «тасбақалар»  тура Кремльдің  алдында  шеру  жасап жатты.  Бұл  халықтар  көсеміне  тіптен  ұнаған жоқ. Ол бір-ақ ауыз сөзбен: «Мәскеу  «қоқыстардан»  тазартылсын!» – деп кесіп айтты.

Билік  биігіндегілер осы  сәтті  күтіп-ақ отыр екен.  «Астана  көркін  бұзғандарға», тыншусыз мүгедектерге  жаппай  шабуыл  басталды. Заңды  қорғайтын  органдар,  атты  әскер  сарбаздары, партия,  партияда жоқ  белсенділер  санаулы  күн ішінде  көшелерден,  базарлардан,  тіпті  зираттардың  ішінен  иесіз  иттерді  аулағандай қылып, тарих күресінің осы салтанаты  жарасқан  Мәскеуді  қорғап, «қымбатты да сүйікті  Сталиннің»  мерейтойы  қарсаңында  тарих  күресініне лақтырылып  тасталған  мүгедек, мүсәпір халдегі  жандарды астанадан  аластатты.

Жеңіс үшін   жан беріп, жан  алысқан жеңімпаз  армияның  жер аударылған  солдаттары  өле  бастады. Төбеден  жай  түскендей  қаза  жарақаттан емес,  жүректерде  қайнаған  қанмен  ақтарылған   ызадан,  «Сталин  жолдас, не үшін?» деп тістенген  тіс  арасынан шамырқана  шыққан күйіктен  еді. Міне, «Отан үшін! Сталин үшін!» деп  қан төккен  жауынгер-жеңімпаздардың шешілместей  болып келе жатқан  мәселелерін әрі   «даналықпен», әрі оп-оңай осылай  шеше  салды.

– Иә, солайы солай, не болса да, біздің  көсеміміз бұл істердің  шиін  оңай шешудің шебері  болды. Ол жігерлі іс-қимылға еш кенде  емес-ті, тіптен  тұтас  халықтарды  жер аударып  жібере  алды, – деді даңқты  қолбасшы Иван  Конев  өз сөзін  күйінішпен  түйіндеп.

Степан  Кашурко,

Маршал  Иван Коневтің  ерекше  тапсырмалар  бойынша бұрынғы  көмекшісі. Генерал-полковник. Із-түзсіз кеткен,  қаза тапқан Отан   қорғаушыларды іздестіру және  мәңгілік есте қалдыру орталығының  президенті

Из  книги Игоря  Гарина  «Другая правда о второй мировой  ч.1. Документы»

Аударған Пернебай Дүйсенбин