Тәуелсіздік күнін неге үреймен күтеміз?

595

Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қаладағы бар студентті ауылдарына қайтарып, жатақханаларды босатып әбігерленеміз де қаламыз. Неге? Тіпті тәуелсіздік жолында қаны төгілген, ел азаттығын аңсаған жастардың табаны тиген алаңға да ешкімді жақындатпауға барынша тырысамыз. Шын мәнінде Тәуелсіздік мерекесі ұлтымыздың рухын көтеріп, жастардың бойына жігер беріп, ұлтжандылыққа жетелейтін, тәуелсіздігіміздің қадірін ұқтырып, жалпы халықты бір серпілтіп алуы тиіс күн емес пе?! Ендеше Тәуелсіздік мерекесінен, мемлекетіміз үшін басты күннен неге қорқамыз?

Биыл да оңтүстік астанадағы жоғары оқу орындарының барлығы студенттерін ауылдарына қайтарып жатыр екен. Кейбірі мерекеден соң қайта келіп, сынақ тапсыратындарына ренжулі. «Ауылыңа қайтпасаң, жатақхананы босат, қалада туыстарыңның үйіне бара тұрды» естіген студенттер сабылып жүр. Сонда бұл ненің үрейі? 1986 жылы жатақханадағы студенттердің бас қосып, алаңға шығуынан қалған үрей болса, одан бері сейілетін уақыты болды ғой. Тіпті сол кездегі жастар о бастағы мақсатына жетті ғой, ендеше неден қорқамыз, кімнен үрейленеміз?

Былтыр бірінші сыныпқа барған қызым Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тақпақ жаттады. Ертеңіне сынып сағатының Тәуелсіздік мерекесіне арналғанын айтып қуанып келді. «Апай айтты, Ләззат, Ербол деген аға, апайлар алаңға шығыпты, суреттерін көрдік» деп, сабақтан түсінгенін айта бастады. Қызды-қыздымен әкесі «ертең алаңға апарып, соны көзіңмен көрсетем» деді. Оған қызым тіпті әсерленіп кетті. Сонымен, ертеңіне 1986 жылғы оқиға туралы бар білгенімізді айтып, алаңға тарттық. Көлікті Абай көшесіне қойып, «осы жолмен жастар жаяу алаңға барған» деп, жаяу жүрдік. Барынша сезіне түссін деп, «ескерткішке қоясыңдар» деп, гүл де сатып алдық. Барсақ, алаңның екі жағынан да әскер қоршап тұр, өткізбейді. Оны көрген балалардың көзі алақандай болды, қоршап тұрғандар не ештеңе түсіндірмейді. Жағалап мына жағынан барамыз – жақындатпайды, арғы жағынан айналдық. Ол жақ та алаңға өткізбейді. Сөйтіп, жағалап жүргенде шетте тұрғандардың біреуі: «Таңертең ашық болған, бізді түске таман әкеліп қойды. Біреулер алаңда заңсыз жиналмақ болған көрінеді. Қайтқандарыңыз дұрыс», – деді. Балалар үрейленіп, жыламсырай бастады. Оларға не деп түсіндірерімізді білмей, «кейін тағы арнайы келеміз» деп кері қайттық.

Балаларға екі күн аузымыз көпіріп айтқан әңгімеден беттерін аязға қарытып, сол кездегі жастардың жағдайын сезіндіртіп, арнайы осы күні әкелудің маңызы зор екені сөзсіз. Алайда жыл сайын осы күні алаңды қызғыштай қорып, оқушылар Тәуелсіздік күнін сынып ішінде ғана сезініп, студенттерді үйді-үйіне қуалайды. Сосын, тағы ренжиміз, балалар тәуелсіздіктің қадірін білмейді, жастар азаттықты бағаламайды деп. Бұдан соң, олар тәуелсіздіктің қадірін қалай сезінеді? Бұл жыл сайын қайталанып келе жатқан үрдіс.

Биыл – Тәуелсіздіктің 30, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы. Ең болмаса биыл елге бұл өз билігіміз екенін сездіртіп, ел басқаруда да өз қазағымыз отырғанын көрсетіп, ата-бабамыз аңсаған, желтоқсандық жастар көздеген мақсатына жеткенін көрсетіп, рухты көтеріп, Тәуелсіздік мерейтойын өз дәрежесінде атап өтуде тұрған қандай әбестік бар? Жыл сайын әкімдік өкілдері алаңға барып, гүл шоқтарын қойып қаша жөнеледі. Бірлі-жарым желтоқсаншылар, қоғамдық ұйымдар гүлдерін әкеліп қояды да, тарқайды. Ал жалпыхалықтық іс-шаралар мүлдем жоқ. Жыл сайын құқық қорғау органдарының өкілдері мен келген жұртты аңдыған сарбаздар халықтан екі есе көп болады. Сонша кімнен қорқып жатырмыз?

Әлеуметтанушы Сәндібек Қонысбайұлы: «Осыдан он бес жыл бұрын студент болдым. Шыны керек, ауылдан келгенде Алматыда Тәуелсіздік мерекесі мүлдем елеусіз қалады деп ойламаппын. Оқуға түскен жылы, 16 желтоқсан күні алаңға барып, Желтоқсан оқиғасын сезініп, сол оқиға кезінде шейіт кеткендердің рухына құран бағыштамақ болдым. Алайда оқу орны ауылы жақындарын ауылға қайтарып, мен секілді батыстан келген студенттерді жатақханадан шығарып, қаладағы туыстарымыздың үйіне қуды. Екі күн бойына куратор алаңға бармауымызды қатаң қадағалап отырды. Неге олай еткенін түсіне алмадым. Ұстаздарымыз да сұрағымызға жауап бере алмады. Шыны керек, мұндай әрекеттердің барлығы тәуелсіздіктің қадірін қашыруда. Тәуелсіздігіміз басты құндылығымыз емес пе?» – дейді.

Расында да, Тәуелсіздік күнінің құндылығын халық санасына сіңіруге неге тырыспаймыз? Ең алдымен оны жастар сезініп, осы қасиетті күннің бағасын, қадір-қасиетін жастардың санасына сіңіру керек емес пе?! Ендеше студенттерді ауылдарына қайтарып жібермей, алаңға апарып, сол күннің маңызын сезінту, желтоқсандықтарға құрмет көрсету жүз ашық сабақтан артық болмас па еді?! Осы күннің айбынын арттырып, маңыздылығын жоғарылатудан неге қашамыз? Керісінше, өз Тәуелсіздігі күнінен өзі өлердей қорқатын әлемдегі жалғыз мемлекет болып қалудан қорқуымыз керек сияқты.

Ел тарихындағы маңызды күнді барынша елеусіз, үнсіз өткізіп жіберуге тырысудан жалықпадық па?!

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ