Ұлы пирамидадағы жұмбақ жазудың иесі кім?

205

Пирамида  жөнінде  әңгіме  бола  қалса, кез-келген  адамның  көз  алдына    Мысыр  еліндегі перғауындар  жерленген  аты-шулы алып  тас  молалар  не  болмаса Америка  құрылығында өмір  сүрген    мая,  ацтек  және  иннек  тайпаларының  тас  қабырғаларға  әлемнің  кешегісі  мен    бүгіні және  ертеңі   шекіп  жазылған көне  пирамидалар  елестері  хақ. 

Шындығында   пирамида  тек  осы  елдерде  ғана  ма? Жоқ. Қытайдағы    жүздеген    ірілі–уақты пирамидаларды және Балқан  түбегінде  табылған   алып  пирамиданы  қайда қоямыз?   Әлемнің  өзге  өңірлерінде  де осындай тас  молалар   сирек  болса  да кездесіп  қалады. Ғылым  әлгі  күнге  адамзат  техниканы  игермеген,  жартылай  жалаңбұт  жүрген  дәуірде «алып  құрылыстарды  қалай  салды?»   деген    сұрақтың  ұшығын  тапқан адам жоқ. Расында, өркениет  үшін  маңызы  зор бұл құрылыстарды  салған кім? Көктен  түскендер  ме,  әлде жер  астынан  шыққан дәулер  ме?  Әлде өзге  өркениет  иелері  ме? Белгісіз.

Жақында  ғана,  әлемдегі  ең  ірі  пирамида  Индонезия  жерінен  табылды. Ол  батыс  Ява  аралында  орналасқан.   Кешеге  дейін   жергілікті  халық оны   кәдімгі   тау  деп  есептеді. Тіпті  кейбір  тұрғындар    шошақ  төбелі   жұмбақ  таудың  етегіне  бақша  салып,  өнім де  алып  келді.  Бірақ  алып  төбені табиғаттың  өзі  жаратқанынан  гөрі  адам  қолымен  жасалғанына   тым  ұқсастығы осы  маңға  келген   туристерді,   артынан ғалымдарды  ойға  қалдырған.  Әсіресе  неміс  ғалымдары  алып  төбенің  тегін емес екендігіне  көз  жеткізді. Жергілікті  халықтан   осы  төбе  жөнінде   сұрады.  Білді. Зерттеді. Ақыры  төбенің    көне  заманнан  қалған  пирамида  екенін анықтады.  Қазабалар  мен  зерттеулердің  нәтижесінде  ғалымдар  пирамиданың    жасы  кем  дегенде   10  мың  жыл екенін  анықтаған. Пирамида екі  қабатқа  бөлінген.  Біріншісінің  жасы  7500 жыл,   екінші бөлігіне 6000  мың  жыл.  Уақыт  өте  келе    белгісіз  себеппен  иесіз  қалған  алып  құрылысты  шаң-топырақ  басып, өсімдік  өсіп,  жер  қабатымен  бірігіп  кеткен.

Қазба жұмыстары  барысында  аршылған, тас  қабырғаларда  түрлі  суреттер және    белгісіз   әріптермен шекілген  жазулар табылған. Бірақ   қай  тілде  жазылған?  Ғалымдар  үшін  бас  қатыратын   ең  ауыр  жұмыс  осы  болайын  деп  тұр. Егер де тастағы  жазулардың  сыры  ашылса,  адамзатты  үлкен  жаңалық  күтіп  тұрғаны  белгілі. Сондай-ақ  ол  Мысырдағы  ең  алып Хеопс   прамидасынан  да   ірі. Биіктігі – 200  метр. Алдағы    ақпан айында  Бали аралында  халықаралық  конференция  өтеді. Пирамидаларды  зерттеп  жүрген  әлемнің   білікті  ғалымдары  бас  қосатын  осы  жиында «Ұлы  пирамиданы»  қазу,  зерттеу,  ондағы  жұмбақ  жазуды  оқу  мәселесі  қаралмақ.

 

Алтын  адам  кім екен?

Бүгінге  дейін Алтын  адам  тек  бізде  ғана  табылды  деп   есептеп  келдік. Төрткіл  дүниеге мақтандық.  Еліміздің  бренді  осы  дедік.  Тәуелсіздік  монументіне  де Алтыннан  сауыт  киінген  сақ  сарбазының  мүсінін шекіттік. Дұрыс. Мақтануға   тұратын   дүние.  Өйткені   дәл  сондай тұтас  алтынан  сауыт киген  сарбаз  бәлкім  тайпа  көсемінің  қаңқасы әлемнің  еш  елінен табылмаған. Бізде  ол  біреу  емес – бірнешеу. Шындығы  сол,  ескі заманның жәдігерлері қазақ даласында молынан ұшырасады. Солардың бірегейі Есік қорғанынан табылған – Алтын адам, Батыс Қазақстаннан табылған – Сармат көсемі, сондай-ақ Берел қорғанынан табылған теңдессіз археологиялық жәдігерлерді айтуға болады.

Мәселен, Сақ кезеңі археологиялық ескерткіштер ішінде ең ірісі – 1969 жылы белгілі археолог, тарихшы К.Ақышев бастаған ғалымдар тобы ашқан, Алматы қаласынан шығысқа қарай 50 шақырым қашықтықта орналасқан Есік қорғаны (б.з.д. V ғ.). Бұл қорғанда салтанатты ғұрыптық киімдегі сақ жауынгері (ІV-ІІІ б.з.д.) жерленген. Сақ жауынгерінің киім-кешегі мен бас киіміндегі алтыннан жасалған 4000-нан астам әшекей бұйым скифтік-сібірлік аң стилінде безендірілген. Екінші бір ғажап дүние – Сармат көсемінің (б.з.д. ІІІ-ІІ ғғ.) мүрдесі. Сармат көсемінің және оның жұбайының мүрдесі 1999 жылдың қазанында Атырау жеріндегі Аралтөбе қорғанына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген кезде табылды. Сармат көсемінің барлық киімі алтын қапсырмалар мен түрлі пішіндегі пластиналармен оюлап безендірілген. Үшіншісі, 1999 жылы З. Самашев бастаған археологиялық экспедиция Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданындағы Берел селосының маңынан біздің заманымызға дейінгі ІV-ІІІ ғасырларда өмір сүрген сақ көсемі жерленген ерекше ғұрыптық кешен – Берел қорымын ашты.

Берелден табылған олжалар тек Еуразия көшпелілері өнерінің бірегей үлгісі ғана емес, сондай-ақ ол әлемдік деңгейдегі аса көрнекті жаңалық. Әрине, бұлардан да басқа табылып жатқан жәдігерлер жеткілікті. Бәрін тізбелеп жату мүмкін емес. Сөйтсек, алтын  адам   мұхиттың  ар  жағында  жатқан   Панама  түбегінен  де табылыпты.  Алтынға  көміліп  жатқан  адамның  денесі біздің  дәуірімізге  дейінгі 700-1000 жылдарға жатады.  Қаңқаның  маңынан түрлі  алтын және  қымбат  тастардан  жасалған бұйымдар  табылған. Қазір  ғалымдар   бұл  алтын адам қай  өркениетке  жататынын  анықтау  үстінде.

Бір еске  сала  кетер  жайт, америка  үндістері Азиядан  барғандар дегенде деректер бар.  Әлде мұхит ар  жағынан  табылған  алтын адам біздегі  алтын адамдармен  туыспа екен,  кім  білсін?

Дайындаған  Темірлан  Баязит