Әуейі, жолбике «тарихшылар» ұлы қаған рухы алдында күнәһар бола бермеңіздер!

121

Қадірлі «Жас Алаш» газетінің оқырмандары, менің «Қазақстанды Шыңғыс ханның  елесі кезіп жүр» деген зерттеу мақалам жөнінде 4 мамырдағы  №34 санында Оңғар Нақыптың «Шыңғыс хан рухы бізбен бірге» деген қарсы мақаласын оқып танысқан боларсыздар. Менің Шыңғыс хан туралы айтқаным және айтарым басты-басты екі-үш түйінге тоқтаған болатын.

Шыңғыс хан өмірге келгенге дейін 2000 жылдық хұн протомоңғол, тұңғыстар, түрік халықтарының этникалық, қоғамдық, мемлекеттік құрылымдары мен әскери құрылымдары, этнографиялық дәстүрлі, таным-түсініктері мен тұрмыс-тіршілігіндегі ортақтықтар мен өзгешеліктері туралы тоқтала келіп, алты түрлі ерекшелігін атап көрсетіп едім. Сол арқылы Моңғол үстіртін мекендеген түрік-моңғол халықтарының бір-бірімен аралас-құралас, құда-андалық қарым-қатынастарының қай деңгейде болғанын, әсіресе тілі мен күнкөріс көздерінің  негізінен бір болғанын дәлелдеуге тырыстым. Ру-тайпааралық кикілжіңдер мен билік таласынан туындаған қанды шайқастардың адамзат тарихында мың сан рет қайталанып отыратынына қарамай, ақылды, айлакер, көреген, ұйымдастырғыш бір көсемнің туы астына жиналып, ұлы   жорықтарға аттана беретінін, әсіресе түркітекті халықтар мен моңғол тайпалары тарихынан әлденеше мысал келтіре отырып, Шыңғыс ханды дүниеге келтіріп, тарих сахнасына алып шыққан моңғолдар екенін, ал оны әлемдік тұлғаға айналдырған түрік халықтары екенін,  сондықтан Шыңғыс хан екі халыққа ортақ тарихи ұлы қаған екенін айтып едім.

Менің бұлай айтуым қоңыратшыл Оңғар Нақып пен жалайыршыл Тілеуберді Әбенай деген әуесқой, әуейі тарихшыларға жақпай қалыпты. Мен аталған мақаламда: «…Олардың Темучинді түрік-қазақ дегені айтыла салған жай сөз, ал ру-тайпаға теліп өлерменденуі нағыз шындық болатын», – деп ашық жазып едім. Бұл сөзімді тағы да бар дауыспен қайталап айтамын.

Оңғар  бауырым, мынау өркениетті ХХІ ғасырда, тәуелсіздікке өліп-талып әрең қол жеткізген жас қазақ мемлекеті үшін әлемді жаулаушы Шыңғыс ханның қоңырат немесе жалайыр, дулат, суан т.б. жасап, тінткілегеннен келер қандай пайда бар деп ойлайсың. Әлемді жаулаушы Шыңғыс ханды тағдырлас түркі-моңғол халқының ортақ ұлы тұлғасы деген тұжырым сендерге неге сонша ұнамай қалды?

      Сонда Шыңғыс ханды қай жерде туғызып, қай жерге жерлегендеріңді дәлелдейтін қандай жазба-деректі бізге көрсетіп бере алдыңдар? Басқасын термелемей-ақ, ұлы қолбасының 1218-25 жылдар аралығында Орталық Азия мен Хорезмге жасаған сегіз жылдық жорығын жеңіспен аяқтап, 1225 жылы атамекені  Бурхан-Халдунға барғанын білмегендерің бе? Жошының өлімін сол аңыздарда айтылғандай, Ұлытауда естіді ме, әлде атақонысында, алдағы Таңғұттар еліне жасалар қанды  жорыққа дайындалып жатқанда естіді ме? Бұл тақырыпқа шыңғысханшылар әсте жоламайды.  Сонда 1227 жылы жүз мыңдаған ауыр қолды бастап, Таңғұт (Батыс Шия хандығы) еліне барған, жарты жылдай қанды қырғынмен Таңғұт патшасын қолға түсіріп, сүйікті бәйбішесінің көзінше басын кескен Шыңғыс емей, кім еді? Гурвэлжин Гоо сұлуды құшағына алып, төсек қызығына елтіген ұлы қағанның бес-алты күн бойы қансырап жатып өлгенін неге айтқыларың келмейді? Сонау шалғайдағы  Таңғұт жерінен мыңдаған шақырым шалғайдағы Ұлытауға апарудың қандай қисын-қиюын таптыңдар?

      Атақорым Бурхан Халдунға дейінгі аралықта «Шыңғыс хан жерленген» деген дақпыртты таратып, төлеңгіттерін күзетке қалдырып, тоқтаусыз жүріп отырып  Бурхан Халдунға  апарып жерлегені жөніндегі қытай, моңғол жазба деректеріне неге назар аудармайсыңдар? Ұлы қағанның Таңғұт еліне жасаған қанды жорықтарын күндік, апталық, айлық Орда жазбаларында нақты көрсетілгенін тарихшы Зардыхан Қинаятұлы соқырға таяқ ұстатқандай жазып кетпеп пе еді? Сендерше Шыңғыс хан Жошы өлімін естіп, құсаланып, жыл бойы аза тұтып Ұлытауда жатып көз жұмғанына қандай дәлел келтіресіңдер?

      Оңғар мырза, қоңыраттар арасындағы аңыз-әңгімелер мен әр заманда, әр ел жиһанкездері жазыпты деген «дейді екен, деген екеннен» тарихи шындық ашылмайды. Тарихи шындық Шыңғыс хан  қай жерде туып-өсті, оның алғашқы жорықтары қалай, қай жерде басталды? 1218-25 және 1226-27 жылдары қайда болды? Таңғұт  жорығын кім басқарды? Ұлы қаған аң аулап жүріп алған, ауыр жарадан қансырап та өлмегенін, ажал Гурвэлжин Гоо  ханымның сүйікті жарының кегін алу үшін сілтеген алмас бәкінің жүзінен келгенін, кегін алған қайсар ханымның дарияға сүңгіп, сүйегін де таптырмай кеткені моңғол Орда жазбалары түгіл, ауызекі айтуға қатаң тыйым салғаны ащы да болса қаны сорғалаған шындық болатын.

      Оңғар мырза, қазақтың  «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегенін малданып, «Тарихқа да әркімнің бар таласы»  деп шалықтауға әсте болмайды. Салиқалы тарихпен өмірін, жүрек қаны мен ақыл-ойын сарп еткен, тарих жазудың әлемдік әрі отандық ғылыми методологиясын меңгерген, сол бойынша ғылым әлемі, академиялық мектептер мойындаған кәсіби тарихшылар ғана айналысуы керек екенін мойындау үшін де жан-жақты дайындығы бар зиялылық та қажет. Сен құсап 30-40 жыл мақта мен бау-бақша алаңдарында, аудандық газеттер мен әкімшілікті жағалап жүрген адамдардың аяқастынан тарихшылар қосынына жолдан қосыла кетіп, ақылгөйсуі жеңілдеп айтқанда – білімсіздік, қаттырақ айтсам – әдепсіздік, көргенсіздік. Әсіресе қазақ тарих ғылымы тарихын жазуда дәуірлік бетбұрыс жасап, алғаш рет «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы», («Ежелгі және ортағасырлық кезең» (2007 ж.) деген ғылыми тезисті негіз еткен ұжымдық монографияның жетекшісі, екі томдық «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» (2010 ж.), «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» (2014 ж.), «Моңғол үстіртін мекендеген соңғы түрік тайпалары» (ІХ-ХІІ ғғ.) (2001 ж.), «Найман хандығы тарихы және мәдениеті» (ХІІ-ХІХ ғғ.) (2017 ж.) атты аса құнды зерттеу еңбектері мен «Қазақ тарихы ғылымына», «Моңғол ұлыстық билігі дәуірі» атты жаңа тезисті енгізген аса  көрнекті тарихшыға соқтығып, оны бейауыз сылтың қылу ұят емес пе?

Зардыханның қандай тарихшы   болғанын, ХХІ ғасыр әлі-ақ әлем алдында танып, мойындайтынына кәміл сенемін. Ал бүкіл ғұмырын археологиялық, этнографиялық экспедициялар құрамында  байтақ Моңғол даласы мен Шығыс Азияның тау-тасын шарлап жүріп том-том кітаптар, атлас-карталар шығарған еңбегін әлем тарихшылары мойындаған Қаржаубай Сартқожаұлын кекетіп, сылтың қылуға қалай ауыздарың барады? Менің сонау 1988 жылы әйгілі тарихшы, қытай-түріктанудың білгірі Баһаддин Өгелдің екі томдық «Ұлы хұн империясының тарихын» қазақшалап, сол жылғы  «Жұлдыз» журналының 12 санында жарияланды. Сол жылы «Жәдігер» баспасынан жарық көрді. Хұн-түрік тарихын аударып-төңкергісі келген әуесқой тарихшылар осы кітаптың мұқабасын да көрмегені анық.

Әттең, олай болмағанда қоңыраттарды бүкіл Орталық Азия мен Қиыр Шығысқа сандалтып, қолдан тарих жасауға бармас па еді, кім білсін? Білмеу айып емес, білмегенді білем деп білгішсіну – айып.

Мен сендер сияқты жолбике тарихшы емеспін. Академик Оразақ Смағұловтың жетекшілігінде 2003 жылы «Түркеш қағанаты» (699-766 жж.) тақырыбы бойынша тарих ғылымының кандидаттығын қорғап едім. Содан бері қытай, түрік, орыс, ұйғыр тілдері бойынша 12 зерттеу және аударма кітаптарым баспадан шықты, мәселе кітаптың санында емес, сапасында ғой. Көзіқарақты қазақ тарихшылары мен оқырмандары әділ бағасын беріп келе жатқаны мені қанаттандырады. Аллаға шүкір!

Оңғар мырза, екі сөзіңнің бірінде әлдеқайдан тергіштеп алған бірер сөйлемді көлденең тартып, «осыған Әлімғазы Дәулетхан не деп жауап берер екен»  деп шіренеді екенсің. Менің жауабым жоғарыда аталған кітаптарымда айтылған, түпнұсқалық қытай, түрік, орыс, ұйғыр жазба деректері бойынша жазылған. Оқып көр, талда, зияны тимес.

Оңғар-ау, сен қалайша: «Моңғол атымен тарихқа енген Шыңғыс хан жақтастарының қатарынан этникалық бір моңғол тауып бере аласыз ба?» деп шіренгенше, Зардыхан ағаның «Шыңғыс  хан және  Қазақ мемлекеті» атты екі томдығын, оның сегізінші бөлімі:  «Шыңғыс хан құрған дала державасын» оқып барып ойлануың керек еді.

Шыңғыс ханның  тегі кім екенін білгісі келгендерге профессор Зардыханның «Қазақтың тегін тек қазақ топырағынан, моңғолдың тегін  тек моңғол топырағынан іздегенде ғана біз шындыққа біртабан жақындаймыз» деген тұжырымын қолдай отырып, Шыңғыс ханның балалық шағы қайда өткенін, тарих сахнасына қашан, қай өңірде, қалай көтерілгенін нақты деректер бойынша профессор Зардыхан бір-бірлеп айтып береді.  Ал ұлы қағанның 1225-27 жылдары қайда болғанын, Таңғұт патшалығына жасалған алты айлық қанды шайқаста бас қолбасы қайда болғанын айтып бере алмайтын «шыңғысханшылдар» лағып, оның сүйегін сүйрелеп, көмбеген Сыр бойы, Ұлытау, Жетісу,  Ертіс, Хотан қарағай  т.б. жерлер қалмап еді. Ал қытайлар оны өзіне қарасты  ішкі Моңғолия даласының қақ ортасына апарып жерледік дегеніне де біраз жыл болды. Біздің Оңғар Нақып ұлы қағанды әлдеқашан өз қолымен Ұлытауға, тұңғышы Жошымен құшақтастырып жерлеп қойған болатын.

Мен дәл осы күн, осы сағаттан бастап түркі халықтары мен моңғол халқына ортақ ұлы тұлға жөнінде әуесқой, жолбике тарихшылармен салғыласып, сөз қадірін, қасиетті тарих ғылымының қадірін кетіргім келмейтінін ашық мәлімдеймін. Сондай-ақ бізден гөрі  білімдірек, бізден гөрі иманды, ұятты ата-бабамыздан қалған етікті етікшінің тіккенін, қойды қасапшының сойғанын, сол сияқты тарихпен маманданған кәсіби тарихшылардың айналысқанын қалар едім. Тарихпен ойнауға болмайды, тарихтың киесі ұрады.

Күні кешеге дейін орыс пен қытай  отаршылдарының қаскүнемдігінен азғантай қазақты «халық жауы», «тап жауы» деп, бір-біріне айдап салып қырғындап келсе, енді «антиқазақ, моңғолшыл, сатқын қазақ» деп ұрандаушылар  шықты. Ендігі жерде байғұс қазақтар Шыңғыс ханды көкпар қылып, «қоңыратшылар», «жалайыршылар», нақтылап айтқанда, Әбенайшылдар мен Оңғаршылдар арасындағы аяспас айқасқа куә болатын шығармыз.

Түйін сөз      

        Әлемді жаулаушы Темучиннің қазасы жөніндегі алуан түрлі ауызша, жазбаша деректерді  сүзгіден өткізген профессор Зардыхан Қинаятұлының: «Сөйтіп, Тэмужин – Шыңғыс хан өзінің қаған тағына отырғанының  22-ші қызғылт доңыз жылы (1227) тамыз айының 18-і  күні науқастанып, сегіз күн ауырып, тамыз айының 25-і күні 66 жасқа қараған шағында Лю Паншань тауының оңтүстігіндегі Цин Шуй кішігірім елді мекенінде дүниеден өтті деген пікірге тоқтағанды жөн көрдік», – деген қорытынды сөзіне біз де тоқтадық («Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті»  (екі томдық монографиялық зерттеу) Алматы. «Тарих тағылымы» баспасы. 2010. 329-бет).  

      Дәл осындай нақты талдау, саралауларды теріске шығара алмайтын әуейі тарихшылар ұлы қаған рухы алдында күнәһар болып қала береді.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН