Бұ қазақтың өзбектен несі кем?

187

Бір ұлттың екінші бір ұлтты «жұтып» қоюы, яғни өзіне сіңіре отырып «бір ұлт, бір дін, бір халық» атануы тарихта бар дүние. Өзге әлемді ысырып қойып, қоңсылас отырған қытайдың, өзбектің, орыстың арғы-бергі тарихына көз салар болсақ, бұл үш ұлт та өзге ұсақ халықтарды «жеп» қоюда өте «тәбетті» екенін байқауға болады. Өз заманында арыстанша ақырған ғұндарды, күнше күркіреген түріктерді іштен іріте отырып бәрін болмаса да жартысын Қытайдың жұтып қойғаны белгілі. Сол секілді Орыс патшасының отарлау саясатының құрбаны болған Сібірдегі қаншама ұсақ ұлттар дінінен, тілінен, ділінен айрылды. Орысқа сіңіп кетті. Тіпті аты-жөндеріне дейін өзгертті. Сол секілді бүгінде 32 миллионға жетіп отырған өзбектер де өзге ұлтты «алашапанды өзбек» етуге келгенде өте белсенді екенін білеміз. Ал шындығында өзбектің құжатын көтеріп жүргендердің арғы тегін тексеретін болса, онда олардың шамамен 25-30 пайызы тәжік, шамамен 10-15 пайызы қазақ болып шыға келері анық. Бірақ олардың бәрі өзбекке тастай батып, судай сіңіп кеткендер. «Өзбекпін» деп емпең қағады. Міне, өзгені жұта отырып, әлеуетті күшке айналудың бір қыры. Осы орайда қазақ неге «тәбетсіз» деген ой қылаң береді. Расында неге? Әйтпесе жүз отыздан астам ұлт өкілдері өмір сүріп жатқан мемлекет емеспіз бе? Бәрін болмаса да біразын қазақ атандырып жіберуге шамамыз бар емес пе еді? Ғаламторды ақтарып жіберсек, елімізді мекендейтін ұлттардың мынадай үлес салмағы шыға келеді:

Қазақтар – 66,01%;

Орыстар – 21,05%;

Өзбектер – 3,07%;

Қалғандары – 1,7% және 1,04% аралығында;

Басқа да 17 этнос өкілдері – 0,61% және 0,10 пайыз.
Бұдан өзге бірлі жарым ұлыс өкілдерінің жалпы үлесі – 1,05%. Кейбір деректерде қазақтардың үлесі 70-75 пайыздың көлемінде деп көрсетілген. Мейлі, қалай десек те, өз жерімізде басымдыққа ие ұлт екеніміз әмбеге аян. Солай бола тұрса да азын-аулақ өзге ұлт өкілдерін өзімізге неге сіңіре алмай отырмыз? Не бөгет? Жүргізіліп отырған саясат па, әлде өзіміздің енжарлығымыз, қырсыздығымыз ба? Саясатқа дау айта алмаймыз. Өйткені Қазақстандағы ешқандай ұлтқа басымдық бермей, бәрін тең ұстау керек деген ұстаным бар. Дұрыс. Тіпті өзге ұлт өкілдерінің мәдениетін, тілін-дінін дамытуға рұқсат етілген. Арнайы орталықтар жұмыс істеуде. Дұрысы, бар кінә саясатта емес, қырсыздығымызда жатқан секілді. Біріншіден өз әдет-ғұрпымызға, салт-дәстүрімізге өткеннің сарқыншағы деп мінсінбей қарауымыз. Екіншіден, қазақ және орыс тілді болып бөліну. Елдің мемлекет тілі атанып отырған ана тілімізді үшінші сорттағы (орыс, ағылшын тілінен кейін) тіл деп қарауымыз. Мемлекеттік тілді білуге деген өзгелердің қызығушылығын арттыра алмауымыз. Қысқасы қазақ тіліне деген сұранысты қалыптастырмадық. Мәжбүрлеп үйретуге де шамамыз келмеді. Тіпті қазақтардың біраз бөлігінің өз ана тілін білмеуі, өз тілінде сөйлемеуі, тіпті біліп тұрса да өзге тілге бейімділік танытуының өзі өзгелерді кері тебуге себеп болып отыр. Қысқасы мұндай жағдайда өзге ұлтты өзімізге сіңіру мүмкін бе? Әрине жоқ. Керісінше біз өзге ұлттың жемсауына түсіп бара жатқандаймыз ба, қалай? Жалпы елімізде дәл осы мәселені, яғни «үлкен қазақ» мәселесін көтеріп жүргендер көп. Олардың арасында да қарама-қайшылық бар. Мәселен, белгілі журналист Серік Жанболат осы жөніндегі ойын Фейсбук парақшасында былай деп көрсеткен. «Алыстағы елдерді айтпағанда жақын көршілердің даму тәжірибесі мынаны дәлелдейді: ұлттардың бірін-бірі жұтып қоюы – заңды құбылыс. Бұны тарих растайды. Бүгінгі тіршілік дәлелдейді. Орыстың, қытайдың, тіпті өзбек ағайынның бүгінгі тірлігіне терең үңіліп қарасаң, бұл жерде ақиқаттың бар екеніне көз жеткізесің. Олар ру сұрамайды: төлқұжатыңа сол ұлттың атын жазып аласың да сол ұлттың қарасын көбейтіп шыға келесің. «Көп қорқытады, терең батырады». Мынау жан алып, жан беріскен тартыс заманында аман қалудың бір қағидасы – осы. Қытай сондығымен Қытай боп отырған жоқ па? Рас, Қазақстанда тұратын бірқатар ұлт өкілдері қазақ боп жазылып-ақ кеткісі келеді. Бірақ, руымды сұрап масқарамды шығара ма деп жүрексінеді. Қазақпын деген адамның жетпіс жеті атасына дейін тергейтініміз шындық қой. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп мұрынды шүйіру бізге бұйым емес. Еріксіз қазақтың «шатасы» болғанша өз ұлтымның баласы болып жүре берейін дейді. Ақиқатын айтайықшы, мемлекеттік амбициясы бар ұлт рулық жүйемен өмір сүруге тиіс пе? Ассимиляцияға не біз түсіреміз, не бізді түсіреді. Басқаша болмайтын тәрізді. Біз күндегі тірлігімізден гөрі кеңдеу, бүгінімізден гөрі алыстау, түйгенімізден гөрі тереңдеу көретін уақытқа жетіп қалған жоқпыз ба? Мықты ұлт қана өзгені ассимиляцияға түсіре алады деп тұжыратын заманға жетіп отырмыз. Оған жету үшін бір нәрсені құрбандыққа шалу керек. Ол құрбанымыз – рулық жүйе ме деймін? Қазақтың өзі қырық пышақ болып құрбандыққа түсіп кетпеу үшін. «У ішсем руыммен» дейтін ағайын не айтасыз?» дейді ол. Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали былай дейді: «Бізде де, Батыста да бұған дейін мультикультурализм концепциясы басым болды. Яғни, әрбір ұлттың сұранысына қарай жағдай жасау. Анығында, біздің мемлекетіміз федеративтік емес, оларды ұлт деп атауға да болмайды. Олар этникалық топтар. Сондықтан ұстанымда өзгеріс болғаны жөн. Бірақ «сен орыссың, сен ұйғырсың» деп бөле-жара қарау емес. Қайта оларды ұйыта отрып «Үлкен қазақ» ұлтын жасау қажет. Сен де қазақ, мен де қазақ, бәріміз де бір атаның баласындай болайық. Тегіміз де, түріміз де, тағдырымыз да бөлек емес, ниетіміз бір дегендей әңгіме айтылуы керек. Әсіресе өзбек пен қазақ, ұйғыр болып бөлінудің қажеті шамалы. Бірегей ел жасау. Осыған күш салу. Рас, экономикалық және әлеуметтік модернизацияны бастан өткердік. Енді ұлттық модернизацияны қолға алатын кез келді. Әлеуметтанушыларымыз сепаратизм туып кетпей ме деген үреймен орысты зерттеді. Өзге ұлттардың өзгешілігін зерттеді. Тек қана қазақтың ежелден келе жатқан діндарлығы, қазақтың ежелден көп құрамды ұлттарды сіңіргені зерттелмей қалды. Енді осы мәселені қолға алу қажет. Қысқасы, Қазақстанда «үлкен қазақ» ұлтын жасауды көп кешіктірмей қолға алуға тиіспіз. Уақыт соны талап етеді». Өте оңды пікір. Рас, бүгінгі күні халық саны 18 миллионға жетіп отырған елімізді бір мүддеге, бір идеологияға жұмылдыру үшін осы мемлекеттің ежелгі иесі қазақ өзге ұлтты өз бауырына тартуы тиіс. Сіңіруі қажет. Өйткені халықаралық саяси жағдайлар ушығып, сепаратистік көзқарастар жандана бастағанда «бір Отан, бір ұлт» идеологиясы аса керек.

 

 

Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы:

– Бұл мәселе күн тәртібінен ешуақытта түскен емес. Біз 70 жылдың үстінде кеңестік отарлау саясатының шеңберінде өмір сүрдік. Содан болар өз ана тілімізді дұрыс білмейтін буын өсіп шықты. Олар қазақтың тарихына, мәдениетіне, тіліне, дініне осқырына қарады. Түрі қазақ болғанмен жан дүниесі, болмысы өзге болып қалыптасты. Бұл әлі де жалғасуда. Кеңестік қуғын-сүргін қазақтың қаймағын сыпырып кеткен соң, ұлттық иммунитет әлсіреді. Міне, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр болса да әлі күнге бойымызды дұрыс түзей алмай жатырмыз. Ең бірінші біз өзімізді өзіміз жөнге салуымыз керек. Яғни бәріміз қазақша ойлайтын, қазақша сөйлейтін кезге келуге тиіспіз. Демографияға басымдық беру керек. Қазақстанда қазақ үлкен басымдылыққа ие болатын күнге жеткенде көп мәселе өз-өзінен шешіліп сала береді. Сол кезде ғана біз өзге ұлтты, соның ішінде түркі тілдес ұлттарды сіңіруге мүмкіндік аламыз. Ал осы қалпы, жартысы қазақ тілінде, жартысы өзге тілде сөйлейтін қазақ болып жүре беретін болсақ, өзгені былай қойғанда мына өзбекке қызыға да қызғана қарап өмірден өтеріміз анық.

 

Құрманғали ДАРКЕНОВ, Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор:

Тарихқа шегініс жасасақ, өткен коммунистік басқару жүйесі кезеңінде қазақ халқының ұлттық мүдесіне қатысты мәселелер өз деңгейінде шешілмегені кімге де болса құпия емес. Осы жағдайлар қазақ ұлты өкілдері арасында ұлттық нигилизмнің, яғни өз ұлтының болашағына сенбеу, күмәнмен қарау көзқарасының тууына және ұлттық коспополитизмнің, яғни, басқа ұлт пен оны рухани құндылықтарын өз ұлты мәдениеті мен құндылықтарынан жоғары қою тенденциясының қалыптасуына әкелді. Ұлттық мүдені ескермеу мен оған нұқсан келтіру ұлтаралық қатынастағы тұрақтылыққа, өзара құрмет пен сенімге сына түсіреді. Кезінде австриялық ғалымдар Реннер мен Бауэр «…егер біз ұлт дегеніміздің не екендігіне толық жауап бергіміз келсе, оның негізгі басты компоненттерін білуіміз қажет. Ұлт дегеніміз – тілдің бірлігі, территорияның тұтастығы, экономикалық өмірдің жақындығы, әдет-ғұрып пен мәдениеттің ортақтығы негізінде құрылған адамдардың қауымдастығы» деп, «осы аталған ұлтты құрайтын негізгі компоненттердің бірі жойылса, ол белгілі бір тарихи кеңістікте ұлттың жойылуының басы», деп ерекше тоқталды. Міне, аталған факторлар тіл, территория, жер, әдет-ғұрып қазақстандықтарды өзара жақындастырып біріктіруі қажет еді. Бірақ, бүгінгі күні бір ғана тілдің қолданыс аясының кеңеймеуі, қазақтардың бір бөлігінің өз ана тілін білмеуі, билік жүйесінде формалды түрде ғана қолданылуы, басқа этностардың тілді меңгерудегі инерттілігі, пассивтігі біртұтас, монолитті ұлт болуға кедергі жасап отырғаны да шындық. Ал бұл мәселе шешілмей, қазақтың өзге ұлттарды өзіне сіңіру үрдісі жүре қоймасы анық.