Мен кіммін, тегім кім?

227

Ұлттың өткен  тарихын тасқа  басу,  қағазға түсіру  бір  басқа  да, оны кино  тілінде сөйлету бір басқа. Қазір  жұрттың басым  бөлігі кітап  оқығаннан гөрі, көк экранға үңілгенді, интернетке телміргенді жақсы  көреді, Ал, мұндай кезде кітапқа қатталған тарих  шаң басып бір  бұрышты  қала  берері  хақ. Ұлттың ұлт  болып ұйысып, бүгінге дейін жүріп өткен жолын яки тарихын жас  ұрпақ білуі  тиіс деп жатамыз. Әрине, есім-сойлары тарих тақтасында  бәдізделген, ұлы хандарымыздың, батыр бабаларымыздың, кемеңгер  билеріміздің бәленбай жүз жылдық мерей тойлары әлсін-әлсін ел ішінде аталып өтіп жатады. Алайда, бұл ұрпақтың жадында, өткен тарих жүлгесін жаңғырта ала ма? Қайдам?

Ас ішілер, бас мүжілер, бәйге шауып, балуан күресер, ескерткіштер ашылып, ғылыми басқосулар өтер, қазақтың терең тамырынан сыр суыртпақтаған біраз шығармалар жазылар. Дұрыс, керек бәрі. Дегенмен, мұның бәрі өткінші. Елдің есінде қалар, болашақ ұрпақ «мен кіммін, тегім кім, қайдан шықтым?» деп толғанғанда, «мынау менің ата-бабамның жүріп өткен жолы» деп қарайтын һәм содан рух алатын бір дүние бар. Ол – бабалар тарихын көркем фильм етіп сөйлету. Өзіміз білетін түрік, кәріс, қытай, жапон ата тарихын экран тілімен әспеттеуде. Өйткені бүгінгі ұрпақтың көз сүрінетін тарихи хронологияларға толы том-том кітаптарды оқи қоюы екіталай. Сондықтан болар әлгі жұрт, бабалар тарихын жас ұрпақтың санасында жаңғырып тұру үшін кино жанрын таңдады. Ұтты. Өз елі тұрмақ, өзге жұрт сол елдердің тарихи киноларын көре отырып, жанкешті жапон самурайы қандай болатынын білді, үркуді білмейтін жеңімпаз кәріс батырларын таныды, түріктің Осман империясының өркендеуі мен құлдырауынан хабардар болды.

Міне, бұл тарих кино тілінде сөйлегенде болатын әсер, жадымызда сақталып қалар жаңғырық. Егер біз өз тарихымызды, ұлы хандарымыз бен арыстан жүрек батырларымызды, қара қылды қақ жарып, әділін айтқан билерімізді көркем фильм тілімен қайта жаңғырта алсақ, болашақ ұрпақ алдында өте игі тірлік жасағанымыз. Ұрпақ өзінің кім екенін, қайдан шыққанын біледі. Бұл  мәселеге келгенде, аузымызды  құр  шөппен сүртер  жайымыз  жоқ. Біраз  тарихи  кинолар түсірілді. Шүкір деуге  болады. Бірақ сол  түсірілген кинолар халықтың,  көрерменнің  көңілінен шықты  ма? Исі қазақтың  өткен тарихын шынайы өрнектей  алдық па? Мәселе сонда. Өкініштісі, солардың  барлығы, бір қайнауы кем дүниелер десек, ешкім сөге  қоймас. Бұдан біраз  уақыт бұрын түсірілген «Көшпенділер» жөнінде сөз қозғаудың өзі артық. Тарихтан алшақ  жатқан ол туындының  кем – кетігі жөнінде талай айтылды,  жазылды. Жұрт аты дардай «Қазақ хандығынан» көп  үміт күткен. Алайда  үміт ақталды  деуге  болмас. «Алмас қылыш» және «Алтын тақ» деп  екі  бөлімге бөлінген  бұл туындыда  бір сарынды  дүние  болып шыққан. Хандардың аузына  ханша, билердің азуына  бише,  батырлардың аузына  батырларша сөйлейтін кесек-кесек аталы, аруақты  сөздер салынбаған.  Өте жұтаң.  Былайғы кезде  сізбен  біз  сөйлесетін  ауызекі жадағай тіл, әңгіме. Ал,  бұл жұрттың  есінде  қала ма? Жоқ.  Бәлкім  бұл  сценарийстеріміздің  әлсіздігі, қазақ тілінің мәйегін дұрыс меңгермегендігі, тарихтағы  ұлы  тұлғаларымыздың  қажет  жерінде қауып та,  тауыпта сөйлейтіндігіне  мән бермегендігі  болар. Түріктердің  «Ғаламат  ғасыр»  деген  ортақ атаумен  түсірген,  «Сұлтан  Сүлеймен»,  «Көсем сұлтан»  сондай-ақ «Ертұғырыл»  мен «Абдулхамит»  секілді тарихи  сериалдарын көрсең, ондағы сұлтандардың, тіпті ханша-ханшайымдардың  тілі,  ой-орамдарының  өзі  ерек. Дән  риза  боласың. Бәлкім  оларда  біздегідей «түсірсек  болды» деген  көзқарас емес, «бір  мемлекеттің тарихын түсіреміз,  оны  өзге ел көреді, сондықтан киген киім, сөйлеген сөз, ұстаған  қару,  мінген ат, отырған тақ, тұрған  тұрақ бәрі біздің мықты ел болғанымызды айшықтап  тұруы тиіс» деген  үлкен жауапкершілікпен  келетін сынды. Өйткені  кино  идеологиялық  құрал. Кино-саясат. Соның ішінде  тарихи фильмдер.  Демек,  біз үшінде тарихи кино еріккеннің  ермегі болмауы тиіс.

Киім  демекші, соңғы түсірілген «Томиристі» алатын  болсақ,  режиссер «бұл көне тарих, ескі заман,  осылай  түсірсем,  дұрыс  болар»  деп  ойлады ма, қайдам, бозғылт, сұрақай  өңді  таңдап алған. Ондағы  адамдар  да,  кимдері де, далада,  орманда сұп-сұр. Нағыз  тұмса, уыз табиғат сол кезде  болғанын кино  түсірушілер ұмытып кеткенге ұқсайды. Киген киімдеріде ерсі. Ал, сол Томирис падиша  болған массагеттер  туралы грек  ғұламалары Гередот,  Птолемей, Страбондар басқаша  жазады. Сол Гередот : «найзаның, жебенің, айбалатының үші  мен  жүзін  жезден жасайды  да, бас киімін –дулығасын,  белбеуі мен шығыршығын  алтынмен аптайды.  Олар аттарына жезден өмілдірік  қап  кигізеді.  Жүгеннің, ауыздығын  және ноқталығын  алтынмен  жалатып, өрнектеп  қояды. Оларда алтын  мен  жездің көптігінде есеп  жоқ»  деп  жазды. (Т. Жұртбай. Дулыға.)  Осындай бай-бақуатты тайпаны фильмде алаба-жұлба киінген, көшпенділер  тұратын әсем  шошақ шатырларда емес,  жеркепелерде қауымдаса тұратын байқұстар  секілді көрсеткен. Масагеттерде  байлық  болмаса Кир патша көз  қиығын  салмас еді, жорыққа  жаулап алам деп аттанбас еді. Кинодағы  Томиристің көзінде жау үркетіндей  от жоқ,  жүзінде  халықты ұйытатындай  жылу  жоқ. Бір тайпаны аузына қаратып, дәргейінде  ұстаған  ұлы ханшайымның  сөйлейтн сөзіде  ерек  болса керек еді. Амал не?                                                                                  Жалпы, тарихи киноның жауапкершілігі мол, көтерер жүгі ауыр.  Әсіресе, Томирис  секілді жаһан тарихында аты мәңгілікке  шекілген тұлғаларды  түсіру  оңай емес.  Осы  орайда, аңызға  құрылған «Жаужүрек  мың  бала» не  болмаса тарихта болған, болмағаны күмәнді «Орбұлақ  шайқасы» секілді фильмдерге  тоқтауды жөн көрмедік. Бір қайнауы ішінде жатқан бұл кино туындылар жөнінде сөз қозғау артық. Тарихи кино болған соң нақты тарихи оқиғалар мен тұлғаларға негізделіп түсірілуі қажет. Сонда  ғана  құнды. Аңызбен болжамға  құрылған  дүниенің бір  бәсі қашанда кем болып тұрады. Қысқасы, қазақ тарихына арналған киноны көрген өзге жұрт: «сонау сақ Мәди мен Томиристің, ғұн Мөде мен Аттиланың, түрік Естеміс пен Күлтегіннің ұлы ұрпағы, қазақтар осындай ғажайып батыр халық болған екен ғой» деп таңғалатын,  тамсанатын, таңданатын болуы тиіс. Ол үшін мінетін ат та, асынатын қару-жарақ та, киетін сауыт-сайман да, жамылатын тон-шапан да ерекше сән-салтанатты болуы шарт.  Ал, біз сол  деңгейден табылып  жатырмыз  ба? Қайдам..?

 

 

Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист:

 Жұпынылық пен жұтаңдық менмұндалап тұрады

 

Біздегі тарихи фильмдерге көңілім тола бермейді. Шетелдік «Троя», «Александр», «Джодха мен Акбар» секілді осы жанрдың жауһар үлгілерін көрген соң, өткенімізді арқау еткен өз туындыларымыздың тіптен нашар екенін сезіне түсемін. Еліктірмейді, сүйсіндірмейді. Өйткені, сендірмейді…

Идеясы, сценарийі жап-жақсы «Біржан салдағы» Қоянды жәрмеңкесін көрсетер сәттегі декорацияның көзге қораш жұпынылығына налимын. «Қазақ хандығындағы» ауыл да ала-құла он шақты үймен шектеледі. Көп адам қатысуға тиіс көріністер жағынан да ұятқа қалып жатамыз (мәселен, «Жаужүрек мың бала»). Қаражат аз бөліне ме, әлде дұрыс пайдаланылмай ма, әйтеуір экраннан жұтаңдық, кедейлік менмұндалап тұрады.

Ал халқымыздың тарихына қатысты фильмдердегі киім мәселесіне келсек, тіпті жыларман күйге түсеміз. Мысалы, дақпырты басым болғанымен, даңқымызды шығарып қарық қылғаны шамалы, өзі де көп дауға ілігіп, көресісін көрген «Көшпенділердегі» киімдердің түр-түсіне қарап-ақ түңілесіз. Абылайды тәрбиелеген ұстаздың 20 жыл бойы киім ауыстырмайтыны өз алдына, «апыр-ай, қазақта қара, қоңыр, қарақоңыр, сұр, қарасұр түстерден басқа түс болмаған ба мүлде?» деп қынжыласыз. Фильмдегі қазақтардың бәрі сүреңсіз, сұрқай киініп, өздерінің де, туындының да реңін бұзып-ақ тұр. Кейбірінің шекпен-шапаны тіпті малқораның ішінде әлденеше рет тайып-жығылып тұрғандай қи түстес, көң сипаттас, шалдың шақшасындағы насыбайдай күңгірт жасыл бірдеме…

Ерлер киген «шоқпыттардың» сықпыты жаңағы болған соң, әйелдер жағына тіпті назар аудармай-ақ қойған шығар. «Көшпенділердің» және кейінгі жылдары түсірілген басқа да тарихи фильмдердің авторлары тым болмаса осы қыз-келіншектердің өзін жөндеп һәм сәндеп киіндіре алмағаны қалай? Олардың киімдерінің түсі де жаңағы сұрықсыздықтан асып кете қоймаған: түсі оңыңқырағандай сезілетін ақшыл немесе сұрғылтым көйлек, киіз үйдің өңіне ұқсас қоңырқай қамзол, т.б.

Қазір «фильм үшін суретшінің аса қажеті жоқ» дейтін білгіш режиссерлер де шығып жатыр. Қажет болғанда қандай! Кинода үш суретші жұмыс істеуге тиіс: суретші-гример (актерлердің бет-жүзін кейіпкер келбетіне, әр эпизод сипатына, натура бедеріне сай келтіру үшін әрлеуші маман), суретші-костюмер (кейіпкерлердің экрандық бейнесіне орай киім таңдайтын, сол арқылы образды толықтыра түсуге атсалысатын маман) және осы екеуінің үстінен қадағалап, фильмнің бүкіл әсемдік-эстетикалық формасына жауап беретін қоюшы-суретші.

Былтыр жарыққа шыққан «Томирис» тағы бір жаңалық жасап, авторлардың айтуынша, көне түркі тілінде түсірілді. Бірақ анықтап тыңдасаңыз, түркі тілдеріне кейінірек араб-парсыдан енген бірнеше сөз де жүр. Массагеттер көне түркі тілінде сөйлеп жүрсе, Кир патша бастаған парсылар… қазіргі парсы тілінде сөйлеп жүр. Ақыры біздің заманымызға дейінгі уақыт екен, кейіпкерлердің басым бөлігі көне түркіше сөйлеген екен, парсыларды да көне парсы тілінде сөйлетсе болмас па еді? Қызық…

Фильм бойына «Біз көшпелілерміз!» деп кеуде ұрған мақтангершілік сезіледі. Тап бір көшпелілік – артықшылық та, ал отырықшылық – кемшілік секілді… Ал сол екі сөзінің бірінде көшпелі екенін айтып мақтанатын массагеттердің бәрі… жертөлелерде тұрып жатыр! Көшпелі тұрмыстың басты атрибуты – киіз үй қайда? Түсініксіз…

Біз тарихи фильм түсіруге түбегейлі дайындықсыз кірісе беретін секілдіміз. Шалағайлықтардың шыға беретіні сондықтан болар…

 

Гүлзат КӨБЕК

Киносыншы, Өнертану PhD докторы, «Тұран» университетінің профессор

Тарихи фильмдер – мемлекеттің амбициясының паспорты

Тарихи фильмдер – мемлекеттің амбициясының паспорты. Мүддеңді, саясатыңды, беделіңді айқындайды. Оның деңгейіне бей-жай қарауға болмайды. Біздің отандық кино өндірісіндегі тарихи фильмдердің жалпы деңгейі қандай?! Көрермен бәрін бақылайды. Өресі жоғары қауымның көп нәрсеге көңілі толмайды. Мүлдем жоққа шығармаймын. Бірақ, біздегі жарық көрген тарихи фильмдердің «рухы» көп жағдайда түріктің бір ғана «Сұлтан Сүлейман» сериалына тең тұрмайды. Мәселе неде?! Маман ретінде себептерін тарқатқым келеді.

Актерлік құрам көп нәрсе шешеді. Бізде жасандылық көп. Кейіпкерлердің бейнесін көп жағдайда қабылдай алмайсың. Мүлдем жоқ демеймін. Таланттыларды сұрыптап алу мүмкіндігі мүмкін аз. Маған актерлық мамандыққа шәкірттерді қалай қабылдап, кімдер дайындап жатқандығы қызық. Олар кәсіби қандай биіктерді бағындырған?! Халықаларық жобаларға қатысқан ба, тәжірибе алмасқан ба?! Ол өте маңызды. Өйткені, дәл бүгінгі жаһандық заманда біз әлемдік киноөндіріспен етене байланыста болуымыз, ондағы процесті бақылауымыз, жетістіктерін саралауымыз маңызды. Олармен бір жобада тең тұра аламыз ба?! Шеберлік неге жетіспей жатыр?! Әлде оқу процесінде шәкірттерді ұстаздар жеткілікті деңгейде жігерлендірмей ме?! Голливудта бір рөлге актер жіті дайындалады. Бәсеке де көп. Талаптар қатаң. Мүмкін бізде кастингтер қалай болса, солай өте ме?!

Екінші мәселе – сценарийстер. Драматург – киноның Құдайы деп бұрыннан айтамын. Оның қаламы көп нәрсе шешеді. Ол Жаратушы сияқты тағдырды шебер жазушы. Маған драматургияда қандай мамандар жүргені қызық. Қаламының қауқары бар ма?! Жалпы жаза алатынына сенімді ме?! Өресі қандай?! Өзін қаншалықты таныған?! Себебі, кейіпкердің бейнесін, психологиясын, мінезін игеру үшін, өзін қаншалықты игерген адам?! Ол маңызды. Олардың кейіпкерлердің аузына салған сөз-диалогтары мысалға, менің жеке басымды онша жеке жігерлендірмейді. Рухы осал. «Сүлейман патшаның» аузына салған даналық сөздердей авторлары таңқалдырмайды. Тек «Құнанбай» фильмінің сценарийін жазған автордың сөздері өрелі, өнегелі, көңілімнен шығады. Осы мәселе мені ойлантады. Кинодраматургтердің өз ішінен қабілеттілер шықпаса, қаламы мықты жазушылар да бар, солардың мүмкіндігін де киноөндірісіне толық қолдану маңызды.

Киноөндірісіндегі ішкі жүйе бәрінен маңызды. Басқару жүйесі. Қандай ойыншылар бар?! Олар ұлттық киноөндірісінің мүддесін өз жеке басының қалауларынан жоғары қоя ма?! Шын патриот па?! Әлде ағынды судың ырқымен мақсатсыз жүргендер ме?! Командалық ойындарды тізгіндеп үйренуіміз керек. Тамыр-таныстықты мен жақсы түсінемін. Мемлекеттің мүддесіне келгенде «ағайыншылдық» ойындар болмау керек. Қабілеті тартса жақсы, тарпаса, нағыз орға жығатын «солар». Қажет емес. Өнерге шын жаның ашыса, осы Қазақстанның тұтас территориясынан ең «мықты», ең «талантты», ең «жігерлілерді» ерікті түрде бір мақсатқа жұмылдыру бәрінен маңызды. Онсыз, әзір «Оскар» алып, Голливудтықтармен әлемдік кино алаңында иық тірестіріп тең тұра алмаймыз. Бұл мойындайтын шындық.

Бәріміз де нағыз өнерді қалаймыз. Жүрекке жететін. Шартты жоспарлар үшін орындалмайтын. Адамзаттың алдында миссия көтеретін. Ойландыратын. Рухани тазаратын. Ғажап туындылар көрерменді қайта өмірге әкеледі. Рухымызды көтереді. Шабыт береді. Жігерлендіреді. Өз өзімізге ұлт ретінде «сенімділік» береді. Әсіресе, тарихи фильмдер! Шеберлік бәрін шешеді. Мемлекеттің қарыжысына болсын, мейлі, жеке қаржыңызға түсірілсін, ең бастысы кино өнеріне дәл қазіргі уақытта адалдық керек. Өзімізге есеп берейік.

 

Думан РАМАЗАН жазушы:

 Тарихи тақырыптың көтерер жүгі ауыр

 

Қазақстанда тарихи фильмдер мен сериалдар түсіру ісі әлі дұрыс жолға қойыла қойған жоқ. Кемшіліктер шашетектен. Тарихи туындыларға сценарий жазатын драматургтер мен оны қоятын режиссерлер де жоқтың қасы. Тарихи тақырыптың көтерер жүгі ауыр. Білімділік пен біліктілікті, кәсібилікті талап етеді. Ал бізде осы жағы ақсап жатыр. Мәселен, қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты түсірілген «Қазақ хандығы» сериалын алайықшы. Өте нашар түсірілген. Кино емес, киноға пародия сияқты. Әрине, уақыт тым тығыз болды. Сценарий апыл-ғұпыл жазылып,  асығыс-үсігіс түсірілді. Бұл жағынан алғанда кінә да арта алмайсың! Бірақ, осы асығыстықтың не керегі бар еді?! Біріншіден, драматургия нашар, олай болса, қайдан жақсы дүние түсірілсін?! Бәрі схемамен жазылып, схемамен түсірілген.  Бастан-аяқ жасандылыққа құрылған. Көрерменді тартпайды, сендірмейді. Атыс-шабыс, айғай-сүрең бірдеңе. Жұтаң-жұпыны, әскерлерінің түрін көрсең күлкің келеді. Артистердің ойыны да көңіл көншітпейді. Ең аяғы, қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектің де көркем бейнелері тым солғын. Оның үстіне сұлтандардың көркем бейнелерін сомдаған артистердің өзі образдарына ене алмаған. Ойындары сендірмейді, артистік шеберліктері кемшін түсіп жатты. Тек жүріп-тұрғандары мен сөйлегендеріне мәз.

Тағы бір олқы соғып жатқан тұсы тарихи тұлғалардың көркем бейнелері лайықты көрсетілмеген. Мәселен, Қобыланды батырдың көркем бейнесі мүлде көңілге қонымды емес. Бұл біз бала кезде оқып өскен атақты Қарақыпшақ Қобыландының нақ өзі емес пе?! Неге оны сонша сүмірейтіп жіберген. Сериалды қарап отырсаңыз, Қобыланды батыр емес, қарақшы сияқты сезімде қаласыз. Айдалада, тау-тастың арасында, жалпақ тастың үстінде тері жамылып жатыр. Қобыландының бейнесі шынымен осындай ма? Жоқ, Қобыланды батыр сол кезде үлкен тарихи тұлға болған. Қыпшақ руының көсемі. Анау-мынау емес, Әбілқайыр ханның бас батыры, қолбасшысы. Талай жорыққа ханның әскерін атойлап бастап шығып, жеңіске жеткен. Асан абыз бен Қобыланды батырдың кездесуі де көңілден мүлде шыққан жоқ. Асан абыз ауылдың жаман шалы, ал Қобыланды басбұзар тентегі сияқты болып қалған. Екеуінің сөйлесуі де осы деңгейде… Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің!

Ол заманда ру басыларының абырой-беделі өте күшті болған. Қыпшақ руы Керей мен Жәнібектің соңына Қобыланды батырсыз ере қоюы неғайбыл. Ал рудың көсемі не айтса, соны қабыл алатын болған. Ендеше Қобыландының қыпшақ руын бастап келгені анық. Осының бәрі мүлде ашылмай қалған. Тарихи кино түсіргенде тарихи дара тұлғалардың көркем бейнесін тарихи шындыққа жақындатып беру керек қой! Қысқасы, сериалда тарихи шындықпен астасқан көркем шындық та, жүйе де, даму да, интрига да жоқ!

Сондай-ақ, жақында  Ақан Сатаев түсірген «Томирис» фильмін көрдім. Бірден айтайын, түк ұнаған жоқ. Біріншіден бастан-аяқ сылбыр түсірілген. Темп, ширақтық, шымырлық атымен жоқ. Көріп отырған адам жалығып кетеді. Бір-екі мәрте тұрып кеткім келді. Бірақ, аяғы қалай аяқталады екен деп әзер шыдап отырдым. Тіпті ішімді пыстырып, ұйқымды келтіріп жіберді. Тарихта болған оқиғаларды келсін-келмесін кезегімен құрғақ тізбектей берген. Соның өзі жасанды… Жасандылық көрініп қалады. Мәселен, қаншама батырды қырып кеткен қанды қол қарақшыны бір қыздың (қанша батыр болса да) жайратып салуы ақылға сыйымды ма? Немесе фильмнің аяғындағы сақ батырының Кирдің шатырына жетіп барып, онымен айқаса кеткен сәтте жүрегіне қанжар тыға салуы қаншалықты сенімді. Әй, ол анау-мынау емес, кезінде дүниені дүр сілкіндірген патша ғой! Қанша мықты батыр болса да, айқасып, жанталасып өлетін шығар. Мен сенбеймін, тіптен мүмкін емес. Керек десеңіз, күлкілі. Бұл ертегі емес қой! Екіншіден өте жұтаң түсірілген. Өзімізді-өзіміз жабайы ғып қойғанбыз. Басқа басқа, Томирис патшайымның өзіне жібі-түзу шатыр жасақтап бере алмағаннан соң несін айтасың! Патшайымға лайықты тұлпар табылмай қалған ба, мәстек мініп шауып жүр. Тіптен ұят, масқара.

Үшіншіден Томирис бастаған тарихи тұлғалардың ешқайсының өз бейнелерін көре алмадым. Бәрі де жансыз қуыршақ сияқты. Тек ойнау үшін ғана ойнап шыққандай көрінді. Өздері бейнесін сомдап жүрген тарихи тұлғалардың ойын, көңіл-күйін, жан толқыныстарын, ішкі сезімдерін жеткізе алған жоқ. Мүмкін өздері іштей қиналып тұрған шығар, бірақ сол қиналыстарын көрерменге, маған жеткізе алмады. Мәселен, күйеуі мен баласының өлімінен артық қандай қайғы-қасірет болуы мүмкін. Кинода теріс қарап жылаудың, қиналудың керегі жоқ. Дәл сол кездегі Томиристің көңіл-күйі жүзінен, мимикасынан, көзінен, қас-қабағынан, қимыл-қозғалысынан білінуі керек. Оны көрермен сезінуі керек. Яғни, артистерді дұрыс таңдай алмаған. Томиристің өзінен, бойынан, көзінен патшайымға тән ешқандай отты, жалынды, жігерді байқай алмадым. Сөз-сөйлемдерін де жаттап алып айтып тұрғаны көрініп-ақ тұр. Бәрінің сөз саптастары бірдей…

Кезекті бір халтура жасап шыққан. Тарихи көркем фильмді бұлай тым жеңіл түсіруге болмайды ғой! Деректі фильмнің деңгейіндегі ғана дүние. Көркем фильмге тән көркемдіктің бірі де жоқ.

Біздегі тарихи кинолардағы ортақ кемшілік адамның жан дүниесін ашуға, сезімі мен көңіл күйін жеткізуге жете мән берілмейді. Артистер емес, роботтар ойнап жүргендей сезімде қаласыз. Көбінесе сөздері мәнсіз-мағынасыз болып келеді. Хан-сұлтандар мен билердің өзі жайдақ, жадағай, сылдыр-сұйық,  тақ-тұқ сөйлейді. Шешенсіп сөйлеудің керегі жоқ, әрине, дегенмен ойлы, мәнді, мағыналы сөз-сөйлемдерге иек артса, көркем туындының маңызы артар еді ғой!

Бізге басқа емес, өзіміздің түрік ағайындардан көп нәрсе үйренуіміз керек. Тарихи фильмдер мен сериалдарды қалай жақсы түсіреді?! Мәселен, «Сұлтан Сүлеймен», «Көсем», «Әбдулхамид хан» сияқты сериалдарын алайықшы. Біріншіден, кинодраматургтері мен режиссерлері мықты. Атыс-шабыс, соғысқа көп иек артпайды. Оқиғаның өзін керемет талас-тартысқа, интригаға құрады, бірінен кейін бірі үздіксіз дами береді. «Енді не болар екен, енді не болар екен» деп, еліктіріп, ынтықтырып, өзі-ақ жетелеп отырады. Сән-салтанаты жарасқан сарайлары  мен киімдері қандай?.. Мен дәл сол кезде бүгінгідей аса сәнді киімдер киді деп ойламаймын. Бірақ, сондай жарасымды. Ең бастысы, артистері де көркем бейнелерді ғажап сомдайды. Ойындары керемет! Тамсанып, таңдай қағасың! Жан дүниелерін, сезімдері мен сол сәттегі көңіл күйлерін тамаша береді. Көріп отырып риза боласың! Ал сөздері қандай десеңізші! Мәнді-мағыналы, жаныңды тербеп, жүрегіңе жылы тиеді. Және соны әсерлі жеткізеді, сенімді ойнайды. Біздегідей жасандылық атымен жоқ. Бәрі нанымды, сенімді.

Бізге түрік ағайындардың деңгейіне жету үшін әлі біраз уақыт пен аянбай тер төгу керек! Ең алдымен кинодраматургтер дайындау керек. Режиссерлер де көп ізденулері керек. Артистерді де дұрыс таңдай білу керек! Меніңше бізде талантты артистер баршылық. Тек іріктеп алу жағы кемшін соғып жатады. Неге екені белгісіз, көбінесе талантсыз артистер, немесе тіпті артист еместер ойнап жүреді. Осыған қынжыласың, қарның ашады. Десе де, болашаққа сенемін! Қазақ киносының да өркен жаяр мезгілі де келер деген үкілі үмітім де жоқ емес!

Құдай сол күнге тезірек жеткізсе екен деп тілеймін!

 

Баубек Нөгербек,

кинотаншу, PhD докторы,

Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Өнертану» факультеті,

«Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті.

 

Тарихи фильм -тарихи ақиқатты сақтауды талап ететін күрделі жанр  

 

Тарихи фильм – көрермен сүйсіне көретін, кино өнерінің кеңінен тараған жанрларының бірі. Осы жанрдағы фильмдер арқылы көрермендер жалпы өткен заман жайында, халықтың тұрмысы мен болмысы туралы, не болмаса белгілі бір тарихи тұлғаның өміріне қатысты қызықты деректермен таныса алады. Кино өнерін идеологиялық құрал тұрғысынан қарастырсақ, тарихи жанрдағы фильмдер белгілі деңгейде саяси-насихаттық қызмет атқаратыны айқындалады. Тарихи фильм саясатпен ең тығыз байланысты жанр болып табылады. Кеңес заманында тіптен арнайы «тарихи-революциялық» деп аталатын тарихи жанрдың тармағы пайда болған. Бұл субжанр кеңестік идеологияның, атап айтқанда Ұлы Қазан революциясын, оның жеңісі мен жемісін дәріптеуші құралы еді.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алған соң тарихи фильмдерге бет бұруы заңды, табиғи құбылыс десек те болады. Себебі, бодандық тарихты қайта қарау, оны отаршылдық идеологияның үгіт-насихаттық бұрмалауынан тазалау, елдің шынайы тарихын жазу – әрбір дербес, егемен мемлекеттің мұраты. Осы тұрғыда «Томирис» фильмінің маңызы зор. Фильмде сақтарды прототүркі халық ретінде көрсетуі үлкен жетістік. Осы­ған дейін, әсіресе кеңестік заманда сақтарды «парсы тектес­ халық, көне парсы тілінде сөйлеген» деген пікірді ұрандадатын. Бұндай пікір әлі де бар, әсіресе Иранда, Ресейде. Алайда, түркітану ғылымының соңғы зерттеулеріне сәйкес сақтардың көне түркі немесе прототүркі халық болғанына дәлел көп. «Томирис» фильмі арқылы біз өзімізді тәуел­сіз ел ретінде танытып, Иранның ашық наразылығынан сескенбей сақтарды көне түркі тілінде сөйлеген, яғни біздің ата-бабамыз етіп көрсетіп, батыл­ қадамға баруымыз – үлкен іс.

Көркемдік жағынан кемшіліктері бар болғанымен, фильмнің мәдени, саяси, тарихи маңыздылығы зор және ол басым болып тұр. Жылдар өткен сайын «Томирис» фильмінің құндылығы артады. Себебі, бұл туынды түркология ғы­лы­мының же­тістік­тері­не арқа сүйе­ген тек қазақ қана емес, бүкіл түркі әлемінің көркемсуретті кино өндірісіндегі жүзеге асқан алғашқы ірі жоба болып табылады. Әрине, кемшіліксіз фильм болмайды. «Томирис» фильмінде бас кейіпкердің ересек кезінен гөрі балалық шағына өте көп көңіл бөлінген. Ал сақтардың темір өңдеуді білмегені, жебенің ұшын ағаштан ғана жасауы, темір өңдеу ісін Парсы елінен қашқып келген шеберден үйренуі – қисынға келмеді. Фильмде сақтардың бүкіл әлемге әйгілі, әсемдігі аңызға айналған зергерлік өнеріне – аң стилінде жасалған әшекей бұйымдарына, оларды өндіру технологиясына қажетті деңгейде көңіл бөлінбеген. Тек бірнеше эпизодта ғана сақтардың алтыннан жасалған зергерлік бұйымдарын үстірт көре аламыз. Сонымен қатар, көпшілік сахналарда, сақтар тұрған үйлердің интерьерлерінде, киген киімдерінде, Кир сарайының ішкі көрінісінде ауқымдылық жетпей қалған. Дегенмен де, бұл кемшіліктер фильмнің жалпы деңгейіне өрескел нұқсан келтірмеді. Оған дәләл қалың көрермен қауымның ықыласы: kino.kz сайтында фильмнің рейтингі 10 баллдан 8.7, IMDb сайтында 7.70, kinopoisk.ru сайтында 7.0 балл құрады.

Тарихи тақырыптағы фильмдерді түсіру өте қиын іс. Қиындық тек дайындық пен түсірілім кезеңдерінде ғана емес. Тарихи фильм экранға шыққан соң авторлар үшін ауыр кезең басталады. Себебі, кез келген тарихи фильмнің кемшіліктерін табатын көрермен қауым молынан табылады – «бұл тарихқа сәйкес келмейді», «ол кезде бұндай киім кимеген, бұндай жиһаз болмаған» деген пікірлер жиі естіледі. Сонымен қатар, бәлкім ең көп айтылатын уәж фильмдегі кейіпкерлер сөйлейтін тілге, яғни диалогтар мен монологтарға қатысты болады: «ол заманда былай сөйлемейтін», «бұл диалект сөздер», «тілі тым қарабайыр», «әдеби тіл, шешендік сөздер аз» деген сияқты пікірлер жан-жақтан айтылып та, жазылып та жатады. Тарихи фильмге сценарий жазған авторлар фильмдегі диалогтарды оқиға өткен дәуірге сай архаикалық мәнерде жазса, заманауи көрермен, әсіресе жастар қауымының басым көпшілігі кинотуындыны түсінбей қалады деп сескенеді, ал кейіпкерлер сөздердін жеңіл, қарапайым етсе, фильмнің көркемдік тұсына нұқсан келтіреді. Сол себепті олар орта жолды табуға тырысады, алайда, бұл іс әркез сәтті болмайды.

Тарихи жанрдағы фильмдерге қатысты тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – тарихи-биографиялық фильмдердегі бас кейіпкердің өмірі, оқиғаға арқау болған тарихи тұлғаның шын өмірінен әлдеқайда алшақ болуы. Кейбір фильмдерде тарихи фактілерден гөрі көркемдік әсірелеу басым болады, яғни сценарий авторларының ойынан шығарылған сахналар шынайы деректерден біршама асып кетеді. Мысалы «Көшпенділер», «Әміре» фильмдері. Осы орайда бұл екі фильмді Абылай хан және Әміре Қашаубаевтың өмірін экрандайтын тарихи-биографиялық фильмдер деп айту қиын. Бұл фильмдерді тарихи деректердің желісімен, ұлы тұлғалардың өмірін еркін пайымдаған фильмер деген жөн. Оларды тарихи фильмге жатқызуға болады, себебі дәуірдің тарихы көрсетіледі, алайда «тарихи-биографиялық фильм» деп атау күмән туғызады.

Тарихи фильмдердің сәтті шығуына диалогтардың заман лексикасына сәйкес келмеуі, актерлік ойындағы кемшіліктер, компьютерлік графика сапасының төмендігінен бұрын монтаждаудың салдарында жатыр. Монтаждау кезінде көптеген эпизодтар кесіліп, сюжет желісінің жүйесі бұзылады: қосалқы кейіпкерлер кенеттен жоғалып кетеді, оқиға тізбегі аяқталмай қалады, кейіпкерлердің әрекеттері, мотив пен қақтығыс түсініксіз болып көрінеді. Тарихи фильмдер түсіретін авторлар материалдың көптігінен қиналады, барлығын қамтығысы келіп, хронометраждан едәуір артық материал түсіреді. Кейін монтажда әбігерге салынып, жоғарыда айтылған қателіктерге амалсыз барады. Демек, монтаж ісіне үлкен жауапкершілікпен мұқият қарау керек.

Қорытындылай келе айтарым, тарихи фильм – әркімнің қолынан келе бермейтін, авторлардан ерен еңбекқорлықты, хас табандылықты, зор шыдамдылықты және ең бастысы тарихи ақиқатты сақтауды талап ететін күрделі жанр.

Күлтегін БЕК