Қазақ тарихы саясаттың құрбандығына шалынды ма?

125

Мұнай  бағасы  құлап,  экономика  дағдарған,  індет кәріне еніп,   ашпыны  қуырған,  халық үрейге  бой  алдырып,  алаң  көңілмен  отырған кезде тарих жайлы  сөз қозғау  қаншалықты  қажет дер  біреулер. Бір  қарасаң,  солай. Бүгінгі  өзекті мәселені тілге  тиек еткен әлдеқайда  өтімді.  Оқылымды. Бірақ бәрі  өткінші. Тәжтажал деген  атпен  жаһанға жайылған  бұл індеттің де емі табылар. Ошағы бітелер. Өйткені адамзат тарихында осындай түрлі  індеттен жүз мыңдап, миллиондаған  жан  баласы  қырылып  қалған, тас-түнек  ғасырлар  болған. Бірақ  бәрі өтті-кетті. Халық  қалды. Бұл да солай.  Демек, алаш  баласының  тарихы жөнінде сөз  қозғау  қашанда,  қай кезде  де  артықтық  етпейді. Өйткені  қазақ барда,  оның  ата  тарихы  бар.  Тарих  өткінші  дүние емес. Ұлтпен,  халықпен  бірге жасайды. Демек, біз  өз  жанымыздан тарих  жөнінде  бір ауыз  сөз  айтуға  құқылымыз.

        Атам қазақтың  өткен  өмірі, тарихы  жайында  сөз  қозғалған  жерде, біз есе сөйлейтін, көпіре, өсіре сөйлейтін  ұлттың  біріміз. Бірер  жылдың  ар жақ, бер жағында  тойланған  қазақ  хандығының  550 жылдығы  не тәйірі?  Біз құлашты тым ары  сілтейміз. Ата  тарихты сонау скиф-сақтардан,  одан  қалса, ғұндардан таратамыз.  Сондайда, тек  қазаққа ғана емес,  мұқым  түркі әлеміне ортақ,  көк  түріктің  күнше  күркіреген  қаған-оғыландары Бумын, Білге, Естеміс, Күлтегіндер  батыр  бабаларымыздай,  Шыңғысхан  жақын атамыздай  болып кететіні  бар.  Ұлы далада  туып,  өсіп-өнген, жаһан тарихының жадында есім-сойлары  сақталып  қалған  ұлы рухтарды  өзімізге жақын  тарту, солардың  ұрпағымыз  деу дұрыс та  болар. Бойда жігер, күш, рух  еселеп өсері  хақ.  Алайда,  кешегі  сайыпқыран Қабанбай, Бөгенбайларды, от ауызды,  орақ  тілді  Қазыбек, Төле, Әйтеке  билерді  былай ысырып  қойып, ауыл арасында барымтамен айналысқан  ұры-қары,  тентектерді батыр, екі адамға басу айтуға өресі жеткендерді би  деп, ұрандатып,  жер-су аттарын беретін дарақылығымыз  тағы  бар.   Кейде  деймін, қазақ  баласының екеуінің  бірі  көзсіз  ер  болып келсе,  кешегі  «ақтабан  шұбырынды»  неден  болды,  солтүстіктен келген көк көз  көршіміз  сұраусыз,  рұқсатсыз  баса көктеп еніп, қазақ  жеріне қамал-қалаларды  қалай  салды, талай  ғасырға   кеткен  үстемдігін  қалай жүргізді, деген ойға еріксіз қаласың.  Сұрақ  көп. Бірақ  оған  жауап іздеуден  гөрі,  «біз батыр  болғанбыз,  біз дана  болғанбыз»,  деген бөспеліктен арыға  бара  алмай  жатырмыз.

Жә, қоялық.  Бұл  басқа  тақырып,  басқа  әңгіме. Айтпағымызда  басқа еді.  Қазақ  (дұрысырағы  БИЛІК)   неге өз  тарихынан жерінді  деген  мәселе. Міне біраз  жылдың  жүзі  болды жоғарғы  оқу  орындарында  қазақ  тарихын  оқыту тоқтатылғалы.  Неге?  Көне сақ-ғұн, көк  түріктер  тарихы  жөнінде  айтпағанның  өзінде, алаш баласының  жүріп  өткен  бұралаң  жолы,  Қазақ хандығының бүгінгі ұрпаққа  керек  болмай  қалғаны  ма?  Өркениеттің көшін  бастаған  жұрт өткен тарихын  тек қағаз бетінде  ғана  сақтамай, кино түріне  көшіріп, жаңа  буын,  жас  ұрпақтың жадына құйып жатқанда, біз бар тарихымыздан жерініп, оқытудан  бас тартып  отырмыз. Мұны  қалай  түсінуге  болады?  Әлде  бұл  жерде  де,  өзінен  бұрынғы  болғанды  тәрк  ететін  байырғы  Рим  императорлары айтқандай  «тарих  менен  басталады»  деген, жымысқы   саясат  жатыр ма? Бәлкім солайда  шығар. Өйткені  2005 жылы «Қазақстанның, қазақтардың ешқашан шекарасы болмаған. Қазіргі кезектегі шекараларда мемлекеттіліктің белгісі ешқашан болмаған» деген  әңгіме шыққан, 2011 жылы  сол әңгіме қайта көтеріліп,  «Еш уақытта қазақ… қазақ мемлекеті болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ. Тұңғыш рет қазақтың шекарасын шегелеп, БҰҰ-ға жеткіздік… Ешқашан қазақ өзі таңдап өз астанасын салған жоқ…»  деп деп жалғасын тапқан-ды. Ал, Ресей президенті Владимир Путин бүкілресейлік «Селигер-2014» жастар форумы кезінде студенттердің Қазақстан жайлы сауалына: «Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған», деп салды.  Міне, әңгіменің  түп-төркіні  қайда жатыр. Демек, қазақтың  бұрынғы тарихын  кері  ысырып  қойып, Жоғарғы  оқу  орындарында заманауи дәуірді  ғана оқыту  осы кезден бастау алған секілді. Президенттің  көзіне  түсу  үшін, жағымпаздар   қазақтың  тарихын  құрбандыққа  шалып  жібергендей.  Әрине, Елбасы Назарбаевтың  тәуелсіз  мемлекеттің  қабырғасын қалағанын, әлемге танытқанын,  шекарасын  шегендегенін  ешкім  жоққа  шығармайды. Бұл  даусыз  дүние. Бірақ «Өткенді бағаламасаң, келешек сені құрметтемейді»  дегенді қайда  қоямыз. Иісі қазақтың  тарихы,  мемлекеттігі  1991 жылдан басталмайтыны  ақиқат. Мұнсыз да қазақ  тарихы талай теперіш көрді емес пе? Бірде тарихшы  Мәмбет Қойгелдінің  былай  дегені  бар:  «Қазақстан тарихы Москвада  төрт рет талқыға түсіпті. Бірде-бір республиканың  тарихы мұндай талқыға түскен емес. Талқыға түскен  Қазақстан тарихы ғана. Ең алғаш рет  Алматыда Голощекиннің тапсырысы бойынша  дайындалған бір кітап болған. Ол Брайнин мен Шапироның  Алаш тарихына қатысты жазған кітабы. Сол кітап үлкен талқыға түсті. Кейінірек, 1944 жылы «История Казахский  СССР » атты  жинақ талқыға түсті. Бұл жинақ   – Ресей  авторлары мен қазақ ғылымдарының бірігіп жазған алғашқы жинағы. Бұл кітапты талқылауға басшылық жасаған сол кездегі  Орталық комитеттің  хатшылары Щербаков, Молотов болатын. Әрине, оның арғы жағында Сталин отыр. Сол талқылау барысында бір сөз айтылды. «Соншалықты талқыға салатындай бұл қандай таңдаулы халық?», – деді. Избранный народ – әлем тарихында біреу.  Бұдан кейін Бекмахановтың монографиясы талқыға түсті. Оны  Ғылым академиясының тарих институты  талқылады.Одан кейін, Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сы 1976  жылы талқыға түсті. Мұны тарих бөлімі мен филология бөлімі бірігіп талқылады. Осылайша, қазақ тарихы төрт рет талқыға  түсті . Бұл жай талқы емес. Бұл дегеніміз – ұлт тарихына жасалған шабуыл. Ұлт тарихына бағыт-бағдар беру деген сөз. Соған мәжбүрлеу деген сөз. Біздің тарихымыз жеңілген тарих. Мұны мойындауға тиіспіз. Кезінде осындай халде, осындай жағдайда  жазылған тарихты қайта қарау, қайта қорыту қажет».

Бұл  Кеңес  дәуірінде  болған  жағдай. Ал,  тәуелсіздік кезінде  ата  тарихымызға  өгейсіне қарайтындай  не  болды  бізге? Бір  белгілі  нәрсе, қазір еліміздегі  жоғарғы  оқу  орындарында  қазақ  тарихы  оқылмайтындығы.  Қазіргі  заман  тарихы  деген оқулық   бар. Ол арғы  емес,  бергі  тарихты, яғни  тәуелсіздіктен басталатын жылнаманы жырлайтыны   белгілі. Дегенмен   біздің   белді  тарихшыларымыз  бұл  мәселеге араласып,  айтысты,  тартысты. Жоғарғы  оқу  орнындағы  студенттер   қазақ тарихын  оқығаны,  білгені  дұрыс деді. Тарихын  біліп, қадірлеп өскен  жас өркен ертең елін, жерін сүйетін мемлекетшіл,  патриот  болып өседі  десті. Бірақ  өз  тарихына өрден  қараған, билікті иліктре алмады. «Баяғы жартас,  сол  жартас» күйінде  қалды.

Мәмбет  Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик:
– Жақында Қазақстан білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алматыда  бір  топ  тарихшымен кездесті. Тұшымды  әңгіме  болды. Дәл  осы  жиында  мен  Жоғарғы  оқу  орындарында  қазақ  тарихын қайтадан  оқыту керектігін    айттым. Рас, бұған  дейінде  бұл  мәселе   сан  мәрте  қозғалған. Сонда   министрліктің айтатын уәжі, «бұл  тарих  мектеп  қабырғасында  оқытылады. Жоғарғы  оқу  орнында  соны  тағы  қайталаймыз.  Бұл  қажет пе?»,  деген секілді  болып келетін. Осы  кездесуде  мен, «солай  ойлайтын  болсаңыздар,  комиссия  құрып, оқу  бағдарламасына  өзгерту енгізейік. Өйткені  мектеп  қабырғасындағы баламен  студент баланы  салыстыруға келмейді. Екеуі  екі түрлі  түсінікпен қабылдайды.  Жоғарғы  оқу  орнында  тарих  кең  түрде  талданып, оқытылады. Өз елінің тархын білмей,  оқымай  өскен  бала ертең сол мемлекеттің нағыз патриоты  бола қояды  деп айта алмаймын»,  деген  едім. Министр айтқанымды  қолдады. Алдағы уақытта  бір жылы хабар  болатын  шығар деген  үміттемін.

Талас  Омарбеков,  ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор:

«Өткен  тарихты оқытпай, бүгінгі кезеңді ғана қамту дұрыс емес.  Мен мұны  «қазақ  тарихы Жоғарғы  оқу  орындарында  оқытылмайды»,  деген кезде  талай айтқанмын.

«Қазақтың  жүріп  өткен  жолы,  тарихы кейінге  ысырылып, тек Назарбаевтың  жетістіктерін оқыту  саяси тарихқа  айналады.  Яғни саясаттану  пәні  болып кетеді»,  дегенмін. Айтыс  болды,  тартыс болды. Сол  тұста министрліктен  «Жаңа оқу  бағдарламасын  дайындаңдар»,  деген  хат келді. Мен «Алтын  орда  тұсынан бастайық»,  деп  табандап  тұрып алғынммен, оным  өтпеді. Әрең дегенде,  тарихты 1991  жылдан емес,  ХХ  ғасырдың  басынан  бері  қамтитын  «Қазақтанның  қазіргі  заман тарихы»,  деген  оқулық  дүниеге келді. Осығанда  шүкршілік еттік.   Қазір  бұл  оқулық  еліміздегі  барлық  Жоғарғы  оқу  орындарында оқытылады.  Бір абсурдты жағдай,  қазіргі  билік  Алтын  орда,  Жошы  хан  жайында айтады.  Сонау  әл-Фарабиді  еске алады.  Көк  түріктер заманын   дәріптегісі келеді. Тойлау керек  дейді.  Сүйте  тұра, адамзат жылнамасында  ойып  тұрып  орын алған, қазақтың түп тарихы  болатын   ұлы қағанаттар, Алтын  орда ,  қала берді,  Қазақ хандығы жөнінде  оқытқысы келмейді. Бұған не дейсіз, енді!?  Осыны айтсаң, жоғарыдағылардың айтатыны: « ежелгі  және орта ғасыр  тарихы 5 – 6  сыныптарды  оқытылады  ғой»,  дегенге саяды. Бұл аз. Неге  десең, мектепте тарих кең, іргелі  түрде оқытылмайды.  Демек, қазақ  тарихы  кең  түрде Жоғарғы  оқу орындарында қайтадан оқытылуы тиіс деп  ойлаймын».

Күлтегін БЕК