Рейхстагқа ту тіккен кім?

237

КСРО халқы «Ұлы  Отан соғысы»,  әлем халқы «Екінші  Дүниежүзілік  соғыс»  деп атаған фашистік  Германиямен арада  болған  қанды  қасап  құпиялары    арада  74 жыл  өтсе де  толықтай  ашыла  қойған  жоқ. Оның  түрлі  себепері  бар…Өйткені   соғыс  тұсында  жауынгерлерді  һәм  Кеңес  елін жұмылған жұдырықтай  етіп,  бір мақсатқа ұйытып, намысын  қайрап,  рухын  көтеру  үшін  жалған батырлар ойлап  табылды. Бір  жағынан  қарағанда бұл  да  дұрыс. Өйткені  халықтың жігерін  қайрау  керек. Бір ақиқат дүние, соғыстың күтпеген жерден басталғаны – өтірік екені. Шындығында, КСРО соғысқа даяр тұрды. Тіпті соғысты Үшінші Рейх емес, Кеңестік ел бастауға ұмтылғаны жөнінде нақты дерек жеткілікті. Сол деректерге үңілетін болсақ, немістер ағылшындармен (бұған дейін Гитлер жарты Еуропаны өзіне қаратып үлгерген еді) басы қатып жатқанда, Мәскеу гитлерлік Германияны қиратудың амалын қарастырып, сұңғыла жоспар құрып үлгерді. Ресей Қорғаныс  министрлігі  мұрағатында 1941 жылғы қорғаныс халық комиссары С. Тимошенко мен Бас штаб басшысы Г. Жуков және А.Васильевскийдің бірігіп Сталинге осындай жобамен шыққанын растайтын хат әлі күнге сақтаулы. Онда «Алдағы міндет – мамыр айында Вермахтың алдын алып (немістер 22 маусымда соғыс ашқаны белгілі), неміс әскерлерін Польша жерінде, Висла өзені мен Краков маңында талқандау керек» деп көрсетіледі.

Қызыл әскер бұған біршама жақсы даярлықтар жасады. Шабуыл жасау үшін Батыс шекараға ірі әскери техника мен жүздеген дивизияны шоғырландырды. Тіпті Германияға шабуыл жасау 12 маусымға белгіленді (бірақ бұл алдын ала соққы беру жоспары Сталиннің табансыздығының арқасында іске аспай қалды). 13 маусым күні Батыста шоғырланған барлық әскери бөлімдерге «Кез келген уақытта Еуропаны азат етуге даяр тұрыңдар!» деген бұйрық та беріліп үлгерді. Бұл ащы шындыққа ешкім қарсы дау айта қоймас. Тіпті Германияны басып алу үшін ірі әскери құрамдар мен техниканы да батыс шекараға топтастырды.

1941 жылдың 22 маусымында Қызыл әскердің қолында 25 мың танк болды. Оның 14 мыңы Батыс шекарада тұрды. Ал әскери жағдайға кірісіп кетуге дайын тұрған 19 мың әскери ұшақтың 11 мыңы Батыста еді. Ал немістер КСРО-ға қарсы небәрі 4 846 ұшақ пайдаланды. Қызыл әскерде 60 мың миномет пен өзге де зеңбіректер болса, немістерде ол құралдардың саны 43 мыңды ғана құрады. Батыс шекарада тұрған Кеңес әскерінің саны 2 миллион 719 мың болса, Вермах әскері 2,5 миллион еді. Ал 22 маусымға қарсы Кеңес елі тағы да 77 дивизияны Батыс шекараға жақындатты. Қысқасы, соғыс басталар күннің қарсаңында Батыс аймақта тұрған Қызыл әскердің қолы 4,3 миллион, сонымен қатар 59787 зеңбірек және 15 687 танкпен жарақтанды. Бұл кезде Вермах әскерінің Шығыс майданында 3650 танк бар еді. Тіпті оған 86 фин, 60 румын және 160 венгр танксін қосқанның өзінде немістер Кеңес әскерінің санына да, техникасына да жете алмады. Қысқасы, 166 неміс дивизиясына 190 кеңестік дивизия қарсы тұрды. Сонымен қатар, 800 мың резерв әскерге шақырылып, Батыстағы шекара дивизияларын толықтыруға жіберілді. Солай бола  тұрса да  кеңестік  идеология «Германия  кенеттен  тап  берді, қапы  қалдық»  деген   жалған мәлімет  таратумен  болды.   Енді  жалған  ерліктерге келелік.

Севастополь  түбіндегі  теңізшілердің  қалай  соғысқандығы,  Александр  Матросовтың  ерлігі  де  жалған екендігі,   ұшақпен  жау  колоннасына  таран жасаған  ұшқыш  Гастеллоның  ерлігін  ол  емес,  өзге  бір ұшқыш  жасағандығы  т.т  сол  секілді     кеңес  елінің  рухын  көтеретін  дүниелер  көптеп  ойлап  табылды. Әрине  бұл  өз  кезегінде жемісін  берді  де. Қаншама  адам  сол  «батырлардың  ерлігін»  қайталауға  тырысты… Бұл солай-ақ болсын.  Мәскеу  бұл  соғысты «Отан  соғысы»  деп кеңес  кеңістігінде  тұратын  ұлттарға  ортақ    деп атаса да орыстық,  шовинистік  пиғылы   сол тұста  да тоқталған жоқ. Өзге  ұлт  өкілдері  жанқиярлық  ерлік   көрсетіп,  ортақ  отан  үшін  жанын  құрбан етіп  жатса  да  заты  орыс  болмаған  соң,  көптеген  ерлік жасаушылар  елеусіз  қалды. Кремль  нәсілшілдікке  бөлінгенде  алдыға жан  салмады. Өзгесін  былай  қойғанда, иісі  қазақтың  үш  нарқасқа  ұлына әділетсіздік   жасағаны  баршаға аян. Ол – Мәскеуді  қорғаған Панфилов  дивизиясының  бір  полкін  басқарған Бауыржан Момышұлы, ол – жау  тылында партизан   отрядына  жетекшілік  еткен  Қасым  Қайсенов,  ол – Берлинде  Рейхстагқа  Жеңіс  туын  алғаш  болып  тіккен Рахымжан  Қошқарбаев.  Өз уақытында Мәскеу оларды  «Кеңес  елінің  батыры»  деп  марапаттап,  кеуделеріне  алтын  жұлдыз тақпаса да,  қазақ халқы  оларды  батыр  деп таныды.  Өнеге  етті. Тәуелсіздік  алған  соң  елдің  ең жоғарғы  наградасына    ұсынды. Бұл жеке  әңгіме. Айтпағымыз Рақымжан Қошқарбаев  жөнінде. Онда да  жақында Ресейлік  «Свободная  пресса»  басылымында жарық  көрген «Ту  тіккен  кім?»  деген мақаланы оқыған  соң,  көкейдегі  ойды сыртқа  шығарғымыз  келген.  

Мақала  1945 жылдың  30  сәуір  күні  алғаш  болып Рейхстагқа ту  тіккендер жайында. Рас,  Мәскеу   фашист  ұясы  Рейхстагқа  бірінші  болып  ту  тіккендер  орыс Егоров  пен грузин Кантарияны   айтып,  дәріптеп  келді. Олар сол  ерлігі  үшін  Кеңес  Одағының батыры атанды. «Бірақ  шындық  олай  емес  еді  ғой»  дейді  мақала авторы. Шындығында   30  сәуір  күні  түстен кейін  Рейхстагқа 150  Идрицк атқыштар атқыштар  дивизиясының барлаушылары сағат 15-те жеңіс жалауын қадады.  Ал Егоров  пен  Кантария  1  мамыр күні   туды Рейхстагқа  тікті. Онда  да олар сол  маңда қырғын  бәсеңсіген тұста, қарулы автоматшылардың  қолдауымен тікті деседі.  

Алғаш  Рейхстагқа  шабуыл  басталған  тұста (30  сәуір)  аталмыш екеуі жаңбырша  жауған  оқтан шегініп жүріп, туды  жоғалтып алған көрінеді. Бірақ  ертесін Жоғарыдан қайта  пәрмен  берілген соң,  ту тігілген…    «Свободная  пресса»  басылымындағы мақала шын  мәнісінде  ту  тіккендер  лейтенант Сорокин  мен Гриша Булатов дегенді  келтіреді. Ал  сол Булатовтың  жанында  болған, соның  иығына  шығып  туды  биікке  ілген Рақымжан Қошқарбаев  жөнінде  бір ауыз  сөз жоқ. Ол  сол  ту  тіккендердің  қатырында  болмағандай. Ал ақиқатын айтар  болсақ,  туды қызыл  әскер Булатов пен лейтенант  Қошқарбаев  тіккен. Бұл нақтыланған  дүние.

Арада    соғыс біткеніне  ұзақ жылдар  өтсе де шовинистік көзқарас өзгермеген  секілді. Бір  мысал. Соғыс ардагерi марқұм Зекен Темiрғалиев 1962 жылы Ялтада дем алған екен. Шипажайдың мәдени қызметкерлерi оларды Ставропольға алып барып, соғыс мұражайымен таныстырады. Мұражай қызметкерi Рейхстагқа ту тiккен Егоров пен Кантария деп екеуiнiң суреттерiн көрсетiп жатқанда топ iшiнен оралдық Тәшкенбаев деген ардагер орнынан тұрып: «Бұл мәлiмет қате. Егоров пен Кантариядан бұрын туды Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатов тiккен. Сол кезде мен 150-шi дивизияның байланыс бөлiмiнiң бастығы едiм. Дивизия командирi генерал Шаталов 30 мамырда І Белорус майданының қолбасшысы Жуковқа Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатовтың Рейхстаг қабырғасына ту тiккенiн хабарлады. Жуков қатты ашуланды: «Неге қайдағы бiр азиаттарға ту тiккiздiң? Ертең қалайда бiр орыс пен бiр грузин Рейхстагқа қайта ту тiгетiн болсын», – деп бұйрық бергенiн өз құлағыммен естiдiм. 1 мамырда фашистер аса күштi қарсылық көрсетпедi. Өйткенi, капитуляцияға келiсуге көнген едi. Сол күнi Егоров пен Кантария көп қиындықсыз Рейхстаг үстiне ту тiктi. Қысқасы, оларға сондай мүмкiндiк қолдан жасалынды», – дедi (Түркістан. Көлбай Адырбекұлы .  «Шындық қап түбiнде жатпайды» мақала.) Ащы  шындық  осы  болатын. Бұл  енді  қызыл  империя  кезіндегі  нәсілшілдікке  бөліну  саясаты  болатын. Ал бүгінгіге  не  жорық?  Орыстар әлі  де жау  ұясын  талқандай  отырып,  Рейхстагқа  Жеңіс  туын  желбіреткен қазақ екенін айтқысы  келмей  ме? Мейлі  ғой,  өзге  жұрт не  десе  о  десін, қалай жазғысы  келсе,  солай  жазсын бәрбір  біз үшін Рақымжан  Қошқарбаев   Берлинге  бірінші  ту  тіккен  адам  болып  қала  береді. Сол  үшін  ол кісінің  рухына  тағызым етеміз. Батыр  деп санаймыз. Мәскеу  бермеген  батырлық атақты, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1999 жылы 7 мамырда  Рақымжан Қошқарбаевқа еліміздің ең жоғары наградасы «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қояды. Ал Қошқарбаев  пен  бірге  ту  тіккен қызыл  әскер Гриша  Булатовтың  тағдыры ауыр. Соғыс  біткен  соң, ол  әділдікті  орнату  үшін  біраз   жүгірген. Тіпті Брежневке  дейін хат  жазған  көрінеді. Бірақ ЦК  басшысы «Соғыс  болса  өтіп кетті.  Енді  оған  қайтып  оралудың  жөні  жоқ»  деп қоя  салған  көрінеді. Булатовтан  қалайда  құтылу  үшін оны  қыз  зорлады  деп  түрмеге  тыққан.  Бірақ  оны  темір  тордың  ар жағындағылар «Батыр  келді»  деп  қарсы  алса керек.

Демек, зектерде  оның  батыр екенін  мойындаған. Түрмеден  босаған  соң,  әділдікті  қайта  қалпына  келтіре  алмаған  Булатов ішкілікке  салынып,  ақыры 1973 жылы сәуірде асылып өлген.