Сөзді кім түзейді: заң ба, таяқ па?

203

  Қазақстандықтар 30 жылда мемлекеттік тілді үйрене алмай-ақ қойды

      …Жаңа президент келді. Келді де, қазақ тілі туралы жақсы сөздер, ой-пікірлер айта бастады. Шындығын айтқанда, бұрынғы басшымыз да мұндай сөздің талайын айтып, бізді анда-санда бір марқайтып тастайтын («15 жылда аюға да тіл үйретуге болады ғой», «Жүз қазақ отырған жерде бес орыс отырса, біз орысша сөйлейміз. Біз сорлы халықпыз ғой», «Үкімет пен парламент қазақша сөйлесін» т.т.). Әрине, көңіл толып  отырғанға не жетсін, бірақ осы «жағымды пікірлерден» де шаршаған сияқтымыз. Олардың сөзінен қазақ тілінің жағдайы дұрысталғанын, республикадағы тілдік жағдайдың позитивті өзгергенін көріп тұрған жоқпын. Бәрінің «бісмілләсі» «қазақ тілінің жағдайы сын көтермейтін деңгейге жетті» де, аяғы «асықпайық, тіл мәселесін саясатқа айналдырмайық, орыстілділерді де ескерейік, өзбектерден үлгі алайық» т.т. болып бітеді. Бір қарағанда бәрі де дұрыс. Тек ішінде өтіріктері болмаса… Осы уақытқа дейін орыстілді ұйымдардан басқа, тіл мәселесін саясатқа айналдырып жатқан ешкімді көрмедім. (Былтыр Әміржан Қосанов қана «Отыз жылда қазақ тілін үйренбегендер маған дауыстарын бермей-ақ қойсын» деп, барлық сайлауалды үгіт материалдарын тек қазақ тілінде шығарып таратты. Мүмкін, қазақ тілін «саясатқа араластыру» дерегі осы ғана шығар). Біз, қазақтілділер, «дүкенде, емханада, билет кассаларында т.б. орындарда қазақша сөйлеуге бола ма?» дегеннен аса алмай отырмыз. Біз әлі де асхана, тойханалардағы «Ас мәзірін» қазақша жазса азамат соғысы болып кете ме» деп жалтақтап отырмыз. Қысқасы, біз, қазақтілділер, осы елдің азаматы ретінде, тұтынушы ретінде мемлекеттік тілде ақпарат алуға, қызмет көрсетуді талап етуге бола ма деген сұраққа жауап таба алмай отырмыз.

      Меніңше, әр қызмет иесі өзінің құзырет деңгейінде, өз міндетіне сай жұмыс істегенде ғана қоғамда оң өзгерістер болады. Журналистердің міндеті – қоғамдағы мәселені шыңғырта жазу, жеткізу; саясаттанушылардың, әлеуметтанушылардың міндеті – сол мәселені жан-жақты сараптау, талдау; қоғам қайраткерлері мен белсенділердің міндеті – сол мәселенің төңірегінде пікір таластырып, дұрысы мен бұрысын анықтау. Ал президенттің міндеті –  өзінің қазақ тіліне деген көзқарасын айту емес, сол мәселені шешетін шешім қабылдап, жарлық шығару. Заң шығару – парламенттің міндеті, бірақ парламент депутаттары да президентіміз сияқты өздерінің тілге деген жақсы көзқарастарын айтып, мемлекеттік тілдің бүгіні мен болашағына деген алаңдаушылығын білдіруден аса алмай отыр. Кейде «құдай үшін, ең болмаса біреулерің нақты іс-әрекет жасаңыздаршы» деп айқайлағың келеді. Конституцияға қараңыздар, біз құқықтық мемлекетпіз. Бізде барлығы сөз арқылы емес, тек заң арқылы шешіледі. Ал заң шығару – сіздердің міндеттеріңіз. Мүмкін, заң дайындауға өрелеріңіз жетпейтін шығар деп, осыдан 10 жыл бұрын «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын да дайындап бердік. Ешқандай қозғалыс жоқ. Сондықтан жақсы сөздерді жиып қойып, демографиялық ахуалды, басшылардың қолдауын, халықтың түсінік-деңгейінің көтерілуін ескере отырып, нақты мәселелерді шешуге көшейік.

                                                      ***

       Ал «неден бастау керек» деген классикалық сұраққа сөздерімізді дұрыстаудан бастауға кеңес берер едім. Қазақ тілінің нормалары (заңдарына) мен ұлттық салт-дәстүрімізге, мемлекетіміздің құрылымына (унитарлы)  сүйене отырып, осы кезеңге дейін қазақ тілінің заңдарын бұза отырып қолданылып жүрген сөздерімізді түзеп жазуға көшу керек. Ең болмаса қазақтың сөзін, сол сөзді қолдану дәстүрін сақтап қалу қолымыздан келетін шығар. Бұл жерде де ақылдасатын, ой бөлісетін, бірауыздан шешім қабылдайтын мәселелер жеткілікті. Мен өзімнің дұрыс деп тапқан және тіл заңына сүйене отырып, тез арада өзгерту керек деп есептейтін бірнеше мәселені назарларыңызға ұсынғым келеді.

  1. Қазір Қазақ еліндегі ономастика – жер-су аттарын, елді мекендер мен көше атауларын т.т. ауыстыру мәселесі қызу жүргізіліп жатыр. Қолдаумен қатар, түсінбеушілік те, дау-дамай да, қырсықтық пен қарсылық та жеткілікті. Жоғарыдан берілетін «шулатпай жасаңдар» бұйрығын кей жағдайда жүзеге асыру мүмкін емес. Қазақстан қоғамы тілдік белгісі арқылы екіге жарылып жатса, жергілікті жерде, алақандай ауылдарда елді мекеннің аты үшін бөлініске түсіп, бөлшектеніп жатқандар да кездеседі. Осы жерде құқықтық мемлекет есебінде заңдылыққа сүйену, заң арқылы дәлелдеу тәсілін қолдану жоқтың қасы. Керек десеңіз, «идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар» деген сөз тіркесін пайдаланғанда, «оның ішіне кімдер кіреді, оны кім шешті?» дегенде, «президент аппаратының бір хатында сондай сөздер бар» дегеннен аса алмай, тосылып қаламыз. Меніңше, парламент осы мәселеге нүкте қойып, ең болмаса анықтамасын заңдастырып берсе, ономастикамен тікелей айналысатын жергілікті атқарушы билікке үлкен көмек берер еді. Олар шуылдақ шовинистерге «бұл – мемлекеттің заңы, ұнамаса Ақ үйдің алдына барып жиын өткізіңдер, мен орындаушы ғанамын» дер еді.Ұсыныс: парламент «идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларға» кіретін атаулардың тізімін бекітіп, заң түрінде қабылдауы керек немесе осы сөз тіркесінің анықтамасын заңға енгізу қажет.
  2. Көптеген қазақ сөздері әуелі орысшаланып, кейін қайта қазақшаланып, адам танымас күйге түскен. Мен өзім кездесу өткізіп, куәсі болған бір облыстағы атауды мысалға алайын. Батыс Қазақстан облысында «Бөрлі» деген аудан атауы бар. Осыдан үш-төрт жыл бұрын кездесу өткізгенімізде бұл сөздің қате екенін айтып, дәлелдеп, тез арада ауыстыру қажеттігін ескерткенмін. Басшысы да, тұрғындар да түсініп, дұрыс деп тарасқан. Былтыр барғанымда әлгі атаудың өзгермей тұрғанын көріп, ренішімді жеткіздім. (Кезінде «Бөрілі» деген топонимика атауы ауданның аты болған да, оны орысшалағанда «Борлинский» деген атау пайда болған. 90-жылдары аудан аты қазақшаланғанда бұрынғы  атауды қайтармай, орысша нұсқасынан «Бөрлі» деген ақымақ атау пайда болған). Бұл келеңсіз мәселеден бір емес, екі ұсыныс туып отыр. Біріншісі – қазақ тіліндегі сөз (атау) басқа тілде де сол қалпында берілуі шарт. Айтылуында талас жоқ, әр ұлт, керек десеңіз, әрбір адам өзінің сөйлеу аппаратының мүмкіндігіне қарай әртүрлі айта берсін. Біз де Федорды «Шодыр» (М.Әуезовтің «Абай жолында»), Григорийді – «Күркерей»  (С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үйінде»), Москваны «Мәскеу» деп атай береміз, бірақ ол сөздің ресми тұрғыдан бұзылып жазылуына заң жол бермеу керек. Біздің бұл құбылысқа етіміздің үйреніп кеткені соншалық –    қазақ сөздерін орысша жазудың заңдылықтарын дайындаймыз, сөздіктер жасаймыз.

       Осындай қате атауларды бюрократтық қоғамда қалпына келтіру ең қиын, кейде нәтиже бермейтін жұмыс. Жергілікті ономастика комиссияларының шешімдері республикалық бес министрліктің алдынан өтіп, қолдауын алуы керек. Кейде осы шешімдерді алып астанаға барған облыстық тіл басқармасының өкілдері апталап, айлап жатып, ештеңе бітірмей келетінін де естідік. Ұсыныс: қазақ тіліндегі өзгеріске түскен атауларды дұрыстау, тіл нормаларына сай жазу мәселесі Тіл білімі институтына берілуі керек және ономастика мәселесіндегі қажетсіз бюрократияны толық жою керек. Сонда ғана Бөрілі, Дария (қазір Даринск) т.б. атаулар бес күнде орнына келеді.

  1. Тағы бір ерекше мән беретін, тез арада өзгертуді қажет етіп отырған мәселе – кейбір елді мекендер атауларының екі тілдік нұсқада болуы. «Бір тойда екі жар жоқ» дейді қазақ. Ал бір қала атауының унитарлы мемлекетте екі түрлі аталуы ешбір елде кездеспейтін феномен. Өскемен – қаланың қазақ тіліндегі атауы болса, Усть-Каменогорск –  орыс тіліндегі атау. Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласы ма, әлде Уральск пе, оны бір Алланың өзі біледі. Оқулықта «Сөз – белгілі бір ұғымға берілген атау» деген анықтама бар. Ал егер бір ұғымға екі атау берсек, бұл тіл заңын бұзу болып табылмай ма?Ұсыныс: қазақ және орыс тілдеріндегі екі түрлі нұсқадағы атаулары бар елді мекендердің тек қазақша атауларын қалдыру туралы заң қабылдау. Мұндай «қос мекенді» атаулар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өмірге келгенін, ол уақыттағы саяси жағдайды, демографияның деңгейін білемін, бірақ 30 жылдан кейін де ешқандай ақылға сыймайтын бұл мәселе заңды түрде шешілуі шарт.
  2. Соңғы жылдары қазақ тілінің емлесі, тыныс белгілері, стилистикасы сақталмайтын жағдайлар заңды құбылысқа айналып бара жатыр. Енді біршама уақыттан кейін бұл құбылыстардың заңсыз, қате екенін түсіндіріп, ешкімді сендіре де алмауымыз мүмкін. Мысалы, Алматыдағы «2-Алматы» (Екінші Алматы) вокзалы – «Алматы-2» (Алматы екі), «3-Айнабұлақ» (Үшінші Айнабұлақ) ықшамауданы «Айнабұлақ – 3» (Айнабұлақ үш) болып кеткені соншалық – сотқа беруге тура келіп отыр. Ал дүкендер мен кафелердің т.б. маңдайшасындағы 30 жыл бойы түзете алмай жүрген «кафесі БОТАГӨЗ кафе», «дүкені ВЕРНЫЙ магазин» деген сөздердің жазылуын (сөз тіркестерінің әрбір сыңары жеке аударылмайды) көргенде елімізде тілдік норма, тіл заңы дегендердің жоқ екеніне көзің жетеді. (Дұрысында, заң талабы бойынша екі тілде жазу керек болса, бір жағына «Ботагөз кафесі», екінші жағына «Кафе Ботагөз» деуі шарт). Айтпақшы, тіл заңы жоқ ел ұлт болып саналмайды. Ұсыныс: қоғамдық орындардағы жазбаларда мемлекеттік тілдегі мәтіндерде қате болатын болса және оның қателігі Тіл білімі  институтының анықтамасымен дәлелденсе, жазбаға жауапты адамдар мен органдарға қолма-қол (бір ай, бір жылдан кейін емес) айыппұл салынатын бап Әкімшілік кодексіне енуі керек. Францияда қоғамдық орындарда мемлекеттік тілдегі жазбалардан қате жібергендер 5000 евро айып төлейді.
  3. Ерекше тұрған тағы бір мәселе – қазақтардың өз ататегіне қайтып оралуы. Жастығым болар, 1991 жылы тәуелсіздік қайтып орнаған соң, қазақтар бір жылдың ішінде «-ов», «-ова», «-ев», «-ева», «-ин», «-ина» сияқты ұлттық дәстүрде, тіл нормасында жоқ, орыстандыру бағытында енгізілген жасанды қосымшалардан құтылатын болар деп ойлайтынмын. Бұл қосымшалардың біздің тілімізде болмағанын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ болатын. Оны бәріміз де білетінбіз. Алайда басым көпшілігіміз «үйреніп қалдық қой» деп мыңқылдадық та, тағы бір бөлігіміз «құжаттарда солай жазылған, кейін қиналып жүрерміз» деп, «көрегендік» таныттық. (Қиналмай, еңбектенбей, тер төкпей, бірдемені өзгертуге, отаршылдықтың таңбасынан құтылуға бола ма?) Орыстанған билік иелері «ататегін өзгертуді әрбір адамның өзі шешеді» деген байлам жасады да,  «Ұлт болып ұйысайық» деген ұран жерде қалды. Соның салдарынан әлі күнге дейін түріміз – қазақ, фамилиямыз – орыс болып жүрміз. Ең қорқыныштысы, әлі күнге дейін бұл кейпімізге ұялу, ыңғайсыздану дегенді көрмейсіз.

      Тіл білімі гуманитарлық ғылымдардан гөрі дәл, нақты ғылымдарға жатады. Тілдің мызғымас заңдары бар. Грамматиканың, фонетиканың, синтаксистің өзгертуге болмайтын нақты нормалары бар. Бұл заңдылықтарды президенттің жарлығы да, парламенттің заңдары да, үкіметтің қаулылары да өзгерте алмайды. Қазақ сөзіне орыс тілінің суффиксі жалғанып, ешқашан жаңа сөз шығармайды. Демек, «ататегін өзгертуді әрбір адамның өзі шешеді» деген ақымақ тұжырым екі жерде екінің төрт болмауы да мүмкін деп, математика заңын жоққа шығарумен бірдей. Өз тілдерін анасындай аялаған басқа ұлттар (армян, грузин, латыш т.т.) 20-30 жылдарда-ақ орыс тілінің «-ов», «-евтеріне» қарсылық білдіріп, ұлттық нормаларынан ауытқыған жоқ. Ал біз Бауыржанның «Момышұлы» болғанын қуана қолдадық та, өзіміз қозғалған жоқпыз. Демек, тегімізді қазақша жазу қазақ тілінің заң талабы болып қабылдануы керек.  Егер біздің тіл заңымызда «-ов», «-ев» қосымшалары болмаса, немесе бодандықта отырғанда орыстандыру салдарынан зорлықпен енгізілген болса, олардан құтылу қазақтың ататегін өзіміздің дәстүрімізге, өзіміздің тілімізбен жазу  тілдік норманы қалпына келтіру болып табылады.  Бұл жерде ұлтыңды ауыстырмасаң, «өздері біледі» деген сөз дәлел бола алмайды.

     Осыдан бірнеше жыл бұрын Тәжікстан мен Әзірбайжан елдері орыс тіліндегі жасанды қосымшадан айырылғысы келмей отырғандар үшін арнайы заң қабылдады. Енді жаңа туған нәрестенің тегі құжаттарда орыстың «-ов», «-евінсіз», ұлттық үлгіде ғана жазылатын болды. Демек, тағы бір ұрпақ ауысқанда тәжіктер мен әзірбайжандықтардың ататегі ұлттық негізде ғана болады. Меніңше, біздің де осы жолмен жүргеніміз дұрыс. Ұсыныс: «Азаматтардың есімдері мен ататегі және оның жазылуы туралы» арнайы заң қабылдануы керек (мұндай заң Балтық жағалауындағы елдерде бар). Қазақ тілінің нормаларына сүйене отырып, ұлттық ататегімізге қайтып оралу шарт.

  1. Ең қорқыныштысы, соңғы уақытта қазақ тілінің заңдарын бұзуға бағытталған нақты қадамдар басталған сияқты. Оған дәлел төмендегі ресми мәлімдеме: «НҰР-СҰЛТАН, 3 желтоқсан – Sputnik. Қазақстандықтар жеке куәлікті рәсімдегенде, екі есімнен тұратын әкесінің атын дефис арқылы жаза алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. Депутат Майра Айсинаның айтуынша, бұған дейін екі сөзден тұратын есімдерге қатысты бірқатар қиыншылық болған. Әсіресе, ондай есімдер жеке куәлікте әкесінің аты ретінде көрсетілгенде, екі есімнің біреуі, болмаса, екеуі бірге жазылатын. Енді, оны дефис арқылы жазуға болады. «Мәселен, егер әкесінің аты «Асан-Әли» деп, дефис арқылы жазылса, баланың куәлігінде оны Асанұлы немесе Әлиұлы, я болмаса, «Асанәлиұлы» деп, бірге жазған. Енді, заң бойынша әкесінің атын дефис арқылы жазуға болады», – деді Айсина астанада өткен баспасөз мәслихатында. Оның сөзіне қарағанда, осы норма «Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселесі жөніндегі Қазақстан республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда қарастырылған.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оған өткен аптада қол қойған болатын. Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімі де екі сөзден тұрады».

     Егер осы 80 жылдың ішінде жеке куәлікті ресімдеу кезінде біріккен сөздерді жазу мәселесінде ешқандай проблема болмай, кенеттен, біреу емес, бірқатар қиыншылықтың пайда болуы таңғалдырады. Қазақтың тең жартысының әкесінің аты екі сөзден құралатын болар. Олар әрқашан бірге жазылады. Бұл – тіл заңы («Екі сөзден құралған кісі есімдері бірге жазылады»). Енді замандасымыз Майра Айсинаның уәжіне келейік. Оның айтуынша, «…егер әкесінің аты «Асан-Әли» деп дефис арқылы жазылса, баланың куәлігіне Асанұлы немесе Әлиұлы я болмаса «Асанәлиұлы» деп бірге жазған» дей келе, «Енді заң бойынша әкесінің атын дефис арқылы жазуға болады» деп тұжырымдайды. Ешқандай сын көтермейтін дәлел. Біріншіден, егер әкесінің аты «Асан-Әли» деп қате (дефиспен) жазылса, қазақ тілінің заңын ұстанып, Асанәли мырзаға түсіндіре отырып дефисін алып тастап, біріктіре жазу қажет. Екіншіден, егер құжатты толтырушылар екі сөзден құралған кісі атының бір сөзін түсіріп («Асанұлы» немесе «Әлиұлы») жазса, қате толтырғаны үшін жазаға тартылуы шарт. Бұл қарапайым сауатсыздық. Меніңше, бұл жерде математика маманы Айсина ханым өмірде болмайтын жағдайды болмыс деп түсіндіруге тырысқан сияқты. Өз басым екі сөзден тұратын есмдердің бір сөзін ғана тегінің атауына пайдаланғанды естімеппін. Бірақ өмірде не болмайды, мүмкін, осындай бір-екі жағдай болған да шығар. Онда ол, тағы да қайталаймын,  сауатсыздықтан жіберілген қателік болып табылады.

     Майра ханымның «айтуына» көңілім толмай,  мүмкін, заң мәтінінде дәлел келтірілген шығар деген оймен «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (2019 жыл, 25 қараша) заңды қарап шықтым. Ондағы тапқаным мыналар ғана: 63-бап, 2-тармақта: Екінші бөлік, «бөлік» деген сөзден кейін «не дефис арқылы» деген сөзбен толықтырылсын»

Енді мынаны түсініп көріңіздер: Үшінші бөлік мынадай редакцияда жасалсын: «Әкесінің қосарланған аты болған жағдайда, әкесінің қосарланған аты бойынша, олардың біреуі бойынша, олардың біреуі бойынша не әкесінің екі аты бірге жазылып, балаға әкесінің атын беруге жол беріледі» (?).

      Осы сөйлемді асықпай тағы бір оқып шығыңыздаршы. Не түсінуге болады? Мынадай қойыртпақты жазған жандардан бәрін де күтуге болады. Білмеймін, мүмкін, осы революциялық өзгерістерді дайындағанда тіл мамандары да қатысқан шығар. Олардың қандай уәж айтып, ана тілінің заңы үшін соңғы демдері қалғанша қалай соғысқанын білгім келеді. Ең қызығы, осы адам түсінбейтін сөйлемді парламент депутаттарының түсініп, қабылдауы. Әлде қарамай-ақ қол көтере салды ма екен? Ұсыныс: қазақ тілінің заңдылығын бұзғандарға қатаң жауапкершілік қарастырылған жаңа заң қабылдау қажет. Айтпақшы, мүмкін, қазақ тілінің заңдарына мен білмейтін өзгерістер жасалған болар деген оймен ең мықты деген, беткеұстар бес лингвист ғалымға телефон соқтым. Олардың жауаптарының ішіндегі ең мәдениетті, сыпайысын алдарыңызға тартайын: «Жауап қарапайым: сауатсыздық. Нұр-Сұлтан сықылды. Ондай ереже жоқ. Ешқашан Молдабай – Молда-Бай, Құдайберген – Құдай-берген болмайды. Қысқасы, ұят нәрсе».

     P.S. Барлығы сөзге келіп тірелетін сияқты. Библияның алғашқы жолдары  «Бәрі сөзден басталады» десе, Расул ағамыз «Тілім бүгін өлсе, мен ертең өлемін» дейді. Қысқасы, сөз түзелгенде ғана қоғам өмірі, болашақтың бейнесі өзгеретін сияқты. Демек, сөз – тылсым құдіреті бар, болмыстың өзегі болып тұрған ұлттың қарашаңырағы.

      …Керісінше, сөз бұзылғанда – қоғамның да  берекесі кетіп, ұлттың негізі шайқалады. Халықты біріктіретін де – сөз, халықтан ұлтқа айналудың алғышарты да – сөз, сондықтан ұлтты құртуға бағытталған іс-әрекеттер де сөзді құртудан басталады. Байқайсыздар ма, елді, жерді басып алушылардың  алғашқы іс-әрекеті сөзді (тілді) жоюдан басталады. Басқыншылар әліпбиіңді өзгертеді, жер-су атауларын ауыстырады, керек десеңіз, адам аттары мен тектеріне де өзгеріс жасауға тырысады. Ресейдің бір генералы «ұлттарды жаулап алуды зеңбірек пен қылыш бастайды да, оларды толық құртудың рөлін  дін мен тіл атқарады» деген екен.

      Алпысыншы жылдары отаршылдықтан шыққан елдердің көпшілігі Біріккен Ұлттар Ұйымының құжаттарына сүйене отырып, «Отарсыздандыру бағдарламасын» қабылдап, отаршылдықтың зардабынан жоғалып кеткен немесе жоғалудың сәл ғана алдында тұрған ұлттық құндылықтарын жандандыруға мүмкіндік алды. Өкінішке қарай, ұлтшыл азаматтар мен ұйымдардың жанайқайларын құлақтарына ілмеген Қазақ елінің басшылары, бұрынғы коммунистік номенклатураның өкілдері мұндай қадамға бармады, сондықтан болу керек, түрлі сұрқия тәсілдердің салдарынан жоғалып кеткен сөздеріміз бен тілдік заңдарымыз кезектерін күтіп, жаралы күйінде жайрап жатыр.

     Мүмкін, бірінші кезекте осы сөздерімізді түзеп алу керек болар?

Мүмкін, сөзді түземей жатып қоғамды дұрыстауға болмайтын шығар.

   Дос КӨШІМ