Тәуелсіздік бәрінен қымбат, бірақ

226

  Сайлауға   санаулы  күн  қалғанда билік саяси  жүріс  жасады. Онда  да  мемлекет  басшысының  қолымен. Өйткені  алдағы  Мәжілісі сайлауы жақындаған сайын биліктің белгілі бір үрейге  беріліп  отырғаны анық. Неге? Бұған  себеп  көп.

Грузия,  Армения,  Украина,  Қырғызстан және Беларусьтағы мемлекеттік төңкерістер мен  шегі  жоқ  шерулердің басты  себепкері – парламенттік  һәм  президенттік  сайлаулар.  Осы  сайлау  қорытындыларындағы әділетсіздік.  Демек, 10  қаңтардағы мәжіліс сайлауынан кейін  өзге  елдердегідей дүрбелең  туып кетпеу  үшін  һәм оның алдын  алу  мақсатында  билік  саяси  жүріс  жасады. Ол – Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы. Басты  мақсат – осы  жазба арқылы сайлауға  қатысатын  электораттың  көңілін аулау.

Мақалада халықтың көңілін күпті етіп  жүрген біраз  мәселе қамтылған.  Олар –  (мемлекеттік тіл) қазақтың  тілі,  тарихы, шекарасы, жері.  Басқадан  бұрын  ұлтты толғандыратын  маңызды  мәселелер.  Күрмеуі  қиын  осы  түйткілдерді  шешеміз  десе,  исі  қазақтың   билікке  деген ілтипаты  өзгеріп  сала  берері  анық. Мұны  билік біліп алған тәрізді.  Сонымен,  мемлекет  басшысы «Тәуелсіздік  бәрінен  қымбат»  атты  мақаласында  не  дейді? Таратып көрелік.  

«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы», –дейді  президент. Дұрыс. Тіпті Қазақстанда өмір  сүретін  кез келген азаматтың мемлекеттік  тілді білуі – парыз емес, міндет.  Мұны еш уақытта естен  шығаруға   болмайды.  Алайда жағдай  солай  болып  тұр  ма? Жоқ. Мемлекеттік  тіл  екінші сорттағы тілдің күйін кешіп  отыр. Мұны  ешкім  жоққа  шығара алмайды. Қайтпек керек? Ең бастысы, билік мемлекеттік тілде сөйлеуі  тиіс.  Яғни мемлекет басшысы, үкімет (барлық министрлер), парламент, сондай-ақ әр  деңгейдегі  барлық  әкімқаралар. Бәлкім, сонда сең  бұзылды,  тоң жібіді  деуге  болады. Сондай-ақ өзге  ұлт  өкілдері  неге  мемлекеттік  тілде сөйлемейді?  Себеп – біреу.  Біз, керісінше, өз  жеріміздегі өзге  ұлт  өкілдеріне  бас-бастарына  мектеп,  мәдени  ошақтар  ашып  беріп, бауырымызға  тартудың,  сіңірудің орнына кері  итерудеміз. Мұндай  жағдайда өз тілінде  сөйлеген, өз  мектебіне барған, өз  театрын  көрген өзге  ұлт  өкілі қазақ  тілін қайтсін?! Шаңырақты  қалай  сыйласын?! Міне,  үлкен қателік. Міне, кеңқолтық идеологияның  кесірі. Егер де осылардың бәрін ескеріп, қорытынды  шығарар  болсақ, сонда белгілі бір деңгейде   нәтижеге қол жеткізуге  болар  ма еді?!

        «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ».  Президент  осылай  деді. Жөн сөз, орынды уәж.  Алайда «Қолымды мезгілінен кеш сермедім»  демекші, кеш айтылған ескерту болды. Бәлкім, ресейлік саясаткерлер Никонов,  Федоров,  Жириновскийлер қазақтың  жерін  даулап  жатқан кезде президент дәл  осы  сөзін  жария еткенде ресейлік көкауыз  саясаткерлердің аузына құм  құюға  болар еді.  Десек те, ештен кеш  жақсы»  дегендей, кеш те   болса қатардағы  саясаткер емес,  президенттің  өзі «Қазақстанның жері Ресейдің  сыйы»  деп сайраған  Дума депутаттарына  қатқыл жауап берді. Бұл  қуанарлық  жағдай.

      «Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды». Мемлекет  басшысы осылай  депті. Рас,  шекарамыз  шегенделген.  Бірақ босаңсуға бола ма? Жоқ. Мақтаншақ  бөспенің  тілімен айтсақ,   Қазақстан  жер көлемі жағынан  әлемде 9-орында. Былайша айтқанда, Еуропаның алып елдері: Франциядан – 5, Италиядан – 9, Ұлыбританиядан 11 есе үлкен. Мысалы, Ұлыбритания, Франция, Испания, Германия, Австрия, Нидерланды және Жапония елдері Қазақстанға еркін сыйып кетер еді.

Шекарамыздың жалпы ұзындығы – 13 394 шақырым. Ресеймен – 7591, Қытаймен 1782, Түрікменстанмен – 426, Өзбекстанмен – 2354 және Қырғызстанмен 1241 шақырымы шектеседі. ТМД елдерінің ішінде бүкіл көршілерімен шекара мәселесін шешіп алған да Қазақстан. Заңмен бекітіліп, мөр басылған. Тіпті КСРО-дан  қалған  ядролық  қарудан  бас  тартқан кезде  Лиссабон хаттамасында және Будапешт саммитінде Қазақстанға қауіпсіздік кепілін  Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, соңынан Қытай мен Франция берген. Бәрі дұрыс, керемет. Алайда ірі  мемлекеттер  берген  бұл  қауіпсіздік кепілі  мүлтіксіз орындалып  жатыр ма? Жоқ.  Неге  десең, мұндай кепілдікті кезінде өз  территориясында орналасқан ядролық  қарудан  бас  тартқан кезде Украина да алған. Алайда 2014 жылы Ресей кезінде берілген кепілдікке  қарамастан, Қырымды аннекциялады, Донбассты бөліп-жарды. Біз бұдан қорытынды шығаруға тиіспіз. «Шекара шегенделген» деп отыра беруге болмайды. Өйткені Ресей  саясаткерлерінің қазақтың  жерін  дауға айналдырып жүруі бекер емес. «Сақтансаң,  Құдай да  сақтайды»  дейді атам қазақ.  Сондықтан солтүстік  облыстарды  қазақыландыруға  жан  бітірген   дұрыс. Бұл  мемлекеттің  ең  ірі  стратегиялық  саясатының біріне айналғаны  жөн.

       «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды».Президент тарапынан жоғарғы пафоспен айтылған керемет сөз. Кез келген қазаққа  ұнайды. Десек те, биыл Жер кодексіне жарияланған мораторий аяқталады. Арты қалай  болады, бір құдайға аян. Өйткені біздің елде сөз басқа, тірлік тіпті басқа бола береді.

         «Шынына келсек, тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ».  Жөн сөз. Алайда бұл  мәселе  қазаққа  таңсық  емес. Өйткені кезіндемемлекеттік хатшы Марат Тәжин «тарих жаңа көзқараспен қайтадан жазылуы керек» деп үлкен  бастама көтерген. Тарихшылардың иығына үлкен жауапкершілік артқан. Тарих қайта қаралғаны, жаңаша көзқараспен жазылғаны дұрыс. Бірақ қалай жазылу керек? Мәселе сонда. Баяғыдай, құдайы  көрші Қытай  мен  Ресейдің қас-қабағына  қарап  тарихты  жазатын  болсақ, қажет емес. Мемлекет  басшысының  тілімен айтқанда:

«Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді».

Рас,  мақалада  президент мемлекетке керек,  халыққа  қажет  өзекті  мәселелерді қозғаған. Тәуелсіздік бәрінен қымбат екені баршамызға мәлім.  Бірақ  сол  тәуелсіздікті баянды ету  үшін тек  халықтың  көңілін аулайтын әдемі сөз  емес, нақты  қаракет те қажет-ақ. Мәселенің үлкені – осы.

Күлтегін  БЕК