Ұлт ұтылған тұс…

134

Кешегі  қазақ,  басқа  қазақ…

Ел  болды,  елдігінен айырылмаған, тарпаң  болды,   бетіне жұртты  қаратпаған. Рухты еді, иілуді білмеген, қайратты еді, қаһарлы еді,  алмастай  лыпып тұрған…

Атой  шықса,  «керегеміз ағаш,  ұранымыз алаш» деп бірі қалмай өре  түрегелген  жұрт  еді. Соқтықпалы,  соқпақты жолмен  жүрді. Тар жол  тайғақ кешті. Өліара шақтар  өңменіне сүңгі  тіреді. Қырылды.  Қырды. Бірақ береке-бірліктің арқасында  аман қалды. Елдігін  сақтады. Ұлт  болып ұйый  білді.

Бүгінгі  қазақ, мүлде  басқа  қазақ…

Рас,  сыртқы  қалпы сол, баяғы. Бірақ ішкі  жандүниесі,  болмысы  өзгерген. Тілі шұбарланған,  жігері  жүнше  түтілген.  Тілінің, мәдениетінің, дінінің, дәстүрінің толық иесі болудан  қалып  бара  жатқан қазақ.  Ал,  мұндай  ұлттың қазіргі жаһандану  дәуірінде  болашағы  баянды  бола  қоярма екен? Қайдам?

Италиян ойшылы Н.Макиавелли «ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген құштарлықтан, патриотизм мен имандылықтан айырылып, көнгіш, жалтақ, тілалғыш, жағымпаз болады» деген екен. Тағыда  сол данышпан,

«Мұндай жұрт кездейсоқ жағдайда табылған еркіндікті де пайдалана алмайды» дейді.  Бұл біздің ұлтқа қарап айтылған ой емес пе  екен?                                                 Қазақтың  кеңестік  империяның құрамында  болғанын   сөз етпелік. Ондағы  жай белгілі. Бірақ ол заманның өзіндік  идеологиясы  болды. Және  қандай? Ерек. Октябрать  болды, пионер, болды,  комсомол  болды, коммунист  болды. Ал,  осы буын-буынға  бөліп тасталған атаулардың  өзі  тұтас кеңестік ұрпақты   тәрбиеледі. Отанын  сүйюді, елін-жерін қастерлеуді, үлкен-кішіні сыйлауды, адал  болуды жадына  сіңірді. Бұл  идеология  өзін  ақтады.   Бізде  бұл кеңістік  бос тұр. Тәуелсіздік алғалы. Айтылды.  Жазылды. Ұлтты ұйытатын  темірқазық іздеді.  Тапса  тірлік басқа  болар еді.  Таппағаны. Ол  ұлттық  идея –идеология.  Ақиқатқа  тікке  қарайық. Тілі  шұбарланған, тарихын  «қаңсық» деп  танитын,  мәдениетін,  салт-дәстүрін  менсінбейтін, ұлт  мүдесінен, жеке  бастың қамын жоғары  қоятын,  рухсыздық  дағдарысына  түскен, санасы,  руханияты отарсыздану үдерісін  өткермеген қазақты,  мүлде өзге деңгейге  көтеретін,  кешегі  қазақтай рухты, биік ететін Ұлттық идея   жетіспей  жатыр.  Бүгінгі  қазақ «қазақпын» деп мақтанудан кеткен.  Керісінше  арғы атасы аталып, руы мақталса соған  еліп етеді.  «Найманмын»,  «арғынмын»,   адаймын»,  албанмын»  деседі. Соны мақтаныш көреді. Әгәрәки руы жөнінде жаман сөз  естісе, соны  намыс көреді, өре  түрегеледі, уәж айтады. Ортадан жарып шығып  біреу,  тізгін  ұстаса  бірі «біздің  елдің  баласы ғой»  деп  мәз  болады, арқаланады, екінші  бірі «ана   рудың, өзге  жүздің баласы»  деп күңкілдейді.  Күндейді. «Ұлттың  бетке  ұстары,  қазақ қой»  деп сүйінетіні  сирек.  Қазақ  ХХI ғасырда  өмір  сүрседе, осылай  рулық,  жүздік  деңгейден  аса алмауда.  «Мен қазақпын» деп айтатын  белге көтеріле алмай  қойды. Бір  қазақ  осылайша, қақ  бөлініп  мың  қазаққа айналып, рулық,  жүздік,  жершілдік  санамен   өмір сүруде. Бәлкім бұл қазақтың өсіп-өркендеуіне үлкен  бөгет, аяғына салынған тұсау,  мойнына ілінген  қамыт  болар.  Қазақтың  айналасында отырған азғана  ұлт  өкідлерін өзіне сіңіре алмай, олардың ыңғайына  қарай  өмір сүріп,  қажет болса  солардың тілінде сөйлеуге тырысуы,  соны  мәдениет  көруі , қырық темірдің қылауынан жиналғандай күй кешуінің  кесірі. Осылай  бола бермек пе?  Жоқ. Ол  үшін   ұлтық  идея керек. Соны толықтыратын  идеология  қажет.

Демек, «ұлтымыз қандай ұранның, ұлттық мүденің айналасына топталуы тиіс?»  дейтін сауал  өз-өзінен  туып  тұр.                                                                                   «Ұлттық идея отырып-отырып, толғанып, толғатып шығара салатын дүние емес»  дейді  белгілі  саясаттанушы Расул Жұмалы. «–Ұлттық идея, аты айтып тұрғандай, ұлтымыздың барлық өкіліне, яғни кәріге де, жасқа да, байға да, кедейге де пайдасын әкелетін идея болуы тиіс. Оған адам біреудің айтқанымен емес өзінің түйсігімен түсініп, жүрегімен сезініп, өз еркімен келуі керек. Сонда ғана бұл ұлттық идея болады. Ұлттық идеяға бір ауыздан келудің екі жолы бар. Ол Германиядағы, Жапониядағы секілді қатты дағдарысты бастан өткізіп, халықпен бірлесе өз позициясын түбірімен өзгертіп, расында игеріп алып кете алатын салаға күш жұмсау. Екіншісі, зиялы қауым, ұлт белсенділері мен билік өкілдері бірлесе жиналыс өткізіп, барлық сатыдағы алдамдардың жағдайы қаралып, жалпыға пайдасын әкелетін шешім тауып, соны жүзеге асыру. Бізге барлығы сенетін, барлығына өзін мойындататын, өзіне сендіріп, болашаққа деген үлкен сенім ұялататын ортақ ұлттық идеяның керегі даусыз. Идеясы жоқ мемлекет қай бағытта дамитынын түсінбей, жасөспірім баладай анаған бір қызығып, мынаны бір түртіп, ортада қалып қояды. Ақыры біреудің жемтігіне айналады. Өзіңіз байқап қарасаңыз, кез келген дамыған бай мемлекеттердің бағыты жер байлықтарымен, табиғи байлықтармен шектелмеген. Өйткені қолдануын білмеген соң жердің асты мұнай мен алтынға толып жатқанынан пайда жоқ. Мысалға Нигерия халқынын жағдайын еске алсақ жеткілікті. Ал жер астында мұнай түгілі, қарапайым минаралдардың өзі кездесе бермейтін Жапония әлемдік нарықтың 12%-ын иемденіп отыр. Олар өз кезінде тізгінді жастардың қолына ұстатты. Оларды оқытты. Заманауи технолгияға бейімдеді. Міне, енді соның жемісін жеп отыр. Қысқасы, жапондар өздерін мұнаймен емес, біліммен асырап отыр. Ал бізде қозғалатын басты тақырыптар: алдымен – экономика, сосын – саясат одан қала берсе, шоу-бизнес. Ал білімді, мәдениетті, ұлттық құндылықтарды қозғай бермейміз. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегендей, баспен жұмыс істеуді үйренгенде ғана біз жағдайымызды түзейміз. Жағдай түзелді деген сөз экономикамыздың жақсарғанын білдіреді. Ал экономикасы жақсы елдің саясаты өздігінен дұрысталып, билік пен халықтың арасындағы нағыз үйлесім сонда орнайды».        Әрине,  біз саясаттанушының айтқанына уәж айтпаймыз. Ол  бүгінгі  қазаққа  не керек екенін, өзінің пайымына  салып  айтып  отыр. Ал, жазушы,  ғалым Тұрсын  Жұртбай  біраз  жыл  бұрын: «Біздің ұлттық санамыз шексіз ғаламды бағыт-бағдарсыз кезіп жүрген қаңғыбас құйрықты жұлдыз тәрізді» деген еді. Қазірде пікірі  өзгермегенге  ұқсайды.

«Темірқазық – ұлттық идея. Онсыз алға қадам басқан ұлыс, империя, мемлекет болған емес. «Неге Қытай дүниесі өзінше бір әлем, қалған дүние бір әлем» деген еуропалықтардың сұрағының астары, Қытайдың ұлттық идеясының тұрақтылығында. Осыдан екі жарым мың жыл бұрын үш патшалықты біріктіріп, орта жазық мемлекетіне ұйыстырған Ши Хуанди патшаның «Аспан астындағы дүниенің кіндігі – Қытай», «Бір қытайдың мүддесі – барша Қытайдың мүддесі», «Бір қытай табаны басқан жерде аспан елінің үлесі бар», «Жердің асты-үсті, аспанда өзгенің үлесі жоқ, тек Қытайдың ғана мүддесі бар», «Дипломатияның басты мақсаты – тіл емізіп, демімен ішке тартып, жібек құрты сияқты кеміріп, ірге кеңейту», «Иероглиф – Қытайдың тұтастығының кепілі» деген ұстанымдар әртүрлі патша әулеттері, қоғамдық құрылымдар ауысқанымен де өзгерген жоқ. Тек уақыт ағымына, билік құрылымына, мемлекеттік идеологиялық саясатқа орай іріктеліп, қосылып, нақтыланып отырды. Тіпті «Жер жүзінің пролетарлары бірігіңдер» деген ұран да сол ұлы Қытайдың ұлттық мүддесіне жұмыс істеді. Соның нәтижесінде дүниенің төрт бұрышына шашырап кеткен «хуачияулардың» – эмигрант қытайлардың «Қайда жүрсем де Жунго жүрегімдесің» атты әнұраны өмірге келді. Бұл әнді Қытайдан сырт жерде жүрген гомиданның да, гунсандаңның да мүшелері, яғни, капиталистер де, коммунистер де көзіне жас алып тыңдайды. Олар тапқан тиындарын Қытайдың болашағына салғандары үшін өздерін бақытты санайды. Қытайдың бүгінгі қарқынында олардың демеуі бар. Міне, тамырынан суарылып, жұлын-жүйкесін меңдеген ұлттық идея деп осыны айтады. Бағдар алатын темірқазық – осы. Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген түпкі аңсары да осында. Ал, біздің қай капиталисіміз, шонжарымыз, байшыкешіміз сырттың құтын ішке құйып, елін құтайтып отыр? Керісінше сыртқа тасып, елді жұтатып жатыр. Абай «Бірлік жанға бірлік, берекеге бірлік. Бірлік малға сатылса – антұрғандықтың басы» деп дәл қазіргі мемлекетімізде қалыптасып отырған екі беттік экономикалық, «малға сатылған одастастықты» айтқан. Саясат пен ақша – ұлттық идеяның іріткісі. Тағы да сол Абай, «Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, сапырылды байлығың, баққан жылқың» деп айтқанындай, «бірлігі жоқ», яғни ұлттық идеясы жоқ, «берекесі жоқ», яғни, тәуелсіз экономикасы жоқ, «шын пейілі жоқ», яғни, рухани тәуелді, басы байланып бара жатқан мемлекетте өмір сүріп отырған сияқтымыз. Сондықтан да ұлттық идея дегеніміз – ұлы әрі қатпарлы құбылыс. Ол әр заманның қас-қабағына қарай сыртқы түсін өзгерткенімен, ішкі өзегін сақтап қалатын сол ұлттың тарихи тағдыры. Ұлттық идея қай дәуірде, қандай құрылымда болмасын сол ұлттың ұлы өзегі, ұлы ұйытқысы, ұлы мүддесі, әр адамның түйсігіне сіңген аңсары болып қала беруі тиіс.Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде жаппай қолдануды ұлттық идея ретінде қабылдайық деген пікір тұрақты алаңға айналып барады. Ұлы идеяны бұлай ұсақтатуға болмайды. Рас, қазақ тілінің тағдыры жанымызды жанықтырады, жүрегімізді жаралайды, тағдырлы тылсым. Тіл – ұлттық идея деген ұлы ұғымды жүзеге асырудың тұтқалы құралы. Тек тіл ғана «бас-басына би болған өңкей қиқымның» басын біріктіре алмайды. Берекені әрекеге айналдырып отырғанда тілдік ала-құлалық. Исмаил Гаспралы айтқанындай: «Тіл, дін, діл және күрес мақсаты» бірлігі болмай, ұлттық идея ұйымайды.Егер де дербес ұлт, тәуелсіз ел болып қалғымыз келсе, қалайда ұлттық идеяны ұйытуымыз қажет. Онсыз сырттың ықпалынсыз-ақ, іштен іріп тынатынымыз анық. Алла содан сақтасын». Жазушы,  ғалым Тұрсын  Жұртбай ағамыз  ұлттық идея жайында  осылай  дейді. Бұдан  асырып айту  мүмкін бе? Қысқасы, жаһандану  дәуірінде  жұтылып  кетпес  үшін, бүгінгі қазаққа  керек дүние  осы.

 

 

Күлтегін БЕК