Ұлтсыздық дерті

154

Кез-келген  ұлт  өзі құрған  мемлекетің иесі  болуы  тиіс! Айналаға көз салсаң,  солай екеніне  көзің жетеді. Ресейде  орыс, Өзбекияда өзбек, Қап  тауындағы елдерде жергілікті ұлттар, тіпті  қазақты  «маңқа  қазақ»  дейтін  қырғыздарда өз  жерінің  қожайыны.  Өз  жеріндегі өзге ұлт өкілдеріне кеудесін  бастырмайды. Қысқасы  қай-қайсыда өз  отанының, өз  тілінің,  өз  мәдениетінің, өз  дәстүрінің толыққанды  иесі.

Біз  ше? Өзімізге келгеде  тіліміз  күрмеліп  қалады. Неге? «Күнделікті тіршілігінің  баршасы – көшеде, дүкенде, көлікте, ең аяғы асхана мен дәретханада орысша сөйлеуге  мәжбүрсің. Яғни, құлағың, жүйке, жүрегің, жұлын-тұтаң  тұрыпты, аузыңдағы тілеңе  дейін  орыстікті» дейді қазақтың асқар таудай  ұлы Мұхтар  Мағауин. Сол  Мағауин  «Сен білетін қазақ –өткен заман  қазағы. Рас,  ер болды, мәрт  болды. Ел  болды. Бірақ ол  қазақ Кенесары – Наурызбаймен  бірге  өлген»  дейді. Келісесің. Бүгінгі  қазақ  баласының  тірлігі  соған сай. Өйткені, алаш  баласының  рухы, жігері, намысы  сол Кенесарымен бірге кеткендей. Ал, ХХI ғасырға  тек  қорқаулығы, жігерсіздігі, намыссыздығы,  жағымпаздығы, дарақылығы, бөспелігі, жемқорлығы қысқасы осындай жағымсыз  құр  сұлбасы жеткендей. Өйткені орыстың  тілімен  мәдениетімен  суарылған, өз  тіліне,  тарихына, әдет-ғұрпына (бәріне  топырақ шашудан аулақпыз) шекесінен  қарайтын  қазақтар  ел  ішінде жеткілікті. Олар тұрғанда  «Абылай аспас сары белден» асамыз,  көсегеміз көгереді  деу,  мүмкін емес. «Елдің қамын жеуге  тиіс – ғылымдағы, өнердегі, мәдениет пен  әдебиеттегі  тарланбоздарың түгел ұлтсыздық  дертіне шалыдыққан»  дейді  тағы  Мағауин. Неге?  Кешегі сақ Томирис пен ғұн Әтилдің, көк түріктің  көк  семсері  болған  Естеміс пен Күлтегіннің, жер-жаһанның  жартысын ат  тұяғымен таптаған ұлы қаған Шыңғыстың, тіпті  бергі Қасымхан мен Абылайдың өр мінезді  ұрпағы осындай  мүсәпір халге  қалай түсті деп шырмауық  ойдың  шымына батасың.  Өз  жерімізде  ұлтымыздың  саны   он екі миллионан  асады,өзгелермен  салыстырғанда  үлесіміз жетпіс жарым  пайызға  жуық, алайда өз  жеріміздің  толыққанды  иесі  неге  бола алмай жатырмыз? Санымыз  баршылық  болғанмен  сапамызда  кемдік  бар  ма?  Бұл  ой,  ұлтым дейтін әр  қазақтың  көкейінде  маздап жатқаны  ақиқат.  Кезінде  қоғам қайраткері Амангелді  Айталы ағамыз былайша толғанған  еді. «Біз тіліміздің, мәдениетіміздің, дәстүріміздің толық иесі емеспіз. Қазақтың саны мен сапасының арасында алшақтық біраз. Оған тарихи себептер де бар. Қазақ тілінің, қазақ ұлтының жағдайын өзбек, түрікпен, тәжіктермен, болмаса кавказдықтармен салыстыруға болмайды. Қазақтар орыстандыру саясатының өкпе тұсында тұрды.

Орыс, украиндықтар, басқалармен бірге елімізге орыс тілі, орыс мәдениеті, орыс мектебі, дәстүрі келді, келіп қойған жоқ қазақ тілі, қазақ мәдениеті, дәстүрі ығыстырылды. Себебі сан жағынан басым ұлт өкілдері қазақтарды өзіне тартып, сіңіре бастады, ал өздері қазаққа бейімделмеді. Қазақстан орыстанды, ел өзгерді, басқа орыс тілді елге айналды. Қазақ славян елі, христиан еліне айналды. Қазақстан халықтар достығының лабороториясы деп айтылды, шындығында орыстанудың лабороториясы болды. Қазақ интеллегенциясының бірқатары бұл жағдайға іштей қарсы болды. Ал қоныс аударушылар қазақ мәселесіне пысқырып та қарамады, тіпті қазақ мәселесі бар екенін, қазақ ұлтының мұң-мұқтажын елемеді. Қазақтарды адам ретінде, маман ретінде сыйлағанмен, ұлт өкілі ретінде қабылдамады. Олар ақша табуға, пәтер алуға келгендер еді. Қоныс аударушылардың саны көбейіп, олар 40-50-60%, тіпті 70% дейін өскенде, олар қазақтарға емес, қазақтардың оларға икемделуіне тура келді. Бүгін қоныс аударушылардың Ресейге көптеп баруына байланысты, орыс ғалымдары азиатизация үрдісі күш алуда деп айқай салуда. Қазақстанда русификация үрдісі күш алып қойған жоқ, өмір сүрудің салтына, заңдылыққа айналды. Осылай орыстану дерті батпандап кірді. Атадан балаға, баладан немереге ұлтсыздану, тілін, мәдениетін жатырқау кең етек алды. Бүгін тек орыстар, украиндықтар емес, қазақтар арасында ана тілін сыйламайтын, демек білмейтін, қазақты ұлт ретінде менсінбейтін үрдіс етек алған». Қазақтың  абыз ақсақалы  Амангелді Айталы  ағамыз осылай  дейді. Қазір бостан,  азат елміз. Не  бөгет?  Кезіндегі кеңестік  жүйе санамызға әбден  сіңіріп  кеткен  құлдық психологиядан арылуға қам жасамадық. Жандүниемізде отарсыздану үрдерісі  жүрмеді. Бұған бір  себеп,  ол – биліктің  әлі күнге Ресей  тілінде сөйлеуге бейілдігі, ұлттың  «көш  жүре  түзеледі»  дейтін  босбелбеулігі. Біз  қашан  өз  жеріміздің, тіліміздің,  мәдениетіміздің, дәстүріміздің  егесі боламыз? Әзірге  белгісіз.

 

Әзімбай  ҒАЛИ,  саясаттанушы:

Пессимизмге салынбайық

 

Тым пессимизмге салынғым келмейді. Барға  шүкір делік. Қазір қазақ тілінің позициясы  нығайып келеді. Кезінде 30  пайыз қазақ  баласы  қазақ мектебінде  оқыса,  қазір  ол  көрсеткіш 92  пайызға  жетті. Ал,  қазақша  білгісі келмейтіндер сол қалпында  қалды. Алайда олардың елімізден  көшуі жылдан  жылға артып (30-40 мың  аралығы. Орыстарды,  орыс тілділерді айтып отырмын) келеді. Жастары кетіп,  шал-шауқандары  қалуда. Олардың  бүгін  бар, ертең  жоқ екені (өлім-жітім) белгілі. Осылайша қазақтардың   үлесі  көбейе  береді. Бұл  үдеріс қазақ тілінің  жандануына  оң  әсер  етуде.  Яғни  қазақ тілінің,  мемлекеттік  тілдің  сакрализация –қасиеттенуі, ал орыс  тілінің  десакрализация –кәделігінің  төмендеуі артуда. Былайша айтқанда  орыс тілінің  ақырын-ақырын төрден  төмен  сырғып бара  жатқаны. Түбі, Қазақстанның  ғана қазақтанбай, орыс тілді  қазақтың  өзі  қазақтанатын межеге  жетеміз. Алайда ұлтымыздың саны 13 миллионға тақап, үлесіміз 70  пайыздан асқанмен  сапамыз  қандай  деген сұрақ туады. Бұл  әліде  басты ауыртатын  мәселе. Мен  бұл  жерде сапа  деп білім және біліктілікпен  қатар, қазақтардың ұлтын,тілін, тарихын, мәдениетін,  салт-дәстүрін сүйуді,  қадірлеуді айтып отырмын. Әлі де арамызда  өз  тілінен  гөрі  өзге  тілді «жаңа заман тілі»  дейтіндер, ата-баба  дәстүрін «тозық»  деп, өзге  жұрттың «қаңсығын»  озық  деп  қабылдайтындар көп. Мұндай колониалдық,  бейшаралық  түсініктен арылған кезде  ғана ұлтымыздың  санымен  сапасы  теңеседі.

Сейілбек Мұсатаев

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы:

Ұлттың саны мен сапасын арттыру өте күрделі мәселе

Қазақ ұлтының саны мен сапасы туралы мәселе өте өзекті. Қазақстан жерінің көлемі бойынша әлемде 9 орын алады, ал халық саны бойынша 64 орында. Сәйкесінше, бізге халықтың санын арттыру керек ақ. Оның ішінде мемлекет құраушы қазақ ұлтының да демографиялық өсуі аса маңызды.

Енді сапаға келсек, ұлттық мемлекет болған соң, мемлекет құраушы төл этнос – қазақ ұлтының атқаратын миссиясы ауыр әрі жауапты, сондықтан оның сапасы да күшті болуы керек. Ұлттың сапасы деген ұлттың рухын, өмір сапасы мен өмір сүру деңгейін қамтитын кең ауқымды ұғым. Ұлттық рухты шыңдау көптеген факторларға байланысты. Оның ішінде ұлттық идеология, ана тілі, ұлттық мәдениеттен бастап, діл мен дін, ұлттық элита, әл-ауқат пен тұрмыс-тіршілікке дейін ұлттың рухын көтеруде маңызды рөл ойнайды. Сонымен қатар, ұлттық рухқа қалыптасқан қасаң стереотиптер, қанға сіңген әдет-ғұрыптар, тарихи жады, заманауи үрдістер мен өмір салты  да ықпал ететінін ұмытпауымыз керек. Қазақ ұлты патшалық Ресейдің боданы да болды, кеңестік тоталитарлық тәртіптің де тепкісін көрді. Қызыл террор кезінде ұлттың зиялы қауымы саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақстан «ұлттар лабораториясына» айналып, орыстандыру саясаты да жүрді. Мұның бәрі тарихи жадымызда ізін қалдырды, стереотиптерден арылу оңай емес.

Тәуелсіздік алғалы бері еліміз демократиялық дамуға бет бұрып, идеологиялық әр-аулуандықты, плюрализмді ұстанып келеді. Бұрынғы коммунистік идеологияның монополиясы талқандалып, оның орнында туындаған идеологиясыз бос кеңістікті түрлі идеологиялар, идеялық ағымдар, діндер, идеалдар мен құндылықтар  басты. Батыстан арзанқол бұқаралық мәдениет еніп, либералды, тұтынушылық қоғам туындады.

Қандай ұлттың болмасын рухын көтеруде ұлттық элитаның орны мен рөлі зор. Ұлттық элита құрамына барша зиялы қауым, ғылыми-техникалық интеллектуалды элитадан бастап, бизнес элита, білім, өнер, спорт, әскери  элитасына дейін барлығы кіреді. Ұлттық элита өз ұлтының мақсат-мүдделерін білдіріп және қорғап, арманын асқақтатып, идеалдарын қалыптастырып, ұлттық идеяға айналдыра білуі тиіс. Ұлттық элита мен халқы бір-біріне арқа сүйесе ел дамиды, ұлттық рух осылайша шыңдалады.

Әрине, ұлттық рухтың дамуы үшін ұлттық бірлік керек.  Рушылдық, жершілдік, тілдік, діни, әлеуметтік-саяси және өзге де жікшілдіктер ұлттық рухтың сағын сындыратын кеселдер.

Сонымен қатар, сананы тұрмыс билейтінін де естен шығармауымыз керек. Ұлттың әл-ауқаты күшейсе рухы да көтеріледі. Бұл жерде баспана, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, бәсекеге қабілеттілік сияқты көптеген мәселелер бар. Қазақтың тамыры ауылда, ауыл халқын, ауыл шаруашылығын дамыту аса маңызды. Коронавируспен ілесе туындаған қазіргі экономикалық дағдарыс та азық-түлік, егін және мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығын көрсетіп отыр. Көріп отырғанымыздай, ұлттың саны мен сапасын арттыру өте күрделі мәселе, ол тиянақты тұжырымдамаға негізделген жан-жақты іс-қимылды қажет етеді.

 

Күлтегін  БЕК