Ұлы Тұран: аңыз бен ақиқат

228

Қап  тауында әзірбайжанмен  армияндар арасында Қарабаққа  байланысты  қақтығыс басталғалы  бері «Ұлы  Тұран»  һәм  «Түрік жұртының  біріккен  әскери одағы» жөнінде әңгіме  жиі айтылатын  болды.

Осы  мәселеге құлақ  түріп,  сапты аяқ басынан қарауыл қарап  отырған  қайсы бір елдердің саясаткерлерімен, әскери  сарапшыларына  гөйгөй әңгіме табылды. Кейбір  көкауыздар сәуегейлік  жасап,  «біріккен түрік  әскері  түбі  түбімізге  жетеді»  деп  байбайламда  салды. «О тықыр  мен  бұ  тықырдың   жөні  бөлек» десекте,   «түркілер  расында  әскери  одақ  құрып кетеді»  деп ойлады  ма, Қарабақ  қақтығысы қайтайған тұста  Ресей  Қорғаныс министрі  салып  ұрып ресми Нұрсұлтанға  келді.  Бұ  жақтың аужайын байқастады.  Қазақстан  ұзында  өщі,  қысқада кегі  жоқ, бейжай жатқан ел екенін аңғартты. Іле – шала  Түрік Қорғаныс  министрі  алдымен Нұрсұлтанға одан кейін Ташкентке  ат шалдырды. Әңгіменің ауаны  әскери  ынтымақтастық  болғанымен, жабық  есік  жағдайында  не  айтылды,  о  жағы  бізге беймәлім. Түрік  қорғаныс министрі Хулуси Акар  кете  салысымен теріскейдегі  көрші жағынан  «әне Түркия  тек  Қап тауымен тоқталмай  Орта  Азиядағы  тамыры  бір түрік елдерімен келіссөз жүргізір  жатыр. Ұлы  Тұран  қағанатының сілемі  байқала  бастады, біріккен   түрік әскери  одағының  негізі  қалануда»  деген  сияқты пыш-пыш  әңгіме бықси  бастап еді, Кремльдің  ызғарынан  ықты  ма,  Қазақстан билігі «Орталық Азиялық НАТО»-ның пайда болуы мүмкіндігін асығыс түрде жоққа шығарды.  Біздің  Қорғаныс министрлігіміз бүй  деді: «Тұран армиясын»  құру туралы сұраққа жауап ретінде ресми түрде хабарлаймыз: екі елдің қорғаныс министрліктері басшыларының кездесуі барысында Қазақстан мен Түркия қарулы күштерінің бірлескен әскери құрылымдарын құру жөнінде ешқандай сұрақ қарастырылған жоқ».  Бәлкім  қарастырылмаса  қарасырылмаған  шығар, бірақ   Ресей  тарапы  жағынан айтылған  қаңқау  сөзге  бола соншама мәлімдеме  жасап, бейшаралық деңгейге   түсудің, ақталудың  қажеті  шамалы еді. Осы  жерде тағы  бір айтпасқа  болмайтын жайт,  ол   – Ресей  қорғаныс министрі Сергей  Шойгуді  мемлекет басшысы Тоқаевтың  өзі  қабылдады,  орденмен марапаттады. Ал,  бауырлас  түркілік Хулуси Акарға  ондай  бақыт  бұйырмады.  ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевпен кездескенді  қанағат  тұтты. Осының  өзінен-ақ, Қазақстан  Ресейге  жіпсіз  байлаулы екені көрініп  қалды. Десекте, айтқымыз келгені бұл емес. Тілге  тиек етпек  болғанымыз «Ұлы Тұран»  һәм «Түрік НАТО-сы»  жөніндегі  алып-қашпа  аңызбен   оның  ақиқатын  айғақтау.  Алдымен  ел арасында Ұлы  Тұран  туралы  желдей есіп тұрған  аңызға  тоқталайық. Құрылуы мүмкін  түрік  қағанатының  адам  санын тізбелеп  көрсек, былай екен:

Түріктер – 68 млн.

Әзірбайжандар – 50 млн.

Өзбектер – 35,5 млн.

Қазақтар – 17 млн.

Түркімендер – 8 млн.

Татарлар – 6,8 млн.

Қырғыздар – 6 млн.

Башқұртар – 2 млн.

Шуваштар – 1,5 млн.

Қарақалпақтар – 836,6 мың

Құмықтар – 520,2 мың

Қырым  татарлары – 250 мың

Сақалар – 500 мың

Қаршайлықтар – 346  мың

Тувалықтар -273,1 мың

Балқарлар – 112  мың

Ноғайлар – 110 мың

Гагауздар  – 177  мың,

Сондай-ақ   ұйғырлар  – 12,9  млн. және хорасандық  түріктер  1 млн.    Қарап тұрсаңыз халық  саны  аз  емес. Осы   жұрттың алып  жатқан  кеңістігі 4 млн. шаршы  шақырымды  құрайды.  Түркі  халқы  мекендеген  аймақтағы табиғи байлықтың  ұзын  саны 500  триллион  доллардан  асады  екен. Шүкір. Тәубә.  Жаман  емес.  Ырғын  байлық. Әрине  мұндай  мүмкіндікпен  шаңырағы  биік,  керегесі  кең  қанағат құруға  болады. Түркі  жұртының  өсімталдығын  ескерсек,  бүгінде  200 миллионның  үстіндегі  халық ертең-ақ  еселеп  өсім берері  тағы  бар. Сын  сағатында  майдан даласына   бұл қағанат кем дегенде  50-60 миллион  сарбаз  шығара алары  хақ. Сүйтіп әлемдік  геосаясатта ойып тұрып  орын алары сөзсіз. Иә, бұл  Ұлы  Тұран жайлы айтылып жүрген  аңыз. Ал, ақиқатында Еуразия  құрлығын кезіп  жүрген   түрік  қағанатының елесі әзірге жүзеге аса  қоюы  неғайбыл. Қысқасы фантастика. Түрік  президенті Режеп Тайып Ердоған  «бір  ұлт, алты  мемлекет» деп айтқанындай  Түркия,Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғыз және Түркіменстан  өз  алдына  жеке  мемлекет  болғанымен, түркі тармағына  жататын  өзгелері Ресей, Қытай, Иран  тб  мемлекеттердің  құрамында   отыр. Олардың бір  жағадан бас,  бір  жеңнен  қол  шығаруға  мүмкіндігі  жоқ. Бұл  бір.  Екіншіден, осы алты мемлекет басшыларының   ортақ  одақтан  гөрі  «өз елімді  жеке  дара билесем»  деген амбициясы басым. Түркияны «аға»  етіп,  өздері  «бауыр»  ретінде  жүргісі  жоқ. Үшіншіден  Орта  Азияда жатқан түрік  республикалары Ресейдің  ықпал аймағына кіреді. Кремльдің   қас-қабағына  қарап  саясатын  түзейді. Қырғызстан  мен  Қазақстан  Еразиялық  экономикалық  одаққа  һәм  әскери Ұжымдық қауіпсіздік  ұйымына, сондай-ақ әуе кеңістігін бірлесе  қорғау  шартына кіреді. Бұл  ұйымдардың  бәрінде  Ресей  басты  «рөлде»  ойнайтынын ескерсек,  қазақпен  қырғыздың шылбыр  үзіп,  өзге  одақтың  сойылын  соғып кетуге мүмкіндігі  жоқ. Түркіменстан  бейтарап  ел. Ал, Өзбекстанның  өз алдына Орталық  Азияда лидерлік рөл атқаруға деген амбициясы басым ел. Тек Әзірбайжан  ғана  ресми Анкараның ықпалдық аймағына  енген. Онда да Қарабақтағы соғыста  Түркияның қару-жарағы  мен моральдық   демеуіне сүйену  үшін.   Осы  тұрғыдан келгенде  Ұлы  Тұран  қағанатын  құруға әзірге  түрік  мемлекеттері  құлықты емес.  Ұлы қағанат  мәселесі әлі  пісіп жетілмеген. Әрине  бұл елдер арасында  мәдени-рухани байланыс  жалғаса  бермек. Ал түрік елдерінің саясиланып   топтасуы, біріккен  әскер  құруы  әзірге   ертегі. Тіпті әскери  одақ  болуы  үшін,  осы мемлекеттердің бірінде  әрі  қалқан әрі гүрзі  болып, бәрін  қорғайтын, ядролық  қару  болуы  шарт.  Бұл  кез-келген  әскери  бірлестіктің басты факторы. Демек осы жағынан  саралай келгенде  Ұлы  Тұран  қағанатының ақиқатынан  гөрі аңыздылығы  басым  екені  көрініп  тұр.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ