Үш айға кешіккен жеңіс…

106

Соңғы кезде тағы бір ашылған шындық, ол– Ұлы Жеңістің үш айға кешігіп келуі. Егер де Берлин мамыр айында емес, ақпанда алынғанда қаншама боздақ аман қалар ма еді? Кім білген? Осы мәселеге байланысты жаңа деректер былайша сайрайды. 1944 жылдың соңында тұтқынға түскен неміс генералдары басы фон Куров болып, Сталинге Берлинді қалай алу жөніндегі жобамен шыққан. Олардың есебінше, қызыл әскерлер Берлинді 1945 жылдың ақпан айында басып алуға мүмкіндігі болған. Өйткені Висла-Ордер бағытындағы қарсы шабуылда қызылдар 20 күнде 500 шақырымға дейін алға жылжыған. Ар жағында Берлин тиіп тұр, небәрі 60-80 шақырым жер ғана. Бірақ, неге екені белгісіз, 1-Беларус майданының қолбасшысы Жуков пен 1-Украин майданының қолбасшысы Конев соғысты тынымсыз жалғастыра беруге қарсы болды. Олардың Сталинге айтқан уәжі – «Әскер шаршады. Артта қалған резервтегі күштерді алдыңғы шепке жеткізу. Әскерді жаңаша топтастыру. Берлинді алу алдында сәл де болса, қарулы күштерге тыным беру». Қазіргі сарапшылар Жуков пен Конев Берлиннің түбіне келіп қалған әскерді ірікпегенде неміс астанасы сол ақпан айында тізе бүгер еді, ал аз да болса қызыл армия шабуылының саябырсығанын байқаған Гитлер тың күштерді даярлап үлгерді. Бұл өз кезегінде жүздеген мың кеңес әскерлерінің қаза табуына душар етті. Егер де рухы көтерілген қызыл армияны тоқтатпағанда немістер Берлинді қорғауға үлкен күшті біріктіріп үлгермес еді. Шығын да аз, қаланың күйреуі де кем болар еді. Осылайша Жеңіс Кеңес еліне үш айға кешігіп келді» деседі. Мұнда бір шындықтың өзегі жатқандай. Өйткені армия генералы В.И.Чуйков өз естеліктерінде «Ақпан айында жіберіп алған мүмкіндіктерге кінәлі – Жуков» дегенді айтады. Ал тұтқындағы неміс генералы Куровтың хаты Сталинге жетті ме, жетпеді ме белгісіз. Дегенмен ол өз хатында «Берлинге шабуылды Қызыл армия одақтастарының әскерін күтпей-ақ, жедел жалғастыра бергені жөн. Егерде әскер тыныс алып, іркілетін болса, Гитлер осыны пайдаланып, әскерін топтап үлгереді. Бұның арты үлкен қырғынға алып келмек. Сондай-ақ, күн жылып кетсе, өзендер арнасынан шығып, шабуылдап келе жатқан әскерге бөгет болмақ. Сондықтан Берлинге қарсы операцияны ақпан айында жүргізген қолайлы» делінген. Сонымен қатар, әскердің Берлинге үш бағытта соққы беру керектігін көрсеткен. Бірақ Қызыл армия Берлинге шабуылды тек сәуір айында бастады. Бұл кезде Берлин тас қамалға айналып, әрбір үй үлкен күшпен, қан төгіспен алынғаны белгілі. Немістер соңғы рет тұяқ серпіп қалуға тырысты… Осылайша жүздеген мың боздақ Ұлы Жеңіске санаулы күн қалғанда қаза тапты. Ақпан айында аз ғана шығынмен келетін жеңіс мамыр айында талайдың басын жұтып барып, әрең дегенде кеңес еліне қуаныш сыйлады. Бұл да бір өткен соғыстың бүгінге дейін бүркемеленіп келген ащы шындығы.

 

tazael.kz