
Жекешелендіру әлі бітпеген екен. Кеше Әлихан Смайылов үкіметі Екібастұздағы оқиғадан сабақ алмағанын тағы бір байқатты. Онысын халықтан жасырып та отырған жоқ. Хабарсыз қалмаңыз, бізде жекешелендірудің екінші толқыны жүріп жатыр екен. Билік тағы да жүздеген нысандарды сатуға шығарды. Сатылмаған не қалды?
Енді аз күнде «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» қабылданатын болды. Сөйтіп, мемлекеттің экономикадағы үлесі 14 пайызға қысқарады.
– Мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту – экономикалық саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан жекешелендіру мәселесі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының ерекше бақылауында болуы тиіс. Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді, – деді Ә. Смайылов үкіметтің кешегі отырысында.
Премьер-министрдің айтуынша, сатуға қойылған әрбір нысан бойынша жол картасы әзірленді. Олар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында орналастырылған. Енді активтерді бәсекелес нарыққа жоспарлы түрде шығаруды қамтамасыз ету қажет.
– Нысандарды сату алдындағы дайындық сапасына да көбірек көңіл бөлу керек. Кешенді жоспарды толыққанды іске асыру үшін жекешелендіру процесінің ашықтығын арттыру қажет. Өкінішке қарай, кейбір өңірлер жоспарды орындай алмай отыр. Бұл – Маңғыстау және Ақтөбе облыстары. Мемлекеттік органдар, өңір әкімдіктері, квазимемлекеттік сектор ұйымдары жоспарды нақты орындауы қажет. Жыл қорытындысы бойынша жұмыстарыңызға тиісті баға беріледі, – деді үкімет басшысы Әлихан Смайылов.
Сонымен Смайылов үкіметі жұмыс істеп тұрған мемлекет қарамағындағы нысандарды сатпақ. Нақты айтқанда, оларды жекешелендірмек. «Онан түскен пайда қазынаға құйылатын шығар» деп біз жорамалдаймыз. Премьер-министрдің сайты таратқан мәліметке сенсек, «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» барысында Қазақстан бойынша 675 мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектордың нысандары сатылады.
Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та 675 объектінің сатылатынын растады. Оған республикалық меншіктегі – 7, коммуналдық меншіктегі – 250, ұлттық холдингтер мен компаниялардың –262, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың – 156 нысаны кіреді. Жоспардағы сатылатын 675 объектінің сомасы 141,7 млрд теңге болатыны да алдын ала есептелініп қойылыпты. Енді салыстырмалы түрде қараңыз, отыз жылдан бері мемлекет тек қана сатумен айналысып келді ғой. Сатылмаған не қалды? Бюджеттің бүйірін бүгінгі билік сату арқылы ғана толтырмақ па? Ал мақұл мемлекеттік, коммуналдық меншіктегі нысандар сатылды делік, одан жағдай жақсарып кете ме? Бір ғана мысал, Қазақстандағы ең бай адамдардың тізіміне кіретін Сергей Кан мен Александр Клебанов 2019 жылы Екібастұз жылу электр стансасын сатып алды. Ақырында не болды? Қазандық, құбыр жарылды. Қыстың көзі қырауда, бүкіл қала халқы жылусыз қалды. Орын алған апат әлі күнге дейін орнына келмей жатыр. Ақша мемлекеттік қазынадан жұмсалуда. Клебановтар мен Кандар хан сияқты жүр. Өтемақыны кім төлейді, байыған екеу ме, жоқ әлде қазынадан тағы қаржы жұмсала ма? Ал сатуды ғана білетін Смайылов үкіметі әлі айылын жиып отырған жоқ. Биылдың өзінде республикалық, коммуналдық меншіктегі 295 объектіні сатуға шығарды. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша олардың ішінен сомасы 86,1 млрд теңге болатын 36 объекті бәсекелес ортаға берілді, 32-сі қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді, 146 объекті әлі сауда-саттықта тұр. Міне, біздің биліктің әрекеті. Нысандарды мойнына, жауапкершілігіне алғысы келмейді. Республикалық және коммуналдық меншіктегі нысандарды жекешелендіруге беру арқылы сырттай ғана бақылап отырмақ. «Жол картасы» деген жақсы болды. Атауы тәп-тәуір. Бірақ бір нәрсені ұмытпаған абзал. Екібастұздың қазандығы жарылған уақытта жылу орталығының қожайыны Александр Клебанов жауапкершіліктен қашып, нысанды қайтадан мемлекетке бір тиынға сататынын ыңғайсызданбай-ақ айтты емес пе? Қайта премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің ұяты бар екен. Ол Александр Клебановтың жылу орталығын мемлекетке бір теңгеге сатуға қатысты қадамын құптай қоймайтынын айтты.
– Үкімет бұл жылу орталығын бір теңгеге сатып алып, 1 млрд теңге шығынға ұшырауы да мүмкін. Сондықтан алдымен ЖЭО жай-күйін толық қарап, қанша қаражат кететінін талдап алу керек, – деді Серік Жұманғарин.
Қарап отырсаңыз, тәуелсіздік алған отыз жылдан бері совхоз, колхоздар таратылды. Ірі, іргелі кәсіпорындар мен өндіріс орындары жекешеленіп, басқаруға берілді. Одан не ұттық? Қазір ұсақталып кеткен шаруашылықтарды қайтадан ірілендіре алмай жатырмыз. Бұдан сабақ алмаған үкімет әлі де жұмыс істеп тұрған нысандарды коммуналдық және мемлекеттік меншіктен алып, сауда-саттыққа дайындап жатыр. Сатуға қатысты деректер жетерлік. Нақты дерек керек пе? Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында 2021 жылы сатылған, 2022 жылы сауда-саттыққа шығарылған және 2023 жылы сатылатын нысандардың бәрі тізіліп тұр.
Мысалы, 2021 жылы 70-ке жуық аудандық, қалалық газеттер мен баспаханалар сатылған. Ал аудандық басылымдарды сатқаннан жағдай жақсарып кеткен жоқ. Мұны сол өңірдегі журналистер қазір ашық айтып жүр. Сондай-ақ мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында 2022 жылы сатуға дайындап қойған жүздеген әртүрлі нысан бар. 2023 жылы да сатылатын жиырмадан астам коммуналдық меншіктегі нысандар кезекте тұр. Ал 2024 жылы сатылатын нысандардың ішінде Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы, Павлодар әуежайы, Қостанай халықаралық әуежайы, «ЭЙР АСТАНА», QAZAQ AIR, QAZAQGAZ ұлттық компаниясы, QAZAQ AIR акционерлік қоғамы, «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешені, «Алатау» технопаркі ЖШС-ның квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтері бар.
Енді сауал: не деген бітпейтін жекешелендіру мен сату? Екібастұз жылу электр орталығын сатып алған «Кан мен Клебановтың ісі» бізге сабақ болса, игі еді.
… Мақсат – сату, байлыққа бату ма?
Батыр ЖАСҰЛАН