«Цеснабанк» Әділбек Жақсыбековтің бақылауынан кетті

76

Қазақстанда активінің көлемі жөнінен екінші ірі банк саналатын «Цеснабанктің» акцияларының бақылау пакеті брокерлік компанияға сатылған. Бұл туралы ақпаратты бүгін Ұлттық банк таратты. Бұған дейін Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы Әділбек Жақсыбековтіңбақылауында болған банктің жаңа иесіне айналған First Heartland Securities компаниясының акционерлері енді коммерциялық қаржы мекемесінің «стратегиясын айқындайтын болады».

«Цеснабанк» акциялары пакетін сату туралы келісімнің егжей-тегжейі айтылмаған.

Ұлттық банк ақпараты бойынша, First Heartland Securities компаниясы биліктің аталған банкке «қаржы тұрақтылығын нығайту» мақсатында жүргізген шараларынан кейін банк акционерлері қатарына қосылған. Мысалы, үкіметтің Проблемалық несиелер қоры «Цеснабанктен» 604 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы несиелерін сатып алған. Мұны банктен несие алған ауыл шаруашылығы өндірушілері теңге девальвациясынан кейін проблемаға тап болған тұста банктің қаржы жағдайы нашарлағанымен түсіндірген.

«Қазіргі уақытта банктің Ұлттық банктің ең төменгі талаптарынан асатын капиталдандыру және өтімділік көрсеткіштері, кредиторларға қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз ететін, теңгемен ұзақ мерзімді қорландыра алатын тұрақты қоры бар» делінген Ұлттық банк ақпаратында.

Бұған дейін Қазақстанның шалажансар банктеріне бірнеше рет қаржылай көмек жасалғаны хабарланған. Көмек алған банктердің арасында Қазақстандағы екінші ірі кредитор – «Цеснабанк» те бар. Өткен жылы күзде Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк «Цеснабанктің» қаржы тұрақтылығын нығайту мақсатымен одан 450 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы несиелерін сатып алу «механизмін» бекіткен. Оған дейін «Цеснабанк» «қосымша өтімділік қорын қамтамасыз ету үшін» Ұлттық банктен 150 миллиард теңге алған еді.

First Heartland Securities ресми сайтындағы ақпаратта компанияның Қазақстанның қор нарығында 20 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келе жатқаны және «қажетті лицензиялары бары» айтылған. Компанияның директорлар кеңесін Қазақстанның бұрынғы вице-премьері Ербол Орынбаев басқарады. Директорлар кеңесінің құрамында бұрынғы білім министрі Аслан Сәрінжіпов және президент әкімшілігі мен үкіметтің бұрынғы қызметкері Рүстем Хамзин бар.