Алматыда арнайы операция өтті

130

Алматыда қалалық криминалдық полиция қызметкерлері Ішкі істер министрлігі Криминальдық полиция департаменті мен арнайы жасақтағы әріптестерінің көмегімен арнайы операция өткізді, деп хабарлайды zakon.kz.

Сауда үйлерінің бірінің тұрағында полиция Lexus LX 470 және Toyota Camry көліктерінің жолын жауып , 6 адамды ұстады, оның төртеуі – бұрын сотталғандар.

 

Олардың арасында қарақшылық, тонау, бұзақылық, есірткі қылмыстары және заңсыз қару-жарақ айналымы үшін сотталғандар да бар. Үлкені – 33 жаста, кішісі – 25 жаста. Бірі – Түркістан облысының, қалғандары – Алматы облысының тұрғындары. Күдіктілердің және олардың көліктерін жекелей тінту кезінде екі Макаров, Наган және Марголин тапаншалары, тегіс ұңғылы екі шолақ мылтық, күзетке арналған травматикалық тапанша және оларға арналған оқ-дәрілер табылды. Сарапшының қорытындысы бойынша, тәркіленген барлық қару атуға жарамды, – деді Алматы қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Әбілбеков.

 

Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы, 3 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу барысында тәркіленген әскери арсеналдың шығу тегі, кімге тиесілі екендігі, сондай-ақ оның кез-келген қылмысқа қатыстылығы анықталатын болады.