
Маманның кәсіби құзыреттілігінің құрамдас бөліктерінің бірі шет тілін меңгеру болып табылады. Уақыт талабына сай әдіс-тәсілдерді түбегейлі өзгерту қажет болғанда шет тілі оқытушыларының алдына оқыту принциптері мен оқыту әдістерін, сондай-ақ пән мазмұнын таңдауға, шет тілдерін оқытудың практикалық және тұлғалық әлеуметтік бағытын күшейту сияқты күрделі міндеттер қойылды. Студенттер білім алып қана қоймай, сонымен қатар сол мамандық саласында алған білімін қалай жүзеге асыра алатындығы да ерекше маңызды екені белгілі.
Тәрбие беру, білім беру мақсаттарын жүзеге асыру студенттердің бойында гуманистік дүниетанымды, патриоттық сезімді, жоғары адамгершілікті қалыптастыру, олардың жалпы мәдени білімін арттыру, ұлттық-мәдени құзыреттілік негізін қалыптастырудан тұрады. Бұл негізгі ұлттық әдет-ғұрыптар, дәстүрлер, өз елінің және оқытылатын тілде сөйлейтін елдің шынайы өмірі туралы білімнің интегралды, біртұтас жүйесі, студенттердің ой-өрісін кеңейту, халықаралық қатынастар және Қазақстанның әлемдік интеграциялық процестерге қатысу мәселелерін тереңірек түсінуге негізделеді. Тәрбиелік жұмыстар және тәрбиелік мақсаттағы шараларды жүзеге асыруға оқу материалымен сәйкес тілдік және мәдени елтаным материалдарын іріктеу, таңдау арқылы қол жеткізіледі.
Қазіргі таңда Қазақстанның барлық мектептерінде физика, математика және басқа да пәндер ағылшын тілінде оқытылатынына және ағылшын тілінде жүргізілетін факультеттер мен тұтас университеттердің барына да таңғалмайтын болдық. Ал бұл бағыттың бастамашысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ болса, шет тілдері кафедрасы бұл жобаның тікелей орындаушысы. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар 1964 жылы осы университеттің физика факультетінде ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын алғашқы топ құрылған кезде жасалды. Әрі шет тілдері кафедрасы оқу жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеуге жауапты болды. Бағдарламаға нені енгізу, қандай оқулықтарды таңдау керектігі, қарапайым топтар үшін қолданылатын оқулықтардың айырмашылығы қандай болуы керек екенін шешу секілді барлық мәселелерді айқындау шет тілдер кафедрасының міндетіне айналды. Осыған сәйкес бұл жерде айта кететін жайт, ағылшын тілінің сағат саны қазір тереңдетіліп оқытылатын топтардағыдай 4 емес, аптасына 10-12 сағат болатын. Ағылшын тілі курсы 6 жыл оқуға арналған. Материалды іріктеу, студенттерді қызықтыру және ағылшын тіліндегі физика курсымен тікелей байланысты болғандықтан кәсіби тіл курсын құру күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе еді. Оқытушылардың білімі мен шеберлігінің арқасында бұл бағдарламалар факультетте жасалып, сәтті қолданыла басталды.
Жоғары сынып оқушылары ағылшын тілінде еркін сөйлеп, ағылшын тілінен «One’s Own Game» байқауына ұқсас диспуттар мен сайыстар ұйымдастырылып отыратындықтан студенттер мамандық, білім беру мәселелері және болашақ мамандық туралы жиі пікірталас ұйымдастыра бастады. Соның арқасында арнайы бөлімнің түлектері TOEFL емтиханын 550 және одан жоғары балл жинайтындай дәрежеге жетті.
Осы уақытқа дейін кафедра құрамы мен студенттер құрамы жыл сайын өзгеріп отырғанымен, түлектердің деңгейі үнемі жоғары болатын. Міне, нәтижелі еңбек пен сапалы білімнің арқасында бүгінде біздің түлектеріміз ҚазҰУ және басқа да университеттерде ағылшын тілінде физика пәнінің оқытушысы болып жұмыс істеп жатыр. Атап айтсақ, Е.Ермилова, А.Құсайынов, О.Федоренко, Е. Дайнеко кәсіби ағылшын тілі мұғалімдері болып, ал А.Ермилов, А.Рүстемовалар әртүрлі халықаралық ұйымдарда, А.Ермилов пен И.Кенжина аудармашы ретінде ағылшын тілді елдерде тағылымдамадан өтуде. Сондай-ақ көптеген түлегіміз кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғап, кафедрамыздың еңбегін еш етпей келеді.
Ш.Гумарова,
В.Цыганова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
шет тілі кафедрасының оқытушылары