Тағы бір қу кетті, Қайрат деген…

129

Бұл Қазақстанда баяғыдан бері АХҚО деген бар еді. «Астана» халықаралық қаржы орталығы. Елімізде МФЦА деген орысша атауымен көбірек таныс.

Күні кеше соның негізін қалағандардың бірі, соның басшысы болып келген Қайрат Келімбетов орнынан алынды.

Қайрат Нематұлы Келімбетов кім еді? Бұл сауалға экономист Ескендір Бейсембетов әлеуметтік желіде майын тамыза жауап беріпті. Ол былай дейді:

Қаралы қаңтарда халықтың көтерілуіне бүкіл оппозиционерлерден артық еңбек сіңірген біреу болса, ол Қайрат Келімбетов.

Біріншіден, Келімбетов адамның миын ашытып жіберетін небір бағдарламаларын тықпалап, біздегі «режимнің» алтын уақытын ұрлады. Талай жылдар бойы бірнеше үкіметтің ақшасы мен күш-қажырын жоқ қылып келген тап осы Келімбетов.

Бір кездері танымал экономист Қанат Берентаев Келімбетов туралы былай жазған: «Ұлттық қордан аямай ақша бөлініп жататын «сұмдық серпіліс береді» дейтін жобалардан елге бір түйір де пайда тимейді. Жалпы, Қайрат Келімбетовтің қатысы бар ешбір бағдарламаның Қазақстанда жұмыс істеуі мүмкін емес».

Есімізде ғой, анау «әкімшілік реформалар», «30 корпоративтік көшбасшы» «экономиканың кластерлік моделі» сияқты Келімбетов ойлап тапқан, сол басқарған бағдарламалардың бәрі аяқсыз қалды. Бұлар тіпті бағдарлама емес, ақыры ақша мен уақытымызды ұрлаған қу пиар боп шықты.

Екіншіден, Келімбетовтің араласуымен «режимнің» қалтасын қатты жұқартқан Қазақстан тарихындағы ең ірі операция жасалды. 2008 жылдың 13 қазанында Ұлттық қордан «дағдарысқа қарсы зерделенген бағдарламаларға» 10 миллиард доллар бөлу жөнінде шешім қабылданды. Оның 4 миллиарды «қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге» бөлініп кеткен.

2009 жылы Қайрат Келімбетов басқаратын «Самұрық-Қазына» қоры сол 4 миллиард долларға ең ірі банктердің (БТА, Казком, Халық және Альянс) акцияларын сатып алды, оларға қосымша капитализация жасау мақсатымен. Оның уәдесі бойынша, дағдарыс аяқталғаннан кейін әлгі банктер өздері алған бұл ақшаны мемлекетке қайтаруы тиіс болатын. Алайда 2013 жылдың 23 қаңтарында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев «2008 жылы дағдарысқа қарсы күрес үшін бөлінген 10 миллиард доллар әлі қайтарылмады, ол ақша жоғалып кетті» деп мәлімдеген. Сосын Келімбетов президенттің сенімді серігі Кәрім Мәсімов арқылы әйтеуір, елбасының ашуын басты. Сол банктердің шын мәнінде қанша ақшаны мемлекетке қайтарғанын мен де әлі толық білмеймін.

Ең қызық тірлік, кредиторларының алдында 13 миллиард доллар қарызы болған БТА банкпен жасалды. Қарызы бастан асатын дәл осы «қиын» активті бұлар бүлікші банкир Мұхтар Әблязовтан «тартып алды». Ол банк ешқандай да актив емес еді, ол үлкен қарыз еді, Әблязов Morgan Stanley сияқты алып кредиторлардың алдында жауап беруі тиіс еді.

Ақыры Мұхтар Әблязовтың БТА банкі емес, оның орнына мемлекет жауап берді. Бұл деген қаншама салынбай қалған мектеп пен аурухана, қаншама ашылмай қалған жұмыс орындары? Соның салдары ғой, бізді түбі қаралы қаңтарға әкелген.

Үшіншіден, «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуымен KASE-ні дамыту жолында талай жыл тер төккен Григорий Марченко, Әбен Бектасов, Азамат Жолдасбеков, Андрей Цалюк, Алина Алдамберген, Евгений Мұхамеджанов сияқты көптеген кәсіпқойлардың еңбегі далаға кетті. Қазақстанда қор нарығы жүйелі түрде қалыптасуы тиіс еді, ол қалыпты жұмыс істеуі керек. Онсыз ел экономикасы әлі күнге дейін кемшілігі көп банк секторына біржақты тәуелді болып келеді.

Әне, Қайрат Келімбетовтің ескі Қазақстанның «режиміне» қарсы жасаған иттігі өте көп…

Әділ АҚЫЛБАЙ