Эпидемиолог үнді штамының «қулығын» айтты

120

Коронавирустың үнді штамы және оның мутациясы – қауіпті. Өйткені вирустың бұл нұсқасы жасушаларға еніп, антиденелерге өте төзімді болады. Бұл туралы Гамалея эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбург мәлімдеді, – деп хабарлайды РИА Новости.

«БАҚ-та айтылып жүрген үнді штамының мутациясы, әрине, қауіпті. Өйткені үнді штамының өзі қауіпті: ол жасушамен өзара әрекеттесудің басқа сипатына ие. Ол жасушаларды жоймайды, бірақ бір жасушадан екінші жасушаға ауысып, көп ядролы жасуша түзеді. Осылайша ол ішке кірген кезде қанда айналатын антиденелерге өте төзімді болады. Бұл – оның әдісі», – деді ғалым.

Александр Гинцбург. © РИА Новости

«Дельта» штамы былтыр қазанда Үндістанда табылған. Сол кезден бастап ол бүкіл әлемге таралды, оның ішінде Қазақстанда да анықталған.

Ұлыбританиялық инфекционист Абдул Ғафурдың айтуынша, SARS-CoV-2 дельта-нұсқасын жұқтырған адамдарда диарея жиі кездеседі. Маман мұндай симптом коронавирустың алғашқы толқынында сирек кездескенін айтты.

Сингапур ғалымы Тео ИК Ин Straits Times газетіне берген сұхбатында үнді штамы әлемдегі COVID-19 пандемиясының өршуіне әкелуі мүмкін деп мәлімдеді.

«Ол (штамм – ескерт.) әлем бұрын көрген пандемиядан гөрі ауқымды болуы мүмкін», – деді ғалым.