Қазақстанда құрғақшылық болуы мүмкін

111

Қазақстанның алты өңірінде құрғақшылық болады деп күтіледі. «Қазгидромет» РМК синоптиктері маусымға жасаған болжамын жариялады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Метеорологтар мәліметі бойынша, ылғалдану жағдайларының статистикалық болжамына сәйкес, маусымда Қазақстанның біраз аумағында ылғал жеткіліксіз болады деп күтіледі.

«Ақмола (Жақсы ауданы), Ақтөбе (Әйтеке би, Хромтау аудандары), Шығыс Қазақстан (Бесқарағай ауданы) және Маңғыстау облысында (Қарақия ауданы) қатты құрғақшылық күтіледі. Төтенше жағдай Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында және Қостанай облысының Амангелді ауданында болуы мүмкін», – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаттары Қызылорда және Маңғыстау облыстарында төтенше жағдай енгізуді ұсынған болатын. Олардың айтуынша, бұл өңірлерде мал азығына қатысты жағдай өте қиын. Онда аштықтан, тек ресми мәліметтер бойынша, екі мыңға жуық мал өлген.

Депутаттар үкіметті шұғыл шаралар қабылдауға шақырды, сондай-ақ агросферадағы жетістіктерге қарамастан, қарапайым проблемалар, оның ішінде жем-шөппен қамтамасыз ету республикада әлі күнге дейін шешілмегенін айтты.