Қазақстанда «үндістандық штамға» ұқсайтын коронавирустың мутациясы анықталды

116

Денсаулық сақтау министрлігі «үндістандық штамға» ұқсайтын коронавирустың мутациясы анықталды деп мәлімдеді. Алайда түпкілікті қорытындысы сынақ аяқталғаннан кейін белгілі болады.

«Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясына шалдыққандар деңгейінің күрт артуына байланысты денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа шалдыққандардан алынған оң сынақ үлгілерге ПТР скрининг жүргізген. Скринингтің нәтижесі бойынша, «Дельта» (үндістандық штамм) штамына ұқсайтын мутация анықталды» делінген министрлік хабарламасында.

Алайда мутацияның «Дельта» екендігін-еместігін ДНҚ-үлгілеріне толық геномды секвенирлеу жасалғаннан кейін анықталады.

Коронавирустың Үндістан штамы жайлы не белгілі?

Коронавирустың үндістандық штамы SARS-CoV-2 вирусының төртінші нұсқасы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны ғаламдық деңгейде алаңдаушылық тудыратын штамдар тізіміне енгізген. Бұл тізімге вирустың тез жұғатын, ауруды асқындырып жіберетін және вакцина мен дәрі-дәрмекке бой бермейтін түрлері енген. Үндістандық штамм 70-тен астам елде анықталған. Бұған дейін аталған штамның Қазақстан көршісі Ресейде де анықталғаны хабарланған еді.