Қазақстанның тағы бір өңірі «жасыл» аймаққа өтті

109

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ресми сайты ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жария етті. Оған сәйкес, Ақмола облысы «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа ауысты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

15 маусымдағы жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймақта тұр. «Сары» аймақта Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары орналасқан. Алматы мен Шымкент қалалары және Алматы, Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары «жасыл» аймақта. Айта кетейік, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 757 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 402 996-ға жетіп отыр. Сонымен қатар, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде коронавирусты жұқтыру көрсеткіші 20 пайызға төмендегенін мәлімдеп, Қазақстан коронавирус дертінің таралуы және дерттен көз жұмғандардың саны бойынша әлемдік рейтинге нешінші орында тұрғанын айтып бергенін жазған едік.