Қорғаныс министрлігі оқ-дәрілер сақталатын барлық қоймаларды тексереді

90

Қорғаныс министрлігінде Қарулы Күштердің барлық объектілеріндегі оқ-дәрілердің сақталу жағдайын тексеру жөнінде комиссия құрылды, деп хабарлайды zakon.kz.

Қорғаныс ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы генерал-лейтенант Әмір Халықов басшылық ететін Қарулы Күштердің барлық қоймаларындағы оқ-дәрілерді тексеру комиссиясының құрамы тағайындалды.

Шешім Жамбыл облысында орын алған оқиғаға байланысты қабылданды. Алғашқы сәттен бастап-ақ қорғаныс министрі өрт салдарын жою жұмыстарын ұйымдастырып, оқиғаның туындау себептері мен мән-жайын талдады.

Аппарат кеңесінде генерал-лейтенант Н.Ермекбаев атап өткендей, Қорғаныс министрлігі Арыста болған өрттен кейін бұндай оқиғаларды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдаған болатын. Сондай-ақ Қарулы Күштерде Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып, 30 жыл ішінде алғаш рет оқ-дәрілерге толық түгендеу жүргізілді және екі сақтау базасының құрылысы ұйымдастырылды.

 

Қабылданған шараларға қарамастан, министр берген бірқатар тапсырмалардың өз деңгейінде орындалмауы Жамбыл облысындағы оқиғаның себебі болуы да мүмкін. Оқиғаның шынайы себептері мен кінәлілерді тергеу жұмыстары анықтауы тиіс, – деді қорғаныс ведомствосының басшысы.

 

Оқ-дәрілерді сақтау объектілері режимдік екенін ескере отырып, комиссия жұмысына кеңесшілер ретінде тәуелсіз және білікті сарапшыларды, оның ішінде Қарулы Күштердің ардагерлерін тарту тапсырылды.

Комиссия оқ-дәрілердің сақтау жағдайына объективті баға беріп, барлық кемшіліктерді анықтауға және оларды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға ықпал етеді.

Бүгін, 31 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлан Ермекбаевты қызметінен босатып, жаңа қорғаныс министрі етіп Мұрат Бектановты тағайындады.

26 тамызда сағат 19: 00-де Жамбыл облысында жарылыстар орын алды. Байзақ ауданында инженерлік оқ-дәрі қоймасында өрт болғаны белгілі болды. Өрт инженерлік оқ-дәрілер сақталатын қоймаларға тез тарады. Өрттің себебі әлі анықталған жоқ. Соңғы мәліметтер бойынша, 15 адам қаза тапты.