Әблязовтың сыбайласы Қазақстанға 6,3 миллиард теңге қайтарды

30

«БТА Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтың сыбайласы Қазақстанға 6,3 миллиард теңге қайтарды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне сілтеме жасап.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Бас прокуратурасымен бірлесіп «БТА Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовқа және оның сыбайластарына қатысты қылмыстық қудалауды жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта қылмыстық топтың 6,3 миллиард теңге мөлшерінде келтірген залалын қосымша өтеу қамтамасыз етілді», – делінген хабарламада.

Әңгіме Әблязовтың бақылауындағы оффшорлық компанияға көрінеу қайтарымсыз кредиттер беру арқылы ұрланған және Мәскеу қаласындағы ірі бизнес-орталықтың құрылысына инвестицияланған БТА Банкінің қаражаты туралы болып отыр.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, сот төрелігінен жасырынып жүрген адамдарды экстрадициялау және Қазақстанға ерікті түрде қайтару және басқа да қылмыстық эпизодтар шеңберінде залалды қалпына келтіру бойынша жұмыс жалғасып жатыр.