Ақтөбеде полицейлер пара алды деген күдікке ілінді – Қылмыс

56

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері Ақтөбе облысында пара алды деген күдікпен полицейлерді ұстады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, пара алу дерегі бойынша Ақтөбе полиция басқармасы Астана аудандық № 2 полиция бөлімінің басшысының жедел жұмыс бойынша орынбасары және аға жедел уәкілі, осы бөлімнің жедел уәкілі күдікке ілінген.

«Олар алдын ала сөз байласып, баласын қылмыстық жауапқа тартпау үшін оның туысынан 300 мың теңге сомасында пара алған. 14 ақпанда айыпталушылардың бірі, яғни жедел уәкіл өз кінәсін толығымен мойындады. Оған үй қамауына алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Ал екінші жедел уәкілге ешқандай шара қолданылған жоқ», – деді МҚІжСЖҚІА ресми өкілі Жанна Бастарова.

Оның айтуынша, қалалық полиция басқарма басшысының орынбасары қамауға алынды.

Сонымен қатар, Павлодар облысында «Қазақстан су жолдары» МҚК директорының орынбасарына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны хабарланып отыр.

«Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Павлодар облыстық департаменті «Қазақстан су жолдары» МҚК директорының орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ол «Қазақстан су жолдары» МҚК-нің Павлодарда орналасқан филиалының басшысынан бір миллион теңге пара алды деген күдікке ілінген», – деп хабарлады МҚІжСЖҚІА ресми өкілі.



[ad_2]

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz