Биыл Алматының автобус паркі 100 пайыз жаңарады

60

Алматыда қалалық көлік реформасының аралық қорытындысы шығарылды.

«Үш жылдың ішінде ішінде 1 113 жаңа автобус сатып алынып, еліміздегі алғашқы BRT желісі іске қосылды, каршэринг пен велесипедті жалға беру қызметі енгізілді. Метроның жаңа екі стансасының құрылысы мен LRT жеңіл рельсті трамвай жобасын жүзеге асыру жалғасып жатыр», деп жазды Алматы әкімі Бауыржан Байбек Instagram парақшасында.

Әкімнің атап өтуінше, бүгінгі күні Алматының автобус паркі 80 пайызға жаңарған. Бұл көлеңкелі айналымдағы қаражатты шығаруға мүмкіндік берген «Оңай» қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізудің арқасында жүзеге асырылып отыр. Қазіргі уақытта барлық транзакциялардың 97 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. Қала тұрғындары арасында QR-код арқылы төлем жасау мүмкіншілігі де танымал болып келе жатыр.

Бұған қоса, жолақысынан түсетін кірістің айқын болуы тасымалдаушылардың алдында паркіт жаңарту және қызмет көрсету сапасын арттыру  мәселесін көтеруге мүмкіндік берді.

Көлік холдингінің мәліметтеріне қарағанда, егер жеке тасымалдаушы «БАТУ TRAVEL» компаниясының өткен жылғы сәуірдегі түсімі субсидиялар мен өтемақыларды қоспағанда 4,7 млн теңге болса, ал биылғы сәуірде бұл цифр 12,3 млн теңгеге жетіп отыр. Дәл осындай жайт «Думан Транс»  жеке тасымалдаушысында да болған. Аталған компания өткен жылмен салыстырғанда түсімін 1,8 есеге арттыруға қол жеткізді.

«Биыл Алматының автобус паркі 100 пайыз жаңартылатын болады. Таяу уақытта шамамен тағы 500 автобус, оның ішінде газбен жүретін 200 және 60 тіркемелі автобус жеткізіледі. Қалалықтардың маған Instagram арқылы жүгінулерін ескере отырып 38 бағдарды жаңартуға тапсырма бердім. Ол жаққа газбен жүретін жаңа 18-метрлік автобустар қатынайды. Көпшілік пікірлерінде 48 бағдарды ауыстыруды өтініп жатыр. Жаңартамыз», – деді Бауыржан Байбек.

 

Авторы: Данияр Дәуіталиев

inform.kz