Халыққа қызмет көрсету орталықтары кезекті алдын ала брондаусыз қабылдамайды

64

Қазақстанның кейбір аймағында 4 мамырдан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы қайта жанданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы мен Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында ХҚО-лар қайта жұмысын бастайтынын мәлімдеді. Аталған өңір әкімдіктерінің жанындағы төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі штабтар осындай шешім қабылдаған. Алайда, вирустың таралу қаупіне жол бермеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібін өзгерту туралы шешім қабылданып отыр. Өзгерістер көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне және оларды ұсыну форматына қатысты. Мәселен, – енді ХҚО-ларда электрондық форматта қолжетімсіз, тек «қағаз» жүзіндегі қызметтер көрсетіледі. – сондай-ақ egov.kz порталында алдын ала рәсімделген өтініштердің нәтижесін беру жүзеге асырылады. – ХҚО-ға бару үшін «1414» байланыс орталығы немесе немесе egov.kz сайтындағы арнайы сервис арқылы кезек уақытын алдын ала брондау қажет. «Азаматтарға арналған үкіметтен» мәлім еткендей, бұл өзгерістер азаматтардың ХҚО-да көптеп жиналуын болдырмай, вирусты жұқтыру қаупін жояды. Осы ретте қызмет алушылар да өз уақытын үнемдейді. Алдын ала брондаусыз еш қызмет көрсетілмейді. «Азаматтар электронды форматқа аударылған және egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80 пайыздан астамын тек өздігінен немесе бұрынғыдай ХҚО ғимараттарында емес, әкімдіктер жанындағы кеңселерде, оқу орындарында, медициналық ұйымдарда және тағы басқа жерде орналастырылатын өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында ала алады. Онлайн қызметтерді жылдам әрі ыңғайлы алу үшін азаматтар 1414 нөміріне хабарласа алады. Онда ХҚО операторлары кеңес береді», – деп хабарлайды корпорациядан. Айта кетерлігі, карантин жарияланғалы бері қазақстандықтар egov.kz электрондық үкімет порталы, телеграмдағы eGovKzBot2.0 боты және eGovMobile мобильдік қосымшасы арқылы өз бетінше онлайн түрде 10,5 миллионнан астам мемлекеттік қызметті алған. Дегенмен, 3 санаттағы азаматтар, яғни зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және мүгедектер электрондық қызметтерді ХҚО-дан ала алады. Әр фронт-офисте олар үшін жеңілдік терезесі жұмыс істейді. Сондай-ақ олар да ХҚО-ға баратын уақытын алдын ала брондауы керек. Аталған өзгерістер Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарындағы ХҚО-лар жұмысына қатысты. Ал аудан орталықтары мен ауылдық жерлердегі ХҚО-лар жұмысы еш өзгеріске ұшырамайды. 2020 жылғы 4 мамырда жұмысын қайта бастайтын ХҚО тізімін мына сілтемеден көруге болады.