Президент «Нұр Астана» мешітіне барды

30

Мемлекет басшысы Ораза айт мерекесінде «Нұр Астана» мешіті мен «Астана» медресе колледжіне барды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орнының жұмысымен танысып, оқу үдерісі мен материалдық-техникалық базасының жоғары деңгейде екенін айтты.

Студенттермен әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті оқу және жатын орындарының жағдайын сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай оқу орнында оқитын шәкірттер ынталы әрі тәрбиелі болуы керектігін атап өтті.

«Сіздерді қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, жақсылықтар мол болсын, бақ-береке тілеймін. Келесі Рамазан айына басымыз аман, бауырымыз бүтін, халқымыздың төрт құбыласы түгел жетуге нәсіп етсін. Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!» – деп тіледі Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті еліміздің игілігі үшін дұға жасады.