
Алматы көпсалалы колледжінде «Құрылыс мамандықтары мен жиһаз өндірісі» әдістемелік циклдық комиссиясына енетін мамандықтардың онкүндігі басталды. Оның мақсаты – мамандықтардың білім беру ісіндегі сапасын арттырып, өзара тәжірибе алмасуды дамыту.
Оңтүстік астанада тіркелген кәсіптік-техникалық білім ордалары арасында алғашқы орындарды иеленген Алматы көпсалалы колледжі карантин режимдерін тиімді пайдалану бағытында талай өрелі істерді жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – колледждегі мамандықтар арасында өзара тәжірибе алмасуды жүргізіп, оқытушылардың сапа менеджменті көтеруді мақсат тұтатын іс-шараларды ұйымдастыру. Осы орайда, білім ошағында 1–15 ақпан аралығында «Құрылыс мамандықтары мен жиһаз өндірісі» әдістемелік циклдық комиссиясына енетін мамандықтардың онкүндігі өз жұмысын бастады. Декаданың негізгі мақсаты – мамандықтар арасындағы тығыз қарым-қатынасты жолға қойып, ұстаздардың біліктілігін көтеру, мамандықтардың танымалдылығын арттыру. Аталмыш онкүндікте бұл әдістемелік циклдық комиссияның оқытушылары мен өндірістік шеберлері өз сабақтарына байланысты жоспар бекітіп, күнделікті шеберлік сағаттарын өткізеді.
«Құрылыс мамандықтары мен жиһаз өндірісі» бөліміне негізінен екі мамандық біріккен. Олар қазіргі уақытта аса қажет саналатын «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» және «Жиһаз өндірісі» мамандықтары. Негізінде бұл кәсіп иелеріне қоғамда сұраныс өте жоғары. Өйткені, оны игерген колледж түлектері жеке кәсіптерін ашып, шағын және орта бизнес саласында қаржылық әлеуеттерін арттыра алады.
Сонымен қатар, «Құрылыс мамандықтары мен жиһаз өндірісі» әдістемелік циклдық комиссиясы бойынша диплом алатын түлектердің тағы бірі ерекшелігі – оны тәмамдаған кадрлар бір мамандық, екі біліктілік алып шығады. Алматы көпсалалы колледжінің 9-11 сыныптан кейінгі мектеп түлектерін қабылдайтынын ескерсек, бұл еліміздегі жекеменшік секторын дамытқысы келетін әрі жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін кез келген маман үшін таптырмайтын қажеттілік.
Онкүндікте колледж оқытушылары сабақ өтудегі әртүрлі тың дүниелерді ойлап тауып, білім берудегі жаңа тәсілдермен бөліседі. Сондықтан, ұстаздармен қатар студенттер де белсене атсалысатын мұндай шараның маңызы өте зор.
МЕДИА ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ
ТЕХНОЛОГИЯЛАР ОРТАЛЫҒЫ