Шұбайқызыл десе, Шұбайқызыл

73

Еліміздің Оңтүстік өңірлерінде жиі кездесетін «Грейг» қызғалдағын суретке түсіру үшін Алматыдан арнайылап жолға шыққан біздің шығармашылық топ Түркістан облысына барып-қайтуға шамамен 1300 шақырым жолды жүріп өтті.

Биыл сәуір айында жауын-шашын мол болғандықтан жер-жерде көкорай шалғын шөппен бірген гүлдің де түр-түрі жайқалып өскен. Жылына бар болғаны 15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақ әсіресе Шұбайқызыл алқабын қызыл кілемге көмкеріп, жұпар иісі аңқыған жазиралы кең даланы одан сайын әсемдікке бөлей түскен. Осы сәтті тиімді пайдаланып қалуға тырысқан фотографтар гүлді әр қырынан түсіріп алып жатты.

Жер бетінде қызғалдақтың 120-дан астам түрі бар болса, олардың басым көпшілігі Шығыс Азия мен Оңтүстік Еуропа елдерінде кездеседі. Гүл өндірушілердің кейбірі ол гүлді тек сату үшін ғана өсірсе, қалғандары хош иісті парфюмериялық заттар жасауға пайдаланады екен. Ал біздің отандық мамандар бұл гүлдің «грейг» деген түрін бауыр ауруларына қарсы дәрі-дәрмек ретінде пайдалануға болатынын айтуда. «Грейгтің артықшылығы ол – 55 пайыз крахмал мен қанттан тұрады. Ал ондай сұйықтық ағзаға аса пайдалы», – дейді олар. Ал жалпы Түркістан облысы нақ осы гүлдің ордасы саналады.