Азаматхан Әміртай: «Халықты алдаумен алысқа бармайсың»

634

Әділет министрлігінде тіркелуге кезекте тұрған бірнеше партияның арасынан бүгін біреуі тіркелді. Ол – BAYTAQ экологиялық партиясы. Elmedia бұл партияның жетекшісі Азаматхан Әміртайды әңгімеге тартты.

Е: Азаматхан, сізді және партияластарыңызды тіркелумен құттықтап қояйын. Тіркелу қиын болды ма?
АӘ: Рақмет! Біз негізі, партия құруға көптен бері тыңғылықты дайындалып едік. 2015 жылы экологиялық қозғалыс құрып, соның негізінде партия құрып отырмыз. Қазақстан деген тек Алматы мен Астана ғана емес, батыста, солтүстік пен шығыста да өңірлер бар дегендей. Партия құру жөніндегі алғашқы ұйымдастыру комитеті 2019 жылы шақырылған. Сол уақыттан бері партиямызды тіркетуге құжат тапсырып келдік. Жалпы, 18 рет тіркелуге талпыныс жасаппыз.
Соңғы рет 23 тамызда құжат тапсырып, 24 қыркүйекте құрылтайшылық сьезін өткізуге рұқсат алдық. Оған еліміздің әр түкпірінен 1450 делегатымыз қатысты, бәрі өзіміздің белсенділеріміз, қарапайым адамдар. Қоршаған ортамыз бен адам денсаулығын қорғау деген идея мен құндылық үшін біріккен ел азаматтарымыз біз, қысқасын айтсам.

Е: «Жасылдардың» әдетте Еуропада, барша дамыған елдерде қолдауы жоғары болатынын білеміз. Ал бізде сенат сайлауы басталып жатыр, сосын мәжіліс пен мәслихатар сайлауы өтеді. Ол сайлауға партияңыз қатыса ма? Партиялық тізімдерге басымдық беріле ме, әлде бір мандаттық округтерді көздеп отырсыздар ма?
АӘ: Иә, біз қазір парламент пен мәслихаттарға партиялық тізім дайындап отырмыз. Біздің мақсатымыз – саясатқа араласқысы келетін барлық азаматтарымыздың көше кезбей, мемлекет игілігі үшін заңды негізде әрекет еткені. Негізінен партиялық тізімге басымдық бермекпіз, ал мажоритарлық негізге келсек, өңірлерде жақтастарымыз бар, әр жерлерде бір мандаттық округ бойынша сайлауға түсуге дайын отырған ақсақалдарымыз бен белсенділеріміз бар. Олар біздің партияның атынан түсе берсін, біз қолдауымызды көрсетеміз. Әрине, материалдық, ақшалай қолдау керек. Мол қаражат қажет, жарнама мен үгіт-насихат шығындары бар. Бұл мәселені де шешіп жатырмыз.

Е: Парламенттен қанша дауыс аласыздар деп ойлайсыз?
АӘ: Енді, экология, «жасылдар» деген біздің қоғам үшін тың тақырып, халық арасында үлкен қолдау табамыз деп ойлаймын. Сайлаушылардың 10 пайыз дауысын алсақ, жаман емес болар еді. Алайда атқаратын жұмыстарымыз әлі көп.

Е: Тағы 10-12 партия тіркелу ниеті туралы мәлімдеген болатын, олардың көбі тіркелудің қиындығына шағым айтуда. Оларға берер кеңесіңіз бар ма?
АӘ: Жалпы, партия құру деген не, өзі? Партия деген белгілі бір құндылықты ортақ ту етіп, соның маңайында бірігетін жақтастардың, мұңдастардың бірлестігі. Билікке тек сын көзбен қарап, оған «қарсылық» көрсетуге ғана шақыру арқылы халықты біріктіру мүмкін емес. Оның орнына әлеуметтік мәселелер, мәдениет және басқа да салалардағы нақты ұсыныстарымызбен біріккеніміз тиімді. Бірақ бұл да оңай жұмыс емес екені белгілі. Қазір жаппай сынай берумен де халықты жинау қиын болды ғой. Ол Лениннің әдісі еді, оның революциясы қаншама адамның ажалына себеп болғанын білеміз. Сондықтан жабайы жолмен емес, эволюциялық жолмен, пәтуалы, дұрыс һәм саналы іс ұсынып, ойлы жолды таңдаудан өзге жол жоқ. Бұл енді шынын айтайын, үлкен жұмыс, қажырлы еңбек. «Партияңызға соншама көп адамды қалай жинап алдыңыз?» деп тікелей сұрақ қояды көбі. Жауабым сол, талмай жұмыс істеу керек. Сонда нәтиже ақырындап өзі келеді екен. Жүрген жеріңде айғай-шу шығарып, камерамен әкіреңдеп, халық алдында шоу жасаудың арзан қойылым боп кеткені де жасырын емес қой. Халық әбден тойған, шаршаған ондайлардан.

Е: BAYTAQ биліктің рұқсатымен тіркелген жасанды партия деген қауесет бар. Өзі өтірік оппозиция болып, шындығында оны президент әкімшілігі басқарады-мыс дейді. Сосын сәләфиттердің қатысы бар дей ме, әйтеуір қауесет неге көп? Бұған не дейсіз?
АӘ: Мұндай айыптардың ешбірімен келіспеймін, әрине. Адамдар қазір ақымақ емес қой, өздері зерттесін, өз пайымын өзі жасауы керек. Партияның тарихына, жүріп өткен жолына ұңілсін. Сайлау алдында сайтандай сап ете қалған емес, жүре-жүре партияға айналған экологиялық қозғалыс екенімізді білсін. Біздің партиямыздың артында бір олигарх, элиталық топтар түгілі бір де бір шенеунік жоқ. Белсенділігін біз арқылы жүзеге асырғысы келетін қарапайым қара халық, өзіміздей. Бізді тіркегені – мүшелеріміздің, жалпы, қазіргі белсенді қоғам қысымының әсері болар. Қазір ашық заман ғой, түлкі-бұлаңмен шексіз алдап отыра алмайды, қандай билік болса да. Біздің көтеретін мәселелеріміз өте көп. Мұнай компанияларынан бастап түрлі жер қойнауын пайдаланушылар бар, елімізге шаш-етектен зиянын тигізіп отырған. Сол үшін де бізді халық қолдап, қатарымызға қосылып жатыр деп санаймын.