
Елімізде жеке тұлғалардың банкроттық жариялауына қатысты заң қабылданды. Бұл заң қарыз, несие қыспағы қысқан біраз қазақстандықтарға септігін тигізері анық.
Жалпы, осы уақытқа дейін қазақстандықтардың банктерге қарызы 19 триллион теңгеге жуықтап қалған екен. Ал оның 11 триллионы жеке тұлғалардың еншісінде. Аталмыш мәселені шешу мақсатында енді қарызы бар адамдар биылғы жылдың 3 наурызынан бастап, өзін-өзі «банкрот» деп жариялап, өтініш қалдыра алады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов хабарлаған болатын.
— Былтыр жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты Мемлекет басшысы «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойған болатын-ды. Дегенмен заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, күшіне ену керек. Осыған орай, қарызы барлар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап, банкроттыққа өтініш бере алады, – деді Ержан Біржанов.
Жалпы, соттан тыс банкроттықтың шарттарына келсек, берешегі 4,9 миллион теңгеден аспауы тиіс, әрі ресми кірісі мен мүлкі болмауы қажет. Және қарыз бойынша банкпен тиісті рәсімдерді жүргізуге құқы бар азаматтар сотқа жүгінбей-ақ өзін «банкрот» деп жариялай алады. Сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін жеке тұлғаның тұрақты табысы болған жағдайда қарызын 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлеу әдісін қарастыра алады. Әрі бұл процедураның арқасында, белгілі бір жеке тұлға «банкрот» деген статус алмайды.
Еліміздегі білікті заңгерлер «халық бұл жағдайда сауатты болғаны жөн» деген кеңес береді. Мәселен, заңгер Айжан Кеңесбай: «Еліміздегі банкроттыққа қатысты заң қабылданғаннан бастап, көптеген азаматтар заңды білмегендіктен, өздерін «банкрот» деп жариялау үшін қазірден несиелерін төлемей жатыр екен. Ал заңның талаптары бойынша банкроттықты жариялау үшін белгіленген заңға сәйкес болуы керек. Ал несиені осы бастан төлемей қойып, кейін наурыз айында өтініш жіберсеңіз, көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе сіз, керісінше, өзіңіздің жағдайыңызды қиындатасыз. Сол себептен, бәрін алдын ала тексеріп, әрекет еткен жөн», – дейді.
Сондай-ақ заңгер кешірімге жатпайтын қарыздардың тізімін де атап өтті. Мәселен, оларға бірінші кезекте алимент жатады. Екінші, адамның денсаулығына, өміріне зиян келтірген қарыз сомалары, соттың үкімімен шығарылған мемлекеттік шешімдер, қылмыстық құқықты бұзғаны үшін салынған айыппұлдар еш кешірілмейтінін айтады.
Банкроттыққа қатысты тағы ескеретін нәрсе, өзін банкрот деп жариялаған тұлға алдағы 5 жыл бойы қайтадан өз атына несие рәсімдей алмайды. Яғни, кішігірім ломбардтардан басқа еш жердің көмегіне жүгінбейді. Тіпті, кәсіп ашып, пәтер сатып алу үшін бөліп төлеуге қатысты да мүмкіндіктерге ие бола алмайтын көрінеді. Жалпы, біздің еліміз бойынша несиесін төлемеген қарызданушылардың саны көбеймесе, азаймай тұр. Себебі, былтыр «банкроттық туралы заң қабылданады» деген жаңалық шығысымен, жарты жылдың ішінде 1 миллион 400 мыңға жуық адам несие алып, төлемей келеді. Олардың қарызы 1 триллион 449 миллиард теңгеге жетті деген ақпар шықты. Ал 5 жыл бойы несиесін төлемеген азаматтардың жалпы қарызы 500 миллиардқа жетеді. Сол себептен де, бұл қарыздың барлығы банкроттық заңмен шешіле қоймайды. Сарапшылардың айтуынша, 500 мың несие алушының тек 10-15 пайызы ғана қойылған талаптарға сәйкес болған жағдайда несиесі кешіріледі. Сондықтан да «үкімет қарызымды кешіреді екен, банкрот болдым, мінеки…» деп, әзірге, ерте қуанудың қажеті жоқ.
Бифат ЕЛТАЕВА