«Елбасы» мәртебесі ешнәрсе өзгертпейді

258

«Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады». Бірақ сол шөлмектің сынуы бұл қазаққа тым қымбатқа түсті. Мың күн – отыз жылға, отыз жыл – бір ғасырға татысын. Қазақ мәтеліндегі шөлмекті қайдам, біз меңзеп отырған «шөлмектің» шытынауы қалай қиын болса, сынуы да сондай ауыр түсті. Әңгіме Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кетуі мен «Тұңғыш Президент – Елбасы» заң күшінің жойылуы туралы екенін іштеріңіз сезген болар.

Сонымен, өткен аптада Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың статусы Ата заңнан алынып, экс-елбасының жақындарына берілген бірқатар артықшылықтар жойылды. Дегенмен қоғамда пікір көп. Елбасы статусының алынуы – Назарбаевқа берілген барлық артықшылықтар жойылды дегенді білдірмейді дейді. Бұл тәуелсіз сарапшылардың ойы, әрине!

Экс-президенттің статусы Конституцияда және «Президент туралы» заңда жазылған-ды. Мәселен, «Президент туралы» заңның 36-бабында елдің экс-басшысы президент кезіндегі істері үшін жауап бермейтіні, тек мемлекетке сатқындық жасаса ғана жауап беретіні анық көрсетілген. Тәуелсіз сарапшылар Қазақстанда ондай міндеттемелердің жуық арада орындалмайтынын да айтып отыр. Бұл енді басқа әңгіме…

Қысқасы, Елбасы статусы алынып тасталғанымен, Нұрсұлтан Назарбаевта бірқатар артықшылықтар сақталып қалды. Мәселен, Қазақстанның тұңғыш президентін бұдан былай қарапайым зейнеткер деп қарауға болмайды. Яғни «Президент туралы» заңда экс-президентке мемлекет есебінен қызмет көрсету және күзет беру қарастырылған. Ол аз десеңіз, өмір бойына қазіргі президент алатын жалақының 80 пайызы көлеміндегі зейнетақы да сақталып отыр. Оның зейнетақысы сіз бен біз елестете алмайтын ақша екені бәрімізге түсінікті, әрине. Оның үстіне, президенттің жалақысы өссе, экс-президенттің зейнетақысы да артып отырады екен.

Артықшылықтары бір-екі сөйлеммен бітпейді. Елдің бұрынғы президентіне мемлекет пәтер мен мемлекеттік саяжай берілген, жеке күзет, жүргізушісі бар арнайы көлік, тегін емделуге және курортқа барып демалып тұра алады. Осындай артықшылықтары сақталып отыр. Жеке кітапханасы мен жеке архиві экс-президенттің меншігі болып қалады. Оған өзінен кейінгі басшылар көз аларта алмайды. Н.Назарбаевқа қатысты сақталған ең негізгі артықшылықтары – бұрынғы президентіміз табысы жайлы декларация тапсыруға міндетті емес. Түсінікті тілмен айтқанда, Назарбаевтың қаржысын тексеруге заң бойынша ешкімнің құқығы жоқ. Шетелде қанша ақшасы бар, оның қаржысы қай банктерде сақталған деген сияқты әңгімелерге жауап таба алмайсыз.

Сонда экс-елбасының қандай құқықтары шектелді? «Елбасы туралы» заңның күші жойылған күннен бастап, Назарбаев мемлекеттік органдарға мемлекет құрылымы мен ішкі және сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша ұсыныстар жасай алмайды. Парламент пен үкімет алдында сөйлеу құқығынан айырылады. Бірақ «Президент туралы» заңға сәйкес, ол парламент палаталарының бірлескен отырысына, салтанатты шараларға қатыса алады. Құқықтық, әлеуметтік және экономикалық артықшылықтары сақталған экс-президенттің «құрметті сенатор» мәртебесі де алынып тасталды. Құқықтық күші жоқ ондай мәртебенің қара басқа қажет емес екені бізден бұрын, Назарбаевтың өзіне аян.

Дәл қазір Ақорда төңірегінде қарапайым қазақ сезіне бермейтін жымысқы соғыс жүріп жатқаны анық. «Елбасы» мәртебесінің алынып тасталуы мен Назарбаевқа қатысты кейбір заңдардың күшін жоюы соншылық трагедия болмаса да, экс-елбасы мен оның жақындарының ұйқысын бұзды. Біз осыған ұқсас сұрақтарымызды белгілі саясаттанушы Дос Көшім мен мәжіліс депутаты Ерлан Саировқа қойдық.

Дос Көшім:

Билік өздерінің биліктері мен сол биліктің өзегі болып табылатын жүйені ұстап қалу үшін барлығына барады деп ойлаймын. Олардың осы бір ешкімге қажеті жоқ, күні өткен, ешқандай қадір-қасиеті қалмаған Елбасы туралы заңды бір жыл бойы сілікпесін шығарғаны соншалықты, пікір айтудың өзі артық сияқты. Бұл заң туралы президент те айтты, Референдумға да енгізді, депутаттар да сан рет желпініп, бірдемені бітіргендей сөйледі, саясаттанушылар да бар пәлі осында жатқандай «терең» талдаулар жасады. Бұл – «Назарбаев дәуірімен» ашық соғыстың бір «көрінісі». «Көрдіңдер ме, біз жеке басқа табунышылықпен, диктаторға ерекше жағдай жасаумен белсене күресеміз» деген ұран. Оның орнына Нұрсұлтанның сенатта отырғаны, өзі туралы қазір, өзінің табанын жалағандардың қандай сөз айтып жатқанын өз құлағымен тыңдағаны дұрыс еді… Бір парламент сондай заң қабылдады, ал екінші бір шақырылымдағы парламент оны алып тастады. Әлде, Сендер парламенттің шығарған заңдары ешқашан жойылмайтын, бір сөзі алынып тасталмайтын Құран сөзі деп ойлайсыңдар ма? Қазақстан парламентінің Конституцияның оншақты бабын 18 минутта өзгерткенін ұмытқан жоқ шығармыз, оның қасында бір заңды өзгерту – түкке тұрмайтын мәселе. Бірақ тағы да қайталаймын, бұл мәселені біздің билік тамаша бір спектакльге айналдырып қойды. Сахнаға тек мәжіліс пен сенат емес, президент пен Конституциялық сот та шықты. Меніңше, соңғы акт ойналып, сахна шымылдығы жабылған жоқ сияқты. Енді қоғам экс-президенттерге тиесілі ережелер мен жеңілдіктерді, оған бөлінетін қаржыны талқылауға көшті. Кейбір елдерде экс-президенттерге арналған арнайы заңдардың бар екенін, сол заң арқылы оларға, белгілі бір деңгейде қаражат бөлінетін бәріміз білеміз. Ал кейбір елдерде ондай заң жоқ. Кешегі президент, қызметтен кеткен соң, өзіне ұнайтын басқа бір жұмысқа кіреді, біздер сияқты жалақыға күн көреді. Кейбір мемлекеттер экс-президентке жалақы бөлмейді, бірақ оның «президент» деген атағын қалдырады. Маған салсаңдар, бізде де экс-президентке қаржы бөліп, саяжай беріп, көмекші қалдырып, машина бекітіп жатқанша, «экс-президент» деген атақпен шектелген дұрыс.

Екіншіден, бұл мәселенің ең ыңғайсыз, ең ұятсыз жағы – осы заңды шығарған биліктің (парламенттің, депутаттардың, үкіметтің) сол заңды өздерінің алып тастап жатқандығы!

Бұл заңның күшін жою туралы мәселе Қаңтар оқиғасы кезінде ғана емес, осы заң шыққан уақытта көтерілді. Сол уақытта-ақ қоғамда «Ертең біз бұл адамды қалай жауапқа тарта аламыз?», «Президенттің жөні бөлек дейік, бірақ оның отбасының қандай қатысы бар?» деген сұрақтар туындаған болатын. Бірақ осы қазіргі билікте отырған жандардың, Назарбаев биліктен кеткенде көздеріне жас алған өксікбай, жандары нәзік мемлекет қайраткерлерінің «Бұл – ерекше жан!» деп, дес бермегені де шындық. Қаңтарда халық билікке қарсы шықты, ал авторитарлық биліктің өзегі, символы – Назарбаев болатын. Ал Назарбаевты қорғаушы заңның бірі де бірегейі де осы Елбасы туралы заң еді. Сондықтан экс-президент халық алдындағы жауапкершіліктен құтылып кете ме деген ой қаңтар кезінде тағы да алдымыздан шықты. Меніңше, не Назарбаевтың өзі немесе Тоқаев мырза, осы заң алынғаннан кейін экс-президенттің осы отыз жылғы іс-әрекетін тексеретін Қоғамдық комиссия құруды талап етуі керек сияқты. Бірінші кезекте бұл – Назарбаевтың аузынан шыққаны дұрыс болар еді. Оның «Мені осыншама сынап, сан түрлі айыптарды үйіп-төгіп жатырсыңдар. Келіңдер, Қоғамдық комиссия құрып, барлығын тексеріп шығыңдар. Мен – адалмын, ақпын. Егер ұрлаған-жырлағаным расталса, дәлелденсе, жауапкершілікті мойныма алуға дайынмын» дейтін кезеңі келген сияқты. Егер оған қазіргі билік жіберсе…

Ерлан Саиров:

«Тұңғыш президент – Елбасы» жөніндегі заң күшін жойды. Бұл заң бойынша Н.Назарбаев Қазақстан республикасы парламентінің алдында сөйлеуге, үкімет алдында сөйлеуге және министрліктер мен ведомстваларға тапсырма беруге толық құқығы болған еді. Осы құқықтарының бәрін алып тастады. Сонымен бірге, туған-туысқандарына қатысты белгілі бір артықшылықтары болған, солар да алынып тасталды. Дегенмен экс-президент ретіндегі кейбір артықшылықтары сақталады. Мәселен, экс-президент ретінде көлік беріледі, жалақы, күзет беріледі. Бұл барлық экс-президенттерге берілетін жеңілдіктер. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, оның үстіне Н.Назарбаев президент ретінде қызмет еткендіктен, бұл жеңілдіктер сақталады. Мұны адамгершілік, гуманизм нормаларына сәйкес келеді деп есептеймін.

Назарбаевқа қаңтардың қатысы бар ма, жоқ деген әңгімелер әртүрлі ортада, әртүрлі деңгейде айтылып жүр. Біздің елімізде кінәсіздік презумпциясы деген ұстаным қолданылады. Яғни нақты адамға белгілі бір айыптар тағылмас бұрын сотпен дәлелденуі керек. сотпен дәлелденбесе, айтылған сөздің бәрі шындыққа сәйкес келмейді деген сөз. Сондықтан қаңтарға қатысты әңгіме заң алдында қаралып, дәлелденбегендіктен, біз оны айтып, көтере алмаймыз.

P.S.

Қазақта жел шығару деген сөз бар. «Елбасы» туралы заңның күшін жоюы сол жел шығаруға қатты ұқсайды. Қаңтар оқиғасынан кейінгі қазақтың көңіл күйін басу, ішкі қыжылы мен ішкі қарсылығын азайту үшін билік осындай әдісті қолданып отырған сияқты. Яғни билік қаңтардан кейінгі қам көңіл, қасіретті қазақтың желін «Елбасы» мәртебесін ғана жоюмен шығарып отыр. Басқа өзгерген ешнәрсе жоқ. Баяғы билік, баяғы назарбаевтар мұрты қисамай мұратына жетіп жатыр.

Жарас  Шөке