«Жас тұлпардың» тарихы

692

Соңғы кезде маған осы ұйымның өмірге қалай келгені және қандай мәселелермен айналысқаны, оның ішінде, іске асқандарын білгісі келетін азаматтар телефон арқылы да, хатпен де сұрақ қоюды жиілетті. Сол үлкен-кіші ағайындарға жауап ретінде осы мақаланы жазуды және жас оқырманы баршылық «Жас Алаш» газетіне ұсынуды жөн көрдім.

Ұйымды құруға негізгі себеп болған жайт – тіл мәселесі. 1963 жылы Мәскеудің энергетика институтына оқуға түсіп, онда әр курста оқып жүрген қазақ жігіттермен таныса бастап, олардың ана тілін білмейтіндеріне еріксіз таңдандым да, тіксіндім де. Содан соң, Мәскеудің жоғары оқу орындарын аралап байқасам, Алматыдан келген қазақ жастардың көбі өз тілінде сөйлесуді керек етпейтіндерін көріп, жағамды ұстадым. Біздің Маңғыстауда ондай сорақылық жоқ-ты.

Сонымен, ары ойланып, бері ойланып, өзіміздегі студент қазақтармен бірте-бірте тіл табысып, ана тілімізді білмеу рухани жетімдік болатынын түсіндіріп бақтым. Намыстары ояна бастаған болар, бір күні маған төртеуі келіп, тіл үйретуді өтінді. Мен, әрине, қуанып, уәде бердім де, ауылдағы жолдас-жораларыммен хабарласып, қазақ тілі оқулықтарын алдырып, тіл сындыру сабағымды бастадым. Жатақхана бөлмесінде бес-алтауы ғана сыйса да, студент жігіттер мен қыздар, кезектесіп дегендей, сабағымыз үзілмеді.

Ісім сәтті басталып, ойым орындалуға айналғанда, бір күні «Қазақ тілі ұйымын» құруым керек деген пікір көкейіме келе қалғаны! «Дұрыс!» деп түйдім де, қазақ мектебін бітіріп келген, өз тілінде таза сөйлейтін Жеңіс Өмірбеков, Мақаш Тәтімов, Ғазиз Жолдығұлов, Мырзагерей Шотқалиев, Серік Байкенов және басқа жігіттермен ақылдастым. Ол мәселені талқылау үшін алдағы мереке күндерінде студент жастардың кешін ұйымдастыруды мақұлдадық. Ол кеш 1963 жылы қараша айының 6-күні біздің институттың студенттер асханасында өтетін болды. Кешке басқа оқу орындарынан да студенттер шақырдық. Оған 40-45 студент, аспирант келді. Кешке Мәскеу университетінің студенттері: Мұрат Әуезов, Қорлан Рахымбекова, Клара Ашықбаевалар құрметті мейман ретінде қатысты. Мұратты бұрын көрмегендер біріне-бірі: «Әй, қараңдар, әне, ұлы жазушы, классик Мұхтар Әуезовтің баласы!» деп жылы ниетпен таңдана күбірлегендерін аңғардым.

Ол кештен бірнеше күн бұрын біздің институттың 4-курстағы студенті Алтай Қадыржанов маған: «Менің бөлмемде МГУ-дың 4-курс студенті жолдасым Мұрат Әуезов келіп еді, сөйлесесің бе?» деген. Әрине, бардым. Ол маған: «Здравствуйте», – деді. Мен ашық ренжи сөйлеп: «Мұрат, «здраствуйың» не? Сен қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы емессің бе, бұл қалай, бұның дұрыс емес!» дегенмін…

6 қарашадағы кеште әңгімеміз қазақстандық студенттердің оқуы, тұрмыстық жағдайлары жөнінде болды. Бәрімізге ортақ ұйым құруымыз қажеттігін айттым. Мәселе зор ынтамен, қызу талқыланды. Көзқарасымыз үйлесті. Ұйымға ат қою да құпталып, ұсыныс жасала бастағанда Архитектура және құрылыс институтының студенті Қалқаман Тілеуханов: «Жас сұңқар, жас қыран, жас тұлпар» деп жеделдетіп айтып: – «Жас тұлпар» болсын, «Жас тұлпар!» дейік, жақсы ат, жарасады! – деді. Ду қолшапалақтап, құптадық та құттықтадық. Қалқаман ертеңінде келіп: «Менің қосқан үлесім мінеки!» деп, «Жас тұлпар» эмблема-суретін ұсынды. Қалқаман суретші еді, тамаша жасапты!

Ұйымның негізгі бағдарлама бағыты кештің соңында сайланған басқарма мүшелерінің отырысында былайша бекітілді:

1.Мәскеуде оқитын қазақстандық студенттердің оқу үлгерімі мен әлеуметтік ахуалын қадағалап, бақылап отыру;

2. Қазақ жастарының бір-бірімен қазақ тілінде сөйлесу мәселесі;

3.«Жас тұлпар» ұйымының іс-шараларын Мәскеудегі Қазақстанның тұрақты өкілдігімен бірлесіп жүзеге асыру;

 4.Өкілдікте студенттік қабырға газетін шығарып, Мәскеудегі қазақ жастарының қал-ахуалын, жаңалықтарды жариялап тұру.

Бұл бірінші мәселе делік. Осы ретте, айрықша атап өтетін жәйт: Тұрақты өкілдіктің «Білім және мәдениет» бөлімінің бастығы Ғалым Сүлейменов ағамыздың ұйымның құрылуына шексіз қуанып, әрқашан қолдап, көмектесіп отыратынын айтқаны мен үшін аса қуанышты сәт болды.

Екіншісі, осы ұйымның бірінші басшылығына кімді тағайындау керек делінгенде мен Мұрат Әуезовті ұсындым. Бұл ұсыныс бірауыздан қабылданды. Менің ойым: әлем әдебиетінің көрнекті тұлғасы болған Мұхаңның баласы ұйым шаруасымен қайда, қашан барса да, жолы болады дегенге саяды.

Ал енді бұл ұйым нендей іс-шараларды жүзеге асырды дегенге келсек, оған өзім куә болған мына жұмыстарды жүзеге асырды:

Біріншіден, осы ұйымның өтініші бойынша Қазақстан Үкіметі КСРО-ның Оқу министрлігінен алдағы уақытта Қазақстан студенттерінің кезекті сессияларында бір немесе бірнеше пәннің сынақтарынан өте алмаған (дәлелді мүмкіндіктері болмаған) жағдайда ол студенттің тағдырын Қазақстанның Мәскеудегі өкілеттілігімен бірлесе отырып шешу керектігі жөнінде келіскендігі бірден-бір маңызды мәселе еді. Яғни қазақ студентінің құқы шетелдіктермен теңестірілді.

Екіншіден, студенттердің әлеуметтік жағдайына үнемі көңіл бөлу. Стипендия берілмей қалған жағдайда ол студенттерге семестр сайын 30 рубль төленетін болды. Оны анықтау «Жас тұлпар» ұйымының басқару органына жүктелді. Мен, мысалы, Мәскеудегі төрт институт студенттерімен байланыста болдым. Олар: МЭИ, МИИС, МИИТ, МИНХ им.Губкина (Энергетика, инженеров связи, инженеров транспорта, нефте-химии).

«Жас тұлпар» ұйымы тек Мәскеу қаласында құрылып қойған жоқ. Одан әрі Ленинградта («Арай»), Ригада, Киевте, Алматыда, тағы басқа қалаларда осындай қоғамдық ұйымдар құрылды.

«Жас тұлпарда» белсенділігімен осы ұйымның атын шығарғандардың ішінен мен Болатхан Тайжанды ерекше атар едім. Болатхан Мәскеудің МГИМО-сын өте жақсы деген бағамен тәмамдады. Ол 3-курста жүргенде қоғамдық (мемлекеттік) қызметке араласа бастады. Сол жылдарда ол мемлекет басшысы Хрущевтің Египетке барған сапарында оның орыс-араб тілді аудармашысы болғаны мәлім.

Болатхан «Жас тұлпар» ұйымынан құралған идеологиялық топтың құрамында Қазақстанның, Ресейдің, Балтық жағалауы елдеріндегі сапарларында Қазақстанның (тұтас КСРО-ның) саяси, мәдени өмірінен мол мағыналы лекциялар оқып, халықтың санасына әлем жаңалықтарын жеткізгенін сол кездегі мерзімді басылымдардан оқыған едік. 2003 жылы «Жас тұлпардың» құрылғанына 40 жыл толуына байланысты өткен жиында ол: «Енді біздер «Жас тұлпар» ұйымын «Жас тұлпардың дабылы» ұйымына айналдырып, сол ұйымның құрамында мемлекетіміздің қазақтың ұлттық негіздегі өзін-өзі басқаратын, байлық көздеріне өзі иелік ететін мемлекетімізді құруға дабыл шақырып, қоғамдық ой-санамызды жетілдіруге тиіспіз» деген тұжырымды сөздерін сол жиында қарар ретінде жазып алған едім. Ғажап ұлтжанды, жан-жақты дарынды Адам-Азамат едің-ау, Болатхан!..

«Жас тұлпар» ұйымы 1963-1966 жылдары қоғамдық іс-шараларды тегеурінді белсенділікпен өткізді. Оның ішінде жыл сайын күзде Мәскеуде ұйымның жиналыстары өткізіліп тұрды. Онда студенттердің жазғы демалыс кезінде өңірлерге барып атқарған жұмыстары, жастармен кездесу барысында көтерген мәселелерінің нәтижесі сарапталып, тиісті шешім жасау және алдағы міндеттерді айқындау дәстүрге айналған еді.

Қайда, қашан болсын өткізілген жиын-жиналыстарда өз республикамыздағы ұлттық мүдделер: білім-ғылым, мәдениет, өнеркәсіп, ауылшаруашылық мәселелері талқыланатын. Айталық, Ауылшаруашылық академиясында оқып жүрген аспирант пен докторанттар жиналыстың мінберінен: «Мәскеу Қазақстаннан жыл сайын миллиард пұт астық алуды талап етеді, бірақ соған қол жеткізу үшін керек минералды тыңайтқыштар- мен, ауылшаруашылық техникасымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етпейді» десе, басқа ортадағы бас қосуда «республикалық жоғары деңгейлі мекемелерде ұлттық кадрлардың аздығы» айтылса, үшіншісінде «Қазақстанда ұлттық мектептердің жабылып жатқаны, барлық жерде орысша оқыту ұлғаюда екені» ашық, батыл сыналды. Газеттер ол еңбектеріміздің нәтижелерін жариялап жатты.

Ал ендігі бір түйін: «Жас тұлпарға» мүше болғандардың бәрі бірдей қоғамдағы (мемлекеттегі) орын алып жатқан келеңсіз істерге қарсы тиянақты күрес жолында болды деу шындыққа жанаспайды, алайда оларды бүгін атап айту қажет емес. Десек те, бір түйткіл бар. Ол Мұрат Әуезовке қатысты. «Жас тұлпардың» тарихын білмейтін жас журналистер (газеттердің, теле-радионың қызметкерлері) Мұратпен сұхбаттасар алдында оны: «Мұрат Мұхтарұлы Әуезов сонау жылдары Мәскеуде құрылған атақты «Жас тұлпар» ұйымын ұйымдастырушы» деп таныстырады. Мұрат ләм демейді. «Жас тұлпар» туралы сұраққа жалпылама сөйлеумен жауап берген болады. Ал өзі жазған мақалаларында, берген сұхбаттарында ұйымдастырушылардың аты-жөндерін атамайды, өзінің қайда барғанын, кімдермен не туралы сөйлескендерін баяндайды. Сірә, түптің түбінде «Жас тұлпарды» ұйымдастырушысы болып қалғысы келетін шығар…

«Жас тұлпар» ұйымы 1966 жылы қараша айында Мәскеудің Ауылшаруашылық академиясындағы жиналысымыз кезінде қалалық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ұйғарымымен таратылды. Ол ұйғарым біздің бірсыпыра «зиялы ағаларымыздың» арыз-шағымдары бойынша жасалғанын кейін білдік.

Аймұхан ТАУЖАНОВ