Жағымпаздық даусыз дертке айналып барады

123

Мына құпиясын ішке бүгіп, «сырымды қашан ашасың» деп тымырайған ғаламда адамзаттың ақыл-ойынан тысқары жатқан тылсым жұмбақ көп. Басқасын айтпай-ақ қояйық, зертханаларда қамалған көптеген ғалымдарымыз әлі күнге өзін жарық дүниенің қожасымын деп көкірек қағатын адам баласына осал тұсын ұстатпай отырған обыр дертінің емін іздеумен шашын ағартып, өз ойымен өзі арпалысып келеді. Қоғамның буын-буынын жайлап бара жатқан жағымпаздық та сондай дауасыз дерттің бірі. Бір көзтанысым «есірткінің емін табуға болар-ау, ал жағымпаздықты жеңген пендені көрмеппін» деп күмілжіп еді. Расында да, ол тіршілік тіршілік болғалы адамзатпен жағаласып келе жатқан жағымпаздық кеселін жеңуден үмітін үзіп, түңілгенінен осындай ойға келген болар.

Анығында, ақыл тоқтатып, айналаңа қарасаң, өзгерген еш нәрсе жоқ, бәрі сол қалпы. Кешегі Абай заманындағы атын борбайлатып шауып, өзінен күштілердің алдында құрдай жорғалап, мықтыларға шыбындап бас изейтін Күлембайлардың бүгінгі ұрпақтары заман талабына сай ыздиып киініп, сұлу көлік мініп, жанына тоқалдарын ертіп жүр демесең, олардың да жағымпаздықпен ластанған жан дүниесі сол қалпында қалған. Тегінде, жағымпаздық – жас пен жыныс таңдамайтын кесел. Заманына қарай адамы ма… Бұрынғының жүздерінен имандары төгіліп тұратын қариялары қу мансап үшін сақалын саудаға салуға арланса, қазіргінің бастарына тақия киіп, тәспі тартатын шалдары күштілердің алдында жас балаша «ләппайлап» жүгіреді. Әлде бізге солай көріне ме… Әйтеуір, күштінің мысы басып, қу сананы тұрмыс билеген заман. Былайша айтқанда, ақиқатын айтқандарды жер жастандырып, тамырымен отап тастайтын жаны сірі жағымпаздық көшімізден қалған жоқ, ол ғасыр ауысса да, құлағы салпаңдап соңымыздан сүмеңдеп ілесумен келеді. Кешегі марқасқа Ахаңдар мен Мағжандарды сатқан жағымпаздық түрін өзгертті демесеңіз, ол әлі де дін аман, айдарынан жел есіп жанымызда жүр.

Белгілі ғалым, пайғамбар жасынан асқан Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың дүйім жұрттың алдында қариялығын сатып жасаған жағымпаздығы оқта-текте есіме түскенде, ұяттан өртеніп, қара жерге кіретін тесік таппай қиналамын… Бірнеше газетті басқарған журналистің қызды-қыздымен кешегі күнге дейін «үш жүздің басын қосты» деп әспеттеп жүрген Абылай ханымызды іске алғысыз етіп тастағанына не айтасыз… Қу мансап-ай! Елбасымыздың сол жағымпаздарды арнайы ұйымдастырып, «дүйім жұрттың алдында мені жер-көкке сыйғызбай мақтаңдар» деп пәрмен бермегені рас. Бәрін жасап жүрген жағымпаздардың өздері. «Бет көрсе, жүз ұялады» деген, мемлекет басшысы да ет пен сүйектен жаратылған пенде. Жиын сайын алдыңнан шығып қайталанып тұратын апиын тәрізді бас айналдыратын мақтау мен марапатты кім жаман көреді дейсіз, кейін елбасы жағымпаздарды қара жаяу қалдырған жоқ, иықтарына шапан жауып, қызметтерін өсірді. Өзгелеріңді қайдам, ал Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың қайталанбас бейнесі қанша жыл өте де, менің санамда «Елбасыдай ерен тұлға тұрғанда, мен елімнің ертеңіне сенемін» деген асқақ лепке толы сөзімен есте қалады. Сол жағымпаздар мына өмірдің өткінші екенін, ертең уақыт озып, ұрпақтың ауысатынын, әрбір әрекетіңе есеп беретін сәттің келетінін білмейді дейсің бе? Олар сол кезде қалай ақталады?

Мықтының мысы басқаннан кейін сондай жиіркенішті тірлікке бардым деп айтар ма екен, сонда олардың кейбірінің кешегі күнге дейін ауыз жаппай айтып жүрген адамгершілік, ар туралы әңгімелерінің құнының қаншалықты болғаны? Тамшының тасты тесетіні сияқты үздіксіз қайталанатын мақтау мен мадақтау кез келген діні қатты адамның өзін түзу жолдан тайдырады. Астана қаласының атауын иеленген еліміздің тұңғыш президентіне көзі тірі кезінде ескерткіш орнатып, облыс орталықтарынан көшелердің атауын беру жөнінде бастама көтеріп, жаппай жамырап жүргендер, айналып келгенде, елбасының беделі туралы жағымсыз пікір қалыптастырып жүргенін білмейтін тәрізді.

Елбасының өзі Астана құрылысындағы қаланған әрбір кірпіштің өзіне ыстық екенін еске алып, қала атауына атының берілгеніне қарсылығы жоқ екенін, тек басқа марапаттарды құптамайтынын ашық айтқан. Алайда соған қарамастан, ол кісіге құлдық ұрып, табынатындарға тоқтау болмай тұр. Ол қайта күнделікті тіршіліктің дағдылы көрінісіне айналып бара жатқандай. Елбасыға жағымпаздар тарапынан көрсетіліп жатқан бұл марапаттар түк те емес екен, таяуда кіл жастардан құралған ынталы топ елбасының жеке басын мадақтайтын әннің Н.Назарбаевтың туған күнінде әнұран есебінде орындалатынын айтып, жұрттан сүйінші сұрады. Бұл енді сақал сауған шалдарымыздан басталған жағымпаздық кеселінің жастарымыздың саналарын улай бастағанының салдары.

Елбасының атына сансыз мадақ айтып, жағынатындардың осы жиіркенішті әрекеттерінің ар жағында қызметін өсіру, ұл-қыздарын жайлы орындарға орналастыру тәрізді жеке бастың қамы жатқанын кім білмейді дейсің. Жағымпаздық қазіргі қоғамның дауасыз дертіне айналды. Жастарымыздың санасына да елбасы мен мемлекет басшысын мақтасаң, қызметің көтеріліп, депутат боласың, ауқатты адамдардың ортасына кіресің деген түсінік қалыптасып қалған. Содан да болар, бүгінгі саясаттың жырын жырлап, жоғары жақтан түшкірік естілсе, жүз күнге дейін «жәрекімалласын» айтып жүретін Мырзекеңнің жолын қуған «ізбасарларының» қара-құрасы жылдан-жылға молаймаса, азайған емес.

Тегінде, жағымпаздықты білім мен біліктілікке қарап ажырату өте қиын. Келешекте тарихта жағымпаздығымен есте қалатын тұлғалардың арасында кімдер жоқ дейсіз, палуан да, әнші де, журналист те, бірнеше газетті басқарып, ел-жұртқа ақыл айтқан редакторлар да бар. Кезінде Сәкен мен Бейімбеттің, Алаштың басқа да арыстарының түбіне дәл осындай жағымпаздардың жеткенін әркімнің де қу жүрегі сезеді, тек солардың нақты кімдер екенін ашық айтуға жүректері дауаламайды. Кеңестік қоғамның ағзаны былай қойып, сүйекке дейін сіңіп кеткен үрейінен қорқады. Әйтпесе қазақ зиялыларының сатқындығы мен екіжүзділігін бекітетін том-том деректер мемлекеттің есігі ашылмайтын мұрағаттарында әлі сақтаулы.

Бүгінгі билік басындағылар арадан жылдар өтіп, сол жағымпаздардың сүйектері әлдеқашан қурап қалса да, олардың елестері мен жайлы орындарға жайғасып алған үрім-бұтақтарының қаһарынан сескенеді. Оларға кез келген адамға кіруге рұқсат жоқ. Сатқындық жасағандардың билік басында отырған ұрпақтары ата-бабаларының қандай адам болғанын, олардың қолымен қаншама адамның ошағы ойрандалғанын естігісі келмейді. Сол себептен де биліктің қуатты тізгінін бірінен кейін бірі мұра ретінде қабылдап алған мықтылардың ұл-қыздары ар жағында небір сұмдықтары бұғып жатқан шойын есіктердің ашылғанын қаламайды.

Саналары коммунистік саясаттың уағызымен уланған мемлекет басындағылар да өздері суын ішкен кеңестік кезеңнің құдығына түкіргісі келмей, «өткен тарих өтті-кетті, енді оны қазбалап қайтесіңдер» деген тәрізді қисынға келмейтін уағызын айтып иландырғысы келеді. Қысқасы, сатқындық жасағандардың атын атап, түсін түстеуге болмайды, ал сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған туған-туысқаның мен көршіңнің әрекетін құзырлы органдарға хабарлап, сыйақы алуға мүмкіндігің бар.

Қолданыстағы заңдарымызда жағымпаздық жасап, жеке басқа табынатындарды жауапқа тартатындай тетік қарастырылмаған. Заң шығарушы орган оны әркімнің адамдық қасиетіне байланысты нәрсе деп қабылдайды. Жылдан-жылға өрісін кеңейтіп, тұрмысымызға дендеп еніп бара жатқан жағымпаздық кеселінің қоғамға тигізетін залал-зардабының қаншалықты зиянды екенін тілмен айтып жеткізу қиын. Күнкөрістің өлшеміне айналып, ауа сияқты қажеттілікке айналып бара жатқан дертті жалаң тәлім-тәрбиенің көмегімен тоқтату мүмкін емес. Сондықтан да ол жөніндегі жауапкершілікті күшейтіп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске адамдық қалыптан ауытқып, көрер көзге жағымпаздық жасайтындар туралы арнайы бап енгізіп, оларға тағайындалатын жаза түрлерін белгілесек, жылдан-жылға ауа жайылып, әл бермей бара жатқан кесел азаяр ма еді деп үміттенесің…

Елеусіз МҰРАТ