Жаңа әкім жарылқамас, ескі министр есіркемес

578

Кез келген қазақ баласы гүлденген Қазақстанды аңсайды. Әсіресе бұл аңсар – қаңтар қырғынынан кейін қатты күшейді. Заңы әділ, билігі халықшыл, кедейі тоқ, байы жомарт, зауыт-фабрикасы бар, ғылым-білімі жүйелі, медицинасы озық, балалары уайымсыз, әкімі мен министрі пара алмайтын – су жаңа Қазақстанның орнайтынынан халықтың 80 пайызы үмітті еді. Тіпті көреген саясаткерлер мен зиялы қауым да бұлыңғыр күннің артынан бұлтты түре күн шығатынын айтып, Жаңа Қазақстаннан көп үміт күткен.

Сол үміт ақталатындай ма? Әрине, «Үрлей сап көзің қандай?» деуден аулақпыз. Бірақ әкімдер мен министрлердің тағайындалуларынан, апта басындағы Мемлекет басшысының үкімет отырысындағы кейісті сөзінен көңілге көп күдік ұялағандай болды. Алғашқысына тоқталайық.

Ақорданың мақсаты Жаңа Қазақстан құру болса, онда неге ескі кадрлардың орнын ауыстыра береді? Қосылғыштардың орнын ауыстыратын математикалық амалды Назарбаев отыз жыл пайдаланды. Одан еш нәтиже шықпайтынын билік білмейді емес, беске біледі. Онда неге Солтүстік Қазақстан облысын қарық қылмаған Құмар Ақсақаловты Қостанайға апарды? Бұл ауыс-түйісте қандай қисын, қандай логика бар? Мысалы, Ақсақалов тартқан әлдебір қомақты инвестицияны СҚО-да жүзеге асыру мүмкін болмай, Қостанайда жалғастыру қажет болса, онда бұл тағайындауға түсіністікпен қарауға болар еді. Ал еш себепсіз, еш қисынсыз бір облыстан екінші облысқа ауыстырудың астарындағы сырды ұғыну қиын. Әлде Ақорда Құмар Іргебайұлын өзінің туған жеріне ту тіксін деді ме екен? Ұзынқұлақтардан жеткен кейбір бейресми ақпарат көздерінде айтылғандай, Ақсақалов бұл лауазымға өзі сұранып барған көрінеді. Қостанайда әртүрлі бизнестері бар деген ақпарат бұрыннан айтылатын-ды.

Құмар Ақсақаловтың жеке басына тіл тигізуден аулақпыз, бірақ бұл адам Назарбаев дәуірінен бері келе жатқан ескі кадр. Теріскейді жарылқағанын естіген де, көрген де жоқпыз. Жаңа Қазақстанның идея көсемдеріне ақыл айта алмаспыз, бірақ бір облысты ұшпаққа шығармаған адам екінші аймаққа барғанда не тындырады?

Екінші ауыс-түйіс – Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекке қатысты. Бұл да Ақсақаловтың сценарийіне қатты ұқсайды. Жеңіс Махмұдұлы бұған дейін Қарағанды облысын басқарды. Енді бас қалаға ауысыпты. Жекеңнің орнына бұрынғы қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев отырды.

Үшінші ауыс-түйіс – Қазақстандағы ең қарт әкім Даниал Ахметов. Мұны ауыс-түйіс деуге келмейтін шығар. Өйткені ол орнын босатқан жоқ, қайта қызметін жалғастыруға рұқсат алды. Даниал ағай туралы біздің басылым өте көп жазады. Біреудің артына шам алып түсетін әдетімізден емес, халық Ахметовтен жалықты. Ал біз сол халықтың үнін жеткізіп отырмыз. Бірақ Ақорда халықтың үнін естімейді-ау! Естісе, шығысты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын Даниал Кенжетайұлы туралы жазылып жүрген сындардан кейін, шал әкімді шапан жауып, демалысқа шығарып салар еді…

Одан кейінгі ауыс-түйістің бірі – Алтай Көлгіновке қатысты. Бұл ауыс-түйіс – әңгіме басында айтқан математикалық амалға қатты ұқсамайды. Себебі, ол – бұдан былай әкім емес, үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың орынбасары. Кейбір бейресми дереккөздерде «Көлгінов – болашақ үкімет басшысы» деген ақпараттар да айтылуда.

Көзіміз көп үйрене қоймаған ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі қызметін атқарған Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалыпты. Бұл ауыс-түйіс Көлгінов карьерасының екінші бетіне келіңкірейтіндей. Жүзі жауыр болмаған Асайын Байханов есімді жігіт Павлодар облысын басқаратын болса, бұрынғы сенатор Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Ал қалған әкім-қаралар мен министрлер бұрынғы креслоларында қалыпты.

Ешкімді ауыстырмасақ, билікте ешқандай реформа жасамасақ, онда Жаңа Қазақстан туралы ертегі айтудың қажеті жоқ еді. Ескі кадрмен Жаңа Қазақстан құрылмайды десек, бұл пікірімізге біреу күле қарар, біреу жүре қарар. Күле қарайтындардың уәжі: Тоқаев жаңа кадрды айдан ала ма, бұрыннан қызметте болған, тәжірибесі бар мамандарды пайдалануға мәжбүр дегенге саяды. Біздің уәж басқа. Бұрыннан қызметте жүрген, бүгінге дейін қарық қылмаған адам – бұдан кейін жанартау болып атылады дегенге сену ақылға томпақ. Жүре қарайтындарға бәрібір: кім келіп, кім тағайындалса да, ондайлар бұл тақырыпқа бас қатырмайды.

Қазақта «Үйренген жау атыспаққа жақсы» деген мәтел бар. Осыны қазіргі тағайындауларға қаратып қолдануға болатындай. Халық бұлар үшін «үйренген жау». Қазаққа не керегін бұлар өте жақсы біледі. Ондай әкімқара мен министрден реформа күту, жаңалық аңсау – ақылсыздың арманы.

Жаңа Қазақстан – бұрын бұл саяси жүйеде жұмыс жасамаған, Назарбаевпен былғанбаған жаңа кадрлармен ғана жасалады. Ондай азаматтар бар және көп. Олардың дені білім қуып немесе шетқақпай көріп, шетелде жүр. Дамыған, нағыз демократиялық мемлекетте қызмет жасап, оқып-тоқып жүрген сондай мамандармен ғана жаңа мемлекет жасалады. Әйтпесе, біздікі «екі сегіз он алтының» кері.

Мемлекет басшысы апта басында өткен үкімет отырысында әкімдер мен министрлерге көңілі толмайтынын айтып, қатты кейіді ғой. Демек, Қ.Тоқаев шенеуніктердің жұмыс жасамай жатқанын біледі. Білген соң айтты.

Жарас КЕМЕЛЖАН