Сталин өлтірді, Ақсақалов күресінге тастады

3085

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Алаш арыстарын аяққа таптап, мүсіндерін қоқысқа күреп тастапты. Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін басын бәйгеге тіккен арыстарды қорлау егемендіктің 30 жылдығында да жалғасып жатыр. Бұл біздің ұлт ретінде ұйыса алмағанымызды ғана емес, асылдарымыздың қолына су құйып бере алмайтын ұсақ-түйек шенеуніктердің асып-тасқанын көрсетсе керек. Сол арыстарымыз қазақтың бостандығы үшін басын бұғып қалмағанда, Ақсақаловтар қазір әкім болар ма еді, болмас па еді?! Ел басқарып отырған азаматтардың соған ақылы жетпейді дегенге кім сенсін? Әсіресе орысы көп өлкеде туып, теріскейдегі көршіні арқаланып, қаракөздерге алакөзденіп тұратын Петропавлдың тілін тауып отырған Құмар Іргебайұлы мұны жақсы түсінсе керек еді. Түсіне алмапты.

Түсіне алмағаны сол: Қызылжардың мәдениет және демалыс саябағына қойылған Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтбаев, Қожаберген жыраудың тас мүсіні жаздан бері қоқыста жатыр. Ескерткіштерді саябақтан алып тастау туралы шешімді жергілікті қалалық әкімдік шығарған. Бірақ не үшін ондай ұшқары шешім қабылдағандары туралы осы күнге дейін ресми жауап бермей отыр.

Әуелі бұл ескерткіштер осыдан 11 жыл бұрын, яғни 2010 жылы Петропавлдың қала күніне орай, орталық саябаққа қойылған екен. Ол кезде жалпы саны 34 мүсін болған. Бюджеттен 38 миллион теңге бөлініп, жарты Қазақстанға жар салып тұрып ашқан еді. Бірақ сол кездің өзінде мүсіндердің 22-сі қызылжарлықтардың көңіліне толмай, тұғырға тұрмай жатып тағанымен бірге жұлынып тасталды. Себебі кейбір мүсіндер адамнан гөрі ергежейліге ұқсап қалған. Мысалы, сол жылдары жазылған ақпараттарда қала тұрғындары саябаққа қойылған асылдарымыздың мүсінінен Сәбит Мұқановты ғана танығандарын, ал қалғандарының бірінің аяғы денесінен ұзын, денесі аяғынан үлкен болып кеткенін айтады.

Сөйтіп, әлгі 34 мүсінді тастан құйып па, қашап па, жасаған шебер Қазыбек Сатыбалдин 22 мүсінді үйіне алып кетіп, саябақта 12 ескерткіш қана қалады. Қызылжарлықтар соның өзіне шүкір деп жүргенде, қалған тастұғырлардың да тағдыры ұзаққа бармады. Биыл паркке көрік берген асылдарымыз бір-ақ түнде із-түзсіз ғайып болды. Сөйтсек, әңгіменің басында айтылғандай, қалалық әкімдіктің шолақ белсенділері қазақтың марқасқаларын күресінге апарып тастаған. Мағжан мен Қаныш бастаған алты мүсін мәдениет үйінің алдындағы бір бұрышта қалады. Ал осы өңірдің арда ұлдары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов бастаған алты тас бейне еш жерде жоқ. Петропавл қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Азат Ыбыраев мәдениет үйінің алдындағы алты мүсіннің тұғыры жөнделіп қайта қойылатынын айтыпты. «Ал қалған алты арыстың ескерткішінен мүлде хабарым жоқ», – деп ақталған.

Тірісінде советтің сайқал саясатына көнбеген, өлген соң, Ақсақаловтың саябағына сыймаған арыстарымыздың мүсінін әкімдік рұқсат берсе, жұрт аяғына таптатпай, шенеуніктерге қорлатпай, құрметті орнына қондырғысы келетін жергілікті азаматтар да бар. Есіл ауданына қарайтын Бұлақ ауылдық округінің әкімі Болат Бейсенбаев: «Бір мүмкіндік болса, бұл ардақты тұлғаларымызды қоқысқа қалдырғанша, біз ауыл, ел болып саябақ орнын жобалап, мүсіндерді қоюды жоспарлап отырмыз. Бізге беріңіздерші! Ең құрметті жерден орын беріп, қасқайтып қоямыз. Саябақтың ашылуын ендігі жылға жоспарладық. Жеке кәсіпкерлердің ақшасына орнатамыз. Мүмкіндік болса, өтініш жасап, ескерткіштерді алып кетейік. Тіпті өз қалтамнан ақша шығаруға дайынмын. Алаш арыстары үшін ақырына дейін барамын», – дейді.

Облыс әкімі асылдарымызды тұғырынан тайдырып әуре, ал ауылдың кішкентай әкімі арыстарымызға төрінен орын беруге дайын. Парадокс па, әрине, бұл бүгінгі күннің ақиқаты. Теріскейді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Құмардың былығы бір бұл емес. Ол бұған дейін де адам ақылына сыймайтын талай қитұрқылық жасады ғой. Оны айтсаң, әңгіме ұзаққа кетеді. Мүмкін, алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің «ізіне» түсіп, теріскейдің не үшін тұралап қалғанына арнайы тоқталатын шығармыз. Ол мәселе, әрине, уақыт еншісінде.

Жарас  Кемелжан

Тегтер: тұлғапайымпікір