Топырақты өлімді торқалы той ету кімге керек?

439

Халқымыздың уақыт сұранысына сай бейімделе қоймауы өзіне де, қоғамға да үлкен зардабын тигізіп отыр. Соның айғағы тойшыл халқымыздың тығылып той жасап жүріп, карантин кезінде індеттің өршуіне ықпал етіп, қынадай қырылуы болса, одан қалды дағдарыс пен баға күн санап өскен қымбатшылық кезінде де шашылып той жасап, қарызға батуы алаңдатпай қоймайды. Той тойымен, алайда «бардың малын шашатын, жоқтың артын ашатын» өлім кезінде де халықтың бәсекелесе беретіні тіпті шошытып отыр. Кейде осы бір бәсекелестіктің соңы ысырапшылдыққа, мағынасыз әдет-ғұрыпқа да ұласып кетіп жатқаны жасырын емес.

Мәселен, еліміздің бір түкпірінен хат жолдаған оқырманымыз «Неге  біз дастарқанын сынап, өлікке келгенімізді ұмытып, әңгіме дүкен құрып отырамыз? Бата жасап, көңіл айтқан соң неге тарасып кетпеске? Халық аш па? Әлде қазалы үйге ет жеуге бара ма? Негізі қонақ асыға бару міндет емес. Қаза кезінде намазда сапқа тұру, бейіт басында топырақ салу, ертеңінде жерлеуге қатысып, ақтық сапарға шығарып салу ғана міндет. Жақында екі жас өлікке бардым. Қазалы болған үй «екі жылқы керек сойыстыққа» деп уайымдап отыр.  Қазір жылқы басының 700 мыңнан жоғары екенін ескерсек, тек көңіл айтып келген жұртшылыққа дастарқан жаюға екі миллионнан астам ақша керек екен. Сонда артында қалған жетім бала, жесір анаға не сын?! Айналасы қаралы үйді жұбату орнына тонап кеткендей тірлік қой. Қонақасыға да алыстан келген кісілер ғана жайлансын. Қалғаны марқұмның намазына келсе де болады ғой. Бұрын қаралы үйге үлкендер ғана баратын. Ал қазір бала-шағаға дейін толып жүреді. Сұрасаң баласымен бірге оқыған екен, інісінің жолдастары екен деген жауап естиміз. Ұят емес пе? Бір әулеттен бір адам ғана бата жасауға келсе болды емес пе?! Өлік шыққан үйдің дастарқанының тойдан кем болмауы да бір түйткіл. Сосын халық оны үйіне салып алып кетуге тырысады. Жаназаның дастарқанынан сарқыт алу қайдан шыққан салт? Имамдар осыны халыққа үнемі айтып, қойдырса екен» дейді.

Расында да, соңғы жылдары бәсекеге берілуден халықтың өлік жөнелтуі де қиындап барады. Осы мәселеге орай пікірін білгіміз келіп, он шақты дінтанушыға қоңырау шалғанымызбен бірі ҚМДБ-ға сілтесе, енді бірі өзіне пікір білдіруге тыйым салынғанын алға тартты. Көбісі жайдан-жай басын ала қашты. Бәлкім, діни ғұрыптардың бетімен кетуіне осындай жауапсыздық та әсер етіп отырған болар деген күдігіміз күшейе түсті.

Жасыратыны жоқ, көп жағдайда діни мәселелерге қатысты сұрақ туындағанда  ҚМДБ-ның үні естіле де бермейді. Нәтижесінде, салтымызда жоқ әдет-ғұрыптар да көбейіп, өлік жөнелтудегі бәсекелестік өршіп барады. Осы орайда айта кетер жайт, жыл басында Қырғызстан республикасының пре­зиденті Садыр Жапаров жаназада мал союға тыйым салған жарлыққа қол қой­ды. Себебі көршілес елдегі байлар жақынын соңғы сапарға шығарып салу үшін бес-алты ірі қарасын союға дейін барған көрінеді. Ал олардан қалғысы келмеген кедейлер жалғыз малын пышаққа салып, онсыз да оңай емес жағдайларын, тіпті, қиындата түсетін көрінеді. Осы жайттан соң Садыр Жаппаров: «2019 жылы ұлым қайтыс болғанда ас беруге мал союдан бас тарттым. Көңіл айтуға келген 10 мың адамның ешқайсысы «мал соймадың» деп кінәлаған жоқ», деп әлеуметтік желіде өз шешіміне қатысты пікір білдірді. Жұрттың мемлекет басшысына дейін бұл мәселеден сырт қалмаса, бізде ҚМДБ-ның өзін мәселеге мойын бұрғызып, насихатын арттыруға ықпал еттіре алмай отырмыз. Әрине, мемлекет басшысының мұндай қадамы халыққа да ықпал еткені анық. Бізге де осындай бір билік тарапынан шешім болмаса ҚМДБ-ның аузына қарап отырған халықтың таяғына сүйеніп қалар күні алыс емес секілді. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын қаралы қазаның дастарқанына қатысты арнайы ереже шығарылғанымен, оны бүгінгі күні жаппай барлық халық ұстанып кете алмады. Мұны ҚМДБ-ның жұмысының әлсіздігі дейміз бе, жоқ әлде Қырғызстандағыдай арнайы жарлықтың жоқтығы ма әйтеуір халық қаралы қаза кезінде ырысын ысырап етпеуге қалыптасар емес.

          Осы орайда PhD докторы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев: «Расында да соңғы кездері діни реңкі бар дәстүрлерімізге көп сын айтылып жүр. Негізі мұндай мәселе ҚМДБ тарапынан айтылмаса, жай дінтанушы ретінде біздің пікіріміз ешкімге қызық емес. Сондықтан бұл жерде ең алдымен ҚМДБ-ның жұмысын күшейтуіміз керек. Бұл мәселе ҚМДБ пәрменімен, сосын солардың өкілінің насихатымен ғана жөнге түседі. Қазақта жұрттан ұят болады деген түсінік басым. Сондықтан той, ас беру секілді шаралармен арнайы институт айналысып, идеологиялық жұмыстар жүргізіліп, қоғамдық пікір қалыптасуына ықпал етуі керек. Мен көрген мұсылман елдерінде тойдың өзін дәл біздегідей аста-төк атап өтпейді. Мейрамханаға ұйымдастырып, көл-көсір дастарқан жасап жатқандарын да көрмедім. Тіпті жетісі, қырқы, жүзі деген ғұрыптар да жоқ. Сондықтан белгілі бір деңгейде шектеу, бір қалыпқа түсіру керек. Той, той деп шоуға айналдырып, небір сорақы ойындар мен шоулардың да куәсі болып жатырмыз. Қазір тіпті ұлттық салт дәстүрлеріміз мағынасын жоғалтып, түпкі мақсаты белгісіз болып барады. Шариғатқа қайшы нәрселер де орын алуда. Негізі ҚМДБ өлік шыққан үйдің дастарқанын бекітті. Бірақ насихатының аздығынан тәжірибеге ене қойған жоқ. Құдайы ас, садақа деп жатамыз ғой. Ал садақа негізі мұқтаж жанға берілуі керек. Бізде қарны тоқ жан ішіп жеп, қалғанын салып алып кетіп, садақаның негізгі мақсатын бұзып отыр. Ас кезінде көңіл айту орнына тілек айтып кететіндер де көбейіп барады. Келер ұрпақтың санасына сіңіру үшін әдет ғұрпымыздың негізгі этикасын сақтауымыз керек» дейді.

Осы орайда кей өңірде дүниеден озған адамды ақтық сапарға аттандыру кезінде қаралы үйге салмақ түсірмейтін көне де игі дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келе жат­қанын айтқан жөн. Қазақтың осындай жақсы дәстүрі кейінгі жылдары бәсекелестіктің тасасында қалып отыр.

Соңғы кездері көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген теолог, психолог, дінтанушы, имам Нұрлан мырзаға да хабарласып пікірін біліп көрген едік. «Дәл қазір бұл мәселе елдің шымбайына батып тұрған жайт. Кейбіреулердің өзімбілермендігі басым болып тұр. Әкемнің жиғанын өзіне қалай шашпаймын дейтін балалар да кездеседі. Өзім Шығыс Қазақстан облысының қатымханасында бір ас мәзірін жасағам. Республика бойынша сол ас мәзірі біраз тарады. Қайтыс болған үйді тонағандай жыртыс, одан садақа тарату, көңіл айтып келгендерді мейрамханаға апарып күту – ұят нәрсе. Сондықтан тыйым салу керек. Отыз жылда осы бір нәрсені ретке келтіре алмауымыз тіпті ұят. Қара жамылып, қайғырған отбасы өздерін жұбата ма, әлде өзгенің ас ішіп, аяқ босатуына алаңдай ма? Бұл ұят тірлік» дейді.

Жөн жоралғы деп көтере шапан алып сыйлау, кісі басына мың теңгеден таратып, тек қана халық қолына 400-500 мыңды тарату, мата кесіп, алақандай мата үшін халықты таластыру секілді ғұрыптар XXI ғасырдың тағы бір жылын артқа тастап тұрған тұста ұят екенін сезінсек етті.